Қастерлі сурет (новелла)

Нұржан есіктен көңілдене кірді. Кіре салысымен өзінің әдетінше төргі бөлмеде, залда ілулі тұрған Төле би баба суретіне ойлана қарады. «Ата, бүгінде «бес» деген баға алып келдім!» деді, ішінен. Осы суретке байланысты бір оқиғаны Нұржан есіне ала бастады. Сол шақ ойына оралды.


Ол кезде тіпті кішкентай болатын, ешнәрсенің мәнісіне түсінбейтін. Оған да біраз жылдар өтіпті-ау!..
Көктем келді, айнала қызыл-жасылға оранған. Нұржан манаураған күйі жатыр. Жаздың қысқа таңында ұйқысы қанбай көп жатқан болатын. Ол орнынан тұрғанда, түс мезгілі болып қалыпты. Дел-сал күйде бойын билей алмай біраз жатты да, үстел үстінде жатқан суретке көзі түсті. Бұл суретті ағасы төрге іліп қоятын. Нұржан осы суретті кәдімгідей қолына ұстап көргісі кеп жүретін. Дереу суретті алып, өзінің кітаптарын жинап қоятын шкафына салып жасырып қойды. Осы кезде сырттан ағасы да кіріп келді.
— Ой, Нұржан, тұрыпты ғой, үлкен жігіт те осынша ұйықтай ма?
Айтпақшы, сен атаның суретін көрдің бе? Үстел үстіне қойған едім, — деп сұрады ағасы.
Нұржан басын төмен түсіріп «көргенім жоқ» деп міңгірлеп тіл қатты. Міңгірлегенінен секем алды ма, әлде басқа ой түсті ме, ағасы есіктен шығып, келесі бөлмеге кетіп қалды.
Нұржан шыға сала ол суретті қолына алып, зейін салып қарады. Үлкен кісінің кескінінен жылылық үйірілгендей болып көрінді. Кенет бетіне тиген шапалақтан селк етіп, бағжаң етіп дағдарып қалған ол, шапалақ иесіне көз салғанда, өзіне төніп тұрған ағасын көрді. Ол күтпеген жерден ағасына ұсталып қалды. – Неге өтірік айтасың? Андағы қолыңда тұрған Төле би баба өтірік айтқанды ұнатпаған!..- деді, ағасы ызбарлана. Бірақ, ағасы ашуынан тез қайтып, суреттегі үлкен кісі жайлы көп әңгіме айтып, бұл ақсақалды кісінің қазақтың үш биінің бірі Төле би ата екенін түсіндіріп берді. Нұржан әңгімені айта түсуін қалады. Ағасы Төле би бабаның суретін қастерлеп кең үйдің төріне іліп қойды. Сабаққа барарда Нұржан ылғи Төле би баба суретіне көз тастап тілдескендей күй кешеді. Ағасының «Төле би баба өтірік айтқанды ұнатпайды» деген сөзі әр кез құлағына естілгендей болады. «Бестік» алып келген күні де данышпан бабаның мейірімді жүзіне ұзақ қарайды.

Төреқұл Әлханұлы,
ардагер-ұстаз, зейнеткер
Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі.
Жамбыл облысы, Шу ауданы, Ақсу ауылы

ПІКІР ЖАЗУ