Марат Әзілханов, Қазақстан халқы Ассамблеясы Төрағасының орынбасары-хатшылық меңгерушісі: Ассамблея – азаматтық қоғамның бір бөлшегі

Нұр-Сұлтан қаласындағы Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президенті – Елбасы Музейінде «Этносаралық қатынастар саласындағы журналистика: ерекшеліктері мен дамуы» тақырыбында Қазақстан халқы Ассамблеясы Журналистер клубының отырысы өтті.

 

Іс-шараға Қазақстан халқы Ассамблеясы Төрағасының орынбасары-хатшылық меңгеру-шісі М.Әзілханов, ҚР АҚДМ Этносаралық қатынастарды дамыту комитетінің төрағасы Ғ.Шойкин, Қазақстан халқы Ассамблеясының ресми өкілі М.Бекбаева, «Талап» қолданбалы зерттеулер орталығының директоры Р.Ошақбаев, «Казахстанская правда» газетінің бас ре-дакторы А.Ұ.Сағымбеков, сондай-ақ танымал журналистер қатысты.
Журналистер клубы отырысының жұмысы ашық диалог форматында 2 секция бойынша өтті. Қатысушылар жалпыұлттық бірлік пен келісімді одан әрі нығайтуға, қазақстандық қоғамдағы этносаралық қатынастарды үйлестіруге бағыт-талған тиімді ақпараттық-түсіндіру қызметінің тәсілдері мен тетіктерін талқылады.
Жиын барысында Қазақстан халқы Ассамблея-сы Төрағасының орынбасары-хатшылық меңгерушісі М.Әзілханов: — Біздің елімізде ұлтаралық алауыздық жоқ, барлық этностар мен азаматтардың құқықтары мен жауапкершіліктері тең. Әрбір этнос Қазақстан халқының ажырамас бөлігі. Ассамблея — азаматтық қоғамның бір бөлшегі. Тәуелсіздік жылдарында бірде-бір этнос оқшаулау стратегиясын таңдаған жоқ, біздің моделіміздің басты ерекшелігі диалог пен сенімнің пәрменді тетіктерін құру болды. Жастарымыздың интеграциялық әлеуетін тиімді іске асыруға бағытталған жаңа саясатқа сұраныс берілді. Қазақстан халқының этникалық және мәдени алуан түрлілігін бәсекелік артықшылыққа және тәуелсіздікті нығайту құралына айналдыру қажеттілігі белгіленді. Кейде қоғам тарапынан ассамблеяны тарату керек деген пікірлер де айтылып жатады. Бірақ дәл қазір ассамблеяны алмастыра алатын балама ұйым бар ма? – деді.


Талқылау барысында «Ассамблея немен айналысады?», «Алғыс» күнінің маңызы қандай?» деген сұрақтармен қатар Пенжім мен Қордайдағы жағдай және қазақстандық ұлт, қазақ тілін үйрену қажеттілігі мәселесі де назардан тыс қалмады. Ассамблея тарапы қазақ тілін үйрету курстарын ашып, қазақ тілі аясының кеңеюіне ықпал етсе деген пікірлер айтылды. Осы орайда ««Тіл – біріктіруші фактор» деген түсінік негізінде еліміздегі барлық этностарды қазақша сөйлету мүмкін бе?» деген сұрағымызға, ҚР АҚДМ Этносаралық қатынастарды дамыту комитетінің төрағасы Ғ. Шойкин: — Тіл халықты біріктіретін тек бір ғана құрал. Онымен шектелуге болмайды. Бізде басқа да біріктіретін факторлар болу керек. Мысалы «Бір ұлт, бір ел» ұғымы негізінде бір ұлт дегенге азаматтық тараптан қарауымыз қажет. Бізде бір ұлт, көп этнос. Сондықтан әр азамат болашақта бір ел болайық, бір елдің азаматы, патриоты болайық десек, біріктіретін жаңа бір тәсілдерді табуымыз керек. Ол кез келген салада болуы мүмкін. Әр азамат өз болашағын Қазақстанмен байланыстыра алатындай болу керек. Қазақстанның кез келген азаматы қазақтың мәдениетін, тілін білумен қатар міндетті түрде өз тілін, мәдениетін білгені жөн. Әрбір Қазақстан азаматы мен қазақстандықпын деп айта алса… Әрбір адам өз мәдениетін, тілін жоғалтқысы келмейді. Табиғи болмысынан ажырағысы келмейді. Осы тұрғыда бірінші мәселе азаматтардың құқықтарының бірдей болуын қамтамасыз ете алуымыз керек. Кейде «біз қазақпыз басқа этностар бізден төменірек болуы тиіс» деген ұсыныстар айтылып жатады. Бұл біріктіруге емес, ыдыратуға, бөлуге себеп болады. Абай атамыз «Тегінде, адам баласы адам баласынан ақыл, ғылым, ар, мінез деген нәрселермен озбақ» дейді. Сондықтан біздің мақсатымыз басқа этнос өкілдеріне өзіміз үлгі болу арқылы сыйлату үшін құндылықтарымызды, қасиеттерімізді дамытуымыз керек. Кезінде аталарымыз өзге этностарды бауырына басты, жатсынбады, үлкендер арасында бір біріне деген құрмет, сыйластық бар. Бірақ қазіргі жастарға «баяғыда біздің аталарымыз жасаған жақсылығына рахмет айт» деп айта алмаймыз. Бүгінгі заман үрдісіне сай өзге этнос бізді құрметтеуге, қабылдауға лайық болуымыз керек. Олардан озат болуымыз керек,- деді.
Іс-шара шеңберінде Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент қалалары мен облыстардың мемлекеттік органдары мен коммуналдық мекемелерінің қызметкерлеріне арналған «Аймақтық журналистиканың ерекшеліктері туралы» семинар-тренинг болып, онда ҚР АҚДМ ресми өкілі, белгілі журналист Максим Рожин коуч ретінде сөз сөйледі.
Сондай-ақ жиын соңында Қазақстан Тәуелсіздігінің 30 жылдығына арналған Қазақстан халқы Ассамблеясының «Бейбітшілік және келісім жолымен» тележобасы қорытындысының тұсаукесері және журналистика саласындағы «Шаңырақ» республикалық байқауының жеңімпаздарын марапаттау рәсімі болды.
«Бейбітшілік және келісім жолымен» фильмі бес бөлімнен тұрады: «Батыс», «Шығыс», «Солтүстік», «Оңтүстік» және «Орталық». Бұл әр аймақтың әлеуметтік-мәдени, экономикалық дамуын көрсететін 300-ден астам нысан және 35 негізгі кейіпкер-әр түрлі этностардың, кәсіптердің өкілдері, олар күнделікті өмірде бейбітшілік пен келісім саясатын жүзеге асырудың үлгісі екендігі идея ретінде қарастырылған. Тележобаның мақсаты еліміздің басты құндылықтарының бірі – қоғамдық келісім мен жалпыұлттық бірлік моделін ілгерілету болып табылады. Тұсаукесерде сөз сөйлеген Марат Әзілхановтың айтуынша, жоба Қазақстан дамуының жаңа кезеңіндегі бірлік, бейбітшілік пен келісім саясатының стратегиялық сабақтастығын білдіреді, сондай-ақ Тәуелсіздіктің 30 жылы ішіндегі осы саясатты танымдық тревэл-шоудың жаңа форматында қорытындылауға жасалған талпыныстардың бірі. Ал Мая Бекбаева аймақтардың, еңбек ұжымдарының, нақты адамдардың тағдыры арқылы фильм авторлары экономикалық, әлеуметтік және жанды адами мысалдарда бейбітшілік пен келісім саясатының эволюциясы мен нәтижелерін бақылағанын атап өтті.
Фильмнің тағы бір маңыздылығы Қазақстан халқы Ассамблеясының – Елбасы құрған институттың біріктіруші рөлін ашуы. М. Әзілханов: — Бұл фильмді көргендердің бәрі өз елі үшін мақтаныш сезіміне бөленеді. Мемлекеттің ертеңі мен болашағына деген үлкен сенімді сезінетін болады, – деп, жобаның шығармашылық тобына алғыс білдірді.
Тұсаукесер қорытындысы бойынша Майя Бекбаева бастаған түсірілім тобының мүшелерін, медиа саладағы мемлекеттік және мемлекеттік емес ұйымдардың, сондай-ақ фильмнің түсіріліміне үлес қосқан аймақ өкілдерін марапаттау рәсімі өтті.
Сонымен қатар, Қазақстан халқы Ассамблеясының журналистика саласындағы республикалық «Шаңырақ» шығармашылық байқауы негізінде қоғамдық келісім мен жалпыұлттық бірлік тақырыбына арналған үздік жарияланымдардың авторлары марапатталды. БАҚ өкілдерін келе жатқан Қазақстан Тәуелсіздігі күнімен құттықтай отырып, ҚХА Төрағасының орынбасары Марат Әзілханов этносаралық қатынастарды дамыту саласындағы мемлекеттік саясатты ақпараттық қолдауға, Қазақстан халқы Ассамблеясының қызметін насихаттауға жәрдемдесетін, сондай-ақ елдегі қоғамдық келісім мен жалпыұлттық бірлікті дамытуға үлес қосып жүрген журналистерге алғысын білдірді.

Тілекгүл ЕСДӘУЛЕТ

ПІКІР ЖАЗУ