«ЖЕТІ ОЙЫНШЫҚ» ЖОБАСЫ РУХАНИ ЖАҢҒЫРУ СӘБИ ШАҚТАН БАСТАЛАДЫ

Ақтөбе облысында жас ұрпақты ұлттық рухта тәрбиелеу, отансүйгіштікке баулу мақсатында балабақшаларда «Жеті ойыншық» жобасы аясында «Рухани жаңғыру сәби шақтан» атты кабинеттер жасақталып жатыр.
Бұл оқу кешені мен ойыншықтарын қолдануға Білім және ғылым министрлігінің рұқсаты берілген және оқу-әдістемелік кешендер жинағының тізбесіне енгізілген. Жоба авторы —  Ерасыл Сәкенұлы.

— Қазақтың ұлттық ойыншықтары балалардың зеректігін, тез ойлау қабілетін, танымы мен шығармашылық өзіндік бейімін дамытуға әсер етеді. Ұлттық ойыншықтар баланың табиғи дарыны мен қабілеттерін дамытады.
«Бакытты бала» жобасы мен «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында, этно-педагогика, этно-психология негізінде, соның ішінде ұлттық құндылықтарды, төл мәдениетімізді дамытуды мақсат еткен балаларды тәрбиелеуге және дамытуға бағытталған әрі жаңа, әрі жаңашыл «Жеті ойыншық» кұралы білім беру стандартының тіл дамыту, интеллектуалдық қабілетін қалыптастыру, баланың денсаулығына қатысты талаптарына сәйкес келеді, — дейді Ақтөбе облыстық ғылыми-тәжірибелік орталығының әдіскері Рахима Жамансарина.
Облыстың мектепке дейінгі ұйымдарын заманауи инновациялық-дидактикалық материалдармен қамтамасыз ету мақсатында «Бөбек — домбыра», «Әсем үй», «Керемет үй», «Саз аспаптары», «Ойландырар оюлар», «Әуенді бесік», «Астана-Бәйтерек» деп аталатын жеті түрлі ойыншықты мектепке дейінгі 40 ұйымға алу жоспарланған.
— «Рухани жаңғыру сәби шақтан» даму бөлмесін жабдықтау үшін облыстық бюджеттен 208800 мың теңге бөлінді. Оның 20 данасы Ақтөбе қаласындағы, қалғаны аудандардағы балабақшаларға бөлініп отыр, — дейді ол.


Рахима Жамансаринаның айтуынша, бұл тәрбие құралын әзірлеуде псхилогиялық-педагогикалық сараптамалық қорытынды жасалып, білікті мамандар тарапынан ұсынымдар берілген.
Аталған ойыншықтарды тәрбие барысында қолдана отырып, балаларға ұлттық өнімдерді, ұлттық салт-дәстүрді танытамыз, олардың бойында ұлттық, отаншылдық рухын қалыптастырамыз. Білім берудің алғашқы сатысы — балабақшада екендігі айқын. Бала осы кездері айналасын танып, білімге деген құштарлығы оянады. Сондықтан, баланың білімге қызығуы, ұлтымызға тән қасиеттерді бойына сіңіруін мектепке дейінгі ұйымдарда бастаған дұрыс.
— Сонымен бірге ойыншықтарды құрастыру арқылы балалар киіз үйдің бөлшектерімен жақын танысып, атауларын атап, ажырата білуді үйренеді. Нәтижесінде мектеп жасына дейінгі бала креативті ойлау, шығармашылыққа деген қабілеті жоғарылап, сыни ойлау дағдысы дамиды, — дейді мамандар.
«Жеті ойыншық» жобасында 7 секция бар. Олар: «Зияткер» — сиқырлы сандар, «Ұлы дала ұланы» — балалардың күнделікті өмірінде қажетті дағдылар мен қабілеттерді қалыптастыру, «Зерделі ұрпақ» —  сенсомоторлы, «Ұлы дала сазы» — шығармашылықты дамыту, «Ғажайыптар мекені» — жаратылыстану, «Тіл — қазына»  қарым-қатынас және «Ұлы дала ұлағаты»  —  өлкетану және этномәдениет секциялары.


«Рухани жаңғыру сәби шақтан» кабинеті — ұлттық стильдегі оқыту модульдері,  гидропоникалық жабдықтар, ойыншықтар және оқу құралдары, үстел ойындары, конструкторлармен жабдықталған бөлме. Бір кабинет-кешеннің құны — 5220000 теңге.
— Бұл бөлмелерде барлығы да ұлттық стильде жабдықталған. Ойыншықтардың бояулары қанық, баланы әдемі бір әлемге жетелейтін, қиялын дамытатын конструкторлық бұйымдар да ерекше жасалған. Материалдары қауіпсіз, табиғи таза. Кабинет 3 жастан 6 жасқа дейінгі мектеп жасына дейінгі балаларға арналған көрнекі, оқыту құралдарымен, күнделікті өмір дағдыларын дамытуға арналған модульдермен, үстел ойындарымен, кітапшалармен және буклеттермен жабдықталған. Балаларды жан-жақты дамытуға, соның ішінде ана тілін үйрету, сөйлеу мәдениетін қалыптастыру, дыбыстарды дұрыс айтуы, ұсақ моторика, сенсорика, логика, уақыт пен кеңістікті бағдарлау секілді дағдыларды дамыту, үштілділікті қалыптастыру секілді мақсаттар көзделген, — дейді Р.Жамансарина.


Қазіргі таңда жоба аясында 40 балабақшаға ойыншықтар берілген. Оның 20-сы — Ақтөбе қаласында, қалғаны аудандардағы балабақшаларға берілді. Мұғалжар ауданына — 3 кешен, Алға, Әйтеке би, Мәртөк, Қарғалы, Ырғыз, Хромтау, Шалқар аудандарына — 2 кешеннен, қалған аудандарға 1 кешеннен жеткізілген.
Бүгінде Ақтөбе облысында 546 мектепке дейінгі ұйым бар. Онда 42 мыңнан астам бала тәрбиеленіп отыр. Облыста 1-6 жас аралығындағы балаларды қамту көрсеткіші — 87 пайыз, 2-6 жас аралығындағы балаларды қамту көрсеткіші — 89 пайыз, 3-6 жас аралығындағы балаларды қамту көрсеткіші — 100 пайыз.

— Қазіргі уақытта Ақтөбе облысы бойынша контингенті 14744 баланы құрайтын 162 жеке меншік мектепке дейінгі ұйым қызмет жасайды. Жеке балабақшаларда қамтылған балалардың 99 пайызы мемлекеттік тапсырыс арқылы барып жүр. Мектепке дейінгі тәрбие және оқыту үшін мемлекеттік тапсырыс орналастыру соңғы үш жылда жеке меншік балабақша желісін 26,6 пайызға арттырды, — дейді Р. Жамансарина.
P.S. Бала тәрбиесіне балабақша айтарлықтай әсер етеді. Сондықтан, ұлттық тәлім-тәрбие арқылы баланың бойында жастайынан ұлттық рухты, халқымыздың ұлттық болмысын, әдет-ғұрпы мен салтын, дәстүрін, ұлттық жадын қалыптастырып, құндылықтарымызды насихаттауда «Жеті ойыншық» жобасының ролі үлкен.

М.ТАБЫН,
Ақтөбе облысы.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *