Көдек ақын

Көдектің арқалы ақын болуына ықпал жасаған басты факторлардың бірі – қазақ халқының сарқылмас қайнар бұлағы, өнер үйрену мектебі саналатын ауыз әдебиеті болса, екінші жағы өнерлі Жетісу өлкесінің дуан бұзған жыр жұлдыздары Албан Асан, Сүйінбай, Жамбыл, Құлмамбет, Қызылбөрік Бөлтірік ақын қатарлы өнер арыстарынан үлгі-өнеге алуы болды. Оның үстіне Көдектің атасы Маралбай, әкесі Байшыған өз тұстарында айтыс өлеңдері ел ішінде кең таралған от ауызды, орақ тілді кісілер болған, атасы мен әкесінің жез таңдайынан төгілген інжу-маржан сөздері бала Көдектің болашақта дарынды ақын болуына мықтап негіз қалапты. Көдектің жетелі ақын болуына әкесі Байшығанның әсері өте күшті болғанын көруге болады.

1888 жылы 15 шілдеде Қазақстан республикасының Алматы облысына қарасты Нарынқол (Райымбек) ауданының Шалкөде деген жерінде орташа ауқатты шаруа отбасында дүниеге келген Көдек көзі ашық, көкірегі ояу, ақындық дарыны бар, бұқпа-қағытпа сөзге шебер Айттың бір баласы – Сүйіндік ұрпағының өлең құмар шаңырағында тәрбие алып өсіпті.
Зерттеуші Тілеужан Сақалов Көдек ақын туралы «Көдектің азан шақырып қойған аты – Әбдірақын, Көдек деген ат оған кейін қойылыпты. Өйткені, ол жас кезінде шешесі өліп жетім қалады да, көбінде әке тәрбиесінде өседі. Қаршадайынан жетімек болып қалған ұлын әкесі бір жағынан мүсіркеп, бір жағынан еркелетіп «Көдегім» деп жүріп, елге осы лақап аты жайылған» деген тың дерек айтады. Ақынның азан шақырып қойған аты Әбдірақын екенін Айтуған ақсақал да дәлелдейді.
«Әке көрген оқ жонар» дегендей әкесі Байшыған мен атасы Маралбайдың өлең құмарлық қандастық қасиеті бала Көдекке жалғасып, 7-8 жасынан бастап өлең жарысы, сөз сайысына араласып, алғашқы ақындық дарынын байқатты.
Көдектің 7-8 жасар кезі екен, ауылдың Жылқыбай деген жылқышысына жылқыға мені апар деп жалыныпты, бірақ, Жылқыбай ертпей кетіп қалыпты. Біраздан кейін біреу одан Жылқыбайды сұрапты, сонда бала Көдек:
Жылқыбай кетті ар жаққа, жылқы жаққа,
Жаман адам көнбейді ынтымаққа, — деп өз наразлығын өлеңмен білдірген екен.
Әкесі Байшыған өлең айтуды тоқтатып, баласы Көдекке жол беріп, оны ауыл арасындағы айтыстарға салып баулып тәрбиелейді. Бала жасынан зерделі де зерек болып өскен ол ауыл арасында болған өлең айтыстарға түсіп, өлең көмбесінен өзінің бағын сынайды.
1901 жылы аталас туысы Мұқай Терлікбайұлы деген жігіт қайындап барғанда қасына 13 жастағы Көдекті күйеу жолдастыққа ертіп алады. Сонда бір қыздың тойы болып, Көкең өз әріптесіне былай өлең бастапты:
Алыстан әдейі іздеп тойға келгем,
Төгілген құйрық-жалы жорға кермен.
Аралап әріптесті іздеп жүріп,
Өзіңді топ ішінен зорға көргем.
Атың кім? қайсы русың? – жөніңді айтқын,
Көрікті қос перизат бойға келген.
Әкең мен шешеңнің аттары кім?
Нағашың кім болады ордалы елден.
Алдымен жөніңізді ұғып алып,
Айтуға одан кейін ойға келгем. -деп бала ақын қарсы әріптесін сайысқа шақырады. Қарсы алдында отырған қыз әріптесі:
Ұқсаңыз, сұрасаңыз атым Әйім,
Қожбамбет руым, білсең жайын.
Жолыңды ал, тоғызыңды ал құда бала,
Кісі атын қиыстырып айта алмаймын, -деп жеңілгенін мойындайды. Сонда ақын жалғасты:
Құдаша, сенен тоғыз сұрамадым,
Тоғызбен дүние жинап құрамадым.
Жай сөзбен жағдайыңды ұқпақшы едім,
Адамын білмек болып бұл араның.
Тоғызбен өлең жолын тоқтатқаны,
Өлеңнің шығармады-ау тиянағын, -деп кейістік білдіреді.
Көдектың қасындағы жігіттер бала ақынның өнерін сынамақ болып қоярда қоймай жүріп тойда өлең айтып жатқан және бір қыздың тұсына отырғызады. Шабытына мінген бала ақын:
Тағады қыз-келіншек сылдыр үзбе,
Тұсыңа құрбың келді білдіңіз бе?!
Құдаша бізден бұрын неше тойда,
Өлеңмен Қаршығаны ілдіңіз бе?
Ілсеңіз, қай жағынан торға түсті,
Келіп тұр соны ұғып білгіміз де.
Бар болса ондай өнер қуанамын,
Жақсы боп көрінеді игі бізге.
Қанеки, өлеңіңді байқайыншы,
Әйтеуір көптің бірі, жүрдіңіз бе?!,- деп қыздарға қырғидай тиеді.
Сонда айтысты тыңдап отырған бір кемпір қызына қарап:
— Қоя тұр өлеңіңді айтпа, құдай-ай! осы жасқа келгенше «Өлеңмен қаршығаны ілді» деген сөзді естіп көрмеппін, бұл өлең бе, жұмбақ па, ондай өлеңді қызым емес, мен де естігем жоқ, қарағым, қызымның тұсына отырып қалыпсың, тоғызыңды алғын да қайтқын,- дейді.
Аталас туысы Мұқайдың айтуынша, сол тойда Көдекпен айтысуға ешкім шықпаған екен. Көдек Бұхардан оқыған, білімі жоғары Мұқай деген кісіден оқып тәлім алады. Көдектің 13 жасында жазған мына өлеңіне назар салайық:
Бала кезде шолжаң боп оқымадым,
Оқып жазған Мұқаңнан тоқырадым.
Шолжаңдықтың аяғы мынау болды,
Қатарынан қалыппын осылардың.
Қолдан жазған шимайың ойға кесте,
Жазу болып оқылар тілмен шешсе.
Дүниенің барлығын матастырып,
Оқығанда жарайсың ақыл-еске.
Әліпбиді ежіктеп танып алдым,
Бірте-бірте шимайлап қанығармын.
Шимай-шимай ішіне сырым түйіп,
Қыз балаға хат жазып қағынармын,- деп араб әліппесін үйреніп, сауатын ашқанын өлеңге қосып, білімге деген оттай ыстық ықыласын білдіре келіп, бала кезде бос өткен уақытына ашынып, «Қатарынан қалыппын осылардың» деп опық жейді. Бұл Көдектің бала шақтағы алғашқы ағарту идеясының ұшқыны еді.
Ақын 15 жас пен 18 жас аралығында Құрман ауылындағы бір қыздың тойында «Маржандаған» атты өлеңін былай айтқан екен:
Бұл қыздар шашын өріп маржандаған,
Киімінің бәрі моншақ қайран қалам.
Жалтылдап көз қырымды моншақ тартты,
Болды ма қыздың көркі арзандаған?
Болмағы қыздың жақсы мінезінде,
Өз бойын түземесе кінә өзінде.
Тағынып бар моншақты бір өзіне,
Өмірлік жеткені ме тілегіне.
Моншақтың түпкі тегі тас пен темір,
Оны ләззат көрмейді жастық өмір.
Жалынды өңде жанары шолушыдай,
Сенгеніне талпынар тіл мен көңіл.
Қыздардың бәрі жаңағы шашын маржандаған қызға қарайды. Қыз қатты ұялып, үйіне ыза болып келіп шешесіне айтады. Шешесі Ұзақ батырдың кіші әйелі Қанымға айтады: Айт ауылының балалары тойға барған қыздарды ұялтып өлеңге қосыпты,- дейді.
Батырдың ойына бұрынғы Сейділда қыз бен Байшығанның айтысы түседі… неше рет болған соғыстың ақыры Айт, Бозымның қыз алысуына жалғасып содан бастап олар екі болыс елге бөлінген еді. Бұлар не деп жүр деп ертесі балаларды шақыртады. Мұны естіген Көкеңнің жолдастары қашып кетелік дейді. Көдек баралық деп 3-4 баламен бірге барыпты.
Ұзақ батырдың үйінде адам толып қымыз ішіп отырыпты. Олар төмен отырыпты, батыр төрдегі қарияларға қарап сөйлеп отырған екен, бұлардың келгенін байқамапты. Сөзінің бір үзілісінде әйелі Қаным:
— Балалар келіпті, — дейді.
Сонда Ұзақ батыр балаларға қарап:
— Ей, балалар, сендер біздің ауылдың қыздарын өлеңге қосып ыза қылыпсыңдар, айтушы болсаңдар, қыздың әке-шешесі бізді де өлеңге қосқын, естілік,- дейді. Сонда Көдек:
— Алдияр тақсыр,- деп орнынан атып тұрып, қос қолын кеудесіне қойып иіліп, төрдегі адамдарға бір қарап өтіп:
Тақсыр сіз келген сөзді қайтармаған,
Адамның бет-жүзі деп жалтармаған.
Ойыма келіп қалды айтып қалдым,
Әлі сөзім орнында тұр жайтаңдаған,- дейді. Сәл кідіргенде төрде отырған қариялар:
— Балам, не деп кеттің қайта айтшы?- дейді. Ақын өлеңді қайталайды.
Жастарға сыншыл Ұзақ:
— Ей, балам, адам болам десең тауып сөйле, қауып сөйлеме! тауып сөйлесең ел разы, досың артады,- деп одан әйелі Қанымға бұрылып, — баланың айтқаны дұрыс сияқты, отау үйге апарып мал сойып, қонақ етіп жіберіңдер,- деген екен. Ұзақтың ақыл-кеңесі Көдекке үлкен ой салды, кейін келе Көдек халық тағдыры, ел арыстары жайлы озық өлеңдер шығарып үлкен-үлкен ойлар айта білді.

Нұрлан Сәрсенбаев,
Қазақстан
Жазушылар одағының мүшесі, жазушы, этнограф

ПІКІР ЖАЗУ