ЖАС АКТЕРЛЕР САХНАЛАҒАН ҚОЙЫЛЫМ

Ақтөбе қаласындағы №78 жалпы орта білім беретін мектеп-гимназиясында оқушылардан құралған театр жұмыс істейді. Осы мектептің музыка пәнінің мұғалімі Фархат Шынтеміров 10-11 сынып оқушыларынан команда құрып, драмалық шығармаларды сахналау ісін қолға алған болатын.

 

Алдымен жас актерлер белгілі жазушы, драматург Думан Рамазанның «Абылай ханның арманы» атты тарихи драмасының премьерасын көпшілік назарына ұсынды. Оқушылар өз рөлін сәтті алып шығып, көрерменге жеткізе білді.


Қойылым желісі Абылай ханның жоңғар тұтқынына түскен сәтінен басталады. Ұлы ханның осы кездегі тапқырлығы, ерлігі, ел намысын жанынан артық қойып, жауға бас имеуі әр оқушыға ерекше әсер етті. Өз тарихын, әдебиетін білуге деген қызығушылық оянды.
Ал қараша айының соңында мектеп театры Семей полигонының жабылғанына 30 жыл толуына орай  Роза Мұқанованың «Мәңгілік бала бейне» атты шығармасын сахналады. Бұл жолы да жас актерлер қазақ халқының жарты ғасырға жуық басынан кешкен қасіретін, оның зардабын жүрекке жеткізе білді. Әр оқушы өз рөлін өте жоғары деңгейде ойнап шықты. Атом бомбасының кесірінен кемтар болып, адамдар арасынан шеттетілген Ләйланың образын 11 «А» сыныбының оқушысы Ақжүніс Тәуіп керемет жеткізе білді. Шығармадағы басқа да рөлдерді Томирис Бекмурзина, Асан Елубаев, Ұлан Қуантқанов, Ханшайым Бекешова, Дильназ Өмірбекова, Мөлдір Мейіржанова, Бекзат Құлынбай, Бисұлтан Өмірзақов, Алтыншаш Абдиғани, Алмат Байманов, Али Амангелдиев сынды оқушылар өте жоғары деңгейде орындады.


«Жаныңды тазартқың келсе, театрға бар» деген керемет сөз бар. Бірақ бүгінгі мектеп мұғалімінің театрға баруға уақыты бола бермейтіні белгілі. Ал оқушы түсінігінде театр іш пыстырарлық дүние ретінде қалыптасқан. Сол театрды мектеп өміріне алып келіп, оқушының да, мұғалімнің де жан-дүниесін байытуға, рухани құндылықтарды бойына сіңіруге үлес қосу – бағалауға тұрарлық іс. Мектеп бағдарламасынан оқып, мағынасын кейде түсініп, кейде түсінбей жүрген шығармалардың кейіпкерлерін өзі сомдаған кезде ғана, оқушы кейіпкердің мінезін, жанайқайын, болып жатқан оқиғаның қаншалықты ауырлығын бар болмысымен сезінгені байқалады. Сонымен қатар өз бойындағы қабілеттің ашылғанына қуанып, алдағы уақытта осындай рухани тәрбиесі мол дүниелерге, әдеби шығармаларға деген құштарлығы артары сөзсіз.
Рухани құндылықтың қадірі кеткен бүгінгі қоғамның басты мәселесі – баланың кітап оқуға құштарлығының жоғалуы. Әдебиет пен мәдениеттен алыстаған қоғам адамгершілік пен ізгілікті қатар жоғалтып, Абайдың жетінші қара сөзінде айтқандай «ішсем, жесем» деген тән құмарының жетегінде кетері анық. Ұрпақты қайта тәрбиелеп, кітап оқуға баулып, ойын тазартып, жан дүниесін байыту үшін осындай жұмыстар жасау керек-ақ…

Ә.АЛИМОВ,
Ақтөбе облысы.

ПІКІР ЖАЗУ