БОРАН

Дүниенің төрт бұрышындағы тағдыры бөлек, татқаны басқа болса да, қаны бір қазақ баласының жүрек үнін көрсететін, ҚР мәдениет және спорт министрлігінің тапсырысы бойынша «Боран» толықметражды көркем фильмі ұлттық құндылыққа ие, мемлекет мүддесі үшін қызмет ететін, ұлттық жоба. Бұл жоба «Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығы» КЕАҚ-ның қолдауымен түсіріліпті. Жүздеген сценарилердің арасынан іріктеле келе көптің көзі бір нүктеге тоқтап, көңілі осы «Боранға» ауған екен.

 

Киноның продюсері Ербол Бораншы, қоюшы режиссері Сәбит Құрманбеков, басты рольде Мағжан Тұрыс, Сценари авторы Ербол Бораншы, Сәбит Құрманбеков. Қоюшы оператор Екпін Есен Айтмұқамет, қоюшы суретшісі Қастер Өмірбек, Жамбыл Құрмаш, музыкалық шығарманың авторы Ұшқын Жамалбек. Міне, өздеріңіз көріп отырғандай кино өнері көптеген мамандардың тоғысқан, бірлескен еңбегінің нәтижесі. Әуелі иланарлық идея керек, содан кейін үйлесімді тартымды сценари болу керек. Осы нәрселер өмірге келген соң оны жүзеге асыратын ақша қажет болады. Ақшаның келу қайнары мемлекеттік және кәсіпкерлердің демеушілік жолымен жүзеге асады. Бұл киноның қолдаушысы мемлекеттік бюджет екенін көріп отырмыз. Осы мәселелер шешілген соң оператор, суретші, композитор сайланады. Бәрі дайын болған соң, енді киноның жүрегі, ең басты көрерменнің көзіне түсетін, анау тасадағы көп жұмысты жарқыратып алып шығатын, айпара ететін актер. Образдарды орынды ойнап шығу, әртістің шеберлігіне байланысты десек те, оған бағыт-бағдар беріп, көмескі, тасадағы таланттарды аша түсуде тағы да режиссердің фантазиясы, сан қатпарлы қиялы керек болады.


Бұл нәрселерді сөз етіп отырғаным, біз көріп шыққан «Боранның» өмірге келуі осы «төртеудің» түгел болып, төбедегінің келгенін көрсетеді. Боран деген табиғаттың құбылысы болғанымен, киноның атына айналғанда ол ақ мылтық аяз, ақ қарлы даланың боранынан заманның, саясаттың, дәуірдің боранына айналып ұйтқып соғып тұрғанын елестетеді. Онан ары тереңге сүңгіп адам жанының ішкі буырқанысынан туған боранын бейнелейді екен. Біз осы уақытқа дейін Сәбит Құрманбековтің «Оралман» филмьін көріп риза болғанбыз. Ондағы басты рольді Дулыға Ақмолда сәтті ойнап шыққанын жұрт біледі. Оқиға Ауғанстаннан отанға оралған қандасымыздың тағдыры туралы өрбитін. Мынау «Боранда» оқиға кеңестер одағы мен қытай арасындағы шекарада болған бір оқиғаны негізге алып екіге жарылып, екі елде тұрып жатқан бір қазақтың өмірінен сыр шертеді. Бас кейіпкеріміз алты жасынан сахнада өскен, осы кезге дейін көптеген филмьдерден көрініп, көзге түскен Мағжан Тұрыс (әйгілі Бегжан Тұрыстың баласы). Реті келіп тұрғанда айта кетейін, Мағжан батыр өзіне жүктелген міндетін бұлжытпай, мүлтіксіз алып шығыпты. Ол кинода адасатын шофер рольін сомдайды. Қыс кезінде алыс ауылға жем-шөп апару үшін жолға шыққан жас жігіт қалың қар мен үдей соққан боранның салдарынан бағытынан тайып, жолынан адасып кетеді. Ол арада екі қонып, жүре-жүре Қазақстанның аумағынан асып, Қытайдың территориясына өтіп кетеді. Соңында машинасы бұзылып, бензіні таусылып, азынаған желдің өтінде көлігі қарға көміліп қасат қардың астында қалады. Әне сол кезде Қытай жағындағы шекарада мал бағып отырған қазақтың ақсақалы тауып алып үйіне алып келеді. Алдында суға түсіп кетіп, артынан темір көліктің ішінде суықтан үсінген Құрмашты (Мағжанды) тонға орап атпен алып келген соң, дереу шешіндіріп денесін қармен ысқылайды. Онан соң шипалы маймен жақсылап сылап майлады, артынан семіз қойын сойып суығын тарттыру үшін қойдың терісіне салады. Ұлттық ем-дом жасап сауықтырады.


Малшының үйі шекарада болғандықтан, қытайдың шекарашы солдаты сол үйде жатып ас-суын ішіп, күзет қызметін жасап жүреді. Ақсақал әлгі қытай әскерінен жасырып Құрмашты туысқанымның баласы деп өтірік айтады. Адасқан шоферді жақсылап қарап денсаулығын қалпына келтіреді. Осы тұста кадрдан қытайдағы қазақтардың тұрмыс-тіршілігі, өмірі көріне бастайды. Киген киімі, жеген тамағы, адамдық болмыс, ұлттық мінезі көрінеді. Қарапайым қазақтың қариясы мен әжесінің шынайы өмірі өріледі. Сонымен қатар ата мен апа, адасушы мен солдат, сырттағы боран мен іштегі дауыл шарпысып отырады. Бір қызығы 1966-1976 жылдардағы қытайдың «мәдениет зор төңкерісі» кезіндегі пұтқа табынғандай қытай коммунистерінің басшысы Маоға табынғанын өте нанымды етіп көрсетеді. Саясаттан қорыққан ақсақал қытай солдаты шырт ұйқыға кеткенде қой қораға барып қойдың арасында намазын оқиды, парызын өтейді. Уақыт өте келе, әртүрлі айғақтар мен салдарлардың нәтижесінде қытай солдаты Құрмаштың жат жұрттық екенін сезіп қояды. Оқиға тіпті шиеленісіп ширыға түседі… Соңында шекарашы қытайдың қалжырап ұйықтап қалған сәтін пайдаланып адасқан Құрмашты атқа мінгізіп ауылдан алып шығады. Осы арада Ақиық қыранның аяқ бауын шешіп, томағасын сыпырып еркіндікке, зеңгір көкке жіберуі арқылы Құрмашты да өз отанына қайтаруға беттейді. Ел білмейтін тау жолдары мен көзден таса қалтарыс бұқпалар арқылы Құрмашты құтқарып жібереді. Ақсақал жер шегінен асырып солқылдап тұрған аспа көпірден өткізіп жіберген соң, арқасынан ауыр жүк түсіп, үйіне қайтады. Ол қыстауына жеткенде алдынан мылтық кезеген қытай әскері қарсы алады. Оқталған мылтықтың ұңғысы өзіне кезеліп тұрған қарт аттан түседі, кеудесін керіп «атсаң ат!» дегендей күзетшіге тесіле қарайды. Қытай солдаты ат жетелеген ақсақалды алдына салып айдап кетіп бара жатады.


Мен кинодағы барлық детальдерге тоқталып отырған жоқпын. Оны киноны көруге ұмтылған, тамашалап тамсанған ағайын өзі сезіне жатар. Ең бастысы «Боран» өзінің діттеген жеріне жетіпті. Кеңестер одағы кезінде, онан кейін де қандастар (оралмандар) тағдырын өзек еткен бірнеше кино экранға шықты. Мынау тағы да бір қадам ілгері басып, бұл үлкен мәселені көркем фильм арқылы көтеріпті. Басында айтқанымыздай тағдыры бөлек тамыры бір, өмірі басқа өзегі бір қазақтың хал-ахуалы ашылыпты. Мемлекетте, жерде шекара болуы мүмкін, бірақ, жүректе, адамгершілікте шекара болмайды. Әлем сиырдың бүйрегіндей бөлек-бөлек болса да, оның негізгі тұрғыны адамның арманы ортақ, тілегі бір. Жер шарындағы қырықтан аса елде шашыраған қазақтың ортақ мақсаты, түпкі тілегі Қазақстанның үстінде. Саясат санқилы жолға салғанымен, «Қарға қарғаның көзін шұқымайды». Әсіресе, қазақ үшін отан ұғымы тіпті бөлек. Сондықтан да Қазақстан тәуелсіздігін алған 1991 жылдан кейін Қытайдан, Моңғолиядан, Өзбекстаннан, Ауғанстаннан, Түркиядан қандастар алды-артына қарамай атажұртқа лап қойды… Соның нәтижесінде Ота-нымызға бір милионнан астам қазақ қосылды. Кинода үлкен идея, ұлы мақсаттың ұшқындары көрінеді. Міне, біз бүгінгі күнге сондай бодаулар беру арқылы жеттік деп тұр. Қазақтың бір ғана Отаны бар, ол – Қазақстан.
Бір ескерте кететін дүние, «Боран» деректі кино емес. Ол көркем фильм. Оқиғалар, деректер, уақыт жағынан дәл келмей жататын эпизоттар болуы мүмкін, бірақ, астарына, идеясына, мақсатына үңілген адам көп нәрсеге көзі жетеді. Кейіпкерлердің сөзіден гөрі киноның «үнсіз» тілі басым. Бұл киноның тағы бір жетістігі 2000 жылдарда шетелден елге келіп жоғары оқу орындарына түсіп білім алған бір топ талантты жастың қажетке жарап Қазақстан қоғамында қомақты күшке айналғанын анықтайды. Кәсіпкерлер, ақын-жазушылар, өнер адамдары, ғылым-білім жолында келе жатқан ғалымдар көптеп кездеседі. Енді міне, кино саласынанда үздіктер топ жарып жатыр. Кешегі жастар, бүгінгі қоғамның тіректі күшіне айналыпты. Сәбит Құрманбековтың командасы сондай жігерлі жігіт, өнерлі шәкірт, талантты топтан құралыпты. Сәкең бір топ ізбасар тәрбиелеп, кең жүректі, ұстаздық пейілін танытып, өнерге жаңалық алып келіп отыр. Әсіресе, соңғы кезде көзге түсіп жүрген Ербол Бораншы үлкен жұмыстар атқара алатынын дәлелдепті. Киноның тағы бір жетістігі осы!.. «Жас келсе, іске» деген, «елге ел қосылса, құт болады», «көп ауған жаққа Қызыр ауады».

Дәулетбек Байтұрсынұлы,
ақын, ҚЖО-ның мүшесі

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *