Тіл реформасы – қалыпты құбылыс және ғылым
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Qazaqstan телеарнасына берген соңғы сұхбатында қазақ тілінің дамуын жаңа сатыға шығару, елімізде тіл реформасын жүргізу қажеттігін айтты. Дәл осындай пікірін Президент 2019 жылы да айтқан болатын. – «Қазақ тіліне реформа, тіпті қажет десеңіз тілімізді жаңғырту қажет. Ғалымдарымыздың салмақты пікірлерін күтеміз. Тағы да қайталап айтамын, біз нақты қазақ тілін реформалаймыз. Ұлтымыз үшін тағдыршешті мәселеде науқаншылдыққа және жеңілтектікке жол беруге болмайды», — деп айтқан еді Қасым-Жомарт Кемелұлы. Осы орайда латын әліпбиіне көшу, Қазақстандағы тіл реформасы қалай жүзеге асып жатыр және балалар контенті қалай жасалуы, дамуы керек деген сұрақтар төңірегінде тіл жанашыры Әділбек Қабамен сұқбатты оқырман назарына ұсынамыз.
— ҚАЗАҚСТАНДА ТІЛ РЕФОРМАСЫ ҚАЛАЙ ЖҮРІП ЖАТЫР? БҮГІНГІ КҮНГЕ ДЕЙІН ЖҮРГІЗІЛГЕН ТІЛ РЕФОРМАСЫ ҚАНДАЙ НӘТИЖЕ БЕРДІ?
— Мемлекет басшысы өз сұхбатында да, 2019 жылғы сұхбатында тіл реформасы туралы айтқан болатын. Онда «Реформа дегеніміз кирилл алфавитін латынға көшіре салу емес, бізге қазақ тіліне реформа керек. Қаласаңыз, тілімізді жаңғырту керек» деген пікірі ғалымдардың тілді реформалауға қатысты жаңа ұсыныс беруіне құлшыныс берді десек болады. Латынды қазақ әліпбиіне енгізу арқылы тілді реформалау жұмысы ақырындап басталған еді. Сондай-ақ, президент латын графикасына бірден көшуге емес, кезең-кезеңімен сараптама жасалуы тиіс екенін атап өтті. Бұған дейін біз әліпбиіміздің екі нұсқасын жасап бекіттік. Аталған өзгертулер біраз асығыстықпен жасалды. Екі өзгертуді де кейін қолданысқа енгізу қиын болды. Өйткені ол толық зерделеніп, жан-жақты зерттелмеген әліпби болып шықты. 2019 жылы президент латын әліпбиіне көшу жұмыстарын жетілдіруге тапсырма берді. Содан бері міне үш жыл бойы аталған бағытта бірталай жұмыс атқарылып келеді.
Бір қарағанда латын әліпбиіне көшу көп уақытты алмайтын сияқты. Шындығында, ол өте ауқымды жұмыс. Себебі мұның артында қазақ тілінің тағдыры, тілге қатысты үлкен реформалар тұр. Бұл әліпбиде біз 10 жылдай болдық. Сөйтіп барып кейін кириллицаға өттік, оған өту арқылы біздің сөйлеу, жазу машығымыз өзгерді. Бұрын ц, щ, ч, ъ, ь сынды табиғатымызда болмаған әріптердің енуі арқылы – сөйлеуіміз өзгерді. Мына әріптер тіптен біздің сөйлеу аппаратымызды өзгертті. Мәселен, тамағымыздан шығатын дыбыстардың өзі өзгеріске ұшыраған. Моңғолия, Қытайдан келген азаматтардың сөйлегенін қарасаңыз, олар кез келген сөзді жұмсақ, басқаша айтады. Өйткені олардың сөйлеу аппараты бұзылмаған. Біз өзімізді дамып кеткендей көріп, қандастардың «ц» әрпіне тілі келмейді, «ю» әрпін айта алмайды екен деп жатамыз. Негізінде мәселе оларда емес, бізде болып тұр.
Кирилл әліпбиінің кіруімен біздің табиғи сөйлеу аппаратымыз бұзылды. Одан бөлек, заңдарымыздың барлығы осы уақытқа дейін өзге тілді жазылып келді. Тек, бір ғана заң қазақ тілінде жазылып келді және тіліміздің өзгеріске ұшырауына көп әсер етті. Айталық, заңды әдеби сөздермен, жуықтатып аударуға болмайды. Ол тақ-тұқ, тура қандай мағына береді, солай аударылуы керек. Жаңағы орыс тілінде жазылған заңды қазақшаға қасаң орналастырдық. Осының кесірінен «калька» аудармалар пайда болды. Баяндама жасағанда, ресми сөйлегенде ғана емес, жаңағы тақ-тұқ аударылған сөздерді тұрмыста да пайдаланатын болып кеттік. «Өкінішке орай», «өкінішке қарай», «салдарынан», «нәтижесінде» деген сөздерді айтатын болдық. Олардың ешқайсысы дұрыс емес. Қазақта «өкінішке қарай» демейді, «өкініштісі» дейді. Латын негізінде қазақ әліпбиін жасау қажеттілігі өзіміздің табиғи тілімізді қайта қалпына келтіруге көп көмек болар еді.
Президент латынға көшуді «әлі де болса зерттеп, зерделейік» деді. Бұл өте дұрыс шешім деп есептеймін. Өйткені латын әліпбиіндегі «б» әрпіне бір белгі, «а» әрпін мына белгімен қоя салайық деген өзгеріс емес, оның емлесі жасалуы керек. Содан кейін толып жатқан кірме сөздер бар. Олардың барлығын алып тастай алмаймыз. Ғалымдар орысша әріптердің бірқатарын алып тастаймыз дедік, ал жаңағы орыс тілінен кірген әріптер қалай дыбысталуы керек? Осының барлығы ғылым және оның бәрі уақытты талап етеді.
— ЛАТЫНҒА КӨШКЕНГЕ ДЕЙІН ҚАНДАЙ РЕФОРМАЛАР ЖАСАУ ҚАЖЕТ?
— «Кирилл әліпбиінде отырып, тілге реформа жасай алмаймыз» деген пікірлерді де айтып жатқандар бар. Бірақ латынға көшкенде ғана реформа бастаймыз деп күтіп отыруға тағы болмайды. Бұл нәрсені «аралық кезең» деп айтатын едім. Түбі латынға көшетін болғандықтан, ол жұмыстар біртіндеп жүре береді. Екінші жағынан, осы уақытқа дейін жүргізіліп келе жатқан жұмысты тоқтатпай, жалғастыра беруіміз керек.
Кирилға көшкеннен бастап, бізде қазақ тілінің қолданыстағы орфографиялық ережесі 1983 жылы бекітілген екен. Одан кейін 2006 жылы Тіл білімі институты тағы бір рет қарап шықты. Осы кезден бері қарай тіліміз дамыды, қазақ тілінің сөздік қоры өсті, жаңа сөздер пайда болды, тілімізге жаңа терминдер енді, жаңа салалық ғылымдардың дамуы орын алды. Одан кейін қоғамның бірнеше тілді еркін меңгеру құбылысы бар. Осыған байланысты емле ережесінің негізінде жазу үрдістері қалыптасу керек. Нормативтік құқықтардың калькамен аударылуының алдын алуымыз керек. Қазақ тілінде жазу, сызуда стильдік қателер пайда болды. Қазіргі уақытта біріккен сөздер, қысқарған сөздер, күрделі атаулар әртүрлі жазылып жүр. Міне, осылардың барлығын қолға алып, жұмыс жасай берсек болады ғой. Сондықтан ғылым тоқтап тұрмайды, ол үнемі дамиды. Сырттан сөздер еніп, тіл дамыған сайын, өмір дамыған сайын жаңашылдықты талап етеді. Кей ғалымдарымыз тіл реформасын әліпби ауыстырумен байланыстырады. Бұл бір жағынан дұрыс, себебі, көп елдерде тіл реформасы әліпби ауысқанда жүреді. Осы кезеңде жаңалықтарды жаңа әліпбиге салып жібергенде, өзгеріс тезірек жүріп кетеді.
— ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ТӘЖІРИБЕЛЕР ҚАНДАЙ?
— Ағылшын тілінің реформасы XIV-XV ғасырларда басқа әліпбиге көшпей-ақ жасалды. 1883, 1906, 1934 жылдары кәдімгідей өзгеріс енгізді. Қазіргі w (дабл ю) таңбасын сол кезде енгізді. Терминдерді жазу, ономастикалық атауларды жазу жүйеленді. Тура осындай реформа Француздарда да 17 ғасырда, 1990 жылы емле ережелеріне өзгеріс енгізіп, диакритикалық белгілер қосылды. Кірме сөздерді жүйелі жазу, ономастикалық атауларды дұрыс жазу жүйеленді. Немістерде де осындай болды. 1996, 1999, 2002-2006 жылдары емле ережелеріне қатысты өзгерістер болды, тіпті, кейбір әріптері ауыстырылды. Бұлардың барлығы Еуропа елдері, олардың әліпбиі ауыстырылмайды дейтін болсақ, түркі халықтарында да реформа жасаған елдер бар. Мәселен, Әзірбайжан тіліне 1929, 1947, 1991, 2019 жылдары реформа жасалды. Қарақалпақстан 1934, 1939, 2004-2006 жылдары енгізді, Өзбекстанда да реформа болды. Орыс тілі де 1918, 1932, 1938, 1956 жылдары емле ережелері мен таңбаларына өзгерістер енгізді. Оларда да термин жазу, ономастикалық атауларды жазу жүйеленді.
Тіл реформасы – қалыпты құбылыс және ғылым. Көріп отырғаныңыздай, әлемде жүріп жатқан процесс. Сондықтан президент мұны біліп отыр. «Қазақ тілін реформалау керек, қаласаңыз тілімізді жаңғырту керек» деген сөзі сол баяғы өзіміздің қазақ тілінің тұмса қалпына жақындаймыз деген мәселесі ғой.
Жоғарыда айтылғандардың барлығы тілдің ішкі реформалары, оларды жүзеге асыру үшін әртүрлі механизмдері болу керек. Бұл тұрғыда тілді жұрттың тез оқып, үйренуіне мүмкіндік болатындай, жағдай туатындай болуы үшін тіл заңнамасының нормативтік базасын жетілдіру қажет. Ол дегеніңіз тіл туралы заңды әлі де болса ары қарай жетілдіру керек дегенді білдіреді. Көп жағдайда біздің тіліміз мемлекеттік тіл ретінде кеңінен қолданылатындай жағдайға жеткізу үшін, әлі де дамытып отыру керек болады.
Биыл көрнекі ақпарат туралы заңға өзгеріс енгіздік. Бұрын маңдайшаларды орыс және қазақ тілінде жазу міндетті еді, қазір мемлекеттік тілде жазу керек. Орыс тілінде қажет болған жағдайда ғана жазу керек. Осындай таңдау құқығы жол белгілері, ономастикалық атауларға қатысты да берілді. Біздің заңдарымыздың ешқайсысы өзге ұлттардың құқығын шектемейді.
Тілдік ортаны қалыптастыруда тағы бір үлкен дүние – оқыту мәселесі. Осы уақытқа дейін мемлекеттік тілді оқыту, әсіресе орыс тілді азаматтарды оқытуда әртүрлі әдістемелер қолданылып келді. Мектепте де, ЖОО-да да қазақ тілін оқыту бағдарламасы бірдей, бір-біріне жалғаспайтын. Қазір біз тұжырымдама әзірледік, ол қазір талқылау сатысында. Бұл тұжырымдама енгізілетін болса, қазақ тілін оқыту мектепте А1, А2 деңгейіне жетеді, сөздік қорында 700-800 cөз болады. Келесі колледжге түскенде сөздік қоры одан да көбірек болады, университетке түскенде тағы да бұл қор артады. Мемлекеттік қызметке барғанда қазақша еркін сөйлеп, жаза алатындай деңгейге жетуі тиіс. Бұл да бір реформалық өзгеріс болады.
— ҚАЗАҚ ТІЛІНДЕГІ САПАЛЫ БАЛАЛАР КОНТЕНТІ
— Қазақ тіліне қатысты бүгінгі күн тәртібінде тұрған тағы бір мәселе – балаларға арналған қазақ тіліндегі сапалы контент. Егер, біз тіліміздің сақталғанын қаласақ, онда балалар контентін қазақшалауды қолға алуды бастауымыз керек. Ауылда ата-әжесі, ата-анасы қазақша сөйлейтін балалар орыс тілінде сөйлейтін үрдіс пайда болды. Себебі біздің балаларды гаджеттер мен интернет тәрбиелеп жатыр. Балаларға арналған сапалы контенттің барлығы орысша. Реформа аясында мультфильмдерді қазақша түсіруге, әлемдік үздік мультфильімдерді ана тілімізге тәржімалау, мықты дубляж мамандарына дыбыстатуға қаржыны аямауымыз керек. Сол саланың технологиясын, техникасын жетік меңгерген мамандар мектебін қалыптастыруымыз керек. Күні кеше ғана қырғызстандық депутат «Балапан» телеарнасын көрген балаларының қазақ тілінде сөйлеп жүргенін мәселе етіп көтерді. Біздің елде де бұл мәселе өзекті болып тұр.
— КҮНІ БҮГІНГЕ ДЕЙІНГІ ТІЛДІК РЕФОРМАЛАР НӘТИЖЕСІЗ БОЛДЫ МА?
— Бүгінге күнге дейін жасалған реформаларды нәтижесіз деп айта алмаймыз. Егер, олар болмағанда, бүгінгі өзгерістер болмайтын еді. Мемлекет басшысының өзі мемлекеттік тілге реформа жасауды айтып отыр. Реформаның өзі бірте-бірте дамып отырады. Қазіргі реформалар дәл уақытында жасалып жатыр. Өмір орнында тұрған жоқ, ертең тағы жаңа заманға сай жаңаша өзгерістер туындайды. Бірақ сол тіліміздің тұмса қалпын сақтай отырып, заманға сай, жаңаша өзгерістерге ілесіп отыру керекпіз. Аталған бағытта біраз жұмыстар да атқарылды. Күні бүгінге дейін Тіл комитетінің ұйымдастыруымен, тіл оқытуға қатысты 12-ге жуық сайт пен мобильді қосымшалар пайда болды. Қазір цифрлы заман, алдағы уақытта осы мәселеге одан сайын тереңдей түсеміз. Том-том кітап көтермей-ақ, құлаққапты киіп, аудио сабақтар арқылы тіл игеруге мүмкіндік бар. «2gis» сынды қосымшалар, түрлі электронды құралдар да қазақша сөйлеп тұруы керек. Мәзірлерді де қазір көп мекемелер қазақша жазып жүр. Шымкент, Қызылорда сынды таза қазақы өңірлерге тіпті орысша аударманың қажеті де жоқ. Міне, осының бәрі күні бүгінге дейін жасалып жатқан реформалардың нәтижесі дер едім.
Айжан БАҚДӘУЛЕТҚЫЗЫ,
Нұр-Сұлтан қаласы