Ұрпақ ұлтқа қызмет қылсын…
Былтыр қазан айынанда ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев мемлекеттік бағдарламалардан ұлттық жобалар форматына көшу жөнінде айтқаннан кейін, көптеген бағдарламалар ұлттық жоба бағытында жетілдірілді. Мемлекет басшысының мұндағы негізгі мақсаты ұрпақ ұлтқа қызмет етсін деген көзқарастан туындағанын айтсақ, артық болмайды.
Солардың бірі «Білімді ұлт» сапалы білім беру» ұлттық жобасы. ҚР БҒМ-нің хабарлауынша, Ұлттық жобаның мақсаты – балаларды мектепке дейінгі тәрбиемен және оқытумен қамту, қалалық және ауылдық мектептер арасындағы оқыту сапасындағы алшақтықты азайту, оқушы орындарының тапшылығы проблемаларын шешу үшін мектеп салу, қауіпсіз және жайлы білім беру ортасын құру cекілді мәселелерді шешуге бағытталған. Сондай-ақ жобада жедел шешімдерді талап ететін және халықтың қажеттілігін қамтамасыз етуі тиіс мәселелер бойынша мемлекеттік бағдарламамен сабақтастық сақталғанын көруге болады.
Ұлттық жобаны әзірлеу барысында қоғам өкілдері, сарапшылар, мүдделі мемлекеттік орган қызметкерлері сапалы білім алуға қолжетімділікті кеңейтуге мүмкіндік беру бағытына ерекше мән берген болатын. Бүгінде оқушыларымызды, жас өспірімдерді заманауи біліммен қамту, ғылыми тұрғыда ізденуге баулу және олардың санасына ұлттық құндылықтарды сіңіре отырып, халықтық педогогика мен психология негізінде тәрбиелеу ең басты міндеттердің бірі. Қазақтың үш жүзінің басын қосқан, өз заманында сыртқы күштермен, көрші елдермен терезесі тең саясат ұстана білген хан Абылай «Білекке сенген заманда ешкімге есе бермедік, білімге сенген заманда қапы қалып жүрмелік» деп өсиет қалдырған екен. Сондықтан бүгінгі Тәуелсіз қазақ елінің болашағы, жас ұрпақ білім күші сынға түскен жаңа ғасырда озық ойлы, тапқыр талантты, ғылымға бейім болып қалыптасуы керек. «Білекті бірді жығады, білімді мыңды жығады» дейді қазақ. Ендеше «Білімді ұлт сапалы білім беру» ұлттық жобасы аясында қамтылған бес міндетті атап өтейік:
Бірінші міндет – мектепке дейінгі тәрбие мен оқытудың қолжетімділігі және сапасын қамтамасыз ету. Осы міндетті орындау үшін «ақша баламен бірге жүреді» қағидаты бойынша ваучерлік қаржыландыру жолымен мемлекеттік тапсырысты орналастыру арқылы мектепке дейінгі ұйымдар желісін дамыту жөніндегі жұмыс жалғасатын болады. Нәтижесінде 2025 жылға қарай 2 жастан 6 жасқа дейінгі балаларды мектепке дейінгі біліммен қамту 95%-ға, 3 жастан 6 жасқа дейін 100%-ға жетеді. Сонымен қатар Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес барлық мектепке дейінгі ұйымда бала дамуының жаңа моделі енгізілетін болады. «Ойын арқылы оқыту» қағидаты негізінде мемлекеттік стандартты өзгерту көзделіп отыр.
Екінші міндет – орта білім беру сапасын арттыру. Атап айтқанда, өңірлер, қалалық және ауылдық мектептер (PISA) арасындағы оқыту сапасындағы алшақтықты азайту. Ұлттық жоба аясында оқушылардың білім сапасындағы алшақтықты азайту бойынша кешенді шаралар қабылданатын болады. Жоба шеңберінде 12 жылдық оқытуға көшу жоспарланып отыр. Биылдан бастап қосымша білім беруге мемлекеттік тапсырыс орналастыру жоспарлануда. Бұл процесс конкурстық негізде және жеке ұйымдарда өтеді.
Үшінші міндет – мектептерді жайлы, қауіпсіз және заманауи білім беру ортасымен қамтамасыз ету. Оқушы орындарының тапшылығын қысқарту үшін 2025 жылға қарай 1000 мектеп салу жоспарланған. Нәтижесінде үш ауысымды мектептер жойылып, апатты мектептер үлесі 0,1%-ға дейін қысқартылады деп күтілуде. 2025 жылға қарай шағын қалаларда, аудан орталықтарында, ауылдарда 5000 мектеп модернизацияланып, балаларды оқыту үшін қауіпсіз және қолайлы жағдайлар жасалатын болады.
Төртінші міндет – қолжетімді және сапалы техникалық және кәсіптік біліммен қамтамасыз ету. 2025 жылға қарай жастардың 100%-ы қажетті мамандықтар бойынша тегін техникалық және кәсіптік біліммен қамтамасыз етілетін болады. Қамтуды ұлғайту нәтижесінде NEET санатындағы жастар үлесінің төмендеуі күтілуде.
Бесінші міндет – қазақстандық жоғары оқу орындарының бәсекеге қабілеттілігін арттыру. Ұлттық жоба шеңберінде Назарбаев Университетінің тәжірибесі бойынша 20 академиялық артықшылық орталығы (15 өңірлік және 5 педагогикалық ЖОО) және 2 озық ЖОО құрылатын болады. Сонымен қатар 2025 жылдың соңына дейін шетелдік жоғары оқу орындарының 5 филиалын ашу жоспарлануда, бұл жастардың елден кетуін қысқартуға мүмкіндік береді.
Көріп отырғанымыздай, Мемлекет басшысы ұрпақ ұлтқа қызмет етуі үшін балабақша табалдырығынан бастап, сауатты-салауатты болуы үшін барлық жағдайдың жасалуын ескертті. Ал «Білімді ұлт» сапалы білім беру» ұлттық жобасы – тек мұғалімдер мен білім саласы мамандарының ғана емес, барлық ата-ана, еңбектеген баладан, еңкейген қартқа дейін жүрегімен сезініп, қарыштап дамыған ғарыштық дәуірде болашақ үшін аянбай тер төгуге, үйренуге, оқуға, талпынып-талаптануға үндейтін бірегей күш. Cондықтан бабадан қалған кең байтақ, дархан даламызды, салт-дәстүрі мен әдет-ғұрыпы, ділі мен діні мейірімге ұйыған халқымызды, ерлік пен өрлікке, батырлық пен мәрттікке толы тарихымызды, қылыштай өткір, тұмасы тұнық тілімізді сақтау бүгінгі ұрпақ бізге аманат. Біз келешек ұрпаққа қазақтың қасиетті ұлттық құндылықтарының киесі мен иесі екенін ұқтыруымыз керек. «Ұлтқа қызмет ету білімнен емес, мінезден» деген екен ұлт көсемі, алаш арысы Ахмет Байтұрсынов, Ендеше алдымен ұлттық рухани болмысымызды уызымыздан қанып ішіп, білім-білігімізбен, ғылымға сүйенген қуатты мемлекет құру біздің және сіздердің қолдарыңызда жас өрен.
Тілекгүл Есдәулет