Өнерге сапар

Қазанның соңы, күн суық, қылышын сүйретіп қыстың келе жатқанын сездіреді. Абай мектебінде әдеттегідей қызу тіршілік, абыр-сабыр жұмыс жүріп жатқан уақыт. Соңғы бір жылда сөз құдіретін түсініп, тілдің адам тағдырында ойып тұрып, үлкен орын алатынын ұғып, шешендікке қызығып, көп сөйлеуге емес, дөп сөйлеуге дағдыланып жүр едім. «№2 жыл шешені» атағын алған, сөздің майын тамызып, тілдің балын ағызып сөйлейтін жүйрікпен «Жыраулар поэзиясындағы мазмұн бүгінгі күнде өзекті ме?» деген тақырыпта шешендік сайысқа түсетін болдым. Ойлап отырсам, алғашқы сыныптастарың, досың, алғаш алған сыйлығың, алғашқылардың бәрі-бәрі адамға ыстық емес пе?! Бұл шешендік сайыста менің бастамам, алғашқы сөз додасы. «Алуан-алуан жүйрік бар, әліне қарай шабады», — деп бабаларымыз айтқандай, өзімнің әлім жеткенше, шамам келгенше дайындала бастадым.
Асыл сөздің аламанында озып шығып, жыл шешенін жеңу үшін талмай іздендім. «Адамның басшысы – ақыл, шолушысы – ой, жетекшісі – талап» – деп Төле би бабамыз айтқандай, талпынып талаптанып жүрген кезімде шешендік сөз өнерінен беретін Жарқын ағай «Ақберен» деген республикалық байқауға дайындал, іріктеуден іркілмей өтсең, Ақтөбе төрінде өтетін жарысқа барасың» деп ұсыныс тастады. Ұсыныс емес, маған солай деп бұйырды. Негізі «Ақберенге» баратын оқушы бекітіліп қойған еді. Бірақ, белгілі бір жағдайларға байланысты маған қатар дайындалуды тапсырды.


Аты Алашқа мәлім, қатарынан 8-ші мәрте болайын деп жатқан жарыс үшін, қалған бұл үшт күн уақыт өте аз. Содан не керек, дайындықты айтылған күннен бастап кеттім. Күні-түні мектеп кітапханасынан шықпай, тіпті, кітаптармен бірге ұйықтайтын болдым. Осы болады-ау деген болжамды 10 тақырып берді, сол тақырыптарға жан жақты дайындалдым. Түске дейін сабақта болып бас қатырып, түстен кейін кітапханада кітап ақтарып күнімді өткіздім. Кітапханашы апайдан жалынып сұрап, кітаптарды бөлмеме алып кетіп айлы түнде де тыным таппай, айызым қанбай кітап оқып, түнгі ұйқымды құрбан еттім.
Аптаның алғашқы күні – дүйсенбі. Іріктеу болатын күн. Екі жүйрікте бәйгеге шабар аттай елеңдеп, буырқанып, тыпыршып бір орында жай таба алмай тұрмыз. Екеумізде де бір үміт бар, «өтем-ау» деп тұрған ішкі түйсік бар. Талабы таудай салмақты, суық жүзімен, қатқыл үнімен сөйлеген Жарқын ағай екі жүйрікке де сыни көзімен қарап, сынай бастады. Құлагерді жазбай таныған Күреңбай сыншыдай, шешендікте шешіліп сөйлейтін кіл жүйрікті анықтауда Жарқын ағай аса сақ болып, алыстан ойлап, байқап қарап, ары да бері сараптап, саралады. Алдыңғы жылдан бері шешендікте шеберлік танытып жүрген, талайды талантымен тамсандырған, шешендікке жол салып, сөзімен көрерменге ой салдырған екінші «құлагер» маған жол беріп, мектебіміздің абыройын қорғап келуге менің лайық екенімді айтты. Жарқын ағай қолдап республикалық «Ақберен» байқауына бағым жанып, мен баратын болдым.
Әу баста билет алынып, поезда орын анықталып, ақшасы төленіп қойған еді. Жарқын ағайдың табандылығымен, сөзінің басқаларға өтетіні, өткірлігінің арқасында билетті де өткізіп, бару билетін қайта алып, барлығын менің атыма нақтылап, тұрақтандырып берді. Осылайша бәрі реттеліп, ертесінде өзге қатысушылармен бірге үлкен үмітпен Ақтөбеге сапарға шықтық.
«Ақберен» байқауы алты бағытта өтеді екен. Атап айтқанда, айтыс, шешендік өнер, көркемсөз, поэзия, дәстүрлі аспап, эссе жазу бойынша мектеп іріктеуінен өткендер нық сеніммен сапарға аттанды. Алты бағыт бойынша бара жатқандарға бір жетекші көшбасы болып, пойызға отырдық.
Алыс сапарға алғаш шығуым, тіпті, пойызға бірінші рет аяқ басып отырғаным. Екі ара екі күндік жол. Ойымның бәрі алдағы болатын шешендік сайыста. Купенің тарлығы ойыма, қиялыма ешқандай таршылық ете алмады. Терезеден сыртқа үңіліп, ұлы далаға көз тастап терең ойға батамын. Одан қалса айтыскерлер айтысып, өлең айтып, күйшілер күйін шертіп, екі күндік жол дәп бір екі сағатқа қысқарғандай болды. Өзім қоржыныма салып, құшақтап алып кеткен шешендікке қатысты кітаптарымды оқып, миыма тоқып бардым. Екі күндік жолдың өзі алдағы сөз аламанында алға шығып, оза шабуға мүмкіндік берді.
Алыстан ат терлетіп келген бізді Ақтөбе жұрты жылы шырай танытып, оркестрмен қарсы алды. Кері қайтқанша аяғымызды жерге тигізбеді. Темір тұлпармен «Физмат» мектебіне алып барды, онда жайғасып, кешкі асымызды ішіп көңіліміз жай тапты.
Дегенмен де ертең болатын жарыс уайым боп жаныңды жегідей жейді. Сол жарысты ойлаумен түнгі ұйқың төртке бөлініп, түрің бұзылып, мазаң кетеді. Жарыс болатын күн, жан алқымға таянып қобалжу да бар. Ең бірінші шешендік сайыс жарысы болды. Алғашқы жұп болып, сөз бастауға, сайыстың шымылдығын ашуға мен шықтым. Қарсыласыма барлай қарап, одан басым түсу үшін бар қайратымды бойға жинап, зейінімді шоғырландыра шешендікпен шебер сөйлеп, «ел бірлігі» жөнінде әңгіме айттым.
Келесі айналым бойынша қазақтың төбе биі Төле бидің шешендігін айту бұйырды. Жадыма сақтап, бойыма сіңірген шешендіктерін мүдірмей айтып бердім. Негізінде дайындығым аз еді, киелі сахнаға шығып арқаланып, халықтың нұрлы жүзінен ыстық ықыласты көріп шабыттандым. Арқамды кеңге салып, көрерменнің қол соққаны құлағыма майдай жағып, маған деген махаббатары мен ілтипаттары күш қуат берді. Осыдан кейін айту қарқынымды үдетіп, образға еніп, қолымды ретімен сілтеп, даусымды бірде үдетіп бірде бәсең ұстап, жанға жағатын жарасымды қылықтармен ел жүрегін елжіретіп жаулап алуға тырыстым.
Үшінші айналым өзіме үлкен үміт сыйлады, өзім сұрақ қойғанды жақсы көретін едім, бағыма орай, үшінші кезекте жұбымызбен бір-бірімізге сұрақ қойдық. Қарсыласыма Сырым батырдың сырға толы шешендіктерінен сұрақ қойдым. Бағанадан бері менімен қатар шауып, есесін жібермей сайысып келе жатқан қарсыласымның мүдірген тұсы осы болды, тосыннан қойылған сұраққа тосылып барып, адасып қате жауап берді. Осымен шешендік сайыс шегіне жетіп аяқталды, «шешімі келесі күні «Ақбереннің» жабылу салтанатында айтылады» – деп сахнадан ыстық қошеметпен шығарып салды.
Осы күн қызу тартысқа, жарасымды жарысқа толы болды. Кеш бойы мазасызданумен жүрдік. Ертең шығатын жарыстың жауабын уайымдап тамағымыздан ас әрең өтті. Еліміз бойынша 14 облыстан келген оқушылармен отырып, кешкі уақытты жаңа таныстыққа арнадық. Балалармен аралас-құралас болып, жаңа достар тауып, жабық тұрған мүмкіндіктердің есігін аштық. Осылайша, таңды атырып, күнді батырдық. Ертесі елеңдеп, жауабын білуге алып ұшып асығып тұрдық. Академиялық сарайға барып, «Ақбереннің» жабылу салтанатына жайғастық. Барлық сайысқа қатысушылар қобалжып, толқып тұр. Әр орынды хабарлап айтқан сайын тағатымыз таусылып барады. Үшінші орын алғандарды айтып болды, менің есімім шыққан жоқ. Екінші орынды хабарлайтын сәт те келді. Бір уақытта «Шешендік сөз өнерінен екінші орын иегері – Рамазан Нұрланұлы» – деген дауыс, денемді балқытып жіберді. Қуаныштан екі көзім мөлтілдеп, сахнаға жүгіріп шықтым. Кітапты жақсы көретінімді қайдан білгендері беймәлім, Есенғали Раушановтың жинағын сыйлап, қанжығама байлап берді. Мақтау қағазымды қолыма алып шаттығым бойымды кернеп сахнадан түстім. Жабылу салтанатынан кейін жабырқап жылағандар да болды, жадырап қуанған жандар да кездесті.
Жарыстың жалынымен жүріп, Ақтөбені аралай алмап едік, түстен кейін аралауға мүмкіндік туды. «Керуен сити» деген орталыққа барып кино көріп қайттық. Тауға үйренген бала үшін Ақтөбеде таудың жоғы қиын болады екен. Кешке кешігіп, «физмат» жатақханасына барып, асымызды ішіп қайтар жолға қамдандық. 21:30да пойызға отырып арман қала Алматыға жол жүріп кеттік.
Қайтар кезде келердегідей қысылған жоқпыз. Уайым қайғы жоқ, қанжығамыз майланғандықтан жадырап қайттық. Күліп-ойнап, көтеріңкі көңіл-күймен Алматыға аяңдап жүріп ат басын тіредік. Барғанда күшті күтіп алды деп мәз-мейрам болып едік. Келген кездегі сыныптастарымның күтіп алғаны онанда салтанатты болды. Егер құры қол қайтсақ, не болар еді?!.. Бір қазаннан тамақ ішіп, бауыр болып кеткен интернаттың балалары, әсіресе сыныптастарымның қуана күтіп алғанын сөзбен жеткізу мүмкін емес.
Алысқа шыққан алғашқы сапарым осымен аяқталды. Осы 5 күнде өзіме көп нәрсе алып, көкжиегімді кеңейтіп келдім. Ақтөбе халқының қонақжайлығына ризамын. Қазақстан деген мемлекетте тұрсақ та әр қала тұрғындарының бір-біріне ұқсамайтын өзіндік ерекшеліктері бар. Сондықтан, өзге қалаларға сапарлап шығу да адамға көп нәрсені үйретеді екен. Бұл сапарымның басы, алдағы уақытта өнеріммен басқа жерлерге шығуға жолашар болсын деп тіледім.

Рамазан Нұрланұлы, Алматы қаласы,
Абай атындағы РММИ-дің 9 сынып оқушысы. «Ділмар» үйірмесінің мүшесі

ПІКІР ЖАЗУ