Ана – өмір шуағы
Бұл өмірде түрлі құрмет тұтатын, алғыс айтатын небір жандар бар. Дәрігерлерге көрсеткен көмегі үшін, ажалдан аман алып қалғаны үшін алғыс айтамыз. Ұстаздарға білім нәрімен сусындатып, даналық пен даралыққа баулығаны үшін алғыс айтамыз. Сол секілді өздерінің белгілі бір міндеті бар, елге адал қызмет атқаратын жандардың еңбегіне таңданамыз. Ал енді сол жандардың барлығы еңкейіп, бас иетін бір адам бар, ол – Ана.
АНА деген сөз жүректен шыққан ән секілді, көңілде бір ғажап орын табады. Әркім бұл сөзді әртүрлі түсінеді. Біреулер үшін бұл жай ғана туыс болса, біреулер үшін бұл бар әлем. Қаншама керемет сөздермен ауыз толтырып айтсақ та, ол ананың бар қыр-сырын түгелдей жеткізе алмайды. Кейбірі, ана – ол ең асыл қазына, баға жетпес байлық деп айтады. Бұл ананың сатылмайтын, сатып ала алмайтын сезімін білдіреді, баға жетпес құнды махаббатын білдіреді, өлшенбейтін мейірімін білдіреді. Әрбір адам өміріндегі ең қымбат рөлді сомдайтынын білдіреді. Оны әрдайым бағалап, қорғап жүруіміз керек. Себебі ол бізге берілген сый болып саналады. Сонымен қатар, ана жалғыз асылды ғана білдірмейді. Ана – осы жарық дүниенің жарық болуына септігін тигізіп тұрған, біздің өміріміздің шырағы. Шырақ ең алдымен жарығымен бізге жол көрсетеді. Қараңғы дүниені артта қалдырады. Бізді дүниеге әкелген күннен бері, еңбектеп, одан кейін қадам басуымызды қадағалап, кейін келе жүгіріп кетуіміздің куәгері болған жан. Білмегенде ой салатын, адасқанда жол табатын біздің жалғызымыз. Қандай жағдайға тап болсақта, бар күшін салып қалайда шешімін табады. Одан артық ең сенімді адамды таппайсың, одан артық қорғанышты таппайсың. Сырыңды айтсаң сырлас, мұңыңды айтсаң мұңдас жақын досың да бола алады. Тіпті, айтпай-ақ түр әлпетіңнен, жүріс тұрысыңнан бәрін сезіп, бәрін көріп қояды. Бұл жалғыз анаға ғана дарыған қасиет. Бір өзгерісті байқаса іштей сары уайымға салынып, себебін іздей бастайды.
Шырақтың екінші қызметі жылу сыйлау емеспе?! Міне, ананың құшағынан артық жылуды еш жерден табу мүмкін емес. Ананың жұбатып айтқан сөздері біздің жүрегімізге тікелей барып, көңілімізді жылытады. Ал жүректегі жылу біздің адамгершілік қасиетімізді сақтап тұрған басты нәрсе. Ананың бізге берген махаббатына, сыйластығына қарай біздің айналамызға деген қарым-қатынасымыз қалыптасады. Үйдің ұйытқысы болып, сыйлы отбасы ішінен сыпайы бала тәрбиелеп шығарады. Жамандықты көрмей өскен бала, біреугеде қастандық істей алмайды. «Ананың жақсылығын білмеген – адамның жақсылығын білмейді. Адамның жақсылығын білмеген – Алланың жақсылығын білмейді»,- деген сөздің өзі бар мән мағынаны жеткізіп тұрғандай. Өмірдің ащы тұщысының дәмін көрсетіп, соқпақ жолдарында қолын созып сүріндірмей, сүрінсек қайта тұруға көмектескен, қатал өмірге бейімдейтін де сол бір ата-ана.
Бір сәбидің өзін өсіріп жетілдіру қандай жауапкершілікті мойынға артады. Ал көп балалы атанған аналардың алған жауапкершілігі тіпті жоғары. Әрқайсысына бөлек күтім, әрқайсысының көңілін табу ойлағаннан да қиын нәрсе. Ең жауаптысының бірі дұрыс тәрбие беруі. Бір-бірінен артық көрмей теңдей жақсы көріп, әрқайсысын ешкімнен кем қылмай, еліміздің саналы азамат азаматшасы атандыруы. Әр атқан таң сайын барын жасаса, әр батқан түнде тыныш ұйқымызды қадағалайды. Баланың шырылдаған дауысына шыдай алмайды. Біреудің баласы болсада ана жүрегі әрдайым елжіреп шыға келеді.
Ана деген 3 әріптен құралған, жүректе оттай лаулап, жанды өртейтін сөзге қаншама өлең жазылған, қаншама жырлар жырланған. Қанша жырлансада әлі күнге дейін оның қадір қасиетін айтып жеткізетін сөз таусылмаған-ды. Ақын да, ғалым да ана сүтін ақтауды біздің борышымыз деп санайды. Барлық даналарымыздың қалдырған қанатты, нақыл сөздері ананың бір қырын ашады. Күннен күнге анаға деген махаббатымызды оятады. Сол оянған махаббат өшпес жалынға айланған кезде ғана, анамызды аялап, сыйлауды үйренеміз.
Қарақат САҒИЕВА,
10 сынып оқушысы,
Ақтөбе облысы