Қазақ тарихындағы ақтаңдақтар: Зерттеуші-ғалымдар ұсыныс жасайды, ақтау заңгерлердің құзырында

ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығымен 2020 жылы Саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөнінде мемлекеттік комиссия құрылды. Қазақ тарихындағы ақтаңдақтарды ақтауға арналған комиссия қазір қызу жұмыс істеп жатыр. Халқымыздың қилы тарихын түгендеу, советтік саяси қуғын-сүргін шындығын ашу, құпия құжаттарды зерттеп, зерделеу арқылы зұлмат жылдардың заң жүзінде әділ бағасын беру бүгінгі күн талабы. Отандық тарихшылар мен зерттеушілердің қажырлы еңбегі мен табанды ізденіс, зерттеулерінің нәтижесінде құпия құжаттарға «тіл бітіп» ғылыми айналымға енгізілмек. Осы орайда, біз, Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университетінің доценті, профессор Саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі Астана қаласында құрылған өңірлік комиссияның топ жетекшісі, тарихшы Күлпаш Ілиясовамен сұқбаттасқан едік.

– Саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөнінде құрылған мемлекеттік комиссия екі жылға жуық уақыт үздіксіз жұмыс істеп жатыр. Зерттеу жұмыстары қай бағытта, қалай жүргізіліп жатыр?
– Жалпы тәуелсіздік кезеңінде саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау бойынша 1991-1992 жылдары, 1997-1998 жылдары және 2022-2022 жылдар аралығында үшінші мемлекеттік комиссия жұмыс істеп жатыр. Сол жұмысты жалғастырып зерттеуші-ғалымдар, тарихшылар, архивистер, өлкетанушылар, заңгерлер, басқа да гуманитарлық саладағы мамандар ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығына сәйкес жұмыс жасап жатыр. Құрамы бекітілген.
Ерекше айтатын нәрсе біздің комиссияның Жобалық Кеңсесінің тәжірибесі өте мол. Оған белгілі заңгер, қоғам қайраткері Сабыр Ахметжанұлы Қасымов жетекшілік етеді. С. Қасымовтың бағыттауымен жүргізіліп жатқан зерттеу жұмыстарына ҚР Президенті Қ. Тоқаев, алдында мемлекеттік хатшы болған Қырымбек Көшербаев, қазір Ерлан Қарин басшылық жасап отыр. Республикалық комиссия екі жылда архивтегі зерттеу жұмыстары бойынша Қазақстанды түгел қамтиды. Ал біз аймақтар бойынша, соның ішінде Астана бойынша өңірлік комиссияның құрамындамыз. Бірақ кері байланыс өте жақсы. Жобалық Кеңсе Астанада орналасқан. Аралық семинарлар өтіп тұрады. Екі жылдың ішінде жоспарға сәйкес сұрақтармен бірнеше рет семинарлар өтті. Методикалық семинарлар да өтті.
Бүгінге дейін сол семинарларда айтылған ақпараттар бойынша негізінен ҚР Ұлттық комитеті, ҚР Ішкі істер министрлігі, ҚР Бас прокуратурасы арнайы архивтерінде жұмыс жасаған зерттеуші-ғалымдардың қатысуымен, оның ішінде біз де бармыз, 2 миллиондай құжат құпиясыздандырылды. Бұл бірінші мәселе. Мұндағы мақсат өздеріңізге белгілі 1993 жылы 14 cәуірде «Саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау туралы» ҚР Заңы шықты. Қазір сол заңның негізі сақталып отыр. Яғни ең бірінші саяси қуғын-сүргінге ұшыраған адамдар туралы әділдікті қалпына келтіру, оларды ақтау, оларға келтірілген материалдық және моральдық зауалды өтеуді қамтамасыз ету мақсаты көзделеді. Негізінен ол заңгерлердің жұмысы.
1993 жылғы Заңға қазіргі жаңа табылған құжаттардың негізінде ұсыныстар енгізу, жаңа бір баптар қосумен арнайы заңгерлер айналысады. Бұрынғы бізге дейінгі мемлекеттік комиссиялардың құрамында болған ғалымдардың қорытындылары бойынша ашық дереккөздерде 100 мыңнан астам адам қуғын-сүргінге ұшырады. Оның 25 мыңы ату жазасына кесілді деген дерек тарих оқулықтарына енген. Бірақ қазір бұл сан әр құжатты қараған сайын ұлғайып келеді. Себебі саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау идеясы ХХ ғасырдың басындағы Әлихан Бөкейхан бастаған қазақ зиялыларына, Алаш қайраткерлеріне қатысты еді. Яғни сол архив құжаттарындағы 500-дей Алашордашылардың тізімі жарияланып, соған сәйкес фамилиялары ғана анықталған болатын.
– Алдыңғы мемлекеттік комиссиялар анықтаған құжаттар тізімі әлі де әр түрлі бағытта толығып жатыр дедіңіз. Түсінгенім, 1993 жылғы Заң талаптары қазіргі анықталған деректердің заңдық негізін қамтамасыз ете алмайды деген сөз бе? Жалпы қазақ тарихындағы саяси қуғын-сүргін тақырыбын зерттеудің ғылыми негізі жасалған ба?
– Иә, жалпы отандық тарихшылар Қазақстанда 1918-1920 жылдардан басталып, 1986-1991 жылдары аяқталған репрессиялау саясатын 5 кезеңге бөліп қарастырады. Оның шарықтау кезеңі 1937-1938 жылдарда болғаны да тарихтан белгілі. Тек Саяси қуғын-сүргіннің шарықтау кезеңінде, яғни 1937-1938 жылдары, қайталап айтамын, 100 мыңнан астам адам қуғын-сүргінге ұшырап, 25 мың адам атылған.
Совет билігінің алғашқы қырып-жою саясатының салдарынан ұлт мүддесін көксеген қазақ зиялылары қатаң айыпталып, олардың үстінен «Алаш ісі» қозғалды. Ал, оның ақыры араға жылдар салып, тоталитарлық жүйеге қарсы шыққан желтоқсаншыларға қайта жаңғыртылды және «Қазақ ісін» қозғаумен аяқталды. Алаштанушы-ғалым Мәмбет Қойгелдінің сөзімен айтқанда, соңғысы совет билігінің терең жүйелік дағдарысқа ұшырағанын анық көрсетті. Ескере кетейік, осы істердің аралығында тағы да бірқатар «аты шулы» қылмыстық істер қозғалған. Мысалы, Ақмола өңірінде 1920-1930 жылдары «Әбубәкіров ісі», «Ағайынды Әділевтер ісі», «Азат ісі» сияқты  сот-тергеу істері қозғалған. Сонымен қатар орталықтың кәмпескелеу, ет-астық өнімдерін дайындау саясатына қарсыласқандардың барлығы дерлік айыпталып, жаппай саяси қуғын-сүргінге ұшыраған. Қазір бұл деректер ішінара құпиясыздандырылды.


Сондықтан үшінші мемлекеттік комиссияның жұмысында негізінен тек Алаш қозғалысына қатыс-қандар ғана емес, одан кейін кеңестік жүйеде тәуелсіздік, ұлттық идеясын басшылыққа алып қазақ халқының мүддесі үшін күрескен қазақ зиялыларын, сонымен бірге басқа да категорияға кіретін адамдардың аты-жөнін анықтау жұмыстары жүргізіліп жатыр. Яғни біздің, құрамдағы зерттеуші-ғалымдардың мақсаты – Алаш зиялыларымен қатар қуғын көрген басқа да категорияға кіретін азаматтардың ісін ақтауға ұсыну. Атап айтатын болсақ, өздеріңізге белгілі азамат соғысы аяқталғаннан кейін большевиктердің саясатына қарсы партиялық, таптық принциптеріне негізделген әртүрлі жарлықтар, нұсқаулар негізінде саяси науқандар дүркін-дүркін болды. Осы кезеңде бірінші бесжылдық жоспарына дейін басталған, яғни қазақ қоғамының көшбасында жүрген қазақ зиялыларын қуғындау, қызметіне қатысты қылмыстық іс қозғау, сот-тергеу процестері де басталып кеткен болатын. Одан кейінгі конфискация, оның алдындағы аштық кезінде ашыққан адамдарға көмек көрсету ұйымдарында, комитеттерінде жұмыс істеген адамдардың өздерін қуғын-сүргінге ұшыратқан. Діни мешіттерде сабақ беріп жүрген, халықтың сауатын ашып жүрген молдалар, ишандар бар. Солардың есімдерін анықтау бағытында жұмыс жасап жатырмыз. Одан кейін қарапайым шаруалар, малын бағып, ықпалды байлардың қарамағында жүрген адамдар категориясы және олардың барлығының фамилиясы анықталып жатыр. Қарсыласқан адамдардың барлығын кеңес дәуіріндегі архив құжаттарда «банда шайка» дейді. Сөйтіп «бандитизм» деген ұғым пайда болған. Бұл санатқа кірген адамдардың да фамилияларын анықтау бағытында үлкен жұмыстар жүріп жатыр.
– Кеңес одағы күдік пен жазалау ережесіне құрылған деңізші…
– Иә, соғыс жылдарындағы және соғыстан кейін тұтқынға түскен қазақтардың да аты-жөнін анықтау керек. Соғыстан кейінгі 1945-1950 жылдардағы халық шаруашылығын қалпына келтіру кезеңінде соғыстан қайтқан адамдар өндірісте жұмыс істей жүріп, Германия мен КСРО-ның экономикасын, әлеуметтік жағдайын салыстырып, батыста олар неге жақсы өмір сүреді, бізде тұрмыстық жағдайымыз неге нашар деген сияқты әңгіме айтқаны үшін қуғын-сүргінге ұшырап, антисоветтік үгіт-насихат жұмыстарын жүргізді деген айыппен сотталып кеткен. Олардың сотталып кеткеннен кейінгі жоғарғы инстанциядағы органдарға, тіпті Сталиннің өзіне хат жазып, шағымдар түсірген кассациялық шағымдары, ата-ананың баласын босату жөнінде, «мұның ешқандай кінәсі жоқ» деген сияқты және тұтқынға ұсталған адамның өзінің де жазған шағымдары көп. Олардың көбі әлі құпиясыздандырылған жоқ. Сондықтан да қазір айқын ашық картина көрінбейді. Бірақ осындай бағытта жұмыстар жүріп жатыр. Яғни қылмыстық істерді жекелеген адамдардың, мысалы ұры-қарыларға байланысты немесе түрменің ішінде болған қылмыстық істер де бар. Тіпті бір адамды бірнеше рет қайта-қайта әртүрлі статьялармен соттай берген. Онда басқа да ұлттың өкілдері бар. Қазақтар да бар. Олардың да аты-жөнін анықтау, олар не үшін қуғын-сүргінге ұшырады немесе қылмыстық істе мынадай жаза, статья қолданды дегенді анықтау көп уақытты қажет етеді.
Мен тарихшы ретінде екі жыл, үш жыл деген өте аз уақыт екенін айтқым келеді. Өйткені бізге кешенді зерттеу керек. Қазір әрине комиссия құрамындағы адамдарға үлкен мүмкіндік, бұрын беймәлім құжаттарды қарауға мүмкіндік туды және зерттеудің бағыттарын анықтауға екі жылдағы жұмыстар өзінің пайдасын тигізді деп айтуға толық негіз бар.
– Күлпаш Мырзамұратқызы, өзіңізге белгілі, Ақмола өңірі еліміз бойынша аштық зардабын қатты тартқан, ең бір қасіретке толы аймақ. Сіз жетекшілік ететін өңірлік комиссияның жұмысы барысында қандай да бір кедергіге кездестіңіздер ме?
– Елордадағы Саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі өңірлік комиссия Астана  қаласы әкімінің қаулысымен 2021 жылғы 26 қаңтарында құрылды. Комиссия құрамына белгілі тарихшылар, ғылыми институттар мен қоғамдық ұйымдардың, қалалық құқық қорғау және арнайы органдардың өкілдері тартылды. Жұмыс топтары құрылымына сәйкес, 10 өңірлік жұмыс тобы (20 тарихшы  ғалымнан) өзінің негізгі міндетіне сай, 1920-1950 жылдар аралығындағы бірнеше мыңдаған істерді қарап, қуғын-сүргін құрбандарын анықтау, қуғын-сүргінге ұшыраған адамдардың жаңа санаттарын айқындау, зерттеу жұмыстарын жүйелі түрде жүргізіп жатыр. ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитеті, ҚР Ішкі істер министрлігінің арнайы архивтері, Астана қаласының Мемлекеттік архиві, Солтүстік Қазақстан облыстық мемлекеттік архивінде ізденіс жұмыстарын жүргізді. Үлкен жұмыстың нәтижесінде зерттеудің негізгі бағыттары анықталды. Комиссияның ғылыми зерттеу бөлімінің жетекшісі Ғазиза Исахан.
Мен Сабыр Қасымов басқаратын бөлімде жетекшілік жасаймын. Топта төрт адамбыз. 2021 жылдың маусым айында осы өңірлік комиссия құрамында жұмысымды бастадым. Арнайы ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитеті мен ҚР ішкі істер министрлігі арнайы архивтерінде жұмыс істедім. Менің зерттеуім – Алаш қозғалысына және тәуелсіздік жолындағы күрескерлер деген саяси топтар, ұйымдар, партиялар. Қазақстан территориясындағы тәуелсіздік жолындағы күрескерлерге қатысты құжаттарды зерттеп, зерделеу және соларды ақтауға ұсыну. Жақсы материалдар табылды. Ақмолада, Атбасарда құрылған «Жас қазақ», «Ынтымақ» деген қоғамдық ұйымдар туралы, Сәкен Сейфуллин, Дінмұхамед Әділев, Алаш партиясының құрамында болған ағайынды Әділевтер, Байсейіт, Хайретдин Болғанбаев туралы сот тергеу процестері кезіндегі көрсетінділер, ақпараттар бар. Бұлардың барлығы орталықта жұмыс жасаған. Бірақ Ақмола өңірінен шыққандар.
Алдымен біздің Астана бойынша өңірлік комиссияға тән бір ерекшелікті айта кету керек. Өздеріңізге белгілі 1917 жылға, яғни Совет өкіметі орнағанға дейін Ақмола облысына қазіргі Солтүстік Қазақстан облысы түгелімен қараған. Орталығы Омбы қаласы болатын. Ал 1921-1928 жылдары Ақмола окургінің құрамында Петропавл мен Көкшетау, Ақмола, Атбасар төрт уез болған. Бір кездері Ақмола облысына қарағанымен, қазір бөлініп кейбірі Солтүстік Қазақстан облысның құрамына кірді. Ал 1936 жылдары Қарағанды облысына қараған кейбір уездер 1939 жылы ғана дербес Ақмола облысы болып қайтадан құрылды. Сондықтан біз Мағжан Жұмабаевты, Жұмағали Тілеулинді, Айдархан Тұрлыбаевты қарастырмаймыз.
Бізге семинар кезінде өзіңізге қатысты өңірлерге тиісті уезді ғана зерттеу керек деген тапсырма берілді. Бізге Ақмола мен Атбасардан шыққан тұлғаларды анықтау бағытында жұмыс жүргізу тапсырылды. Кезінде орталығы Омбы болғаннан кейін Сібірмен байланыста болдық. Ресейдің Том қаласындағы құжаттарды жинаған, жариялаған Құдайбергенов деген тарихшының материалдарын пайдаланып отырмын. Бүгінге дейін Алаш қайраткерлерін, Алаш қозғалысына ниеттес мүшелерінен 21 адамды анықтадық. Қазір ішінде ақталғаны бар, ақталмағаны бар анықтау бағытында жұмыстар жүргізіп жатырмыз. Мысалы 1929 жылы ағайынды Әділевтер деген іс қозғалған. Сол кезеңде ағайынды Әділевтер ісі бүгінге дейін шыққан құжаттар жинағында айтылған. Бірақ оның бәрі үзік-үзік. Қазіргі біз қарап жатқан архивтерде де бар. Сол ағайынды Әділевтер ісі әзірге жабық, ашылмаған. Сондықтан толық материалды қарай алмай отырмыз. Дегенмен, негізгі бағытын білеміз. Осыған дейін «Қазтай Құндақұлы кәнпескіге қалай ұшырады? деген бірінші зерттеу мақалам шықты. Сосын «Қазақ ұлтшылдығы» деген мақалам жарық көрді.
– Өзіңіз айтып отырғандай, астаналық комиссия тек Ақмола өңірін қамтиды. Зерттеу барысында осы территориядан саяси қуғын-сүргінге ұшыраған адамдар туралы қанша архив құжаттарын таптыңыздар?
– Ақмола өңірі бойынша тәуелсіздік жылдарында жарияланған архив материалдары мен құжаттары негізінде Алаш қозғалысына қатысқандар мен ниеттестер саны анықталды. Олардың жалпы саны  – жиырмаға жуық. Ақталғаны – 10, қалғандарының ақталған-ақталмағаны белгісіз. Олардың ішінде Ақмола уездік қазақ комитеті құрылған 1917 жылдан бастап Алаш қозғалысында саяси белсенділік танытқан ағайынды Әділевтер, Байсейіт, Дінмұхаммед  (Дінше, Мұқыш), Әбуәли, Асқар, Әбубәкір, Жолдасбай деген есімдер бар. Одан кейінгі оқиғалар көрсеткендей, олар кәмпескелеу кезінде ағайын-туыстарымен бірге табын-табын малдарын айдап, шекаралас Сарысу ауданы арқылы Шу өзенінің бойымен Жамбыл облысына қарай өтіп кеткен. Қазіргі кезде ағайынды Әділевтерді жамбылдықтар жерлес ретінде көбірек дәріптейді, алайда олардың шыққан ата-тегінің түп-тамыры Ақмола өңірінде жатыр.
Тағы қосарымыз – бұл тізімдегі адамдардың басым бөлігі Ақмола облысынан Бүкілресейлік Құрылтай жиналысына сайланған депутаттар болған. Ал «Ағайынды Әділевтер ісіне» Алаш қозғалысының көрнекті жетекшілерінен бастап, бас-аяғы 90 адам тартылған. 1928-1930 жылдары бұл іске қатысты жазалау жұмыстары Сырдария (Шымкент, Қызылорда) округінде жалғасады. Бұдан шығатын қорытынды: 1928 жылғы «Алаш ісі» мен «Ағайынды Әділевтер ісінің» өзара сабақтастығы мәселесі. Екіншіден, осы кездегі саяси науқандар ішкі миграция, халықтар географиясына түбегейлі өзгерістер жасады деуге болады. Сол себепті, қарастырылып отырған кезеңде Ақмола облысының әкімшілік-территориялық бөлінісіндегі өзгерістерге байланысты бірлескен қоғамдық-саяси топтар мен ұйымдардың қозғалысын анықтау да маңызды.
Сонымен қатар большевиктік және большевиктік емес комитеттер мен кеңестер құрылып, съездер шақырылған. Олар: Омбы облыстық қазақ комитеті, Ақмола уездік қазақ комитеті, Ақмола уездік қырғыз депутаттарының комитеті, Ақмола уездік революциялық комитеті (ревком), Акмола уездік шаруа депутаттарының кеңесі, Ақмола уездік шаруа депутаттарының кеңесі, Ақмола уездік жұмысшы, солдат және мұсылман депутаттары кеңесі (совдеп), Ақмола уездік атқару комитеті (уисполком), Ақмола қалалық кеңесі (горсовет), Ақмола облыстық қазақ съездері болған. Осы ретте айта кетерлігі, орталық билік коммунистік емес ұйымдармен күресте тек биліктің партиялық-әкімшілік аппаратын пайдаланған жоқ, үгіт-насихат жұмыстарының ауызша және жазбаша түрлерін де ұтымды пайдаланды. 1920 жылдың бірінші жартысында баламалы бірлестіктерге қарсы бағытталған іс-шаралардың кешені жасалады. Бұл күрестегі басты құрал партиялық-әкімшілік ресурс болды. Көп ұзамай, 1920 жылдың ортасында балама қоғамдық-саяси ұйымдар мен бірлестіктер өз қызметін тоқтатады. Осы кезден бастап кеңестік-партиялық ұйымдар күшейеді.
– Зерттеу, тексеру барысында өзіңізді таңғалдырған қандай да бір құпия құжаттарға кездестіңіз бе?
– Астана қаласындағы ҚР Ұлттық Қауіпсіздік комитетінің архив қорларында сақталған қылмыстық істерге қатысты құжаттардың ішінде «ағайынды Әділевтер ісіне»  байланысты материалдар көзге шоқтай басылды. Естеріңізге сала кетейік, 1920-1930 жылдарды қамтитын бұл құжаттардың біраз бөлігі мемкомиссияның аралық қорытындылары нәтижесінде құпиясыздандырылған болатын.
Кеңестік биліктің қырып-жою саясатының алғашқы кезеңінде ұлт мүддесін көксеген қазақ ұлтшылдарына қарсы «Алаш ісі» қозғалды. Саяси қуғын-сүргін мұнымен тоқтамады, «қызыл империяның» дағдарысқа ұшыраған кезеңінде бас көтерген желтоқсаншылар «Қазақ ісі» бойынша жазаланды. Осылайша, жетпіс жылдық тарихы бар кеңестік дәуірде саяси қуғын-сүргін саясаты үздіксіз жүріп отырды. Тағы айта кетерлігі, «Алаш ісі» мен «Қазақ ісі» аралығында бірқатар аты шулы істер қозғалған. Олар да контрреволюциялық топтардың жергілікті өкілдерін анықтауға септігін тигізеді. Мысалы, Ақмола өңірі бойынша 1920-1930 жылдары қазақ ұлтшылдығы, кәмпескелеу, ет-астық өнімдерін дайындау науқаны кезінде «Әбубәкіров ісі» (1922 ж.), «Ағайынды Әділевтер ісі» (1928 ж.), «Азат ісі» (1929 ж.) сияқты істер қозғалып,  сот-тергеу  процестері 1925 жылы басталып, 1938 жылы аяқталған «Алаш ісімен» ақырласады. Бұл сот процестері алаштанушы-ғалым М. Қойгелдиев, Т. Жұртбайдың зерттеулерінде көбірек қамтылған. Ал ел арасында «Қараноғай-Шала оқиғасы» атанып кеткен ағайынды Әділевтерге қатысты айтылатын «Әбубәкіров ісі» туралы зерттеуші Б. Қойшыбаев жазды.
Кеңестік саяси қуғын-сүргіндер туралы естіген кезде, санаңа ұялайтын өзекті ұғым – ұлтшылдық. Астана қаласындағы ҚР ҰҚК-нің архив қорларында сақталған құжаттарда Қазақ контрреволюциялық ұлтшылдығы туралы материалдар жеткілікті. Оның төрт кезеңі көрсетілген: 1-кезеңі – 1916-1920 жж.; 2-кезеңі – 1920-1928 жж.; 3-кезеңі – 1928-1932 жж.; 4-кезеңі – 1932-1938 жж. Бұдан Әлихан Бөкейхан бастаған Қазақ ұлтшылдығының патшалық, алаштық және кеңестік жүйелердегі өзара сабақтастығы мен бұл процестің үздіксіз ұзақ жүргенін аңғаруға болады. Аталған архивтің «Алашорда бойынша құжаттар» деп аталатын қорында жоғарыда аталған 3-кезеңде сұлбасы жасалған «Қазақ ұлтшылдарының контрреволюциялық ұйымдарының кестесі (1929 ж.)» табылды. Осы кесте бойынша кеңестік кезеңдегі Қазақстанда контрреволюциялық ұйымдардың ірі-ірі 3 орталығы көрсетілген.
Сондай-ақ 1928 жылы басталған қазақ байларының мал-мүлкін тәркілеуге қарсы наразылықтардың басы қылмыстық істерге тартумен, ал ақыры сот-тергеу процестерімен аяқталды. Ақмола өңірінен 1928 жылы қазақ байларын конфискациялады және оларды сол кезде қазіргі Атырау облысына жер аударды. Бірінші толқынмен қуғынға ұшыраған 46 байдың жеке істері Астана қалалық мемлекеттік архивте сақталған, кейін олардың саны 83-ке жетті. Қазіргі зерттеу нәтижесіне сәйкес жер аударылған байлар саны 150 адам шамасына жуықтады. Ақмола өңіріне кіретін қазіргі Ақкөл ол кезде Азат ауылы деп аталыпты. Осы қуғындалғандардың ішінде Қазтай Құндақұлы деген керейден шыққан ықпалды бай адам болған. Аталары осы өңірде би-болыс болыпты. Сол Қазтай Құндақұлының 1914 жылы Азат ауылында бой көтерген үлкен зәулім үйі болған екен. Сол үй кезінде мемлекеттің қарамағына өтіп, совет кезінде пәтерге берілген, емхана болған. Соны ұрпақтары бүгінде өздеріне қайтарып алыпты. Қазір Ұзақбаев атында деген көшеде орналасқан. Ұрпақтары аудандық немесе қалалық музейге, тарихи өлке тану музейіне айналдыруды көздеп отыр. Мысалы мемлекеттік комиссия жұмысының аясында осындай отбасыларға, кезінде қуғын-сүргінге ұшыраған, қудаланған байлардың ұрпақтарын қолдау ретінде қолдан келгенше бір жәрдем көрсету керек сияқты. Тарихшы ғалымдар тек қана ұсыныс береміз. Ал саяси қуған-сүргінге ұшыраған жергілікті адамдардың толық анықталған аты-жөндерін ақтау жұмыстарымен негізінен заңгерлер айналысады.
– Саси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау бойынша бірталай құпия құжаттарды зерттеп, көпте-ген мағлұматқа қол жеткізіпсіздер. Атқарған қыруар шаруаларыңыздың ғылыми негізін жасай алдыңыздар ма?
– Өңірлік комиссияның ғылыми бөлім жетекшісі Ғазиза Исаханмен бірге ауқымды зерттеу жұмыстарын әлі де жүргізіп жатырмыз. Мәселен, 65-ші қорда жиырмасыншы жылдардан бері саяси құқығынан айырылған адамдардың саны Ақмола қаласы бойынша 1,5 мың адам. Қазір солардың базасын жасап жатырмыз. Соның ішінде де біраз фамилиялар шығады. Республикалық комиссия дайындап жатқан сериалды, көптомдық жинағына біздің тапқан деректер де еніп отыр. Онда өте жақсы әрі қызықты материалдар баршылық. Сондықтан, бұл келешекке де пайдалы болар деген ойдамын. Бірінші жұмыстың нәтижесі – құжаттар жинағын ұсыну. Ол өте үлкен жауапты іс.
Біз ғылыми жұмыстардың бағытын анықтадық, барысын айқындадық. Мәселен, кейбір құжаттар әлі күнге дейін бізде құпиясыздандырылмаған. Сондықтан оны жариялай алмаймыз. Мысалы, осы өңірде Қазақ съездерінің өткені жайлы. Біз большевиктердің съезін ғана айтамыз. Ақмола облысы бойынша 1917 жылдан бастап соғыс жылдарына дейін хроникалық оқиғалар туралы құнды дерек табылды. Соны енгізіп отырмыз. Соның ішінде тарихымызға ортақ тұлғалар бар. Сол себепті біз бірігіп жұмыс істеуіміз керек. Біраз жұмыстар бар. Үлкен ғылыми мақалаларды дайындап, шетелдік жарияланымдарға шығатын мақалалардың негізін жасап қойдық.
– Алдағы уақытта зерттеу жұмыстарыңыздың жоба-жоспары қалай болмақ? Мемлекеттік комиссия жұмысы ары қарай жалғаса ма?
– Зерттеу барысында анықталған осы және өзге де мәселелер бойынша  мынадай қорытындылар мен ұсыныстар жасамақпыз:  Ақмола өңірі (Ақмола, Қараөткел, Атбасар т.б.) бойынша Алаш қозғалысына қатысқандар мен ниеттестер тізімін әлі де кеңейту, елдің тұтастығы жолындағы күресте танылған адамдар мен топтарды (рулас ағайындылар, әулеттер) арнайы қарастыру керек.  Алаш қозғалысында Ақмола уездік қазақ комитетін басқарған ағайынды Байсейіт Әділев пен Алаш қайраткері Дінмұхаммед Әділевті Оңтүстік Қазақстан өңірінен (Жамбыл қ.) емес, Ақмола өңірінен шыққан күрескерлер қатарына қосу қажет. Кәмпескелеу кезінде мал-мүлкін сақтап қалу үшін Ақмола өңірінен Шу өңіріне қоныс аударған ағайынды Әділевтерге (16 адам) қатысты қозғалған «Ағайынды Әділевтер» ісін арнайы қарастыру (ҚР ҰҚК архиві, Алматы) және оның «Алаш» ісімен (ҚР ҰҚК архиві, Алматы) сабақтастығын анықтаған абзал. Саяси науқандар кезіндегі Ақмола облысының әкімшілік-территориялық бөлінісіндегі өзгерістерге байланысты 1917-1938 жылдары Ақмола өңіріне қараған елдімекендердің картасын жасап, 1928 жылғы Қаулының негізінде Ақмола өңірінен Атырауға жер аударылған 46 байдың ішінде арабша сауатты, ірі бай Қазтай Құндақұлының (2005 жылы 22 сәуірде ақталған) қазіргі Ақкөл қаласындағы 1914 жылы салынған жеке үйін қалалық (аудандық) тарихи-өлкетану музейіне айналдыру керек. Бұл үй Киелі орындарға жатады, музейге айналдыру, оған қаржылай көмек беру туралы ұсыныс айтылды. Архив құжаттары мен қылмыстық істерде кездесетін бірқатар ұғымдарды («жеке және топтық істер» (одиночные и групповые дела), «ағайындылар» (братья), «рулық топтар» (родовая группа), «рулық басқару» (родовое управление), «әулет» (династия), «ішкі миграция» (внутренняя миграция), «халықтар географиясы» (география народов) т.б.) глоссарийге енгізу керек.
Анықталған мәселелерді зерттеу үшін Ресейдің Омбы, Том қалаларындағы мемлекеттік облыстық, қалалық және аудандық архивтердің қорларын толық игеру;  Өңірлік комиссияда анықталған осы және өзге де мәселелерді кешенді түрде зерттеу үшін «Саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау мәселелерін зерделеу және шешу» қаулысына сәйкес құрылған мемлекеттік комиссия  жұмысының мерзімін ұзарту сұралады.
Сонымен қатар 2022 жылдың желтоқсан айында Астана қаласында біршама іс-шара жоспарланып отыр. Атап айтқанда, Алаш автономиясы алаштанушылар үшін, қазақ халқы үшін киелі, қастерлі тақырып, елдік пен мемлекеттіліктің матрицасы. Тарихтан білетініміздей, 1917 жылы 5-13 желтоқсан аралығында Орынбор қаласында қазақ мемлекеттілігінің құрылуы мен даму тарихында ерекше орын алатын екінші жалпы қазақ съезі өткен. Осыған орай биыл дәл осы күндері Астана қаласының жалпы білім беретін мектептерінде «Алаш» тақырыбына арналған апталық  аясында Өңірлік Комиссия ғалымдарының өскелең ұрпаққа тағылымдық  дәрістерін  және  сұхбаттарын ұйымдастырғымыз келеді. Одан бөлек, «Алашқа тағзым» дөңгелек үстелін және «Ақмола өңірі архив құжаттарында. 1920-1940 жылдардағы» құжаттар жинағының тұсаукесерін өткізсек дейміз.
Жоғарыда атап өткенімдей, саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі өңірлік комиссияның 10 жұмыс тобының жұмыс барысында жинақтаған мұрағаттық материалдарының көшірмелері мемлекеттік комиссияның Жобалық Кеңсесіне тапсырылды. Аталған бағыттағы жұмыс жалғасады.
– Қыруар істің басында жүрсеңіз де, алтын уақытыңызды бөліп сұқбат бергеніңізге рақмет!

Сұқбаттасқан Тілекгүл ЕСДӘУЛЕТ

ПІКІР ЖАЗУ