Тас қалаушылар. Мәңгілік пирамидалар

Әлихан Жақсылық — әдебиетте есімі танылып келе жатқан жас жазушы. Жақында Ақтөбе өңірінде төртінші мәрте өткізілген «Әдебиет. Рух. Қоғам» атты республикалық әдеби форум барысында осы Әлихан арнайы Бәкір Тәжібаев атындағы сыйлыққа ие болды. Бұған дейін жас жазушы бірқатар облыстық, республикалық әдеби додаларда арнайы жүлделерге ие болған-ды. Ол, 2019 жылы «Жас алаш» газеті жариялаған «Қазақ пен қала» байқауының қорытындысында Әлихан ІІ орынға ие болды. Биыл қараша айында Қарағанды қаласында қазақ руханиятының аса көрнекті өкілі Ақселеу Сейдімбектің туғанына 80 жыл толуына орай өткен  жас жазушылардың, көсемсөз шеберлері мен этнографтардың арасында республикалық әдеби-шығармашылық байқауында жас жазушыға «Жан азасы» деп аталатын әңгімесі үшін екінші орын берілді.
2020 жылы Ақтөбе облысы әкімдігінің қолдауымен жас ақын-жазушылардың он шақты жинағы жарық көрген болатын. Соның ішінде Әлиханның «Алты құрлық» деген кітабы да бар. Бұған дейін Жазушылар Одағының қолдауымен «Төрт Мұхит» кітабы жарық көрген.
«Ойыл ауданы Саралжын ауылының баласымын. Анам ауылдағы мектептің кітапханасында жұмыс істейтін. Әлі де сонда жұмыс істейді. Бұрын мектепте оқыған кезде сабақтан шыққаннан кейін кітапханаға, анамның қасына барып, ол жұмыстан шыққанша күтіп отырушы едім. Сол кезде «Айгөлек», «Балдырған» журналдарын тапжылмай отырып оқитыным есімде. Кейін «Аңыз адам» журналымен дос болдым. «Аңыз адамға» шыққан Махатма Ганди, Нельсон Мандела, Фидель Кастро секілді үлкен саяси тұлғалардың тағдырлы өмірі туралы қызыға оқитынмын. Балаларға аңыз-ертегілерді, журналдарды көбірек оқуға кеңес беремін», — дейді жазушы.
Әлиханның біздің журналға ұсынып отырған балаларға арналған шығармасы «Альпіні азат ету. Мәңгілік пирамидалар» деп аталады. Жақсылық пен жамандықтың, мейірім мен зұлымдықтың күресін сипаттаған шығарманың үзіндісін ғана беруді жөн көріп отырмыз, себебі шығарма өте ұзақ. Біз осы шығарманың тек «Тас қалаушылар. Мәңгілік пирамидалар» деген бір ғана бөлімін ұсынып отырмыз.

 

Тұяқты Эмпуза Радостағы жасағымен Александрияны жаулап алғаннан соң, зұлымдық әміршісі Уэйкедтен мақтау сөз естіді. Сиқырлы айна арқылы қос мүйізді, арыстан жалды құбыжық Уэйкед түн елесі Эмпузамен сөйлесті.
Өркениет ошақтарын қиратсақ, адамзаттың өзі азып-тозып, жабайыға айналады, – деді Уэйкед азу тістерін ақситып.
Әміршім, ертең-ақ Каирдегі пирамидаларды қиратамыз. Адамзат бар құндылығынан айрылып келеді, – деді Эмпуза.
Жер бауырлаған жыландарды, от үрлейтін айдаһарларды апарып Каирді күл талқан етіңдер, – деді Уэйкед ашулана.
Александрияны тастап шыққан псилдер мен марстар, грек жауынгерлері арып-ашып Каирге әрең жетті. Мысыр жауынгерлері солтүстікте жамандықтың болғанын сезді. Баласын арқалаған әйел, еңсесі түскен жауынгерлер, ашыққан тұрғындар бейнесі кесапаттың болғанын көрсетіп тұрды. Перғауын оларды Каир маңыңда қабылдап, шатыр тігіп, тынықтырды. Александриядан кейін Каирге қауіп төнгенін білген мысыр жауынгерлері дайындыққа кірісті. Соғыс әдісін жасағанымен, айдаһарларды тоқтататын ешқандай күштің жоғын түсінді. Арча мен Стелл бірнеше күн ойланса да, тығырықтан шығатын жол таппай қойды. Қала маңына тігілген шатырлардың бірінде Арча түні бойы жатып ойланды. Түн ортасында Арчаны Фолиадж сыйлаған бойтұмар мойнынан сүйрелей шатырдан алып шықты. Жағалай тізілген күзет пен шатырдан Арчаны аулағырақ апарып, пирамидалар жаққа бағыт сілтеді. Арча жүре-жүре үлкен пирамиданың жанына жетті. Әр жерден от жылт еткен пирамида таудай күңіреніп тұрды. Арчаның жанына жартылай әйел, жартылай құс кейпіндегі сирендер жинала бастады. Олардың арасынан біреуі шығып:
Зұлымдықпен күресуге біз де қатысқымыз келеді. Эмпуза бастап келетін әскер арасында қан сорғыш әйелдер – ламиялар болады. Біз сирендер оларға қарсы тұрамыз, – деді.
Айдаһарлар ше? Олардың от үрлейтін басын қалай тоқтатамыз? – деді Арча сирендерге.
Өлі рухтарды шақыр. Пирамидадағы мазасыз рухтарды шақыр, жазықсыз өлгендерді шақыр, – деді құс сирен.
Арча пирамиданың алдында тұрған от алауды қолына ұстады да, ішке кіріп кетті. Пирамиданың қараңғы тунельдерімен жүре отырып, тұйықталған бір бөлмеге келіп тірелді. Қабырғадағы суреттер, бояулар көлеңкесі Арчаның бойына қорқыныш ұялатты. Сол сәтте Арчаны өткен күннің өлі рухтары – елестер қоршап алды. Қаруланған бұлдыр адамдар оған жақын қалғанда:
Мен аримаспы Арчамын, сендер бұл әлемнен емессіңдер, бірақ
Уэйкедті тоқтатуға қауқарлысыңдар. Тірілерге көмек беріңдер, – деді Арча рухтарға. Пирамида ішінде өлі рухтардың қоршауында қалса да, Арча оларды ізгілікке шақырды.
Сен пирамидадан енді қайтып шыға алмайсың, – деді бұлыңғыр елес адам.
Егер тірілердің бәрі өлі рухқа айналғандарын қаламасаңдар, менің қатарыма қосылыңдар, – деді Арча.
Жанымның не өлі, не тірі екенін білмей, рухым жай табар емес, – деді бұлыңғыр рух.
Егер Каирді қорғап қалсақ, рухтарың азат болады. Қазір орнап тұрған қара түнек сендерге маза берер емес, бұлт сейілсе, жарық күн сендерді азат қылады, – деді Арча.
Уәде бересің бе? – деді елес.
Уәде!


Елестер оған жол нұсқап, пирамидадан адастырмай алып шықты. Арча далаға шыққанда түн ауып, таң атып келеді екен. Бірнеше күнде қала халқы Қызыл теңіз жағалауына көшіріліп, қалада қалған жауынгерлер пирамида жанындағы алаңқайға жиналды. Каир қаңырап бос тұрды. Стелл күміс сауытын қайта киді. Ержүрек грек пен Мысыр әскері солтүстік Африка тұрғындары, псилдер мен марстар, доңызбастылар мен есектұяқтыларға, бір көзді диюлар мен от үрлейтін айдаһарларға қарсы дайындалды.
Көп ұзамай Каир аспанына қауіп төнді. Үйірілген қара бұлтпен бірге он мыңдаған доңызбастылар, диюлар мен құбыжықтар пирамидаға қарай сап түзеп келе жатты. Адам бойынан үш есе биік, бір көзді, бір мүйізді құбыжықтар шоқпар асынып, адамзатқа қарсы майдан ашты. Олар соңыңда қан сорғыш әйелдер тобы – ламиялар болды. Қолына қысқа қанжар ұстаған ламиялар сұсты көрінді. Алдыңғы шепте доңызбастыларға қарсы грек әскері тұрды. Құрыш болаттан сауыт киген гректер қалқандарымен екі қатарлы қорғаныс түзіп, қалқан арасынан найзаларын жау әскеріне бағыттап қойды. Одан кейінгі шепте Мысыр садақшылары жебелерін дайындады. Псилдер мен марстар айбалталары мен семсерлерін ұстап, соғысқа тайсалмай кірмекші. Ең соңғы шепте қан сорғыш ламияларға қарсы тұрамыз деген сирендер тобы дайын тұрды. Әскер басында перғауын, гректерден Терезия және аримаспы Стелл жау қозғалысын бақылады. Терезия Стеллден:
Арча неге көрінбейді? – деп сұрады.
Жауынгерлерді қарап шығуға артқы шепке кеткен болар, – деді Стелл.
Бірақ Арча шынымен майдан даласында жоқ еді. Оның неге соғыс алаңынан кетіп қалғанын ешкім білмеді. Терезия Перғауынға келіп:
Егер біз шабуылды бастамасақ, қорғаныс кезінде он мыңдаған жау әскерінің қоршауында қаламыз, – деді.
Әскер саны қанша? – деді Стелл.
Гректер мен мысырлықтар, псилдер мен марстар – бәрін қосқанда төрт мыңға да жетпейді, – деді Терезия.
Осынша әскерге бір аримаспыны қоссақ төрт мыңға тола ма? – деді Перғауын.
Екі аримаспы, – деді Стелл.
Арчаны есепке алмай тұрмын, – деді Перғауын.
Соғыс әдісі Терезияның айтуы бойынша өрбіді. Пирамидадан аулағырақ алаңқайда тұрған ізгілік пен зұлымдық әскері бір-біріне түнере, шабуылға ыңғайланды. Гректің найзашылары шабуылға кірісіп кетті. Олар екі қатарлы қалқанды қозғалыспен жылжи отырып, қарсы шапқан доңызбастыларды түйрей берді. Қорғаныс артындағы мысырлық садақшылар бір көзді диюларға жебе атты. Бірақ өлімнен сескенбейтін есек Тұяқты құбыжықтар грек қорғанысын бұзып өтіп, Мысырлықтармен алыса кетті. Мыңдаған доңызбастылар шепті бұзып, кескілескен шайқас басталды. Псилдер мен марстар майдан даласындағы жер бауырлаған қара жыландармен айқасты. Жуан әрі сұсты жыландармен соғысу олар үшін оңайға түспеді. Сирендер қос тараптың әскерін айнала өтіп, қан сорғыш ламияларға шабуыл жасады. Қанжарлы ламияларға шапқан жартылай әйел, жартылай құс бейнелі сирендердің біраз бөлігі өлім құшты. Ал Мысырлықтардың жебесі тиген бір көзді диюлар ашуға булығып, грек найзашыларын жан-жаққа шашты. Әскер саны басым болғандықтан, зұлым күштер ізгілік жауынгерлерін пирамидаға қарай тықсыра берді. Шайқас ішінде қайсар перғауын ат үстінде отырып, маңына жақындаған жауды қайқы қылышымен шаба берді. Найзалы Стелл алысырақтағы доңызбастыны қаруымен түйреп, жақын қалғанды теуіп ұшырды. Қарт Терезия қоршауда қалса да, қоршауды бұзып шығып, ешкімге әл бермей күресті. Мысыр мен грек әскерін диюлар шетінен қыра бастады. Псилдер мен марстар жыландар санын азайтуға айналып, доңызбастылармен айқасқа түсті.
Стелл, – деді перғауын қырғынның арасынан дауыстап.
Тыңдап тұрмын, – деді Стелл бір құбыжыққа найзасын түйреп тұрып.
Ол нағыз ержүрек екен, – деді. Перғауын ат үстінде отырып, жақындап қалғанды қылышпен шауып.
Кім, грек жауынгерлерін айтасыз ба? – деді Стелл.
Пирамида жаққа көз салшы, – деп перғауын аттан секіріп түсіп, жаумен алыса кетті. Стелл шайқастан сәл босағанда пирамида жаққа көз салып еді, бұлыңғыр елестерді ертіп келе жатқан Арчаны көрді. Арча садағына жебе салды да, алдындағы бір көзді құбыжықты атып түсірді. Артына ерген сансыз өлі рух әскеріне бұрылды да:
Жарық күн үшін, күн нұрын қайта көру үшін, ізгілік үшін! Өлі рухтардың тыныштығы үшін алға! – деп, Арча ұран салды. Бұлыңғыр елес жауынгерлері соғыс ортасына кіріп кеткенде, мүйізді алып құбыжықтар бірінен соң бірі құлады.
Ламилармен айқасып жүрген сирендерге псилдер мен марстар көмекке келді. Қанжарлы ламияларды псилдер мен марстар жеңуге айналды. Бұлыңғыр рух жауынгерлері мүйізді және айыртұяқты құбыжықтарды құлата бастағанда, грек мысыр әскері доңызбастыларды тықсырып барады. Зұлымдық әскері пирамида түбінен шегініп, алыстай бастағанда, қара бұлт арасынан жүздеген айдаһарлар шыға келіп, Каир аспанында от үрлей бастады. Жеңіске бір қадам қалғанда ізгілік жауынгерлері айдаһарларды көріп пирамидаға қарай қайта ығысты. Аждаһалардың келгенін көрген құбыжықтар қайта күш алды. Бұлыңғыр рухтар шайқасты тоқтатпай, құбыжықтардың жолын бөгеді. Төбеден төніп келген айдаһарлар ең әуелі шеткі шептегі псилдер мен марстар тобына тиді. От жалыннан қашқан оларды алдына салып қуды. Сирендерге ламиялар қанжарларын сұқты. Бір көзді диюлармен соғысып жүрген Арча:
Стелл, айдаһарларды көрдің бе? – деді.
Қалай қорғанамыз? – деді Терезия.
Дұшпан әскерімен мидай араласып соғыссақ, бізге от үрлей алмайды.
Сондықтан шеткі шепке шығып қалмаңдар, – деді Арча. Найзасын жауға түйреп жүрген Стелл:
Олай болса, ортаңғы шепке кірейік, – деді.
Каирге қашып тығылушы болмаңдар, аждаһалар қаланы өртке орайды, – деп, Перғауын айқай салды.
Майдан ортасына ізгілік әскері кірсе де, олар пирамидаларға қарай шегінуге мәжбүр болды. Құбыжықтарды өлі рух әскері жеңсе де, аждаһаларды тоқтата алмаймыз деп ойлады. Айдаһарлар от үрлеп псилдер мен марстарға жақын қалғанда, пирамидаларды мыңдаған жылдар бойы күзетіп жатқан арыстан жалды сфинкс орнынан түрегелді. Алып сфинкстің оянғанын көрген зұлымдық әскері кері шегіне бастады. Бірақ мыңдаған доңызбастылар мен диюлар мысыр-грек әскерінің біраз бөлігін мерт қылды. Сфинкс баяу орнынан тұрған соң көкте ұшып жүрген айдаһарлар оған от үрлеп төнді. Қанша айдаһарлар от үрлесе де, сфинкске от дарымады. Сфинкс тас қалпында тұрып аждаһалармен алыса кетті. Бірін жалымен соғып қалса, енді бірін азуына тістеп, жерге алып ұрды. Оны айнала ұшқан айдаһарлар ештеңе жасай алмады.
Ол пирамидаларын қорғап жатыр, – деді Перғауын.


Шайқасыңдар, ержүрек гректер, қайсар мысырлықтар, зұлымдық
әскерін талқандайық. Өлі рух әскері мен сфинкс біздер жақта, – деп, Стелл жауынгерлерге рух берді.
Доңызбастылар шегініп, Каир ішімен қашып, Александрияға бет алды. Жылан қансорғыштармен алысқан псилдер мен марстар да олардың соңдарынан қуып, қанжар сілтеді. Қос мүйізді құбыжықтар мысыр садақшыларынан құтыла алмай, жер-жерде денелері қалды. Айдаһарлар сфинкстің тырнағынан қаша алмай, жерге құлдилай құлады. Пирамидаларын қорғаған сфинкс баяу жүріп барып орнына жатты. Оның бетіне соғылған айдаһарлар мұрын тұсы жанып кетіпті. Сфинкс тас мүсін қалпына түсіп, қалғып кетті. Жараланып, жерді соққылап жатқан аждаһаларды грек мысыр жауынгерлері найзамен түйреп тастады. Олар соңғы демдерін шығарғанда, топырақ үстіне қызыл жалын ақтық рет шықты. Оң қолын жаралап алған Арчаға бұлыңғыр рухтар келіп:
Күн нұры қайда? Жанымыз тыныштық табады деген уәдеңде тұр, – деді.
Сол сәтте Каир аспанындағы қара түнек жоғалып, бұлт артынан жарық күн шыға келді. Бұлыңғыр рух әскері күн нұрына бөленіп, бірінен соң бірі көзден ғайып болды.
Жандарың жай тапсын, боздақтар, – деді Арча.
Мысыр садақшылары жасасын! – деді Перғауын атына мініп жатып.
Грек найзашылары жасасын! – деді Терезия.
Каирды қорғап қалғанымен, грек-мысыр әскері үшін Александрияны қайтару оңайға соғар ма екен?..

 

ПІКІР ЖАЗУ