Ел іші – Алтын кен іші
Жастайынан қаламы мен домбырасын қатар ұстаған қыз поэзияда да, айтыста да өзіндік қолтаңбасын қалдырып келе жатқан ақтөбелік ақын Жұлдыз Қожабекова Ақтөбе облысы Әйтекеби ауданы Толыбай ауылында дүниеге келген. Ол Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университетінің «Филология» мамандығы бойынша PhD докторанты, үш оқу құралының және 45-ке жуық ғылыми мақалалар мен еңбектердің авторы. Қазіргі таңда Марат Оспанов атындағы Батыс Қазақстан медицина университетінің тілдер кафедрасының оқытушысы. Ақын, «Жұлдызым» жыр жинағының авторы.
Журналымыздың бүгінгі санына Жұлдыз Қазиханқызының балаларға арналған туындыларын беріп отырмыз. Өзінің айтуынша, мұндай балаларға арналған жыр жолдарын жазуға балалардың өздері себеп болыпты.
— Әртүрлі байқауларға қатысқысы келетін балаларға өлең шығарып беруімді өтінетін ата-аналар көп. Содан осы балалар әдебиетіне, оның ішінде балалар поэзиясына деген қызығушылығым оянды. Қазіргі балалардың тіліне жатық, оқуына оңай жыр шумақтарын жазу өзіме де ұнап қалды. Жалпы, қазіргі балалар әдебиеті тақырыбының жан-жақтылығымен, мазмұнының маңыздылығымен баланы өзіне баурап алуы керек. Бұл салада алдағы уақытта да қалам тербейтінім айтпаса да түсінікті, — дейді ақын.
ҚОЛШАТЫР
Нөсер құйса аспаннан,
Ық жер іздеп жүгірдім.
Пана таппай жас талдан,
Қолшатырға тығылдым.
Бұл қолшатыр күшті ме?
(Ал шындықтан бұлтаршы…)
Қорғап қалды үстіме,
Су тигізбей бір тамшы.
Мұң тигізбей көңілге,
Нөсерлерде алаң ғой.
Қолшатырым өмірде,
Әкем менен анам ғой.
ОСЫ АПТА
Басталғанда ДҮЙСЕНБІ-нің
күндері,
Бір аптаға жылжиды жыл ілгері.
СЕЙСЕНБІ-де жақсылыққа
жарадым,
Сабақтан соң, үйірмеге барамын.
Ал СӘРСЕНБІ болды маған
сәтті күн,
Балмұздақ жеп, дәмін таттым
тәттінің.
БЕЙСЕНБІ-де сәл демалып,
кідірдім,
Отбасыммен саябақта қыдырдым.
Қарт атайға көмектесіп жүгірдім,
ЖҰМА күні жақсылыққа
жұмылдым.
Демалам деп ал СЕНБІ-нің
кешінде,
Көрген фильм қалды менің есімде.
ЖЕКСЕНБІ-де кеш ояндым
таңертең,
Жаңа апта басталады тағы ертең!
Білім, еңбек, демалысты ту етіп,
Осы апта да өте шықты зу етіп…
КІМ БОЛАМ?
Ғарышкер болғым келеді,
Ай мен күнді аралар.
Ақын болғым келеді,
Асыл сөзді таба алар.
Күйші болғым келеді,
Ардақтайтын ел осы.
Биші болғым келеді,
Мың бұралған денесі.
Актер болғым келеді,
Ел үмітін ақтаған.
Шахтер болғым келеді,
Кен қазатын шахтадан.
Аспаз болғым келеді,
Бармағынан бал тамған.
Әнші болғым келеді,
Жұрт әніне тамсанған.
Дәрігер болғым келеді,
Еңбегі елге ақталар.
Ұстаз болғым келеді,
Шәкіртімен мақтанар.
Кім болсам да ел қамы
Тұрар есте соны ұғам.
Адаспасам болғаны,
Адамдықтың жолынан.
АЙЛАР:
ҚАҢТАР
Қаңтар айы қақаған,
Боранымен сүйікті.
Қып-қызыл ғып қос беттен
Аязы оның сүйіпті.
Қалың киім киесің,
Тоңар тіпті бармағың.
Қаңтарда күн білесің
Ұзарады қарға адым.
АҚПАН
Ақпан айы келгенде,
Айнала аппақ түске енер.
Аяз сурет салады,
Ол да білсең, күшті өнер.
Ақ мамықтай ақ қарда,
Домбығамыз, ойнаймыз.
Қыстың соңы ақпанда,
Сырғанаққа тоймаймыз.
НАУРЫЗ
Жер бусанып, көк шығып,
Жылғалардан су ақты.
Табиғат пен тіршілік,
Қайта туған сияқты.
Жадыратар шуағы,
Жылы самал, күміс күн.
Наурызбенен туады,
Ұлы күні Ұлыстың!
СӘУІР
Ұясына құштар ма?
Қимай кеткен кетерде,
Сап түзейді құстар да,
Жылы жақтан мекенге.
Малдары өріп жамырай,
Туар елге ғажап күн.
«Сәуір айы – тәуір ай»,
Дейтіні сол қазақтың.
МАМЫР
Мамыражай мамыр кеп,
Еңбекке ел кірісті.
Бірлік күні дәуірлеп,
Бастады ел ұлы істі.
Ырыс келер бұл айда,
Жас талдарға бүр шығып.
Жарқырайды күн, ай да,
Мамыражай тіршілік.
МАУСЫМ
Маусым айы керемет,
Жарқыратар шуағын.
Сыбдырлайды тал-терек.
Сылдырлайды бұлағым.
Жаздың басы қашанда,
Елдер арман ең алыс.
Балаларда осы айда
Басталады демалыс.
ШІЛДЕ
Шаттық әкеп күндерім,
Құм бетінде жатқан із.
Шіліңгірі шілденің
Шомылатын шақ нағыз.
Тұра салып ел ерте,
Ыстық дәмін татасың.
Күннен іздеп көлеңке,
Жағажайда жатасың.
ТАМЫЗ
Еріп кетер ауызға,
Қарбыз, қауын түседі.
Тамылжыған тамызда,
Жеміс –жидек піседі.
Күнді бұлттар жасырған,
Кезектесер жараса.
Аптап ыстық басылған,
Табиғат та тамаша!
ҚЫРкҮЙЕК
Қыркүйекте балалар
Мектебіне оралар.
Көшіп жаңа сыныпқа
Оқулығын жаңалар.
Қыргүйекте балалар,
Таңмен ерте оянар.
Табиғат та сарғайып,
Алтын түске боялар.
ҚАЗАН
Қазан келсе дүркіреп,
Құстар қайта кетеді.
Қайта-қайта сіркіреп,
Жаңбыр жауып өтеді.
Ызғарлы жел ұрады,
Бірде қайта басылып.
Кемпірқосақ шығады,
Көк жүзіне асылып.
ҚАРАША
Қарашада білінер,
Қара суық іздері.
Көк жүзінде тізілер,
Қайтқан құстар тізбегі.
Ызғарлы жел жалаңдап,
Көңілдерді күп қылды.
Бүрсеңдеген адамдар,
Салқындықты ұқтырды.
ЖЕЛТОҚСАН
Қыстың басы-желтоқсан,
Боранымен белгілі.
Еңбек өнбей, ел тосқан,
Күн қысқарар ендігі.
Жақсылықты адамдар,
Жаңа жылдан күтеді.
Желтоқсанның айымен
Жылдың соңы бітеді.
ДАЛА
Кең даласы-ай қазақтың көз жетпейтін,
Сұлулығын айтуға сөз жетпейтін.
Аққуының ән кетті қанатында-ай.
Арғымақтың тұяғы талатындай.
Тауларының сұп-сұлу сұңғағы бар,
Тастарының жасырған сырлары бар.
Жерлерінде тарих бар қасіретті,
Шөптерінде шипа бар қасиетті.
Төскейінде жыр менен гүл қаулаған,
Бар байлықтан бағалы туған далам.
ЕРІНШЕК БАЛА
Сабағын мүлде оқымай,
Алса да бүгін екілік.
Сылтауы айтар таусылмай,
Ойнап жүр тағы секіріп.
Оянып тағы кеш үміт,
Еңбекпен дейді достасам.
Еріншектігі есіріп,
Ертеңі бітпес ешқашан!
Болса егер сенде бұл мінез,
Тездетіп қосыл қатарға.
Жасқаншақ, жалтақ, дүмбілез,
Еріншек бала атанба!
ҚАЗАҚПЫЗ!
Қанымызда намыс та, кек те қайнап,
Өштескенге өлердей еткен айбат.
Біз қазақпыз, тағдырдың қысымынан,
Азат күнге алаңсыз, жеткен айғақ.
Тарихына талақ қып мұңды еселі,
Артта қалып құйынды күн кешегі.
Керуен жолы керілген кең даласы,
Дәуірлердің сырымен үндеседі.
Отаны үшін батыры отқа кірген,
Домбыра алып ақыны топқа кірген.
Жауқазындай қыздары арын баптап,
Жігіттері қыз қуып, көкпар ілген.
ҚАЙЫРЛЫ ТАҢ,
ҚАЗАҚ ЕЛІ!
Астына тұлпар ерттеген,
Қобызсыз сырын шертпеген,
Шаңына дұшпан ертпеген,
Қазы мен қарта, жент жеген…
Қайырлы таң, Қазақ елі!
Қайсарлық бойда шеп құрып,
Қанында тамған тектілік.
Жақынын жаттай сыйлайтын,
Жақсы іске ғана бет бұрып.
Қайырлы таң, Қазақ елі!
Аллаға етіп құлшылық,
Тәубамен ғана тыншыдық.
Бір елміз аспан астында,
Бірлікпен кешкен тіршілік!
Қайырлы таң, Қазақ елі!
Бабамыз баптап қадірін,
Анамыз қылған сабырын.
Тәлімді сүйген қазаққа,
Тәбәрік берсін Тәңірім!
Қайырлы таң, Қазақ елі!
Ұлдары батыл ұлықты,
Қыздары нәзік қылықты.
Лайламай келген лайым,
Тәрбие деген тұнықты.
Қайырлы таң, Қазақ елі!
Алашым атқан таңы абат,
Бөленіп даңққа ғаламат.
Жаратқан жар боп, атағың,
Әлемді кетті аралап.
Қайырлы таң, Қазақ елі!
АНАМА
Анама арнап жыр бүгін,
Ұсындым жинап қыр гүлін.
Ана деп қана сайрайды,
Жүрегімдегі бұлбұлым.
Сыйласам барды жердегі,
Өтелер ме еді еңбегі.
Бұл сөзіме анам жымиып:
Ең ғажап сыйлық — «Сен!» деді.
Көңілі гүлдің хошындай,
Әр перзентінің досындай.
Алаңдап бізге жүретін,
Аналар міне, осындай!
ЖАҚСЫЛЫҚ ЖАСА!
Жақсылық жаса үлкенге,
Көңілін сонда табасың.
Бір жасап қалар нұр кеуде,
Батасын алып қаласың.
Жақсылық жаса кішіге,
Қорғаны болып, тіл қатып.
Жасаған әрбір ісіңе,
Алғыс алғаның бір бақыт!
Жұлдыз Қожабекова,
Ақтөбе