БІЗ ДЕ БАЛА БОЛҒАНБЫЗ…

Қалдық

Балуан деп аталатын біздің ауылдың қазығын аталарымыз өткен ғасырдың бас кезінде қос жанардай жарқырап жатқан екі көлдің ортасындағы дөңестеу жерге қағыпты. Содан да болар, қай жағынан келе жатсаң да бірден көзге шалынады. Жаздыгүні баққанымыз ойын, көлден шықпаймыз, кешке, әйтеуір, төсекке жетіп жығыламыз.

Тағы бір оқу жылы аяқталып қалды. Күн жылынды, жалаңаяқ шапқылап жүрміз. Әне-міне, Алматыда оқитын досымыз Қалдық демалысқа келуге тиіс.

Бір аптадан кейін Қалдық та келіп қалды. Бізге ол Меккеден келген сияқты. Жатырқап қалған ба, бір-екі күн ойынға қосылмай, өзінше үсті-басын қайта-қайта қаққыштап, маңғазданып жүрді. Үстінде шыт жаңа киім, бізде дұрыс труси да жоқ.

Кездесе қалсақ, Қалдықтың аузына қараймыз. Ауылдан шығып көрмеген бізге бәрі қызық. Әсіресе, кино десе аузымыздан сілекейіміз шұбырады. Ол кезде біздің ауылда кино, телевизор дегеннің не екенін ешкім білмейді, радионың өзі бертін пайда болды ғой. Кешке қарай балалар қаз-қатар отыра қалып Қалдықты ортаға аламыз. Ол әңгімені алыстан, өзінің ауылдан қалай кеткенінен бастайды. «Жеңіл машинаны кім көрген, жүргізушінің қимылына алданып қалсам керек, бір кезде артыма көз салсам, ауыл көрінбейді, Шойманның дөңінен асып кетіппіз. Жүрегім бір түрлі езіліп кетті. Машинаны тоқтатып, тұра қашсам ба! деп ойладым, бірақ қасымда отырған беті дөп-дөңгелек, ұзын шашын артына қайырған толықша кісіден бата алмадым», – дейді ол. Толықша кісі деп отырғаны атақты жазушы Сәбит Мұқанов. «Оқытамын, адам қыламын деп Сәбит Мұқанов Қалдықты Алматыға алып кетіпті» деген әңгімені құлағымыз шалған. Сәбит Мұқановтың өзін көрмесек те, «Өмір мектептерін» оқи бастаған кезіміз. Содан да Қалдықтың әңгімесіне ынтықпыз.

Әке-шешесінен бесіктен белі шықпай жатып айрылған Қалдық біздің көшеде тұратын Сыздық деген шалдың қолында тәрбиеленді. Ол кісіні Қалдық ата дегеннен кейін бәріміз де ата дейтінбіз, екеуінің қандай жақындығы бар екенін білмеймін. Бұл біздің алтыншы сыныпты бітіріп, жетіншіге баратын жылымыз. Өздерінен туған жалғыз қыздары Көпейді Майбалыққа ұзатқан шал-кемпір Қалдықты маңдайынан шертпей еркелетіп өсірді.

Содан, Қалдық біраздан соң киноға ойысады. Оның әңгімесі қызық, әсіресе, соғыс киноларын айтқанда бәрін ұмытып, өзі соның ішінде жүргендей, «былай ұрды, былай тепті» деп біресе құлап, біресе тұрып, шек-сілемізді қатырады. Ұратын да өзі, тебетін де өзі, кейде «жараланып» жатып қалады, ыңырсиды, көмекке шақырады. Ал кейде кәдімгідей «өліп» қалады. Осылай ол бір аптаның ішінде Алматыдан киіп келген киімдерінің быт-шытын шығарды.

Ғайса ағайдың «жаңалығы»

Сол кездері ата-аналар балаларын дәл қазіргідей өбектемейді. Өздері таңертеңнен кешке дейін жұмыста, біз болсақ, май мен нанға тойып аламыз да ойынды соғамыз. Көшеге шығып асық ойнайық десек, Ғайса мұғалімнен қорқамыз. Бірде асық ойнап жатқанда, үстімізден шыққан мұғаліміміз: «Асық ойнаған азар…» деп қабақ шытқан. Содан бері ол кісінің көзіне түспеуге тырысамыз. Бізбен сыныптас Оразай дейтін баласы бар. Жалпы, ол кісі жаңашыл мұғалім болатын. Бір жылы, ұмытпасам, жетінші сыныпта оқимыз, Ғайса мұғалім: «Бүгіннен бастап ер балалар мен қыздар араласып отырасыңдар», – деді.

Арамыздағы Сайлау сияқты ересектеріміз жымың-жымың етеді. Қалғандарымыз «бұл қалай болар екен» дегендей үнсіз отырмыз. Мұғалімнің көзі бірден маған түсіп: «Сен Амандықпен отыр», – деді. Амандық – көрші үйдің қызы, қараторының әдемісі, сабақты да жақсы оқиды. Мұғалімнің айтқанын екі етпей сөмкемді сүйретіп Амандықтың қасына бара бергенім сол еді, балалар шиық-шиық күле бастады. «Тоқтар, сен Сәулемен отырасың». «Отырмаймын», – деді Тоқтар жұлып алғандай. Мұндай жауапты күтпеген болуы керек, мұғалімнің өзі сасып қалды ғой деймін, «неге?» деп сұраған жоқ, үнсіз сыныпты шолып тұр. Тоқтар бір үйдің еркесі, оңайлықпен айтқанына көне қоятын сабаз емес. «Алма сен Сайлаудың қасына отыр». Алмада үн жоқ, сөмкесін алып Сайлауға беттегені сол еді, отырар-отырмастан шар ете түсті. Сайлау қаламсабының ұшын тоса қойыпты.

Сыныптың ауасы «қыза» бастады. Мұғалім енді өзінің ұлы Оразайға отыратын орнын нұсқады. Оразай үн-түнсіз тұрды да бұрыштағы қаңылтырдан дөңгелетіп салған темір пешті айналып кетті. Сәлден соң пештің сыртынан «отырмаймын» деген дауыс естілді. Шыдамның да шегі бар емес пе, мұғалім сөзден іске көшіп, Оразайға, қанша дегенмен өз баласы ғой, тұра ұмтылды. Оразай пешті айналып қашып жүр. Бәріміз мұғалімнің алдында, сыныпта отырғанымызды ұмытып, қыран-топан күліп жатырмыз. Оразайды ұстай алмаған мұғалім енді Тоқтарға ауысты. Оны күштеп отырғызбақ болып еді, Тоқтар партаға жабысып, жатып алды. Ақыры не керек, сабақ жайына қалды, Таңсық, Бота сияқты төрт-бес бала орын ауыстырдық та, қалғандары Ғайса мұғалімнің жаңалығын қабылдамады.

 

Сәтсіз жорық

Сол жылдары біздің ауылға Балтық жағалауынан бірнеше отбасы көшіп келіп, қоныстанды. Соларға ауылдың шетінен асарлатып үйлер салды. Үй деген аты ғана, қабырғасын шымнан қалап, төбесіне аршылған біркелкі теректерді тастайды да қамыспен, оның үстін ақ балшықпен жабады. Солар, неше гектар екенін білмеймін, Обалының дөңіне біраз жерге көкөніс салды, тіпті, қарбыз да септі. Бұл бізге таңсық дүние, не екенін де білмейміз. Бір күні ересек балалардың бірі: «Помидор жейсіңдер ме, огородқа барайық», – деді. Айтты-бітті, кеттік. Бірақ жолымыз болмады, огородка кіргеніміз сол еді, егін қорушы болып істейтін Есмағұл ағайымыз қиқулатып шауып келмесі бар ма. Ашық жерде қайда қашасың, аттың алдына түстік. Зәре жоқ, жаз бойы су көрмеген қара табанымыз жарқ-жұрқ етіп жүгіріп келеміз. Қарасам, Мұхтар мен Тоқтардың аузы көкпеңбек. «Не жегесіңдер?» – деймін. «Қарақат», –дейді екеуі қосарланып. Күлкіден шегім түйіліп қала жаздады. Көкөністің не екенін білмейтін сабаздар келе қарақатқа бас қойған ғой. «Қарақат үйдің жанында да бар емес пе?» – деп күліп жатырмын.

Содан не керек, Есмағұл ағайдың бәрімізді мектепке апармақ ниеті бар екенін түсіндік. Мектепке барсақ, кешке дейін босамайтынымыз анық. Бүгінгі қылығымыз үшін бәрімізді «қара кітапқа» жазады. Ал «қара кітап» оқу ісінің меңгерушісі Шәкен ағайдың сейфінде. Шәкен ағайдан, Сұрағанов бәріміз де қорқамыз, оның қолына түстім дегенше, өлдім дей бер. «Не істеу керек?» Ақыры, ауылға жете бергенде тым-тырақай қаштық. Есмағұл ағай қуған да жоқ. «Сендерге осы да жетеді» деген болуы керек, өз жөніне кетті.

 

Бүлдірген тере барғанда

Бір күні бір топ бала, Мұхтар, Тоқтар бар, ауылдан бір-екі шақырымдай жердегі Дүйсенбі қыстауына жидек теруге бардық. Қалың шөптің арасын ашып қалсақ, бүлдірген тұнып тұр екен. Жата қалып жей бастадық. Шөптің басы ғана қимылдайды, балаларда дыбыс жоқ, жапырақ-мапырағымен тығындап жатырмыз. Балалар кейде байқамай бір-бірінің алдына шығып кетеді. «Алдыма шықпа!» – дедім ғой деп кіжінеді сондайда Сайлау.

Жидекке әбден тойдық. Бірақ таусылар емес. «Енді не істейміз?» «Терейік», – деді балалардың біреуі. Сөйткенше болған жоқ, бізден бір жас кіші Нұрхан: «Мұнда келіңдер, шие пісіпті» – деп айғайлай бастады. Қолына бір уыстай теріп алыпты.

Бәрімізден бұрын жеткен Сайлау: «Қайдағы шие, мынау қасқырдың жемі ғой, жоламаңдар, мұны жеген адам өліп қалады?!»– деді. Сол-ақ екен, Нұрхан отыра қалып жыласын келіп. «Не болды?» – дейміз бәріміз. Ол одан сайын өкіреді. Сірә, ол бір-екеуін аузына салып жіберсе керек…

Сайлаудың бізден екі-үш жас үлкендігі бар. Кезінде әке-шешесі ауылдан жиырма бес шақырымдай жердегі Қарасиырда тұрып, мектепке өз жасындағылардан кеш барған. «Балалар! – деді ол сәлден соң. –Мына қасқыр жемін жинайық». «Оны қайтеміз?!» Бәріміз шошып тұрмыз. «Біздің үйде қасқыр жемін жейтін кісі бар, соған береміз», – деді Сайлау.

Сол-ақ екен, Нұрханнан басқамыз, ол әлі еңіреп отыр, жапа-тармағай жинай бастадық, әп-сәтте тып-типыл еттік.

Артынан бір-ақ білдік, Сайлау Нұрханды да, бізді де алдап соғыпты. Оның қасқыр жемі деп бізге жинатқаны шие екен.

 

Жұлдыз санаған түн

Көбіне балалар біздің үйге үйір. Өйткені, ағам да, апам да балаға ұрсу дегенді білмейді, кім келсе де дастарқанға шақырып, барды аузына тосады. Бірде екі пар өгізбен ағам, Қалдық үшеуміз Қойсаға шөпке бардық. Қойса деген біздің ауылдан едәуір жер. Жұрттың бәрі шөп шабуға сол жерге барады. Ана шеті мен мына шетіне көз жетпейтін кең алқап.

Әкемнің айтуына қарағанда, ертеде бір байдың Қойса деген сұлу қызы болыпты. Соны өзінен жасы әлдеқайда үлкен бір дәулетті адамға зорлап қоспақ болады. Алайда, Қойса бір түнде сүйгенімен қашып кетеді. Қашқаны не керек, бой тасалай алмайды, қолға түседі. Содан қатты ашуланған әкесі айтқанымды тыңдамадың деп Қойсаны асау аттың құйрығына байлатып қоя беріпті-міс. Жүген-құрық тимеген ат осы алқапта жас қызды сүйретіп біраз шапқыласа керек…

Ағам шөпті жалғыз артады, Қалдық екеуміз үстіне шығып басамыз. Жалғыз адамның жұмысы өне ме, соңғы бастырықты тартқанша, күн батып, қас қараяды. Өгіздерді жолға салса болды, ауылды өздері табады. Бірақ жүрістері мимырт. Қалдық екеуміз жалпақ жайылған шөптің үстінде шалқалай жатамыз. Жоңышқаның жұпар исі мұрныңды жарады. Өгіздер біздің айтқанымызды тыңдайтындай ара-тұра «соп-соп» деп қоямыз. Аспанда жұлдыздар жымыңдайды. «Анау Жеті қарақшы», – дейді Қалдық. «Жұлдыз дегенің қалай көп, дәуде болса, мың шақты бар шығар?!» «Қайдағы мың, миллион, тіпті миллиард болуы мүмкін…».

Сосын екеуміз жұлдыздарды санай бастаймыз «жүз, жүз бір…» Қалдықта үн жоқ, қорылдап ұйықтап жатыр.

Біраздан кейін иттердің үрген дауысы естіледі. Бұл – ауыл шетіне іліктік деген сөз. Алдымыздан шыққан апам «көп бөгелдіңдер ғой», – деп бәйек болып жатыр. «Сағат неше болды екен?» – дейміз біз. «Бірге таяп қалды білем…»

Ауыл адамдары осылай түннің бір уағына дейін шаруаның соңында жүреді.

 

Концерт, кино көрудің қызықтары

Бір жылы Қарағандыдан әртістер келе жатыр екен деген хабар шықты. Ауылда клуб жоқ. Айтқандай, үш күннен кейін халық Зікірияның астық үйетін қоймасына жиналды. Зікірия деп отырғаным – қойма меңгерушісі. Үлкендер жағы кәдімгідей сахна жасапты, кісі отыратын жерге көк шөпті қалың қылып төсеп тастапты. Балалар алдыңғы жаққа жата-жата кеттік. Біраздан кейін шымылдық түріліп, қылышын жалақтатқан біреу сахнаға атып шықты. Алтай жылап қоя берді. Оған қосылып Наурызбай мен Нұрхан еңірей бастады. Сөйтіп, улап-шулап пьеса қоюшылардың да, көрермендердің де есін шығардық.

Кешікпей, 60-шы жылдардың басында біздің ауылда да елу-алпыс адамға арналған клуб салынды, кино көрсете бастады. Балалар опыр-топыр алдыңғы қатарға ұмтыламыз. Қоскөлден келген орыс, алдымен журналын көрсетеді. Журнал дегені – он-он бес минуттық деректі фильм. Соған шыдамаймыз ғой. Көбіміз журналға көз қиығымызды да салмаймыз, «кино, кино» деп айқайға басамыз. Кино басталса болды, айғай-шу одан сайын үдейді. Көргенімізді қолма-қол бір-бірімізге түсіндіріп, клубты басымызға көтереміз. Ара-тұра үлкендер «шуламаңдар!» деп қояды. Оны тыңдайтын біз бе?! Сосын болмаған соң Сашка, үлкендер Сашка деген соң, біз де Сашка дейміз, әйтпесе Александр Казаков, өте сабырлы, жақсы адам еді, киноны үзіп «енді шуласаңдар, көрсетпеймін», – деп ескертеді. Бізде үн жоқ. Шам сөніп, кино басталысымен әлгінің бәрін ұмытып тағы қызылшеке боламыз. Осылай кино аяқталғанша шам төрт-бес рет жанып, төрт-бес рет сөнеді. Ақыры болмаған соң бізге киноны күндіз, үлкендерден бөлек көрсететін болды.

Жарасбай СҮЛЕЙМЕНОВ.

Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі

ПІКІР ЖАЗУ