Абай мен Тоқай шығармашылығындағы байланыс

Абай мен Тоқай – әрқайсысы өз дәуірінің беделді философы, қадірлі азаматы. Екеуі де әр заманның ойшыл данышпаны, әр саналы жанның замандасы бола білген – ұлы тұлғалар. Олардың дана ойлары, аталы сөздері күні бүгінге дейін өзекті, қай заманның болсын небір қиын сұрақтарына жауап беріп тұр. Арасы алшақ өмір сүргендіктеріне қарамастан, екі кейіпкеріміздің айтар ойлары мен идеясы, көзқарастары мен мақсаттары бір болған. Еңбектері мен ғұмырын қоғамда мәңгі өлмес тақырып адамзат мәселесін шешуге арнаған. Адамның бойындағы қабілеттері мен жақсы-жаман қасиеттері, ерік-жігерді шыңдау мен кертартпа мінез-құлықты жөнге салу, адамгершілікті сақтау, адам болу қағидаттары мен талаптары – олардың шығармаларындағы басты қозғалатын мәселе. Екі ойшылдың философиясы мен тұжырымдары, ғасырдан ғасырға ұласып, кейінгі ұрпақ біздерге қалдырылған қазыналы асыл мұра. Данышпандардың ақыл-кеңесіне құлақ асып, адамға әкелер пайдасын түсініп, сақталған мұрасына жүгініп, оны тұрмыста қолданған, өмірде іске жарата білген адам нағыз бақытты, кемел жан болары сөзсіз.

 

Абай әр заманның замандасы болып қала бермек. Әр ұлт Абайды абайша танып білуге тырысты. Сан түрлі пікір қалыптасты. Әр халық Абайдай Ұлы тұлғаны өз ұлтына байланысын, ұқсастығын іздей бастады. Абайды Гетемен салыстырды, Абайды Бельгермен ұқсастырды, Абайды Тоқаймен үндестіреді. Солардың бірі «Абай және татар әдебиетін» атасақ болады. Бұл тақырыпқа белгілі жазушы, ғалымдар пікір қалдырды. Атап айтқанда, Шоқан Уәлиханов (1835–1865), Сәбит Мұқанов (1900–1973), Сайфи Құдаш (1894 –1993), Тимерғали Нұртазин (1907–1977), Резеда Ғаниева (1932 ж.т.), Лирон Хамидуллин (1932 ж.т.), Хатип Міннеғұлов, Құлбек Ергөбек (1952) және Бүркіт Ысқақовтың монографиясында қазақ-татар әдеби байланыстарын жазған. Тағы бір айта кетерлік жайт: өткен ғасырдың басында татар ақын-жазушылары татар мен қазақ поэзиясын, оның ішінде татар мен қазақтың белгілі ақындарын салыстыра бастаған.
Татар-башқұрт ақыны Шаехзаде Бабич (1895–1919) Абай өлеңдерін ықыласпен оқығанын («фәсахәт вә ләззәт табып») айтып, оны Тоқай өлеңдерімен салыстыратынын жазады. Тіпті татар-башқұрт ақыны кейбір өлеңдерін Абайдың ықпалымен жазған деген деректер бар.
Татар әдебиетінің классигі, қоғам қайраткері, ғалым, атақты «Дала қызы» («Қазақ қызы») романының авторы Ғалымжан Ибрагимов (1887–1938) қазақ халқының өзіндік ерекшелігін, мәдениетін, құндылығын атап көрсеткен. Абайды жоғары бағалап, ақынның халыққа танымал болғандығын айтқан.
Белгілі татар әдебиеттанушысы Ғабдрахман Сағди (1889 — 1956) «Ақ жол» газетінің бірнеше нөміріне, «Кзыл Узбекистан» өзбек газетінің беттерінде Абай, М.Әуезов туралы бірқатар мақалалар жариялады.
Х.Ю. Міннеғұловтың пікірінше: «Абай мен Тоқайдың шығармалары арасында сан ғасырлар өтсе де, олар қазіргі қоғамның замандасы бола бермек. Яғни, олардың туындылары әркез сұранысқа ие. Нағыз ақындықтың символы». Қазақ халқына Абайдың «Қара сөздері» өмірдің бағдаршамына айналса, татар халқы үшін Тоқайдың «Ана тілі» поэмасы дәл сондай деңгейде» деген. Хатип Міннеғұлов – қазақтың Ұлы ақыны Абай Құнанбаев пен татар әдебиетінің Ұлы тұлғасы Ғабдолла Тоқай арасындағы байланысты терең зерттеген, татар әдебиеттанушысы, филолог. Ол екі ұлттың шығармашылық байланысын ХХ ғасырдың басында тәлім-тәрбиелік идеология тұрғысында салыстыра зерттеудің жолдарын көрсетті. Зерттеуші, «Абай мен Тоқай өлеңдеріндегі үндестікті тақырып жағынан, әдеби көркем шеберлігімен салыстыруға болады. Мәселен, екі ақын да табиғатының тамаша суретін, махаббаттың ұлылығын, туған өлкенің сұлулығын көркем түрде жырлай білген мәңгілік ел есінде қалған Ұлы тұлғалар. Олардың өлеңдеріндегі үндестікке қарамастан, Абай мен Тоқай туындылары терең ұлттық идеологияға құралған: халықтың ділін, әдет-ғұрпын, наным-сенімдерін, қиял-ғажайып ойлауын шебер көрсете білген» деді.
XX ғасырдың басындағы қоғамдық-саяси оқиға-лардың аласапыран кезеңінде, екі ақынның әдеби-қоғамдық өмірге белсене араласқаны аталмыш заманның жазушылары мен оқырмандары үшін сөзсіз құнды болды. Ұлт-азаттық қозғалыстың өрлеуі кезінде олардың шығармашылығы сол ғасырдың халқын жігерлендіріп, құдды бір күш, тәлім-тербие бергендей!
«Абай Құнанбаев өмір сүрген орта – надандық үстемдік еткен ең феодалдық-патриархалдық орта болды. Сондықтан демократиялық идеялардың жаршысы болған ақын оқу мен білімге бірден-бір дәрі ретінде басымдық беріп, оларды дәріптеуге ерекше мән берген», — деп жазады Е.Құлиев.
Сонымен қатар, Абай мен Тоқайдың шығармашылық көзқарастары орыс әдебиетіне жақын екендігін айта кеткен жөн. Абай орыс поэзиясының авторлары А.С. Пушкин, М.Ю. Лермонтов, И.А. Крылов, И.А. Буниннің туындыларын қазақ тіліне аударса, Ғ.Тоқай да А.С. Пушкин, М.Ю. Лермонтов және т.б. орыс классиктерінің үлгілерін татар тіліне аударған. Абай мен Тоқай шығармаларында ХХ ғасырдың басындағы татар ағартушыларының орыс халқына, оның мәдениеті мен тіліне қатысты көзқарастары айқын көрініс тапқан.
Татар ағартушылары орыстандыру саясатына қарсы болды. Орыстандыру саясаты діни сауатсыздық пен бірге ұлттың мәдени дамуын, қалың бұқараның ағартылуын тежеп отырды. Алайда, татар халқы орыс халқына қарсы болған жоқ. Олар Еуропа елдерінің тәжірибесін негізге ала отырып татар әдебиетін дамыту үшін энциклопедиялық білімнің қажет екендігі айқындады. Татарлар орыс халқының мәдениеті мен тілін үйрену арқылы татар әдебиетін әлемдік деңгейде насихаттауға болатындығын түсінді. Олардың шетел әдебиетімен танысуы орыс және түрік тілдерінде жазылған шығармалар арқылы жүзеге асырылды.
Абай мен Тоқай – адамзаттың барлығын ғылым мен білімді игеруге шақырған, бірі туған елден жырақта болған, қараша жұртты надандықтан, сауатсыздықтан арылту мақсатында зор ізденістерде болған жандардың XІХ ғасырда қозғаған мәселелері ХХІ ғасырда әлі де өз өзектілігін жоғалтқан емес. Арасына сан ғасырларды салса да, туындылары әлі күнге дейін өз мәнін жоғалатпайтындай еңбек жазып қалдырды. Оларда ортақ идеа: ұлтқа деген жанашырлық пен халқын ғылым-білімге деген үндеу жатыр.
Екеуі де «Адамзаттың бәрін сүй, бауырым деп, дос, бауыр көр» деп Абай жырлағандай адамгершіліктері мол, гуманист болған.

Алжанова Балжан Аликқызы
«Педагогика және психология»
кафедрасының магистранты

Ғылыми жетекшісі:
Философия докторы (PhD), аға оқытушы
Ж.Н. Алашбаева

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *