Сұлулық байқауы
Махаева Айым Алтайқызы,
2001 жылы Ақтөбе облысы, Ырғыз ауданында дүниеге келген. 2017-2021 жылдар аралығында Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ журналистика факультетінде оқыды. Поэзия, проза жазумен бала кезінен айналысады. 2020 жылы «Шабыт» қаламгерлер клубы ұйымдастырған «Жас қаламгер» сайысында 2-орын иеленді. «Алтын сақа» балалар әдебиеті шығармашылығы байқауының лауреты. Заманауи мәселелерді қозғайтын ертегілері көптеген басылымдарда жарық көрді.
Ерте, ерте, ертеде жәндіктер арасында сұлулық байқауы өтеді деген хабар бау-бақшаны аралап кішкентай қара қоңызға да жетеді. Бау-бақшаның небір сылқым жәндіктері осы сайысқа қатысуға барын салыпты. Көбелек қанаттарын күнге шығармай күтінсе, инелік күндіз-түні ұшып артық салмағынан арылыпты. Өзін сұлумын деп есептейтін құмырсқалар, аралар, масалар мен қоңыздың түр түрі байқауға қатысуға өтініш беріпті. Байқауда бағын сынауға өзін ұсыну үшін бір күні жарыс алаңына кішкентай қара коңыз келеді. Қара қоңызды көріп қалған басқа туыстары оны кемсітіп әбден күліпті. Алтын қанатты қоңыз айтты:
-жердің қиқымындай қарақоңыз. Сұлулық байқауына не бетіңмен келіп тұрсың? Менікіндей жарқыраған қанатың да, кісі қызығарлық басқа ерекшелігің де жоқ. Бұл сен жүретін жер емес.
Осыны естіген бұғы мүйізді басқа қоңыз:
-Досым дұрыс айтады. Менікіндей әдемі мүйізің де жоқ. Басыңа тәж кигізсе, астында мыжылып күлкі боласың. Басқа жәндіктер көрмей тұрғанда қайт.
Екі қоңыз осылай деп алып қарқылдап күлді. Қара қоңыз олардың сөзін елең қылмастан бәрібір байқауға қатысатуға өтініш қалдырып кетті. Бірақ, көңіл-күйі түсіп, байқауда жүлде алатынына күдіктеніп қайтқаны рас еді. Бірақ ойлана келе «Неге мен өзімді басқалардан кем санауым керек. Одан да жақсылап дайындалып, қолымнан не келетінін көрсетейін» деген шешімге келеді. Содан бері қарақоңыз өзіне бір ерекшелік ойлап табудың қамына кірісті. Көбелектікіндей алып қанат тағып көрді, бірақ ондай ауырлықты көтеріп алысқа ұша алмады. Құмырсқаның мұртшаларын, масаның инесін, араның жолағын да тағып көрді. Бірақ, ешбірі қара қоңыздың өзіне тән ерекшелік бола алған жоқ. Өзіне жарасымды ерекшелікті іздеу жолында қара қоңыз бау-бақшаны әбден зерттеп шықты. Қай жәндік немен қоректенеді, қай жақтың өсімдіктері бітік шығады, қай жәндіктердің бақшаға пайдасы, қайсыларының зияны көбірек тиеді, міне, осының бәріне қара қоңыз әбден қарық болды. Оның бәрін білгенінен не пайда?! Өзінің ерекшелігін бәрібір таба алған жоқ.
Сөйтіп, салы суға кетіп отырған бір күні бақшаның шетіне әдемі көйлек киген бір қыз келді. Қызыл көйлегінің әдемі қара дөңгелек суреттері бар екен. Әлгі қыз әндетіп жүріп, бақша шетіндегі гүлдерін суарды. Қыздың әр қимылынан көз алмай қарап тұрған қара қоңыз оның көйлегіне де, даусына да, биіне де қатты қызықты. Сосын ақырын қасына келіп қонды да былай деді:
-Уа, адамның баласы. Сендер туралы көп естігенім болмаса бұрын көрмеген екенмін. Өзің айтшы, сендер өмірге осындай қызыл денемен, қара өрнекпен туыласыңдар ма? Бәріңде осылай сызылтып ән саласыңдар ма? Бәрің де осындай әдемісіңдер ме?
Қыз қоңыздың сұрағына сықылтай күліп, сосын жауап берді:
-Біз адамдар өмірге бірдей болып келеміз. Сендердікіндей не қанатымыз не басқа ерекшелігіміз болмайды. Сосын әркім әртүрлі болып есейеді. Мен сияқты қыздар өздеріне ұнаған көйлек киеді. Өздеріне ұнаған маман иесі болады. Қанаты болмаса да ұша алады, құйрығы болмаса да жүзе алады. Өздері қалаған үйді салып алады. Қаласа кез келген адам әдемі бола алады. Адамның қолынан келмейтіні жоқ.
-Сендер сонда өмірлеріңді соншалық әдемі етуге шабытты, ой-қиялды қайдан аласыңдар?
-Біз өмірді әдемі етуді табиғаттан, мына сен секілді жәндіктерден үйрендік. Құстардың қанатына, жәндіктердің әдемілігіне қарап адамдар әдемі киім киюді, түстерді үйлестіруді үйренді. Ұшатын жәндіктерге қарап ұшақ ойлап тапты. Зиянкес жәндіктерден қорғанамыз деп жайлы үйлер салуды үйренді. Біз сендердің шәкірттеріңбіз.
Қара қоңыз қыздың берген жауабына қайран қалды. Ол ешқашан бау-бақшаның ішінде өмір сүретін елеусіз тіршіліктерін адамзат баласына көрсетіп жатқан үлгі деп ойламаған екен. Сөйтіп ол жаратылыс, басқа да құрлықтар, жер жүзі туралы барлық ақпаратты қызыға сұрап алды. Әңгіме аяғында ол қызға бір өтінішін айтты:
— Сен жәндіктер өмірінен көп нәрсе үйрендік дейсің. Ал мен бүгін сенен көп нәрсе үйрендім. Енді бір өтінішім бар. Басқа қоңыздардың бәрі өмірге бір ерекшелікпен келген. Ал мен осылай қара нүкте сияқты болып жаратылыппын. Қолыңнан келсе маған өзіңдікіндей бір көйлек тігіп берші.
Қыз еш ойланбастан өз көйлегінен қалған матадан қоңызға лайық етіп киім пішіп, оны тігіп әкеп береді. Кішкентай қара қоңыз әп сәтте құлпырып шыға келеді де, қызға алғысын айтып келесі күні сол көйлегімен байқауға қатысады.
Алғашқы сайыс жәндіктердің сырт келбетін бағалауға арналады. Жұлдызқұрт, көбелек, бал арасы сияқты жәндіктермен бірге қара түсті өрнектері бар қызық көйлек киген қоңыз бұл сынан сүрінбей өтті. Келесі сайыс жәндіктердің адамдарға тигізетін пайдасын сарапқа салды. Адамдар егінінің шырқын кетіретіні үшін шегіртке және адам қанын сортаны үшін маса бұл сайыстан шеттетіліп қалды. Ал, қара қоңыз адамдар еккен өсімдікті шірітуші зиянкестерден тазалайтын болғандықтан және аурулармен күресетіндіктен бұл кезеңде жақсы ұпай жинады. Келесі кезең қатысушылардың табиғат, қоршаған орта туралы білімін тексеруге арналды. Бірінші кезеңнен бері сұлулықтарымен тәнті етіп келе жатқан небір әсем жәндіктер бұл кезеңде әбден састы. Тек сыртқы келбеттеріне көңіл бөлген олар айнала туралы білімдерінің аз екенін көрсетіп қойды. Ал, өз ерекшелігін табу үшін маңайды шарлап, тынбай ізденіп, тіпті адам баласынан көп нәрсені сұрап алған қара қоңыз барлық сұраққа дұрыс жауап беріп бәрін таң қалдырды.
Осылайша, сайыс аяқталып, жәндіктерді марапаттайтын кез келіп жетті. Дәуіт үшінші, бал арасы екінші орын алып, ең басты жүлде сұлулық тәжін қара қоңыз иеленіпті. Әрине, ол тек сұлулығымен емес, білімімен де бәрін таң қалдырды емес пе? Бірақ, басқа жәндіктер сұлулық тәжін кішкентай қоңыз жеңіп алды дегенге сенгісі келмеді. Көреалмағандар «Ол жәй қоңыз емес, бір ханның қызы екен, сұлулық тәжін байлығына сатып алыпты» деген өтірік өсек таратып жатты. Арада қанша жылдар өтсе де, әдемі көйлек киген қара қоңызды әлі күнге дейін жұрт «Хан қызы» деп атайтыны содан екен.