«Ел бүгіншіл – менікі ертеңгі үшін»

деген сөзді Ахмет Байтұрсынұлы атамыз бізге өсиет ретінде қалдырып кеткен, ерекше орын алатын қайталанбас нақыл сөздерінің бірі. Ақын жырлаған тәлім-тәрбие, адамгершілік, туған жер, азаттық, оқу-білім тақырыбындағы өлеңдерінің қайсысын алсаңыз да, терең ой мен тылсым сезімге толы. Оның шығармашылығында ағартушылық-демократтық сарында жазылған туындыларының алар орны зор.

 

Біз, қазақ халқы байырғы замандардан бері болашаққа үміт артып, әр күнімізді, ойымызды, мақсаттарымызды жоспарлап, уақытымызды үнемді әрі пайдалы түрде қолдануға тырысып келеміз. Бұл үрдіс әлі күнге дейін өз ритімін өзгертіп, құнын жоя қойған жоқ. Керісінше, алдыға қарай жылжып, дамып келе жатқан жайы бар. Осыған орай тек қана бүгінімізді ғана ойламай, болашаққа, мақсатқа жету жолында елімізде әр түрлі істер, стратегиялар, құрылыстар жоспарланып отыр. Тіпті мемлекет қана болашаққа жоспар құрып отырған жоқ. Қазір көптеген телеарналар, бағдарламалар, журнал, газеттердің өзі де келешекке зор үміт арта отырып, әрекет етіп жатыр. Әр бір жасалып жатқан жұмыс, іске асып жатқан жоспар бәрі де келешектің қамы. Тәуелсіздігімізді уысымыздан шығармай ұстап қалу үшін, ел мен халық арасындағы бірлік пен ынтымақтастықты сақтау үшін, оқу-білім жағын әрмен қарай дамыту үшін жасалып жатқан іс шаралар. Жеке тұлға үшін айтар болсақ, адам бір күндік қарынның қамымен ғана өмір сүрмеуі тиіс. Саналы адам ертеңді, келешекті ойлайды.
Иә, ел ертеңі, ұрпақтың кемел келешегі үшін жасөспірім оқушылардың шығармашылық шабытын, оқу-білімге деген құштарлығын шыңдау жолында маған ұнайтын, мақтанышпен айта алатын «Мөлдір бұлақ» журналы бар. Бұл журналдың елге қызмет етіп келе жатқанына биыл, міне, жиырма жыл толып отыр. Жиырма жыл деген аз уақыт емес. Осы жылдар арасында журнал парағында әр түрлі өлең шығармалар, жас білімгерді қызықтырар ерекше ақпараттар, қызықты, ғылыми мәліметтер жарық көрді. Барлығы дерлік тікілей өскелең ұрпаққа арналған. «Бүгінгі бала шақ – ертеңгі болашақ» деп, Қабылбек Төретайұлы ағамыз айтқандай, журнал біздің, кітап сүйер қауымның, тұрақты оқырмандарының рухани толығуына тікелей әсер етіп жатыр.
Біз ХХI ғасырдың жастары әр күнімізді жоспарлап болашақтан зор үміт күтіп жүрміз. Елім деп, жерім деп еңбек еткен алдыңғы ұрпақтың ЖОЛЫН қуып, ертеңіміз бен болашағымыз белгісіз бола тұра, әр мақсатымызды, әр қадамымызды айқын түрде жүзеге асыра отырып әрекет етіп келеміз. Ертеңгі күн жұмбақ болғанымен ниетіміз анық, сеніміміз тұрақты. Ол бізді алға жетелейді, нысанамызға апарады. Бұл – үміт. Қазақта «Үміт алдамайды» деген аталы сөз бар.
Ойымды қорытындыласам, бұл заман білекке сенетін заман емес, таудай білімге сенетін заман. Қазақтың данагөй ханы Абылай хан айтқандай, «Білекке сенген заманда ешкімге есе бермедік, білімге сенген заманда қапы қалып жүрмелік». Әр күнімізді әсемдей білейік.

Бостан Гүлім Қыдырғалиқызы, Жетісу облысы, Талдықорған қаласы, №27 ОМГ
11 «а» сынып оқушысы

ПІКІР ЖАЗУ