Сәт сапар, қанатты жұлдыздар!

Соңғы жылдары Нұр-Сұлтан қаласында қазақ тілді балабақшалар саны артып, ұрпаққа салауатты тәрбие беруде әжептәуір бәсекелестік орта қалыптасты. Бүгінде елордада 400-ден астам балабақша бар. Жартысынан көбі жеке меншік балабақшалар. Нарық қалыптастырған бәсекелес ортада жеке меншік балабақшалар санының артуы сапа тудыратыны шындық. «Құрылтайшысы кім? Педагог па? Білім саласы мен ұрпақ тәрбиесі, ұлт болашағына мән беріп отыр ма? Әлде таза бизнес, ақша көзін көздеп отыр ма?» деген сұрақ әрбір ата-ананы толғандыратыны сөзсіз. Сонымен қатар мұндай сұрақ балабақша басшылығын да ойландыруы керек.


Елордадағы «Саламат» жеке меншік балабақшалар желісінің құрылтайшысы Гүлсара Нұрсейітқызының айтуынша, ата-ана балабақша таңдағанда алдымен бала үшін қажет комфорт, жауап-кершілік және тазалыққа назар аударуы керек. Баласының қазақ балабақшасына баруына, қазақ тілінің мәйегінен нәр алып, киесін ұғуына мән беруі тиіс.
– Ал бизнес әлемінің басты мақсаты табыс табу екені түсінікті. Тек таза факт, тек сандар, тек пайда. Бірақ мұның бәрін ұлттық тәрбие, ұлттық ас мәзірі, ұлттық құндылықтар аясында да жасауға болады. Сапалы ойыншықтар мен жиһаз. Іс-әрекет, қимыл-қозғалыс бәрі табиғи қазақы болмысқа суарылуы керек. Берілетін тәрбие бағыты да қазақтың тамыры терең құндылықтары негізінен басталуы керек. Бұл қағида алдымен балабақша басшылығының ар-ұятына сын. Бірақ, балабақшаның ішкі-сыртқы ұстанымын балабақша иесінің ар-ұятына тапсырып, қарап отыруға болмайды. Мысалы: француз балабақшасына тәрбиеші болу үшін 500 адам 1 орынға таласады, әр жылдың ас мәзірі, әр тамақтың түр-түсі, құрамы жайында мемлекет деңгейінде мамандардың қатысуымен талданып, бекітіледі. Бірақ біздің мемлекетіміз әзірге балабақшаның негізгі бағыты қандай болу керек дегенге мән бермей отыр.
Дегенмен, біз, біздің балабақша ұжымы бала ертеңгіме мелекеттің негізгі іргетасы, ертеңгі маман деп бағалаймыз. «Ел боламын десең, бесігіңді түзе» дейді. Ендеше ел боламыз десек, балабақшаларга мемлекет деңгейінде талаптар койылатын кез келер, — дейді «Саламат» балабақшалар желісінің құрылтайшысы Гүлсара Нұрсейітқызы.


Қазір жеке меншік балабақшаларға мемлекеттік деңгейде назар аударыла бастады, Бетімен кеткен балабақшалар мен тәрбиешілерге басшыларға тиісті талаптар күшейіп келеді. Ата-аналар да балабақшаларға өз талаптарын қойып, сұранысты арттырып отыр. Ата-аналар демекші… Біздің мақаламызға арқау болып отырған «Саламат» балабақшасы ұжымына ата-аналар дән риза. Балалар да таңертең балабақша табалдырығын қуана аттап, кешке қимай қоштасады.
– Таза жерге періште қонады екен. Періште балапандарымыздың асханасы, ойнайтын, тәтті ұйқыға бөленетін бөлмесінің ауасы таза және білімі мен тәрбиесі жоғары санатты, сапалы. Балам «Саламат» бақшасының құшағында ширады, өсті. Қалаға дархан дала тәрбиесін енгізген құрметті ұжымға алғысым шексіз. Бүлдіршіндер осы таза бұлақ басынан сусындаса, онда еліміз өзін өзі танитын, өз қадірін, киесін білер ел болар… Әр атқан таңмен басқан қадамы тек тазалықтан ғана басталатын Гүлсара Нұрсейітқызының еңбегіне табыс, зор денсаулық тілеймін, — дейді, Мағауия мен Малика атты егіздерді өсіріп отырған жалғыз басты ана Қарлығаш. Ата-аналардың ризашылығы мен алғысына бөленген «Саламат» балабақшасы биыл да шәкірттерін алғашқы алтын ұясынан ұшырып, үлкен өмір айдынына – мектепке шығарып салды. «Қош бол, балабақша» тақырыбында өткен сәні мен салтанаты жарасқан кеште балалар ән-күйден, мың бұралған биден шашу шашып, тақпақ, мақал-мәтел, жаңылтпаш айтып жарысты. Бойлары да ойлары да өсіп қалған кішкентай бүлдіршіндер білім нәрімен сусындатып, оқуға деген алғашқы ынтасын оятып, тал бесіктен басталған тәрбиенің өмірдің ұзақ жолдарында таусылмас азық болатынын ұқтырған ұстаздарына бала көңілден аппақ алғыс айтып, тілек білдірді.


Балабақша басшылығы бір жылды қорытындылап, үздік тәрбиешілер мен озат шәкірттерді дипломмен марапаттап, сый-сияпат табыстады. Биылғы балабақша түлектерінің жетекшісі Ахметжар Дәнекер «Үздік тәрбиеші» төсбелгісімен марапатталды.
Салтанатты кешке жиналған қауым балабақша ұжымының талғам мен сапаға ерекше мән беріп, кішкентай бүлдіршіндердің таланты мен талабын ұштай отырып, ең алдымен сәбилердің өздеріне деген сенімін қалыптастыра білген ұжымға тік тұрып құрмет көрсетіп, ұзақ қол соқты.
– Жып-жинақы. Қоштасу кешінен кейінгі әсерді айтып жеткізуге сөз таба алмай тұрмын. Кішкентай балалармен жоғары деңгейде жүргізілген жұмыс екенін көруге болады. Бастауыш сыныпта қабылдайтын мұғалімге дайын оқушылар тәрбиелеп шығарған. Ахметжар Данекер апай, еңбегіңіз еленіп, төсбелгімен мараппаталып жатқаныңыз құтты болсын! Балапандардың басқан қадамдары нұрға толсын! Барлық ізгі армандары орындалып, өмір жолы ашық, болашағы жарқын болып, егеменді еліміздің білікті азаматтары болып өсе берсін, — деп, батасын берді Балаусадай озат шәкірттің атасы Аманбай ақсақал.
Айтпақшы, балабақша басшысы Гүлсара Нұрсейітқызы ұлттық мектептер жүйесін қалыптастырсам деп жарғақ-құлағы жастыққа тимей жүрген ұстаз, білікті басшы Ахметжан Аятжанмен келісім-шарт негізінде ұясынан ұшқалы отырған «қарлығаштарын» №90 қазақ гимназия лицейіне бір сыныпқа берсем деген арманының бар екенін айтып қалды. Балабақшадан енді ғана қанат қаққалы отырған «балапандарға» біз де сәт сапар тіледік.

Тілекгүл ЕСДӘУЛЕТ

ПІКІР ЖАЗУ