АЛҒАШҚЫ НӨМІР

Бүгінгі таңда 20 жылдық тарихқа ие болып отырған басылымның өткеніне көз жіберер болсам, ойыма алғашқы санның қалай шыққаны оралады. Жолдасым марқұм Рахымбай Ханалы бір күні, «Балаларға арналған «Мөлдір бұлақ» журналының жобасын жасап, №1 нөмірін шығармақшымыз» деп келді. Ол уақытта бұрыннан келе жатқан «Балдырған» («Пионер»), кейіннен шыққан «Бала би» деген журналдар бар болатын. Бұл журнал балалар үшін қай жағымен ерекше болар екен деген ой келді. Сонда да көрейік деп өз ойымды ортаға салдым. «Біріншіден, түрлі түсті болып шығатын журналды шығару қымбатқа түседі. Екіншіден, жаңа журнал болған соң, оқушылар қалай қабылдайды, қалай тарату керек? Журналистердің ішінен баланың ойы, тілі мен жазатын тілшілерді редакция алқасына қалай қабылдау керек, олар қалай жазады?.. осы жағын ойладық» дедім.

Редакция ол кезде «Арман» кинотеатрының артындағы киностудияны жалға алып отырған еді. «Zaman–Қазақстан» газеті қаражат болмаған соң уақытша таралып жатқан кез. Түрік тілінде шығатын «ZAMAN» газеті (редакторы Ахмет Аляз, ол екі газетте де редактордың орынбасары болды) және Мәскеуден шығатын «ДА» журналы (редакторы Уфух Серт) бар. Бұлардың барлығы халықаралық «KATEV» қорына қарайды. Газет пен журналдарды басып шығарып жатқан түрік ағайындар болғандықтан, Қазақстан жақтан кеңесшілер болды. «KATEV» түрік қорына жаңадан төраға болып Эрсин Демиржи келді. Қазақшасы жоққа тән. Мен Абай атындағы педагогикалық университетте философиядан сабақ беремін. Өзіммен бірге сабақ беріп жүрген Болат деген жігіт арабша – турікше білетін еді, Эрсин биге сол жігіт қазақша үйретті. Сонымен журналдың бірінші, екінші беттерін жаза бастады. Газеттің дизайнеріне зейнеткерлікке кеткенше осы журналды шығарып жүрген Шамшибанум ханым кеңес беріп, көмектесіп отырды. Алғашқы редакторы түрік қызы Сумейра Авжы, онан Ахмет Аляз, Эрсин би бар барлығы журналдың қалған беттерін жазып шықты. Таңертең келгеннен кешке дейін отыратын. Түскі асқа, үйлеріне қайтуға, жолдарына ақша болмайтын. Түркиядағы зіл заладан кейін «KATEV» қорына қаражат түспей қалды. Студенттердің курстық жұмысы, рефераттар, дипломдық жұмыстарын Шамшибанумға әкеліп беремін, ол басып шығарып береді, мен ақшасын әкеліп беремін. Осылайша журнал Қазақстанда орналасқан түрік кәсіпкерлерінің көмегімен басылып шықты. Ол шыққанша Рахымбай мен Ахмет бей екеуі Астанаға бірнеше рет барып келді. Журналды заңды түрде тіркеу, редакция мүшелерін таңдау, журналды тарату барлығы Рахымбайға жүктелді. Журнал шыққан соң, ЦЕП (орталық тарату орны) арқылы бүкіл облыстарға, мектептерге жіберу, қазақ поштасымен келісім шартқа отыру, баспаханамен келісу, оларға қаражат тауып, төлеу барлығы қиыншылықпен жүрді. Журнал қолдарына тигеннен соң, мектептердің кітапханалары мен ата-аналар жазылды, ептеп қорға ақша түсе бастады. Журналдың мазмұнына, талабына көңіл бөліп, ең алғашқы мақалалар келді. Келесі нөмірлер оқырман мақалаларымен шықты. Журналдың алғашқы нөмірлерін таратуға атсалысқан, өз қолымен зілдей ауыр журналды жаяу арқалап таратқан Жанастан Кучукова еді. Кейіннен осы журналға редактор болды. Міне, жиырма жылғы тарихы бар «Мөлдір бұлақ» журналының алғашқы нөмірі осылай өмірге келді.

Априза Айтбайқызы, Философия ғылымдарының кандидаты, ҚР-ның Құрметті журналисі,
Астана қаласы, 2022 жыл

ПІКІР ЖАЗУ