Жақсы адам (Эссе)

Жер бетінде жеті миллиардтан астам адам бар. Бірақ жақсылары өте аз. Неліктен? Жақсы адам қандай болады? Неге адамдар жақсыны жоғары бағалайды? Осы күнгі қазақтың жақсысы кім? Халық жүрегінен ойып орын алу үшін, нағыз азаматтар нендей істер атқаруы тиіс?

 

Осы сұрақтардың барлығына бір ғана азаматты арқау етпекпін. Ол – Бейсен Құранбек. Ойы орамды, қаламы қарымды журналист қана емес, әлеуметтің сан мыңдаған қиындықтарын теле бағдарлама арқылы шешіп бере білген қайырымды тұлға еді! «Айтуға оңай», «Харакет» бағдарламалары қаншама қазақтың тағдырын оң арнаға бұрып берді?! Аптасына 4-5, жылына 250 бағдарлама жасау бір кісідей ұйымдасқан ұжымның ғана қолынан келетін іс. Ұжым басшысының іскерлігімен ғана дамитыны ғана белгілі. Ендеше, ұжымын ұйытып, ұлтына ұйықтамай қызмет еткен Бейсен Құранбек кім еді?
Талдап көрелік.
Бала жасынан көшбасшы, ақылды, зерек, талантты Бейсен аға үш жыл бойы армандаған КазМҰУ-дің журналистика факультетіне оқуға түсе алмайды? Тек әскерден келген соң ғана арманына жетіп, оқуға түседі. Студент кезінен ұйымдастырушылық қабілетімен, ақыл парасатымен танылып, өз ортасында ерекше құрметке ие болады.
Еңбек жолын республикалық «Спорт» газетінде тілші, жауапты хатшы қызметтерінен бастаған. Ал, қалған жылдарын қазақ телевидениесімен байланыстырып, «Рахат», «31-арна», «Хабар», Президент телерадиокешенінде қызмет атқарған.
2007-2012 жылдары Алматы облыстық «Жетісу» теле арнасының бас директоры болды.
«Қазіргі кезде тек танысы барлар ғана көтеріледі» дейді біреулер. Бірақ, таланты бар, іскер азаматтарға қай кезде де сұраныс жоғары, қай жерде болмасын орын табылатындығын Бейсен аға өмірімен дәлел-деп берді. Ол кісінің әріптестері ағаның халық пен билік арасында дәнекер болып, талай күрмеуі қиын мәселелерді экран арқылы оңтайлы шешіп бергендігін жиі айтып жүр.
«Әр қазақ менің жалғызым» – ұстанымын ұстаған жан еді. Журналистік салауатымен тек шындыққа ғана жақтасатын. Жалқаулық пен салғырттыққа, арамдық пен қулыққа, өсек пен өтірікке жаны қас болды. Жан дүниесімен таза, биікке шықса да, өзін кірлетпей, тәкаппарлықтың буына елтімей, сан мың қауырт тірліктің арасынан жол бойындағы елге зияны тиеді-ау, деген тастарға шейін тазалап жүретін қасиеті, оның нағыз мұсылман болғандығын айқындап отыр.
Ол журналистикамен қатар дзюдо, айкидо спорт өнеріне жақын, вальс биіне шебер, гитарамен ән айтуға да кәсіби түрде машықтанып, күнделік жазуды әдетке айналдырған. Терең мағыналы қанатты сөздермен қаншама адамды жұбатып кетті.
Ол ешқашан ажыраспау ниетімен үйленді. Отбасы-ның бүтіндігін бәрінен жоғары қойды. Қамқор отағасы болу мен шынайы сүюдің озық үлгісін көрсетті. Аз ғұмырының жарқын күндерінде жұбайына жұмақ өмір сыйлады. Сүйікті жар, нағыз әке, ата-анаға ізгі перзент болды.
Өкініштісі… осы эссенің тек өткен шақпен ғана жазылуы!..
Жақсылар күн сияқты. Бар болса, бағаламаймыз. Көрінбей кетсе, іздейміз, жоқтаймыз.

Алуа Бекмұқаш, Алматы облысы, Кербұлақ ауданы, «Аралтөбе орта мектебі мектепке дейінгі шағын орталығымен» КММ 7 сынып оқушысы
«Мөлдір бұлақ» журналының оқырманы

Жетекшісі: Қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі, Ұстаз-ұйымдастырушы
Айнакул Додабекова

ПІКІР ЖАЗУ