Тарих – ұлттық рухани жаңғырудың алтын арқауы

Кез-келген халықтың ұлттық рухы мен ұлттық санасы, рухани мәдени асыл мұрасы, әдет-ғұрып, салт-дәстүрі мен ғасырлар бойы қалыптасқан табиғи болмыс-бітімі тарих бедерінде таңбаланып, ұрпақтан ұрпаққа жалғасып, жаңғырып, дамып отырады. Тарихы жоқ елдің – тамыры жоқ. Қазақ халқының тарихы көне замандардан тамыр тартып, сан мыңдаған жылдардан сыр шертеді. Ғасырлар керуенінде тарихымыздың әдейі көмескіленген, бүркемеленген тұстары көп. Қазір елімізде қазақтың азат тарихын жазу мен тарихи сананы қалыптастыру мақсатында көптеген жұмыстар жүзеге асып жатыр. Осы орайда Х. Досмұхамедов атындағы Атырау университеті «Рухани жаңғыру» кеңсесінің жетекшісі, тарих ғылымдарының докторы, профессор, ҚР Тарих және қоғамдық ғылымдар академиясының академигі Таңатарова Жамиға Тәжікқызымен әңгімелесудің сәті түскен еді.

– ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығымен 2021 жылы 13 қазанда бекітілген 10 нақты Ұлттық жобаның ішінде «Ұлттық рухани жаңғыру» жобасы қазақ халқының ұлт ретінде ұйыса түсуіне жасалған сәтті қадам екені белгілі. Осы орайда Х. Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінде қандай жұмыстар атқарылып жатыр?
– Мемлекет басшысы Жариялаған Ұлттық жобалардың әр қайсысы еліміз дамуының ең басты бағыт-бағдары деп білемін. Соның ішінде рухани-мәдени бірегейлікті сақтау, әрбір Қазақстан азаматының ғылыми әлеуетін дамыту, жастардың бойында адами рухани құндылықтарды қалыптастыру мақсатында Ұлттық рухани жаңғыру жобасы жүзеге асырылып жатыр. Алдымен жастарға патриотизм, яғни Отансүйгіштік құндылықтарды дәріптеудің маңызы зор. Жастар бойында жауапкершілік рухын қалыптастыру және ұлт алдындағы жауапкершілікті дамыту арқылы біртұтас ұлтты қалыптастыру мәселелері өзекті болып отыр. Жастарды қоғамға қажет мамандықтар негізінде оқытып, қажетті қызметке тарту, жұмысқа орналастыру секілді мәселелердің барлығы Ұлттық жобалар шеңберінде бес жылға жоспарланған. Ұлттық рухани жаңғыру жобасы ең алдымен қазіргідей жаһандану кезеңінде ұлттық кодымызды сақтай отырып, рухани мәдени бірегейлікті, қазақтың ғасырлар бойы қалыптасқан біртұтас ұлттық болмысын, ата-бабадан қалған салт дәстүрді ұрпақ бойына сіңіру, қоғамның талғамын көтеру, халықтың рухын көтеру мәселелерін қамтып отыр. Жоба жүзеге асуы үшін жастарға жаңа мүмкіндіктер ашу керек. Олардың түрлі бастамаларын қолдау керек. Өздеріңізге белгілі 2020 жылы «Оқитын мектеп – оқитын ұлт» жобасы жүзеге асырыла бастады. Нақты осы жоба Ұлттық рухани жаңғыру жобасымен тамырлас, өзектес бір-бірімен байланысты. Еліміздің, ұлтымыздың тамыры терең тарихын оқыту арқылы жастардың дүниетанымын кеңейту, елге құрмет, Отанға қызмет секілді азаматтық ар-ождан, мақсат-міндет, армандарын қанаттандыруға болады.
Осы бағытта біздің Халел Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінің ғылыми кітапханасы, факультеттері студенттерге арнап әртүрлі тәрбиелік мәні бар іс-шаралармен қатар жан-жақты жұмыстар жүргізіліп жатыр. Әсіресе қазақың классик жазушыларының еңбектерін жұмыла оқу бағытында, Мұхтар Әуезовтың «Абай жолы», Ілияс Есенберлиннің «Көшпенділер», Олжас Сүлейменовтің «АзиЯ», Болат Жандарбековтың «Сақтар» секілді жастардың тарихи таным көкжиегін кеңейтуге арналған туындыларын оқып, талқылау дәстүрі қалыптасты. Сонымен қатар жаңартылған оқу бағдарламаларына сәйкес университетімізде көптеген оқу бағдарламалары қайтадан жасақталып жатыр. «Ұлағатты ұрпақ» рухани мәдени білім беру платформасын қосу, «Туған өлке» әдебиетін зерттеуге арналған рухани мәдени, өлке тану іс-шараларын өткізу бағытында жұмыстар жүзеге асып жатыр.
«Ел рухы» бағыты бойынша мектеп жасына дейінгі балаларды, мектеп жасындағы балаларды тәрбиелеу бағытында қолжетімді интернетпен қамтамасыз ету және ғаламторды логикалық ойлауға баулитын қазақша контентпен толықтыру, қазақ тілді анимацияны дамыту, отандық фильмдердің салмағын арттыру бағытында жұмыстар қолға алынды. Сонымен қатар мүмкіндігі шектеулі жастарға жағдай жасау, оларды қолдау, кітапханаларда арнайы қажетті жабдықтармен қамтамасыз ету, қоғамдық жұмысқа тарту, инклюзивті білім беру бағытында да жоспарлы жұмыстар жүргізілуде. Жастарды тұрғын үймен қамту тетіктері, жастардың волонтерлік белсенділігін арттыру, «Жасыл ел» жобасына жұмылдыру, спорттық ойындар негізінде салауатты ұрпақ қалыптастыру бағытында да көптеген іс-шаралар жасалып жатыр.
Тек студент жастар арасында ғана емес, профессор оқытушылар арасында да әртүрлі жарыстар ұйымдастырылып, ынталандыру сыйлықтар қою арқылы ортақ іске жұмылдыру тетіктері қарастырылуда.

– Ұлттық рухани жаңғыру дегенде, алдымен қазақтың ұлттық тарихын мектептерде, жалпы оқу орындарында қалай оқытып жатыр деген сұрақ туады. Совет кезіндегі тарихымыз, «отар елдің тарихы жаулап алушылардың қолымен жазылады» (Д.Неру) дегендей, советтік көзқараспен жазылды. Студенттер әлі де осы тарихты оқып жүр ме, әлде…
– Өздеріңізге белгілі, қазақтың тарихы кеңес одағы кезінде тұмшаланып, перделеніп келді. Көптеген ақтаңдақтарымыз болды. Ол тіпті оқытылмайтын. Қазақстан тарихы жұп-жұқа ғана кітапша болатын. Патшалық Ресей империясының тарихы оқытылды. Кеңес одағының орнауы, ондағы жасалып жатқан өзгерістер секілді тек қана күнгей беттері ғана оқытылып келді. Айтылуы, жазылуы керек мәселелер айтылмады, жазылмады, тыйым салынды. Яғни халықты рухани тамырынан ажырату үшін жүргізілген, халықтың ұлттық санасын бүркемелеу үшін жүргізілген саясат деп те айтамыз. Совет кезінде көптеген тарихшыларымыз, қазақтың біртуар ұлдары, қажырлы қайсар қыздары, ұлттың қамын жеген азаматтар қудалауға ұшырады, түрмелерге қамалды, атылды да. Мұхамеджан Тынышбаев, Халел Досмұхамедов, Әлихан Бөкейханов, Ахмет Байтұрсынов, Мағжан Жұмабаев сынды Алаш арыстарын оқымақ түгілі, кеңестік жастар естімеді де. Жасырын ғана кейбір азаматтық позициясы өте жоғары, өз пікірі бар азамат профессорлар ғана жайлап қана айтушы еді. Бұл ұлтқа жасалған үлкен қиянат болатын. Өздеріңіз де білесіздер, кеңес өкіметі орнынан тайғаннан кейін ұлттық тарихты оқыту жаңа кезеңге аяқ басты. Жаңа әдістемелік, методологиялық зерттеулер жасалды Жаңа бағдарлар беріле бастады. Қазақ тарихын жаңаша ұлттық мүдде тұрғысынан қарастыра бастаған ғалымдардың алғашқылары академик Манаш Қозыбаев, профессор Кеңес Нұрпейісов, академик Мәмбет Қойгелдиев, Талас Омарбеков, Жұлдызбек Әбілқожин, Жанұзақ Қасымбаев, Қайдар Алдажұманов, Бүркітбай Аяған, Ханкелді Әбжанов сынды тағы көптеген тарихшы ғалымдарымыз болды. Қазақстан тарихын жаңа дәуірде, Тәуелсіздік дәуірінде оқытудың алғашқы концепцияларын, яғни ұлттық мүдде тұрғысынан оқыту, оның ақтаңдақтарын анықтау бағытында зор жұмыстар жүргізіп, бізге ұлттық тарихты оқытудың алғашқы концепцияларын жасақтады деп айтуымызға болады.
1991 жылы еліміз Тәуелсіздің жариялағаннан кейін, Егеменді ел атанғаннан кейін еліміздің тарихын жаңаша жазу, тарихи сананы қалыптастыру тұжырымдамасын дайындау сияқты күрделі мәселелер күн тәртібінде тұрды. Ақтаңдақтарды анықтау күн тәртібінде тұрды. 1992 жылдан бастап Қазақстан тарихы оқытыла бастады ал, 1994 жылы мемлекеттік емтихан алу жолға қойылды.
1995 жылдан бастап Президент жанындағы мемлекеттік саясат және ұлттық кеңес Қазақстанда тарихи сананы қалыптастыру тұжырымдамасын қабылданды. Қазақстан тарихын оқыту барлық жоғары оқу орындарына енгізілді және барлық оқу орындарында мемлекеттік емтихан тапсыру жөнінде тапсырма берілді. Мектептердің барлығында Қазақстан тарихы оқытылатын бағдарламалар қабылданды. Сонымен қатар мемлекеттік деңгейде үлкен-үлкен бағдарламалар қабылданды. Айта кететін болсақ, 1997 жылды Жалпыұлттық татулық пен Саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу жылы, 1998 жыл – Халық бірлігі мен ұлттық тарих жылы, ал 1999 жыл – Ұрпақтар бірлігі және сабақтастығы жылы деп жариялануының өзі қазақ тарихындағы ақтаңдақтарды ашық айтуымыздың алғашқы баспалдақтары деуімізге болады.
Сол сияқты мемлекетпен бірге ұлттық тарих та дамыды. 2007 жылғы Мәдени даму бағдарламасы негізінде барлық шетелдердегі тарихи, рухани-мәдени мұраларды елге жеткізу, архивтерді жинақтап, зерттеп, зерделеу басталды. Бұлардың барлығы ұлттық тарихты дамытудың әдіснамасы мен әдістемесіне арқау болды. Үлкен сілкініс жасалды. Қазақ тарихының көкжиегін нығайтуға, ұлттық жаңа дүниетанымды қалыптастыруға мүмкіндік жасады деп айта аламыз. Себебі бұрын жасырын болып келген тарихымыздың барлығы оқулықтарымызда жаңаша, ұлттық мүдде тұрғысынан баяндала бастады.

– Ұлттық рухани жаңғыру дегеніміз, меніңше, алдымен тарихты, ата салтын, ұлттық рухани-мәдени құндылықтарын тиісті деңгейде ұрпақ бойына сіңіру деген сөз. Ұлттық кодты сақтау, ұлттық жадты ояту, ұлттық мүдде алға шығуы үшін де тарихқа жүгінеміз. Сіз тарих маманы ретінде айтыңызшы, қазір студент жастардың тарихқа, ұлттық құндылықтарға деген қызығушылығы қандай?
– Ұлттық сананы қалыптастырудың негізгі жолдарының бірі – тарихи ілім, тарихи білім беру. Жалпы еліміздің тәуелсіз дамуында халықтың тарихқа деген көзқарасы жаңа қырынан жаңғыра бастағанын атап өтуіміз керек. Қазіргі таңда Қазақстанның қоғамдық өмірінде болып жатқан батыл өзгерістер – саясатта болсын, экономикада болсын, рухани-мәдени салада болсын халықтың, жастардың тарихи білімге деген қызығушылығын туғызып отыр. Қарап отырсақ, барлық әлеуметтік желілердегі әртүрлі контенттер, пікірлер, әңгімелер барлығы да қазақ тарихының, қазақ дәстүрінің, қазақ мәдениетінің, қазақи құндылықтардың бір үзінді-үзіндісі болып айналымда жүр. Бұның өзі қазақстандық этнологтарға, қоғам танушыларға, Қазақстан тарих ғылымының мамандарына тарихи сананы жаңа деңгейге көтеру үшін, тарих ғылымын жаңа сатыға көтеруді, халық арасында, жастар арасында тарихи білімі мен тарихи сауатының сапасын жақсарту жөнінде ойлануын қажет етеді деп ойлаймын. Тарихи білімсіз қазақстандық отансүйгіштік, Жаңа әділетті қазақстандық патриотизмді қалыптастыру мүмкін емес деп ойлаймын. Сондықтан да барлық өзгерістердің басында тарихи сана, тарихи білім қажет деп ойлаймын.
«Өзінің тарихын жоғалтқан жұрт, өзінің тарихын ұмытқан ел – қайда жүріп, қайда тұрғандығын білмейді, не істеп не қойғандығын білмейді, келешекте басына қандай күн туашығына көзі жетпейді» деп Алаш көсемі Әлихан Бөкейхановтың айтқаны бар. Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев мемлекет басына келгеннен кейін Тәуелсіздіктің 30 жылдығына байланысты 2021 жылдың 5 қаңтарында «Тәуелсіздік бәрінен де қымбат» деген баяндамасын жасады. Сонда 30 жылды қорытындылай келе, болашаққа бағдар берді. Бұл бағдарда ұлттық сананы көтеру мәселелерін жан-жақты ой елегінен өткізу тарихты терең зерделеуді талап етеді деді. Сондай-ақ ұлттық сананы көтеру біздің дүние танымымыздың, халқымыздың өткені мен бүгінінің және болашағының ілгері негіздеріне тікелей қатысты деді. Егемендік ұғымы жастардың санасына берік орныққанын көрсететін халықтық құбылысқа айналуы керек деді. Тәуелсіздіктің құндылығын, қадірін, киесін жастар білу керек. Тәуелсіздіктің қасиеті жастардың санасында шегеленіп қалу керек деді. Біздің халқымыздың талай зұлмат заман мен нәубеттерді бастан өткергендігі бүгінгі күні жадымызда сақталып, ұрпақтан ұрпаққа айтылып, жетуінің өзі халқымыздың ұлттық тарихи ілімге деген, оның маңыздылығына деген құрметі мен оған оң көзқарасын білдіреді деді.
Қазір Қазақстан тарихының Шоқан Уәлиханов атындағы тарих-этнология институты басқа да тарих институтының ғалымдары бірлесіп, Қазақстан тарихының 7 томдығын жаңа ұлттық идеология негізінде жазып жатыр. Сонымен қатар 2020 жылдың қараша айында Президент Қ. Тоқаевтың Жарлығымен «Саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі мемлекеттік комиссия құрылды. Бұл комиссия да үлкен жұмыстар жасауда. Мемлекеттік комиссияның негізгі бағыты бойынша ғалымдар, заңгерлер, жазушылар, тарихшылар, тіл мамандары, архив қызметкерлері еліміздің таяу шетелдердегі, алыс шетелдердегі Қазақстан тарихына қатысты құжаттарды зерттеуде. Оның бір бөлімі 1920 жылы 1950 жылдарға дейінгі саяси қуғын-cүргінге ұшыраған азаматтардың аты-жөнін анықтау. Сол кезеңге толықтай тарихи баға беру, ұлттық мүдде тұрғысынан баға беру және қуғын-сүргін көрген адамдардың отбасын анықтау, соған сәйкес ақтау жөніндегі мемлекеттік комиссияға ұсыныс беру жөнінде жұмыстар атқарылып жатыр. Осының барлығы да біздің ұлттық тарихымызды дамыту міндетіне негізделген. Алдымызда тарихымызда айтылмай келген, жасырын қалған, тұмшаланған беттерін түгендеу және оны қалпына келтіріп, тарихымызды толыққанды, Қазақ мемлекетінің, қазақ ұлтының тарихы ретінде халыққа, жас ұрпаққа қайтадан қайтару міндеті тұр.
Атырау облысы Ішкі саясат басқармасы, Халықаралық қазақ тілі қауымдастығы Атырау филиалымен бірлесіп «Саяси қуғын-сүргін құрбандарын толықтай ақтау» жөніндегі өңірлік комиссияның Жобалық кеңсесі Х. Досмұхамедов университетінде орналасқан және ғылыми дәрежесі бар ғалым-оқытушылармен бірге магистр, архив мамандары да зерттеу, іздестіру жұмыстарына жұмылдырылған.
Біздің Халел Досмұхамедов атындағы Атырау университеті де осы бағытта жұмыс істеп жатыр. Бұрын осы уақытқа дейін жасырын болып келген, күштік құрылымдардың, архивтердің, ҚР Мемлекеттік Қауіпсіздік комитетінің, ҚР Ішкі істер министрлігі полициясы департаментінің, ҚР Президенті архивіндегі құжаттар зерттеліп, зерделеніп, іздестіріліп жатыр. Әрбір өңір жаңа құжаттардың, деректердің том-том жинағын шығаруда. Ғылыми теориялық, ғылыми практикалық коференциялар өткізілуде. Адамдардаың тізімдері анықталуда. Жалпы айтқанда саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі мемлекеттік комиссияның құрылуының өзі қазақ тарихының методологиялық өзекті мәселелерімен ұштасып жатқан дүниелер деуге болады. Сондай-ақ тарихи идеологиялық тұрғыда қайта түлеу және ұлттық рухани жаңғыру бағытындағы нақты батыл қадамдар десек қателеспейміз.
– Алтын уақытыңызды бөліп, сұқбат бергеніңізге рақмет!

Сұқбаттасқан Тілекгүл ЕСДӘУЛЕТ

ПІКІР ЖАЗУ