МЕКТЕП ТЕРМИНОЛОГИЯСЫН ЖҮЙЕЛЕНДІРУДЕ ҰЛТТЫҚ РУХАНИ КОД САҚТАЛАДЫ

Бүгінде латын графикасына көшуге байланысты терминдерді таңбалау, халықаралық атауларды дұрыс жазу мәселесі өзекті болып отыр. Сонымен қатар мектеп терминологиясын жүйелендірудің де маңызы артып келеді. Бұл орайда өткен ғасырдың 20-жылдарындағы қазақ зиялыларының еңбектеріне сүйенген дұрыс болар еді. Өйткені 1922 жылы елімізде жат сөздерді, пән атауларын қазақшаландыратын комиссия құрылады да оны А.Байтұрсынұлы басқарады. Комиссия жат (өзге тілдік) сөздерді қабылдауда жат атаулардың мағынасын түсіндіргендей қазақ сөзін алу, оған қолайлы қазақ сөзі болмаса, түркі сөзін алу және түркі сөзі де тура келмесе, қазақ тілінің заңына үйлестіріп, Еуропа сөзін алу (Жолдыбаев М. Қазақ тілін байытамыз// Еңбекші қазақ. 12.VIII.1926) деген үш принципті басшылыққа алған. Сондықтан XX ғасырдың басындағы қазақ зиялыларының еңбектерін, тілтанымдық мұрасын әрдайым «Тамыры тарих тереңінен бастау алатын рухани код» ретінде назарда ұстау керек. Әсіресе шеттен енген термин сөздерді қазақ тілінің заңдылықтарына бейімдеуде А.Байтұрсынұлы, Х.Досмұхамедұлы, Е.Омаров, Қ.Кемеңгерұлы сынды терминолог ғалымдардың ұстанымдарын басшылыққа алу қажет. Жоғарыда аталған принцип мектеп терминологиясын жүйелендіру барысында да сақталуы керек.

2022 жылғы 16 наурызда Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің Тіл саясаты комитетінің ұйымдастыруымен мектеп терминологиясының ғылыми негізі мен әдіснамасын жетілдіру, жүйеленген базасын қалыптастыру мақсатында «Мектеп терминологиясы: бүгінгі жай-күйі мен жүйелеу мәселесі» тақырыбында онлайн форматта республикалық әдістемелік-сараптамалық семинар өтті. Комитет төрағасы Әділбек Қаба кіріспе сөзінде негізі қаланған ғылыми тілімізді одан әрі дамыту, ана тілімізді қазіргі ақпараттық-инновациялық заманның сұранысына сай келетін тілге айналдыру мәселесінде терминологияның алатын орны айрықша екеніне тоқтала келіп, терминологияның ғылыми негізі, практикалық қолданысы, пән терминдері мектептен бастау алатынын ескере отырып, мектеп терминологиясын дамытуға бағытталған кешенді шаралар қабылданатынын атап өтті.
Семинарда Республикалық ғылыми-практикалық білім мазмұнын сараптау орталығы директорының орынбасары, п.ғ.к Мәншүк Мұқаметқали «Мектеп оқулықтарындағы терминдерді біріздендіру мәселесі» тақырыбына тоқталып, тәжірибе барысында туындаған бірқатар шешімдерді атап өтті. Бұдан кейін сөз алған Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті, Шетел филологиясы кафедрасының профессоры, ф.ғ.к Мадина Анафинова өз баяндамасында жалпы білім беретін мектептердің әртүрлі мақсатты топтарында тілді арнайы мақсатта оқыту мәселелерін, атап айтқанда терминологиялық корпус бірліктерін пайдаланудың қиындықтарын түсінуге үйрету мәселелерін қамтыды. Баяндамашы мектептегі терминологиялық жұмыс – мектеп оқулықтарының күрделі мәтіндерімен жұмыс істеуге, теориялық материалды тереңірек түсінуге дайындық кезеңі екендігін айта келіп, күрделі терминологиялық бірліктерді дамытудың жолдарына тоқталды.
Ш. Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығының жетекші ғылыми қызметкері, ф.ғ.к Сая Итеғұлова «Мектеп оқулықтарындағы терминдерді ұлттық сипатта қалыптастырудың кейбір мәселелері» баяндамасында мектеп терминологиясын Ахмет Байтұрсынұлы, Елдес Омаров сияқты Алаш қайраткерлерінен бастау алып, бүгінгі жетекші терминологтар ұстанған терминжасам қағидаттарының негізінде дамыту қажеттілігін айта келе, терминдердің дефинициясын ашу тұрғысынан пәнаралық байланысқа аса мән беріп, оқушылардың жас ерекшелігін ескеру керектігіне назар аударды. Сондай-ақ А. Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институты Терминология орталығының басшысы, ф.ғ.к Сәрсенбай Құлманов қазақ тіліндегі мектеп оқулықтарын негізге ала отырып білім беру жүйесі терминологиясын біріздендірудің ғылыми-практикалық мәселелеріне тоқталды. Баяндамашы қоғамдағы ғылым салаларының, оның ішінде мектепте оқылатын пәндердің қазақ тілінде «сөйлеуін» қамтамасыз ету мемлекеттік тілді қолдану мен дамытудың алғышарттарының бірі екендігін айта келіп, мектеп терминологиясының ғылыми-практикалық негізін қалыптастыру ортақ мәдениетті, біртұтас халықты қалыптастырудың қазіргі заманғы қуатты инновациялық құралдарының бірі екеніне ерекше назар аудару қажет екендігін көрсетті.
Жиында сөз алған жекелеген баяндамашылар пәндердің терминологиясын оқыту барысына қатысты қордаланған мәселелерді көтеріп, өз ұсыныстарымен бөлісті. Атап айтқанда, Нұр-Сұлтан қаласы Қ.Мұхаметханов атындағы №90 гимназиясының директоры Аятжан Ахметжан «Қазақ тіліндегі химия пәні терминдерінің қазақ тілі заңдылықтарымен байланысы» тақырыбында баяндама оқыса, Ы.Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясы Орта білім мазмұны институты «Қазақ тілі мен қазақ әдебиеті» зертханасының аға ғылыми қызметкері, п.ғ.к Гүлдариға Кенжебаева қазақ тілі оқулықтарындағы терминдердің қолданылуына тоқталды. Ал Павлодар облысы Екібастұз қаласы «Зерде» мамандандырылған жалпы білім беру» мемлекеттік мекемесінің физика пәні мұғалімі Гүлдана Исабаева физика терминдерін меңгертудің әдіс-тәсілдерімен бөлісті.
Іс-шараны қорытындылай келе мектеп терминологиясын жүйелеу жөнінде қарар қабылданды. Қарар тиісті жұмыс жүргізу үшін Ы. Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясы, А. Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институты, «Өрлеу» біліктілікті арттыру ұлттық ғылыми орталығы, Республикалық ғылыми-практикалық білім мазмұнын сараптау орталығы сынды бірқатар ғылыми ұйымдарға және өңірлер әкімдіктеріне жолданады.

Тілекгүл Есдәулет

ПІКІР ЖАЗУ