Тіл – ұлттың жаны

2021 жылы 13 қазанда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев
Ұлттық жобалар тізбесін бекіту туралы Жарлыққа қол қойды.
Оның негізінде 10 нақты Ұлттық жоба анықталды. Соның бірі – 2021-2025 жылдарға арналған «Ұлттық рухани жаңғыру» жобасы.

 

Жобаның негізгі мақсаты – ұлттық кодты сақтап, мәдени бірегейлікті жаңғырту, ұлттық құндылықтар мен салт-дәстүрді насихаттау арқылы қоғамның мәдени деңгейін, талғамын және рухын көтеру. Сонымен қатар жобада «Рухани жаңғыру» құндылықтарын ілгерілету және мемлекеттік тілді дамыту», «Ел рухы» және «Тәуелсіздік ұрпақтары» деген 3 бағыт айқындалған. Яғни «Ұлттық рухани жаңғыру» жобасы қазақ халқының өткені мен болашағын жалғайтын ұлттық идея. Сондықтан да ұлттық құндылықтарды, туған жер, тіл, әдебиет, салт-дәстүр, әдет-ғұрып, ырым-тыйымдарды ұрпақ санасына сіңіре отырып, тәрбиелеу ұлт болашығының кепілі болмақ. Мұндағы «Рухани жаңғыру» құндылықтарын ілгерілету және мемлекеттік тілді дамыту» тармағында мемлекеттік тілді дамыту міндеті жекелей белгіленген. Мысалы, мемлекеттік тілді оқыту бойынша инновациялық ІТ-өнімдер әзірлеу, танымал анимациялық және танымдық арналарды қазақшалау, орта білім берудің тілге қатысты бағдарламаларына өзгерістер енгізу, техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдары үшін қазақ тіліндегі оқулықтар әзірлеу сияқты жүйелі іс-шаралар бар. Бір сөзбен айтқанда, мақсат – қоғамдағы қазақ тілді ортаны барынша кеңейту, оны тұрмыста ғана емес, ғылым мен білімнің, бизнес пен әлеуметтің тіліне айналдыру.
Жалпы қазақ тілін жан-жақты дамыту бағытында біршама ауқымды жобалар қолға алынып жатыр. Қоғам да кез келген адам қай мемлекетте өмір сүрсе, сол елдің тілін білуі, тарихи ұлттық құндылықтарына құрметпен қарауы керектігін сезіне бастады. Қазір мысалы астанада аралас мектептер саны қазақ мектептеріне қарағанда көбірек болғанымен, мемлекеттік тілді меңгеру мәселесі бәрібір күн тәртібіне шығып үлгерді.
Нұр-Сұлтан қаласының Білім басқармасының ұйымдастыруымен «Қазақ тілі: инновациялық идеялар мен педагогикалық іс-тәжірибелер» атты қалалық форумда мемлекеттік тілді меңгеру мәселесі қозғалды. Қалалық Білім басқармасының басшысы Қасымхан Сенғазиев: «Бәрімізге ортақ мүдде, ортақ мақсат – ол ана тіліміздің мәртебесін асқақтату және тіл мен әдебиетті оқытудың озық отандық және халықаралық тәжірибиеге сүйеніп, білім сапасын арттыру, тілді меңгерту», — деді өз сөзінде. Қазақ тілін оқу мәселесі негізінен мектептен басталады.

Ресми ақпаратқа сәйкес елордадағы
149 мектептің 99-ы мемлекеттік десек, олардың 35-і (35%) қазақша,
56-сы (57 %) аралас, 8-і (8%) таза орыс тілінде оқытады. Қазақ тілінде оқитын оқушылар саны – 114 442 (54,8%), орыс тілінде оқитын оқушылар саны – 93 312 (44,7%), соның ішінде қазақ балаларының саны – 62 398 (63%).

Сандарға қарап, қазақ тілінде оқыту бойынша жұмысты жетілдіре түсу қажеттілігі мен ата-ана баласын қазақ мектебіне беру проблемасының әлі де өзекті екеніне көз жеткізуге болады.
Тіл – ұлттың жаны, ұйтқысы, халық тарихы мен мәдениетінің даму жолы. Адамның ұлттық болмыс-бітімі тіл арқылы қалыптасады. Сол сияқты қазақ халқының да асыл қазынасы, ана тілі – қазақ тілі арқылы қалыптасады, дамиды. 1989 жылы алғаш рет Тіл туралы заң қабылданды. ҚР Конституциясына сәйкес қазақ тілі – мемлекеттік тіл. Ана тіліміз ана сүті мен әке қаны арқылы бойға дариды. Қазақ тілінің мәртебесін көтеріп, қолдану аясын кеңейту, келешекте ғылым, білім, техника тілі дәрежесіне жеткізу – бүгінгі қазақ қоғамының міндеті, қасиетті борышы. Тіл – ұрпаққа аманат.
Елдің болашағы жастар болғандықтан, бойға сіңген ана тілінің қуаты балабақша мен мектеп қабырғасында да қанатын кеңге жайып, ұрпақты білім нәрімен сусындатуда негізгі құрал болуы керек. Әсіресе мемлекеттік тілді оқыту бойынша инновациялық ІТ-өнімдерін әзірлеу, танымал анимациялық және танымдық арналарды қазақшалау, орта білім берудің тілге қатысты бағдарламаларына өзгерістер енгізу, техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдары үшін қазақ тіліндегі оқулықтар әзірлеу сияқты жүйелі іс-шаралар қысқа мерзімде жүзеге асуы тиіс.

«Ұлттың сақталуына да, жоғалуына да себеп болатын нәрсенің ең қуаттысы – тіл» деген Ахмет Байтұрсыновтың қасиетті қағидасына сүйенсек, Ата заң аясында бақ-берекетіміздің сақталуы қазақ тілінің болашағына да байланысты.

Тіл байлығын игеру – әрбір мемлекетшіл азаматқа сын. Ақын Қадыр Мырза Әли: «Ана тілің – арың бұл» деп қасиетті қазақ тілінің мәртебесі ар-намыс өлшемі екенін жайдан жай тілге тиек еткен жоқ. Өйткені қазақ тілі әлемдік мәдениеттің бөлінбес бөлшегі ретінде тек қазақ топырағында ғана мемлекеттік мәртебені талап ете алады. Тек қазақ елінде ғана тамырын тереңге жайып, ұрпақпен үндесе алады. Қазақтың да қазақ тілінің де қасиетті отаны – Қазақстан. Жаңа ғылым мен техника ғасырында қазақ тілінің көштен қалмай әлемдік тілдермен терезесі тең болып, иық тіресе алуы қазіргі ұрпақ бізге байланысты. Осыны бір сәт те жадымыздан шығармауымыз керек. Мемлекеттік тіл онсыз да отыз жыл сергелдеңді бастан кешті. Ендігі кезекте қазақ тілін ғылым тіліне айналдырумен қатар, елімізді мекендеген түгел ұлттың бірігуі үшін де қазақ тілінің қолданыс аясының кеңеюінің маңызы зор. «Адам баласы секілді мемлекеттің де барша тірлігі – ой арқылы пайда болады, ой арқылы сөйленеді, ой арқылы істелінеді, ой арқылы жүзеге асады. Ал ой дегеніміз, Абайша айтсақ, – «қаріпсіз-дауыссыз» сөз. Сөз дегеніміз – тіл, тіл дегеніміз – рух. Егер біз ел рухының мықтылығын – бақыт, ел бірлігін – мақсат, «Мәңгілік ел» идеясын мұрат тұтсақ, онда мемлекеттік тілдің тағдыры қашан да бірінші орында тұруға тиіс. Мемлекеттік тілді білу – еліміздің әр азаматының да, елге жұмыс іздеп тұрақты мекендеуге келген әр шетелдіктің де міндеті мен парызы болмағы абзал. Ата Заңда солай бекітілуі керек. «Ырыс алды – ынтымақ» дейді халқымыз, ынтымаққа ұйытқы ретіндегі мемлекеттік тіл құндылығы негізінде топтаса ойлаған-сөйлеген халық қана бірлікте болады. Бірлік туралы басқа ұрандардың бәрі – баянсыз. Аксиома», дейді ақын, мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Тыныштықбек Әбдікәкімұлы. Сондықтан тіл мәселесінде нақты, баянды қадамдардың жасалуы ел болашағы үшін жасалған бірден бір дұрыс шешім деп білеміз.

 

Тілекгүл ЕСДӘУЛЕТ

ПІКІР ЖАЗУ