ЕЛ мен ЖЕРДІҢ КЕЛЕШЕКТЕГІ ИЕСІ СЕНДЕРСІҢДЕР!

Халықаралық, қоғамдық, саяси-танымдық «Qazaqstan dauiri» газетінің және балаларға арналған «Мөлдір бұлақ» журналының Бас директоры, «ЕлАна» қоғамдық қорының президенті, «ЕлАна» қоғамдық-танымдық әлеуметтік-ақпараттық сайтының Бас редакторы, Қазақстан Журналис-тер Одағының мүшесі, Қазақстан Республикасының қоғам қайраткері, «Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері», Жамбыл облысының Құрметті азаматы. Сәуле Мешітбайқызы ұлттың жанашыры, мемлекеттік тіліміздің үздік нәсиқатшысы. Аналар мен балалар құқығын қорғаушы, Ақпарат саласының үздігі. Ардақты ана, аяулы әже. ҚР білім саласының үздігі. Ардагер, ұстаз. «Халық алғысы» медальдары. Ел президенті Қ.Тоқаевтың «Алғыс хаты» сияқты көптеген марапаттардың иесі. Халықтың өзі «ЕлАнасы» деген атақ берген ардақты жан.
Журналымыздың жарық көргеніне 20 жыл толуына орай, Сәуле Мешітбайқызымен өткізген сұхбатты назарларыңызға ұсынамыз.

– Құрметті Сәуле Мешітбайқызы, Сіз басшылық жасап отырған балаларға арналған республикалық «Мөлдір бұлақ» журналының шыға бастағанына 20 жыл толып отыр. Осы орайда сіздің ой-пікіріңізді білгіміз келеді.
– Иә, жиырма жыл аз уақыт емес. Жиырма жыл жас балдырғанның әбден жетілген бұла шағы ғой. Өмірге деген көзқарасы қалыптасып, ойлау қабілеті күшейіп, маңайына қызыға қарап, танымы жетілетін кезең емес пе?!.. Жиырма жылда қаншама бала «Мөлдір бұлақпен» сусындады, шөлін басты, қиялына қанат бітірді. Олар қолына қалам алып жазуға машықтанды. Осыған ана ретінде қуанамын.
«Мөлдір бұлаққа» мен басшы болғалы да біраз уақыт болып қалды. Бала санасының көкжиегін кеңітетін мұндай журналдар керек-ақ. Себебі балалардың азамат болып қалыптасуына, ой-өрісінің жетілуіне, ата-анаға, қатарластарына құрметпен қарауына, ұлттық құндылықтарды бойына сіңіруіне, ұстазын, ауылын, табиғатты сүюіне бұдан асқан қажетті құрал тауып беру қиындау. Әсіресе, балалардың зейінін ұштауға, оларды белгілі бір мамандыққа бейімдеуде балалар журналы тәрбиелік құрал. Жиырма жылда «Мөлдір бұлақ» көптеген балалармен сырлас болды. Көптеген белсенді оқушылардың өзара достастуына, араласуына жол ашты.
«Мөлдір бұлақ» журналы жиырма жылда мектептермен, әсіресе, ұстаздар қауымымен жақсы байланыс орната білді. Сынып жеткшілерімен арада орнаған бірліктің арқасында қаншама талантты балалар еңбегімен елге танылды.


Журналымыздың аудиториясы үлкен. Он төрт облыс пен Алматы, Астана, Шымкент қалаларында жас оқырмандарымыз көп. Олардан келетін хаттарды оқып отырып «Мөлдір бұлаққа» деген сүйіспеншіліктеріне риза боламыз. Журналға өлең мен әңгіме ғана емес, болашақ суретшілер, кескіндеме салушылар, мүсін салуға құштар балалардың еңбегі де көптеп шығады. Мақсатымыз: «Бұлақ көрсек, көзін ашу». Шабыттандырып даңғыл жолға салып жіберу…
Сондай-ақ журналда еліміздің тарихы, елге танымал атақты адамдар туралы қысқаша мәліметтер, еліміздің өткені мен жеткені, салт-санасы, ұлттық құндылықтары үнемі дәріптеліп келеді. Жас оқырмандарға «Өлкетану», «Тұлғатану» жайлы ақпараттар жеткізу басты міндетіміз саналады. Олардан келген хаттардан отанға деген, өткенге деген қызығушылықтарды аңғарамыз. Қыз балалардың ата-анасына қалай көмектесетіні, қандай тоқыма тоқығаны, қандай ас пісіргенді жақсы көретіні жайлы да арнайы бетіміз бар.
Жиырма жылдағы журналдың жетістігі – еңбегіміз еленіп жас оқырмандардың қолдауына ие болды. «Жас тілшілер» мектебін қалыптастырып, олардың қаламының ұшталуына бар мүмкіндік жасалды. Жас тілшілерміз, журналға ылғи мақала жазып келеді. Олар мектептерін, ауылдарын, ұстаздарын мақтан тұтады. Балалық алғаусыз ниеттерін ақ қағазға түсіреді…
Бір заманда «Балдырған» журналын балаларымызға қалай оқытушы едік. Тақпақтарды жаттатқызып, әңгімелерді талдататын едік. «Балдырған» – оқысам мойнымды талдырған» деген өлең жолдары әлі есімде. Ол кездегі ата-ана балаларының ұлттық танымнан алыстап кетпеуі үшін «Балдырғанға» жазылатын. Міне, енді тәуелсіздіктің арқасында өрісіміз кеңіп, жаңа басылымдар қосылып жатыр. Балалардың болашағы үшін, ғаламтордан назарын аудару үшін, смартфонға телміртпеу үшін, қажетті дүниелерді бойына сіңіру үшін «Мөлдір бұлаққа» жазылады деп ойлаймын. Және бұл дұрыс қадам.

– Адамзаттың түпкі мақсаты ұрпақ өрбіту және оны жанжақтылы сапалы етіп тәрбиелеу. Қазақта «адам мың жасамайды, ұрпағымен мың жасайды» деген сөз бар. Буындардың жалғасуы мен ұрпақтар сабақтастығы туралы ойыңызды білгім келеді.
– Ұрпақ өрбітуге адам түгілі жан-жануар мен ұшқан құс та мүдделі. Алланың қалауы, табиғаттың талабы осы. Алайда мәртебесі биік адам баласы – сана биігінде тұр. Сондықтан да ұрпағын өресі биік қылып өсіргісі келеді. Сол жолда бар күшін сарп етуге бар.
Балаларды жан-жақты тәрбиелеу үшін ұрпақ сабақтастығы керек-ақ. Өткен тарихын білмейтін, салт-дәстүрін сыйламайтын, үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсетпейтін ұрпақ – қоғам үшін, соның ішінде қазақ үшін қауіпті. Бала писхологиясы жұмбаққа толы. Жас өндір кезінде еліктегіш, сенгіш келеді. Бәрін білгісі келіп тұрады. Осы кезде тәрбиенің маңызы зор. Бала да бау-бақша секілді. Күтіп баптасаң, уақытымен суарып, шуағыңды төксең, жемісін береді. «Не ексең, соны орасың» деген фәлсапа осыдан шыққан. Бала көңілі жас шыбықтай қайда бұрасаң сонда иілгіш. Осы күні көзді арбайтын интернет дейтін сиқыр бар. Ол сезімді жаулайтын қызылды-жасылды әлем. Онда не жоқ дейсіз, зорлық-зомбылық, асу, ату, қатігездіктің неше түрі толып тұр. Әсіресе, жастарды баурағыш. Оның қармағына ілігіп, ата-анасын тыңдамай, психикалық ауытқуға ұшырап жатқан жастар көп. Оларды бәлкім ата-анасы дер кезінде байқап, бала бойындағы өзгерісті жақсы бағытқа қарай икемдемесең, адасып кету әп-сәтте. «Балаң тәрбиелі болсын десең, өзің тәрбиелі бол» деген тәмсілді осы жерге қыстыра кеткім келіп тұр. Қандай бала болса да ата-анасына қарайды. Сондай болуға тырысады. Ата-ана үшін баланы білімге қызықтыру, ыңғайына қарай бейімдеу ұлы міндет. Кітап оқудың артықшылығы жайлы бала санасына үнемі құйып отырса, өзі оқыған туындыдан қызықты оқиғаларды әңгімелеп берсе балаға әсері мол.
Біз журналда алдыңғы буын аталар мен аналардың, ұстаздардың, ұлы тұлғалардың өмірінен үзінділер келтіріп, ұлағатты өнегелерін жиі жазамыз. Балалар қызыға оқиды. Солардай болсақ деген арман жас жүректерде бүршік жаратыны сөзсіз! Оған жас оқырмандардың журналға басылған эсселері, шағын хикаяттары, жүрекжарды өлеңдері куә. Ұрпақ сабақтастығы деген осылай жалғаса беретін тағылымды дүние ғой…

– «Қазақстан дәуірі» ЖШС-ның басшылық қызметінде келе жатқаныңызға көп жылдар болды. Газет шығару, қоғамдық үнжария несімен ерекшеленеді? Ақпарат кеңістігі арқылы қоғамға қаншалықты ықпал жасап, өмірді қаншалықты өзгертуге болады?
– «Qazaqstan dauiri» халықаралық деңгейдегі басылым. Тәуелсіздіктің түйдей құрдасы. Алғашқы редакторы Халық жазушысы Қалтай Мұхамеджанов. Сондықтан бұл газетке басшылық жасау бізге үлкен міндет жүктейді. Газет талай қиын кезеңдерден өтті. Халық не көрсе, бұл да соны көрді. Билік пен халықтың ортасына алтын көпір болудан еш тайған жоқ. Өз айтары бар газеттің оқырман алдында ұстанымы анық, ары таза, беделі асқақ. Әділдіктің жаршысы болып нақты ақпараттар мен сүбелі мақалалар жазып келеді. Тұрақты өз оқырманы қалыптасқан, қазақ баспасөзінде шоқтығы биік газеттердің қатарында.
Сұрағыңа орай айтарым, газет пен журнал шығару үлкен еңбекпен келетін жұмыс. Қомақты қаржы да керек. Қызығы мен шыжығы да мол. Соңғы жылдары сол газет пен журналға жазылу қиындап барады. Себебі смартфон мен компьютер жазылуға көп кедергі келтіруде. Газет пен журналға жазылып оқу негізі біздің рухани байлығымыздың басы еді. Өкінішті жері, құндылықтар ауысып жатыр. Сөйте тұра, дамыған Америка мен Батыс елдерінде, Жапония әлі күнге дәстүрлі газеті мен журналын насихаттап, халқына қағазға басылған дүниенің денсаулыққа пайдалы жақтарын, есте сақтау қабілетін арттыратынын жарыса айтуда. Сондықтан газет пен журнал оқу – рухани жаңғырудың төте жолы. Ұрпағының болашағын ойлаған кез елген ата-ана балалар газеті мен журналын қосымша оқу құралы ретінде пайдаланса нұр үстіне нұр!

– Өткен 2021 жыл Президент тарапынан «Балалар әдебиеті жылы» деп жарияланды. Осы 2022 жылды да жалғастыруды айтты. Бұл бастама кезекті науқанның бірі ме, әлде ұрпақ тәрбиесіне көркем әдебиет арқылы шындап назар аудара бастадық па? Ары қарай не істеу керек?
– 2021 жылды Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Балалар әдебиеті жылы» деп атағанын қуана қабылдағанның бірі менмін. Себебі, балалар туралы шығарма жазу өте қиын. Бала психологиясын, бала талғамын дәл табу, оны еліктіріп жақсылыққа жетелеу – кез келген жазушының қолынан келмейтін іс. Бала табиғаты өте нәзік. Нәзік талғамды қажет етеді. Көркем әдебиетте балалар туралы жазбаған жазушы жоқ. Бірақ бұл салаға тұрақтап қалғандары некен-саяқ. Осының өзі көп жайдан хабар берсе керек.
Осы арада мынаны айта кеткім келеді. Балаларға қажетті газет-журналды ең бірінші әр ата-ана өзі сезіне алуы керек. Сүйіспеншілігін алдымен өздері көрсете білсе, уақыттарын бөліп шығарманы бірге оқып ой бөліссе қандай ғанибет! Содан кейін мектепте бұл іс жалғасын тауып, мұғалімдердің қарым-қабілеті арқылы дами түссе оқушының бағы сол! Кеңес заманында мектепте оқу конференциялары болушы еді. Көрмелер таныстырылатын. «Заманның озығы бар, тозығы бар» демекші ол кезде әр сыныпта «Менің кітапханам» деген жақсы үрдіс болатын. «Менің кітапханамда» сол сыныптың ерекшелігіне қарай кітаптар тізімі тұратын. Соны жазғы каникулдан оқушылар келгеннен кейін жарыса оқытатынбыз. Қазір бұл үрдіс жоғалып барады. Әйтсе де, мектептерді аралап жүріп «Мен кітап оқимын», «Кітап оқитын мектеп» деген акцияларды көзім шалып қалады. Оқушыларды газет-журнал оқытуға, қызықтыруға арналған игі істер жасалып жатқанына қуанамын.
«Балалар әдебиеті тураы жазатындар аз» дегенге саятын жазбаларды мен де оқып қаламын. Ауызды қу шөппен сүрте берген жарамас. Балалар туралы жазған жазушылар бар. Қазір де баршылық. Мысалы: Ыбырай Алтынсарин мен Саттар Ерубаевтан бастасақ Сапарғали Бегалин, Бердібек Соқпақбаев, Өтебай Тұрманжанов, Мұзафар Әлімбаев, Тұманбай Молдағалиев, Қадыр Мырза-Әли т.б. Бүгіндері де көптеген жас жазушылар өсіп келеді. Сондықтан «Балалар әдебиеті жылы» әлемді жайлаған індетке байланысты қанатын кеңірек жая алмады. Биыл жалғасын тапса құптарлық жаңалық екен. Отыз жылдықтың қарсаңында «Балалар әдебиетінің антологиясы» жарық көріпті. Сол кітаптағы отыз қаламгер бүгінгі таңдағы өкілдеріміз.
Бала тәрбиесі науқандыққа ұласса, ол ең бірінші мемлекеттік идеологияның осалдығы. Бала – ұлттың келешегі, мемлекеттің шам-шырағы. Олай болса, болашақ үшін жұмсалған күш-қайраттың бәрі – қайтарымы мол инвестиция. Салынған қаржы мемлекеттің болашағына жасалып отырған үлес. Бұл игі іс алдағы уақытта да жалғасын табады деген сенімдемін.

– Сәуле Мешітбайқызы, сіз ең әуелі анасыз, онан кейін қоғам қайраткерісіз. «Qazaqstan dauiri» газеті мен жастарға арналған «Мөлдір бұлақ» журналының бас директоры ретінде қызмет етіп келесіз. Баспа саласы мен ақпарат кеңістігінде сізді не қуандырады, не нәрсе алаңдатады?
– Иә, анамын, әжемін. Мені ерекше алаңдататыны қоғамдағы енжарлық. Ата-аналардың бала тәрбиесіне олақтығы. Бала болашағына немқұрайлы қарайтындары. Әр нәрсенің себебі мен салдары болады. Әлеуметтік мәселе де бір бүйірден азынап тұратын шығар. Десек те, бала тәрбиесі – ұлт тәрбиесі екенін бір сәт естен шығармаған абзал. Елді аралап жүріп көп нәрсеге күйініп, көп нәрсеге қуанамын. Кейбір кабинеттерге кірсең қаптаған «Рухани жаңғыру» деген сөздер. Айналасы тап-таза тақыр, жылтыраған қабырға. Тек көрме үшін қойылғандай. Негізі рухани жаңғыру деген – рухани баю емес пе?! Балаларды бос уақыты болса газет-журнал оқуға, өткен тарихты білуге шақыру емес пе?
Бала кезімде әкем жарықтық «Қазақстан пионерінен» бастап газет-журналдарды атына теңдеп үйге әкелетін. Елде шығатын қазақша-орысша басылымдардың бәріне жазылатын. Алдымен өзі оқып, содан кейін бізге оқуға беретін. Міне, тәрбиенің көкесі. Және бізді қызықтырып, «ана жерде былай жазылыпты», «мына бетте жақсы өлең бар екен» деп отыратын. Біз жапатармағай оқып, жақсы өлеңдерді жаттап алатынбыз. Осындай ата-аналар қайда бүгін? Жалғыз менің әкем емес, сол дәуірдің адамдарының көбінің тірлігі осы еді.
Мені қатты алаңдататыны: «Газет пен журналға жазылуға ешкімді мәжбүрлемеңдер» деген қашыртпа сөз. Кімнің бұйрығы екенін білмеймін, қай мектепке барсақ та, алдымыздан шығатын сөз осы! Бұл «қаламасаңдар, жазылмаңдар» деген тапсырма ғой. Жүрегің ауырады, қынжыласың. Баланы мәжбүрлеп мектепте оқытамыз ғой білім алсын деп. Онда неге балалар газет-журналына ата-аналарын жаздыртуға мәжбүрлік тудырмасқа? Ата-анасы мен ұстаздары бағыттамаса, нұсқап отырмаса, оларды кітапқа кім ауыздандырады? Бір жылдық жазылымға төрт-бес мың теңгені қимау – баланың тағдырына балта шабу емес пе! Зейінді ұрпақ өсіру үшін осынша ақшаны қарастырып тауып беруге болды. Балаға бағыт-бағдар сілтеу мектеп директоры мен мұғалімдердің, ата-аналардың қасиетті борышы болуы керек деп білемін. Бұл да қалып барады. Осындайда қамығамын. Ана тілінен безінген ата-аналарды көргенде, олардың балаларының болашағына алаңдаймын. Тек үмітім, тәуелсіздіктің арқасында ұлттық рухымыз оянып келеді. Сол дәтке қуат!
Баспагерлермен жиі кездесіп сұхбаттасып жатамыз. Көптеген проблема айтылады. Баспаның бәрі жекеменшік болғандықтан, әркім «өз қотырын» өзі қасиды. Қалай болғанда да мемлекеттің қолдауына бәрі зәру. Әсіресе, балаларға арналған газет-журнал шығару өте кірпияздықты қажет етеді. Мысалы: Америка, Жапония тағы басқа да Еуропадағы мықты мемлекеттер балаларға арнап шығарылатын газет-журналдарды, өзге де танымдық дүниелерді өздері қадағалап, үнемі қаржылық қолдау білдіріп отырады екен. Бұл дегеніңіз балаларды жамандықтан сақтау, түрлі ғаламтордағы бұзықтықтардан қорғау болып шығады. Неге осындай жақсы бастамалар бізде қолдау таппасқа? Баспа саласы мен ақпарат кеңістігінде мені қуантатыны сын айтуға еркіндік бар. Қалыптасып келе жатқан демократия бар. Ал алаңдататыны газет пен журналдар тендерге тәуелді. Тәуелділіктің артында бұқпантайлық, жалтақтық тұратыны жасырын емес.

– Қолыңыздағы «Мөлдір бұлақ» журналы 2002 жылы жарық көріп еді. Міне, енді 20 жылға толды. Бәрі де көз алдыңыздан өтті. Заман түрленіп, оқырман жаңаланып жатыр. Тәуелсіз елдегі жас оқырмандарыңызға не айтасыз?
– «Мөлдір бұлақ» жас оқырманы көп басылым. 20 жылда қаншама бала санасына бетбұрыс жасайтын дүниелер ұсынды. Елдік, ұлттық, отаншылдыққа тәрбиеледі. Қаншама жас дарынның жұлдызын жақты. Қаншама шалғайдағы мектептердің республикаға танымал болуына жағдай жасады. Журналға үнемі жазып, белсенділік танытып келген балдырғандар кейін жоғары оқу орындарына түсіп, ата-аналары бізге алғыстарын да жеткізіп жатады. Бұдан асқан бақыт бар ма? Ұлт руханиятына қызмет етіп, жас өскіндерге бағыт-бағдар сілтеп, рухани түлетіп жатсақ – журнал балалар алдындағы өз миссиясын адал атқарып келеді деуге болады!
Бір айта кететін нәрсе, бәріміздің көз алдымызда бұрқ ете қалған «қасіретті қаңтар» оқиғасының салдары қоғамға ауыр зардап алып келді. Бұзып-шаққан, өртеп-тонаған, бұзақылыққа барып халықтың мал-мүлкіне қиянат жасағандардың көбі 20 мен 40 жастың арасындағы жастар. Олар арандатушылардың артынан қалай ілесіп кеткендерін байқамай қалды. Дені тәуелсіздік жылдарындағы ұрпақтар. Бұл ащы сабақтан байқағанымыз, қоғамдағы жастар тәрбиесінің, олардың сана-сезімінің қараусыз қалғанын білдіреді. Отаншылдық пен мемлекетшілдік толық қалыптаспапты. Соның кесірін бәріміз анық көрдік. Ендеше, балалар журналының, жастар тәрбиесінің тіпті де қажет екені анық. Ұлттық идеологияның кемелденуіне қызмет етуге тиіспіз.
Тәуелсіз елдегі жас оқырмандарға айтарым, көп оқыңдар, көп ізденіңдер! Тілге, ділге ерекше құрмет көрсетіңдер. Ата-аналарыңды құрметтеңдер! Ұстаздарыңды сыйлаңдар! Достарыңа адал болыңдар! Ел мен жердің келешектегі иесі сендерсіңдер! Еңбектеніңдер, бейнеттің артында зейнет бар. Адал жүріп, орнықты тұрыңдар. Ұлтқа қызмет етіңдер айналайындар!
– Уақыт бөліп, сұхбат бергеніңізге көп рахмет!

Дәулетбек Байтұрсынұлы,
«Мөлдір бұлақ» журналының
бас редакторы

ПІКІР ЖАЗУ