АБАЙ МЫСАЛДАРЫНДАҒЫ ТҰСПАЛ БЕЙНЕЛЕР

Мен  1-сыныпқа оқуға келген жылдан бастап Абайдың өлеңдерін  оқи бастадым. Абайдың өлеңдері маған қатты ұнайды. Мұғалімім әрдайым Абайдың өлеңдерінің мағынасын жақсы түсіндіргенcоң, мен де өз бетіммен оқып, түсінуге тырысамын. Мектебімізге қазақтың ұлы ақыны Абайдың атын бергенде қатты қуандым. Абайдың өлеңдерін жаттай бастадым. Абай оқуларына да қатыстым. Биылғы оқу жылынан бастап сыныбымызда «Абайды оқы, таңырқа» тақырыбында факультатив сабағының  жүргізіле бастауы менің Абай шығармаларына деген қызығушылығымды арттыра түсті. Абайдың Крыловтан аударған «Шегіртке мен құмырсқа» мысалынан кейін Абайдың мысалдарына деген қызығушылығым артты. Мысалдары арқылы бізге адамның жаман қасиеттерін тұспалдап, астарлап жеткізетіні ұнады.

Мысал – шағын көлемді, тәрбиелік, тағылымдық мәні бар шығарма. Көбінесе аң, xайуанаттар, жәндіктер туралы жазылады. Сол арқылы адам бойындағы мін, әлеуметтік ортадағы кемшіліктерді кекесін ретінде жазады.

Мысал қысқа астарлы тәрбиелік мәні бар өлең, әңгіме формасында болады. Мысалдағы кейіпкерлер адам тілінде сөйлейтін жануарлар немесе өсімдіктер болуы мүмкін. Мысалда баяндау астарлы болады.

И.Крыловты қазақ жұршылығына өз заманында кеңірек танытқан Абай болды. Крыловтың «Қарға мен түлкі»,«Әншілер», «Бақа мен өгіз», «Шегіртке мен құмырысқа», «Бүркіт пен қарға», «Піл мен қанден», «Есек пен бұлбұл»,«Емен мен шілік», «Алақойлар»,«Жарлы бай», «Қазаға ұрынған қарашепкен», тағы басқа мысалдарын аударды. Қазақ өміріндегі ескі салт-сананы, әдет-ғұрыпты, жалқаулық, надандық, қулық-сұмдық сияқты жаман әдеттерді шенеп, әшкерелеуге лайықты Крылов мысалдарын Абай қазақ тұрмысына бейімдеп аударды. Крылов мысалдарын аударғанда Абай оның өлеңдеріндегі орыс тілінің өзіне тән ерекшеліктерін ескере отырып, мазмұны мен мағынасын терең түсініп аударды. Қазақ тіліне жатық етіп, қазақ тұрмысына бейімдеп, ұғымына жеңіл етіп аударды. Сөйтіп, мысалдың көздеген нысанасына дәл тиюін қатты ескерген.

Мысалдың соңында келетін қорытынды пікірді де Абай қазаққа түсінікті етіп өзінше береді. «Азат басың болсын құл, қолдан келмес іске ұмтыл!» («Бүркіт пен қарға»), «Есі шықпай мұнан да ішкен артық, қисыны жоқ қышқырған неткен тантық» («Әншілер») тағы тағылар. Абай Крылов мысалдарын құрғақ аударушы емес, Крыловтың үлгісін творчествосына ұштастырып қазақ әдебиетінде мысал-өлең үлгісін жасаушы ақын деуіміз керек.
Абай Крылов мысалдарының оқиғасын, тақырып желісін беруде де, тұрмыс табиғат суреттерін сипаттауда қазақ даласының, қазақ елінің өмірімен қабыстыруды мақсат еткені және солай сипаттап бергені көрінеді. Ақын айтайын деген ойын жеткізуді басты міндет санаған.

М.Әуезов Абайдың Крыловтан аударған «Есек пен бұлбұл», «Қарға мен бүркіт», «Шегіртке мен кұмырсқа», «Піл мен канден», «Түлкі мен қарға» атты 5 мысалын ерекше жоғары бағалаған. Ал қалған 8 мысалды қатты сынап, оларды Абай аудармасы болмауы мүмкін деген күдік айтқан. Бірақ, сөйте тұра, Крыловтың 13 мысалын Абай аударған мысал-өлеңдер ретінде өзі дайындап бастырған 1933 жылғы жинаққа, одан кейін тікелей өз басшылығымен әзірленген ақын шығармаларының 1957 жылғы екітомдық толық жинағына енгізген.

Жалпы Абай И.Крыловтың 13 мысалын аударған. Ал мен зерттеу жұмысымда М.Әуезов ерекше бағалаған 5 мысалына тоқталып, ондағы тұспал бейнелерді, ақынның астарлап айтқысы келген ойына талдау жасамақпын.

«Шегіртке мен құмырсқа» мысалында адамдарға «қыстың қамын жаз ойлау» керек екендігін жеткізеді. Құмырсқаны шегірткемен қатар ала отырып, құмырсқаның еңбекқорлығы, шегірткенің ертеңгісін ойламайтын жалқаулығы, қамсыздығы суреттелген.Бұл мысалдан біз «еңбек түбі – зейнет» екенін, ал жеңілтектік құрдымға құлататынын түсінеміз.

«Есек пен бұлбұл» мысалында біліксіз, әділетсіз сыншының сынын көрсетеді. «Сүйтсе де мұндай сыншыдан, Құдайым бізді сақтасын» деп «сын-шын болсын» дегенді жеткізеді. Кейде адамдар орынсыз екінші бір адамдарды сынап жатады. Әділ сын болмағасын бұндай дүние адамдар арасында реніш тудырады. Есек әнші құс аталып кеткен бұлбұлға әтештен ән үйрен деп орынсыз сынайды. Ал әтештің дауысы жағымсыз екенін, бұлбұл сияқты әдемі ән сала алмайтынын білеміз. Әділ бағалау, сынды дұрыс айта білу керек екенін есектің сөзі арқылы Абай тұспалдап жеткізіп тұр.

«Қарға мен бүркіт» атты мысалдақарғаның әліне қарамай қайрат етуге ұмтылғанын әжуалайды. «Азат басың болсын құл, қолдан келмес іске ұмтыл!» — деп тұжырымдайды. Кейде адамдар қолынан келмейтін істі біреу істеді екен деп, өз шамасына қарамай жасап, соңында ұятқа қалып жатады. «Әлін білмеген әлек» боп соңында өзінің жағдайы қиындайтындығын мысал арқылы түсіндіріп отыр.

 «Піл мен канден» мысалында кішкентай ғана қанден иттің үлкен пілге шаңқылдап үргені, оған үлкен иттердің «әліңді білсейші» деп күле қарағаны айтылады. Қанден болса «Қой, бұл қанден – ер шіркін,Пілге де үрген демей ме?» деп орынсыз мақтанға мәз болғанын, бірақ өзін ешкімнің елемей жатқанын аңғармайтындығын келеке етеді.

«Түлкі мен қарға» мысалында қошеметшілердің жылпостығы, айламен алдап кетіп, сан соқтырып кететіндігі айтылады. Қарғаның аңқаулығы, өтірік мақтауға даңдайсып кетуі, түлкінің айлакерлігі арқылы адамдарда кездесетін жылпостық, адамдарды алдайтын жағымсыз қасиеттерді айтады. Ауызды ашып босқа жүрме, өтірік мақтауға малданып қалма, ертеңіңді ойла, өйтпесеңдер алданып қалған қарғаның аянышты күйін кешесіңдер дейді.Өмірде түлкі сияқты қулар да, қарға сияқты аңқаулар да бар. Қарға сияқты сенгіш қарапайым адамдар түлкі сияқты қулардың өтірік мақтауларына сеніп қалып, қаншама қиын жағдайларға ұшырап жүр дегенді аңғартып, қулық-сұмдықтардың құрбаны болу қаупінен сақтандырады.

Қорытындылай келе, мысалдың артықшылығы алдымен олардың тұспал бейнелер арқылы әр түрлі адамдардың мінез-қүлқын, іс-әрекетін көзге анық көрсетіп, мысал арқылы өмірдің шындығын, қайшылықтарын терең ашып бере алатынын түсіндім. Мысалдағы ойды тура, ашық айтпай, ақтара салмай, тұспалдап, алыстан орап, орағытып айтудың өз артықшылығы бар екені білдік. Мысалы, сен аңқау болма, алданба, мақтаншақ болма демей,ойды  бүкпелеп айтады. Астарлы мағынаны өз ойымен, өзінше аңғарып, ұғыптүсінеді. Бұл оқушыдан тапқырлықты, сөздің астарына үңіле білуді, айтылып отырған нәрсені де, ишара арқылы тұспалмен аңғартылған нәрсені де айқын елестете білуге қабілеттілікті талап етеді. Абайдың мысал өлеңдерінен осындай қасиеттердің, әсіресе ақынның әзілдеуге, мысқалдап келемеждеуге, сықақ етуге шеберлігін айқын байқаймыз.

Бастауыш сынып оқушылары  мысалдардың мағынасын ұғып, жаттап отырса, өмірлеріне қажетті қасиеттерді алады деп ойлаймын. Бүгінгі күні балалар кітап, журналдар аз оқиды, сөздік қорлары аз, оқығандарын түсінулері қиын дегенді  үлкендерден естимін. Сол себепті Абайдың мысалдарын оқу арқылы бойымыздан жаман қасиеттерден арылтып, оқығанның мағынасын дұрыс түсіне алуға тырысуымыз қажет деп ойлаймын.

 

ӘНУАРБЕК ЖАНСАЯ

Солтүстік Қазақстан облысы, Петропавл қаласы

Абай атындағы мамандандырылған қазақ мектеп-гиназиясының4 «Ә» сынып оқушысы

 

Мұғалімі: Долдина Сания Кабдулмановна,

бастауыш сынып мұғалімі, педагог-зерттеуші

ПІКІР ЖАЗУ