Жаңғақ қабығынан ыдыс жасап, авторлық құқыққа ие болды

Ақтөбе қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің 11-сынып оқушысы Жадыра Амангелдиева жаңғақ қабығынан ыдыс жасап шығаруға авторлық құқық куәлігін алды.

— Біздің аймақ үшін жаңғақ экзотикалық өнім емес. Әсіресе, Шымкент пен Алматы облыстарында жақсы өседі. Шекаралас Қырғызстан мен Өзбекстан елдерінде де өседі. Әдетте адамдар жаңғақты жегеннен кейін қабығын лақтырып тастайды. Сондықтан біз оны шикізат ретінде қолданғымыз келді, – дейді Жадыра.
Мұндай материалды пайдалану қоршаған ортаны қорғауға айтарлықтай көмектеседі, өйткені пластикалық қалдықтардың үлкен бөлігі ыдыс-аяқтардан жиналады. Зерттеулерге сүйенсек, жылда әлемдік жаңғақ өндірісі 2,5 миллион тоннадан асады, ал қабықшалардың саны 1 миллион артық. Сонымен қатар, жаңғақ қабығы қалдықсыз өнім мен биоыдырау мәселесін шешеді.


Биологиялық ыдырайтын ыдыс-аяқ дайындауға шикізат таңдау үшін зияткерлік мектеп оқушысы өзінің химия пәнінің мұғалімі Гүлжан Базаевамен бірге әр түрлі елдердің тәжірибесін зерттеді. Мысалы, Ресейде ыдысты жүгері крахмалынан, Израильде апельсин қабығынан, мексикалықтар арасында бір реттік ас құралдары мен түтікшелерді авокадоның сүйектерінен істеп шығарғандар бар екен.
Практикалық кезеңде: «Қабықты қалай ұнтақтай аламыз?» деген мәселе туындады. Бұл мақсатта балға, жаңғақ ұсатқыш, тіпті механикалық ет тартқышты да қолдандық. Нәтижесінде орташа ұсатылған масса алынды. Бірақ өндірісте бұл массаны өте ұсақ етіп жасауға болады, – дейді биология пәнінің мұғалімі Гүлжан Базаева.
Өнімнің ыдырау жылдамдығын тексеру үшін химия сабағы кезінде Жадыра мен жоба жетекшісі оны топыраққа салып қойды. Жаңғақ қабығының кесектерінің бастапқы салмағы — 3,413 грамм болса, тура бір жылдан кейін 1,090 грамы қалды. Ұзақ уақыт ішінде жаңғақ қабығының бөліктері пластикалық материалдан 2000 есе тез ыдырады.
Авторлық құқық иелері өз өнімдерін пайдалану мен өндіруде кездесетін кейбір мәселелерді шешу үшін зерттеуді жалғастыруға ниетті. Ал іске асыру үшін олар жергілікті меценаттарға, бір реттік ыдыс-аяқ өндірісімен айналысатын фирмаларға тауарларын ұсынатын болады.

Айгерим АМАНГОСОВА,
Ақтөбдегі физика-математикалық бағыттағы
Назарбаев Зияткерлік мектебінің
баспасөз хатшысы

 

ПІКІР ЖАЗУ