Ұлттық өнерге жан бітірген Гүлайна

«Шебердің қолы – алтын» — дейді, халық. Иә, осы бір жоқтан бар жасап, темірден түйін түйген ісмерлер де, ұлттық нақышты терең меңгерген қолөнершілер де, халық тарихында өте көп болды. «Шебердің инесі де, күймесі де, алтын» — депті бабалар нақылы. Кешегі алтынға теңелген сол шеберлер бүгінде лайықты өз дәрежесінде дәріптеліп жүр ме? Ұлттық өнерімізді қаншалықты сақтап қала алдық? Қоғамда оларға артылған жүк қайсы?

Асыл тастан сән бұйымын соққан, жүннен көздің жауын алатын тоқыма жасап, сүйек пен мүйізді қиыстырған халық шеберлері қазір де арамызда баршылық. Он саусағынан өнер тамған сондай шеберлердің бірі, Артықова Гүлайна Орынханқызы. Қолөнердің ерекше бір түрі болып табылатын, «Құдай құрастырсын» деген ниетпен жасалар, қазақтың салт-жоралғысын құрақ құрау технологиясын шәкірт қыздарына үйретіп, әрі сол арқылы қазақ қызын болашақ өмірге баулып жүрген Гүлайна Орынханқызы бүгінде, Сарыағаш ауданына қарасты Шымырбай ауылында ұстаздық қызмет атқаруда. Қатардағы көп мұғалімнің бірі ғана емес, жиырма жеті жылдық білігі бар ұлағатты ұстаз.

Заман талабына сай оқытудың үздік тәсілдерін меңгерген шебер-ұстаз облыстық, республикалық, халықаралық деңгейдегі әр түрлі қолөнер додаларында шәкірттерімен жеңіспен оралып аймақ жұртшылығын қуантуда. Айталық, «Тұрыңыздар келе жатыр мұғалім» атты республикалық талантты педагогтар байқауында «Шығармашыл ұстаз» номинациясы «Көркем еңбек – Қолөнер» жанрының жеңімпазы атануы. Сонымен қоса, қазақстандық шығармашыл жастардың халықаралық «Достар дауысы» байқауында жеткен жетістігі мен эстетикалық талғамы үшін шәкірті Арман Аяжанның марапатталуы, әрі кәсіби шеберлігі мен ұлттық өнеріміздің дамуына қосқан үлесі үшін шебер-ұстаздың атына алғыс жариялануы сөзімізге дәлел.
Тігін әуелі өнер, қол еңбегі болса, онан кейін математика. Тігіншіге іскерлік, ептілік, икемділікпен қатар дәлдік те керек. Демек, тігінші әрі математик болуға тиіс. Бұл қасиеттерің бәрі біз сөз етіп отырған Гүлайна Орынханқызының бойынан табылады. Тігін әрі сабырлылыққа, әрі төзімділікке тәрбиелейді. Қарапайым ұстаздың қолынан шыққан бұйымдар таңдалған маталары, өз қолымен өрнектеп ойған ою-өрнегі, материалдарының табиғилығымен, ұлттық нақышымен ерекшеленеді. Мәселен, фетр матасынан жасалған дойбы тақтасы, және түрлі түске боялған асықтан жасалған есепшоттар. Ұлттық ойындарымызды, әрі баланың ойлау қабілетін дамытатын құралдарды өз идеясымен өрнектеуі шебердің өз кәсібін аса жетік меңгергенін көрсетсе керек.
Ұлттық өнерге жан бітірген, шәкірт тәрбиесінде нағыз қазақы үлгіге сүйенген шебер-ұстаздың ісіне береке, шығармашылығына табыс тілейміз.

Алима Момынхан
Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ
3 курс студенті.

ПІКІР ЖАЗУ