АШУДАН АБАЙ БОЛАЙЫҚ!

Бүгінгі таңда өзіне өзі қол салу қоғамдық дертке айналып, ер-әйел, кәрі-жас бәрін қамтыды. Әйтеуір бұл індет тиылмай отыр, оқушылар мектеп бітіріп, тіпті анау жазғы емтихан аяқталған кезде өспірімдердің мемлекеттік ҰБТ-дан өтпегендерінің арасында белең алып талай ата-ананы, талай отбасыны зар жылатып қайғыға батырады. Төмен баға алып қалғаны үшін, жоғары оқу орнына түсе алмай қалғаны үшін мезгілсіз мерт болып өлім жолын таңдап ұрынып жатады. Тығырыққа тірелген адамдар, отбасының кикілжіңі, ер-әйелдің ардан аттауы, кәсіпкердің кенеттен күйреуі, жоқшылықтан, кейде байлықтан басы айналудан адамдар азғындап, өзін өлтіріп құрдымға кетіп жатады. Адам ашуға булыққанда, көзі соқыр болып тығырыққа тіреледі. Жеңіліс жеңістің анасы, түннен кейін таң ататыны секілді, сәтсіздіктен сабақ алса, табысқа жетеді.
Ұстаздар ылғи айтатын, әрі шәриғат бойынша оқыған кітаптарымыз бен тыңдаған уағыздарымыз бойынша бұл аты жаман суицидтің болу себептері, сұмдық дәрежеде өршіп қозуы, жүзеге асуы қателік, қасірет. Бұл өзі жын иектеген ауру, рухани дерт. Ол тұқым қуалаудан қан арқылы берілуі де мүмкін. Жастардың құрғақ намысқа берілуі, ақылының таяздығы себеп болады. Адамның әлсіздігін пайдаланып, шәйтанның шабуылы, нәпсінің білермендігі, жалған атақ, орынсыз ашу арқылы білместікпен ұрыншақтық жасау болып бөлінеді. Себебі, адамның өз ішінде немесе сыртқы күштердің түрткі болуымен пайда болады. Қайсысы болса да қасіретті, қайғылы жаман әдет. Ол өзімен ғана кетпей, бір қауым елді, бір әулетті әуреге салып күңірентіп кетеді. Сүйекке таңба салып, діни ережелерге қайшы келетін кесірлі жағдай екені анық. Бірер мысал айтар болсақ, баяғыда бір жас келін аяқ астынан алақызып, үйге бір кіріп бір шығып, мал қораға кіргіштей беріпті. Мұны байқаған сол үйдің қариясы ақырын қораға барып қараса, төбедегі белағашқа тұзақтап байлаулы тұрған жіпті көріпті. Бір сұмдықты сезген қария әлгі асулы жіпке қорадағы ешкінің бірін іліп кетіпті. Сәлден соң келіншек қораға кіріп келіп, өзі іліп кеткен жіпте асылып салбырап тұрған ешкіні көріп «баж» етіп, шошығанынан есінен танып құлапты. Артынан бәрі жетіп барып бетіне су шашып есін жиғызып келіннен, «Айналайын, саған не болды?» – деп сұрайды. Сөйтсе «Соңғы бірнеше күннен бері бір қара көлеңке мені осы қораға шақырып асылуым керектігін айта берді. Мына өмірден түңілдіріп өлімнің қызығын миыма құя берді. Сол себепті бәрін ұмытып жіпті жаңа ғана байлап кетіп қайта айналып келгенімше, менің орныма ешкі асылып тұрғанын көріп есім шығып шыңғырғаным сол» деп, өзіне келген екен. Бұл мысалдан байқайтыным, еркі әлсіз пенделерді жын иектеп жамандыққа жетелейді. Сондай кезде анау қария секілді дана адамдар алдын алып, жолын қиса, суицидтің алдын алуға болады екен, оны рухани ауру дейтініміз сол.

 

Екінші мысал, осыдан отыз жыл бұрын болған оқиға. Бір жігіт қыз алып қашып әкеліп, ел-жұрты жиналып ақылдасады. Ұлдың отбасына туыстары шақырылып «жылу» (көмек) жиналады. Сол кезде кедейлеу жас отбасының иесі Кемдік деген жігіт те сол ортада отырыпты. Үй иесінің әйелі сөз алып: «Сен не бересің, ал сен не бересің?» деп туыстарын тергеп сұрай бастайды. Кезек Кемдікке келіп, ол: «Менің қолымда ештеме жоқ, басқаша қолдан келер көмегімді аямаймын» деп ақталыпты. Сол кезде шайпау жеңге шапшуырлап: «Сенен не шығушы еді, кесіп алса, қанда шықпас!» деп кекетіп қатты қағытыпты. Сол сәтте жігіттің арғы жағынан буырқанып көтерілген намыс бойын шеңбектеп көзіне қан толып ашуға батыпты. Көз ілеспес шапшаңдықпен жанқалтасындағы бәкісін шығарып жеңгесіне қарап: «Саған керегі қан ба? Мә, ондай болса, қаныма той» деп, өз кеңірдегін орып жіберіпті. Мінеки, еш уақытта өлім туралы сөз айтып көрмеген азамат қас пен көздің арасында ажал құшыпты. Бұл сыртқы себептердің ықпалымен болатын суицид болар деп шамалаймын. Қайсы түрі болса да, оңып тұрғаны жоқ. Ол сабырсыздықтан, жүректің ақиқатты ажыратуға дәрменсіздігінен туатын ауру екенін білдіреді. Ендеше, «Дін ислам бұл туралы не айтады?» деген, мәселеге ойысар болсақ, тағы сол ұстаздардың айтқаны есіме түседі.

 

Қасиетті Құран-Кәрімдегі «Ән-Ниса» сүресінің 29-30 аяттарында ол туралы анық үкім бар екн. Онда (есімдегі мазмұнын айтайын): «Әй, иман келтіргендер, сендер өздеріңе зұлымдық жасамаңдар, Алла аса мейірімді» деп айтылып, егерде адам өзін-өзі өлтірсе, онда тозақтық болатындығы ашық айтылыпты. Бұл жердегі зұлымдық етудің мәні пенде өзіне-өзі қол салып жазым болса немесе біртіндеп өзіне қастандық жасап залал келтірсе дегенді білдіреді. Осы аяттарды ілгерілей түсіндірген Пайғамбарымыз Мұхаммед Мұстафа (с.ғ.с.) біріншіден үшкір темір арқылы өзіне қастандық жасаушылар, екінші, у ішіп өлім құшқандар, үшінші, таудан құлап жазым болғандар ауыр күнә деп тереңдете түсіндіреді. Олар тозақтық болып сол азап оны үздіксіз, тоқтаусыз қинайтыны білдіріледі. Демек, өзін-өзі өлтіру Құран арқылы, Хадис арқылы қатаң тиым салынған жағымсыз әрекеттердің бірі.

 

Жоғарыдағы мен мысал еткен «ешкі асылған» жас келіннің оқиғасы, жас жігіттің: «Саған керегі қан ба?» деп қапы кетуінің бәрі иманның әлсіздігі, ерік-жігердің бостығынан туындайтын кесір-кесапат деуге болады. Суицидтің емі, оны желіктірген дегбірсіздіктің емі, шолақ ойлап ұшқалақтық жасаудың емі – тек қана Иман. Ол Құран қағидалары мен Хадис тәлімі арқылы ғана тәртіпке келетін, дауасын табатын кесел. Өйткені нағыз иман қан мен жанына сіңген адам еш уақытта өзіне-өзі қол салмайды. Оны ешбір дәрігер, ешбір психолог емдеп жаза алмайтын, технологияның әл-қуаты жетпейтін дауасыз дерт. Тағы да қайталасақ, адамның ішкі жан-дүниесін шыңдайтын, екі әлемді тең ойлай алатын тақуалығын күшейтетін тек қана Иман. Ол Қасиетті Құран мен Хадистен келетін тура жол. Қарап отырсақ, исламның негізгі міндеті аманатқа қиянат жасаудан сақтайды. Өйткені адам жаны Алланың аманаты, оны қорғау, сақтау құлға тапсырылыған міндет. Өлім Алланың жіберген ақ ажалымен ғана болуға тиіс. Өзгенің бәрі тамырға балта шауып, тағдырға қарсы келу болмақ.
Ислам діні біздің иманымызды қорғайды, денсаулығымызды қорғайды, отбасы, бала-шаға-мызды қорғайды, мал-дүниемізді қорғайды, бейбіт-тыныш өмір сүруімізді қорғайды. Денсаулыққа залал әкелетін шегімдік, ішімдік, улы ішпек-жемектер біртіндеп болса да, адам өміріне қауіп-қатер алып келетіндіктен, денсаулыққа зиян келтіріп аманатқа қиянат жасау саналады. Сондықтан да героин қолдану, темекі шегу, насыбай ату, арақ ішу ауыр нұқсандар тудыратындықтан өзіне-өзі қол салуға жатады екен. Қарап отырсақ, басты кітабымыз Құран-Кәрімнен бізге жүздеген ескертулер жетіп отыр, соның үлкен бір бұтағы Алланың үкіміне қарсы келіп, өз-өзіне зұлымдық жасау дейді. Адам баласының, соның ішінде мұсылмандардың сақтанатын, аулақ жүретін нәрсесі суицид апаты. Алла бізге инсап, таупих берсін. Әсіресе, оқушылар, айналамыздағы жас достар ашуға ерік бермей, сабырмен, шыдамдылықпен, қайсарлықпен қиыншылыққа тура қарап өсуге тиіс. Жігері әлсіз күйреуік болу өте қауіпті. Өспірімдер ата-анасының, ұстаздарының сөзін тыңдаумен бірге рухын өсіретін, санасын сергітетін жан азығы болатын жақсы кітаптарды көп оқу керек. Сонда ғана адамдықтың жолы ашылады.

Бек Сүйіндік

ПІКІР ЖАЗУ