Педагог беделі
Қазақтың ұлы ақыны Мағжан Жұмабаев ұлағатты ұстаз, ағартушы педагог болған. Ол: «Алты алаштың баласы бас қосса, төр – мұғалімдікі» дейді. Сондықтан мұғалім мәртебесі, педагог беделі төр мен құрметке лайық болуы керек. Ал лайық болуы дегеніміз ұстаз үшін озат оқушы, білімді ұрпақ тәрбиелеу екені белгілі. Ұстаз қалай озат оқушы, білімді ұрпақ тәрбиелей алады. Айтайық, ол үшін ұстаздың білімді, ұлағатты болуы басты шарт.
Бүгінде әлем елдері білім мен ғылымға иек артқанының арқасында қарыштап дамып, қарқынды өркендеп келеді. Біздің еліміздің де даму стратегиясының басты міндеттерінің бірі – ғылым мен техниканы, экономиканы, әлеуметтік әл-ауқатты көтеру, өркендету. Заман талабымен үндес мемлекет құру. Ал, ол деңгейге жетуі үшін білім керек. Білімді адамның қабілет-қарымына қарай ұстаз ғана дарыта алады. Мұғалім өзінің іс-әрекетімен, мінез-құлқымен, білім-білігімен шәкіртке үлгі бола алады. Мектеп табалдырығын аттаған әр баланың жүрегінде алғашқы ұстаздың ерекше орын алатынын білеміз. Қазақта «Ұстазы жақсының, ұстанымы жақсы» деген сөз бар. Сондықтан ұстаздың ұлағатты болуы ел болашағын көркейтіп, рухын биіктетеді дейміз.
Мұғалім қызметінің ерекшелігі оқыту мен тәрбиелеу барысында шәкіртімен арадағы қарым-қатынасты басқара білуі мен үйлестіре алуында. Мұғалім көптеген нақты жағдайда қысқа уақыттың ішінде ең дұрыс педагогикалық шешімді таба білуі тиіс, ал мұның өзі әрқашан күрделі. Түптеп келгенде, мұғалімнің жауапкершілігі бүкіл ұлттың, ұрпақтың жауапкершілігі. Мұғалім баланың білімін, икемділігін, әдетін, мұратын және өмірлік мақсатын қалыптастырады. Сондықтан да Тәуелсіз еліміздің жас жеткіншектеріне сапалы білім мен саналы тәрбие беру ісі ең алдымен мектептегі мұғалімдердің білімі мен біліктілігіне байланысты.
Осы орайда мұғалім мамандығының беделін арттыру кез-келген мемлекеттің білім беру саясатының басты бағыттарының бірі болып саналады. «Педагог мәртебесі» туралы заң қабылдалғалы бері ұстаздар қауымының әлеуметтік сұранысы толық қамтылып, оқу жүктемесін азайту, қажетсіз тексерістерге жол бермеу секілді біршама проблемалар шешімін тапты. ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың және Білім және ғылым министрлігінің бастамалары негізінде елімізде білім беру саласын заманауи талапқа сай реформалауға бағытталған маңызды жобалар мен бағдарламалар бекітілді. Заңда білім саласының жаңа сапалық деңгейге көтерілуіне, мұғалімдердің абырой-беделін арттыруға, құқығын қорғап, оларды шығармашылық ізденістерге бастайтын нақты тармақтар белгіленген. Сонымен қатар педагог кадрлардың мәртебесін арттыру, олардың мансаптық өсуі, оқытылуы және кәсіби біліктілігін дамытуды қамтамасыз ету, сондай-ақ педагогтардың еңбегін мемлекеттік қолдау мен ынталандыруды арттыру мәселелеріне мән берілген.
Ұлы ағылшын ағартушысы Уильям Уорд «Жай мұғалім хабарлайды, Жақсы мұғалім түсіндіреді, Керемет мұғалім көрсетеді, Ұлы мұғалім шабыттандырады» дейді. Ендеше білім алуға құштар жанды шабыттандыру нағыз ұстаздың, ұлы ұстаздың ғана қолынан келетін іс. Өйткені қазіргі жас буын – еліміздің келер күнгі келбеті, болашағы. Егеменді еліміздің өсіп келе жатқан ұрпағын ойлы да іскер, жігерлі де батыл, өзіне сенімді, интеллектуалдық деңгейі биік, дүние танымы қалыптасқан азамат етіп тәрбиелеуде мектептің алатын орны да ерекше.
Ал, мектептегі мұғалімнің басты қызметі жаңа қоғамға сай білімді, көкірегі ояу, тәрбиелі, әр уақытта еліне қызмет ететін білікті тұлға қалыптастыру болса, негізгі міндеті қазіргі кездегі жаңа оқыту мен тәрбиелеу технологияларын меңгеріп, өзінің кәсіби біліктілігін әрі қарай дамыту. Сондықтан да әр педагогтың жемісті еңбек ете алатын, өзінің қабілеттері мен мүмкіндіктерін жүзеге асыратын жағдайлар туғызу қажет. Сол мүмкіндіктерді ел игілігіне бағыттап, ел болашағына өз үлестерін қосатын ұрпақ тәрбилейтін педагогтардың қатары көбейе берері анық.
Иә, мұғалімнің мәртебесін шынайы анықтайтын фактор – оқушының мұғалімнен алған білімі. Мұғалімнің шынайы мәртебесі білім саласындағы реформалардың нәтижелі болуымен және ұрпақтың сауатты, білім-ғылымға үйір болуымен анықталады. Яғни мұғалім толық мәртебе мен беделге, құрметке лайық беделге білім саласындағы білім мен біліктілік сапасы шынайы анықталған уақытта ғана ие болады. Демек «Педагог мәртебесі» заңының мәні мен мазмұнында ұстаздың өмірлік ұстанымы мен ұлтқа қызмет ету принципі, адалдығы мен ар-намысы жатқанын сезіне білгенде ғана, әрбір мұғалімнің орны әрқашан төр болып айқындалатынын естен шығармаған абзал.
Тілекгүл ЕСДӘУЛЕТ