«Шапағат» орталығындағы тұсаукесер
«Шапағат» әлеуметтік қызмет орталығында тағы бір балақайдың қуанышына куә болдық. Ералы Шұғыла Ержанқызының 7 жасқа туған күніне орай тұсауы кесілді. 2018 жылы орталыққа қызмет алуға келген Шұғыла биыл аяғын нық басып, тәй-тәйләп кетті. Орталық қызметкерлері кішкентай қыздың қуанышын бөлісіп, мекеме алдында тұсаукесер өткізді. Бұл «Шапағаттағы» бірінші қуанышты жаңалық емес. Осыған дейін орталықта қызмет алған балақайлардың бірнешеуі аяғын басып кеткен болатын. Жалпы «Шапағатқа» келген балақайларды алдымен қарапайым өмірге бейімдеп, соған қатысты жоспар құрылады. Мысалы қызмет алушыға қасық ұстауды, дәретханаға сұрануды, бөтелкеден су ішуді, беті-қолын сабынмен жууды, сүлгімен сүртуді үйретеді. Одан бөлек невропотолог мамандар, массаж жасаушы, дене шынықтыру мамандары секілді білікті қызметкерлер арнайы жоспармен жұмыс істейді. Соның нәтижесінде Шұғыла екі-үш жылдың ішінде аяғын басып, жүріп кетті. Қыздарының осы бір «жеңісіне» сүйсінген ата-анасы да тұсаукесерде қуанышы қойнына симай жүрді.
Қызымды осында әкелгенімізге үш жыл болды. Екі көзі мүлде көрмейді. Осында келгенімізде мүлде жүрмейтін. Тіпті аяғын баспайтын. Тек отыра береді. Қазір, Аллаға шүкір, алдымен аяғын басып тұратын болды, содан кейін жүрді. Осындағы барша қызметкерлерге рахмет айтқым келеді. Қызым көрмейді, жүрмейді деп еш уақытта түңілген емеспін, бір сәт те шегінбедім. Құдайға шүкір, қызымнан кейін тағы екі балам дүниеге келді. Бәрі жақсы. Қызымның жүргеніне қуаныштымын. Орталыққа рахмет! – деді анасы Бекбауова Жансая.
Анасының қуанышын көрген біз, балақайға қол ұшын созып, жұмысына адал болған қызметкерлердің де пікірін сұрап көрдік. Себебі әр маманның кезең кезеңімен жоспарлаған жұмысы балақайлардың жағдайын жақсартуға септігін тигізеді. Бұл әр қимылын еппен істеп, мұқият отыратын зергердің жұмысын еске салады. Білім – инемен құдық қазғандай деп айтсақ, бұл жерде қызмет көрсетушілердің де ісі – «инемен құдық қазғандай».
Басында қиындау болды. Көп жылайтын. Көзінде ақау бар. Көрмегеннен кейін алдында не барын білмейді, сосын тұруға, жүруге қорқады. Құлағы да ести бермейді. Айтқаныңды түсінбей қалып жатады. Кішкентай бала болған соң, жүргізіп жатқанда ойнап кетеді. Уақыт өте келе біртіндеп біздің тәрбиемізге бейімделді. Сөйтіп қазір осы нәтижеге жеттік. Әлі де жұмыс жалғасады. Бұл тек бастамасы. Өзімізше қазақи ырымға салып, тұсауын кесіп жатырмыз, – деді, дене шынықтыру нұсқаушысы Құрманғали Мамбетов.
Маманның сөзінен бұл істің оңай еместігін түсінуге болады. Өркениеті дамыған әлемнің бұл келбеті әр адамның өмір сүруге құқығы бар екенін көрсетеді емес пе? Дәл осы мамандардың қызметі адамзаттық гуманизмге сай тұжырымның ірге тасын ұстап тұрғандай әсер аласың. Балақайлардың сауығып қатарға қосылуына массаждың да маңызы орасан зор. Сол себепті біз осы саланың маманы, орталық қызметкері Ақбота Мұрат ханымнан пікір сұрадық:
Шұғыла алғаш келгенде денесі тітіркеніп, бұлшық еттерін бос ұстамайтын. Сол үшін біз оған арнайы массаж істедік. Аяғын сезу үшін суыққа, ыстыққа қоямыз. Кедір-бұдыр төсеніштерге тұрғызып, жаттығу істетеміз. Ақырындап қалыпқа келтіру үшін арнайы нүктелерді уқалаймыз. Әлі де жасайтын жұмыс жетерлік. Бұл тек басы деді, – орталық маманы.
«Шапағат» орталығында атқарылып жатқан жұмыстарды өз көзімізбен көріп қайттық. Балақайлардың су ішу, дәретханаға сұрану секілді қарапайым нәрселерді үйретуден бөлек, қол-аяқ буындарына арналған құрылғыларда балаларды жаттықтыратынын білдік. Одан бөлек арнайы жасалған жабдықтың көмегімен сырма салу, түйме түймелеу, тоққа «розетканы» қосу, жарық жағу тетігін басу, одан қайта суырып ажырату, құлып салу, терезе тұтқасын ашу, қайда кілттеу, бауды байлап үйрену, шотты есептеу секілді дүниелерді үйретеді екен. Осы бір әмбебап жабдық орталықта жеткілікті мөлшерде екен. Тағы бір бөлмесі дене шынықтыруға арналған. Ол жерде буын мен бұлшық еттерді жаттықтыратын көптеген спорттық жабдықтары бар. Енді бір бөлмеде балалар демалып, өз бетімен еркін отыратын да арнайы орындар тұр. Одан бөлек арнайы ас үй жабдықтары орналасқан бөлме бар. Ондағы газ бен тоқ, тоңазытқыш секілді үй жиһаздары мен ас үй құрылғыларымен қалай жұмыс істеу керектігі үйретіледі. Басқа би бөлмесі, қолөнер секілді балақайлардың шығармашылығын дамыту сабақтары бар. Бұл орайды біз орталық басшысы Алимбекова Нұрзия Ағабекқызынан пікрін сұрап көрдік:
Бұл орталық негізі «күндізгі болу орталығы» деп аталады. Себебі ата-аналарға жағдай жасалған. Қазір күн көріс қым-қуыт заманда отбасын асырау оңай емес. Бәрі бірдей баламен үйде отыра алмайды. Сол үшін де біздің орталыққа жүгінеді. Бір жағынан бала денсаулығы мен көңіл күйіне, қоғамға бейімделуіне жақсы әсер етсе, екінші жағынан өздері де жұмыстарында алаңдамай жүре алады. Алматының өзінде былтыр 5000-ға жуық мүгедек бала болатын. Көбі үйінде жатады. Оларға арнайы әлеуметтік мамандар үйіне барып, дәл біз секілді 7 түрлі қызмет көрсетеді. Біздің орталықтың ашылу мақсаты – осы балақайлардың қоғамға кірігуіне жол ашу. Әлеуметтік қызметкерлеріміз осы жерде қызмет көрсетеді. Киноға, театр, концерт, саяхаттауға апарамыз. Осы екі жылда пандемия кесірінен ешқайда шыға алмай қалдық. Оған дейін апта сайын «Қуыршақ театрына», «Алатау дәстүрлі өнер театрына» барып тұратынбыз. Одан бөлек «Номад» этноорталығы бізге демеуші болып, автобуспен этноауылға бардық. Табиғат аясында дастархан жайып, барынша балақайлардың жайлы отыруын қамтамасыз етті. Балалар мен қызметкерлеріміз өте керемет демалып қайтты. Қызметкерлерімізге де осындай демалыс керек. Себебі бұндай ауыр жұмысқа көп адам төзе бермейді. Темірдей жүйке керек. Тіпті ата-аналардың өздері шаршайды. Сол демалыс біздің мамандарымызды да бір серпілтіп алды десек болар. Қалада біздің 4 бөлімшеміз бар. Орталық кеңсе осы жерде. Мүмкіндігі шектеулі балаларды мемлекет қамқорлығына алып, осындай мекемелерді ашып беріп жатыр. Талай баланың тұсауы кесілді. Ата-ананың қуаныштан шыққан көз жасы біздерге жігер береді. Баланың қуанышы – осы орталықтың басты жетістігі, – деді, Нұрзия ханым.
«Шапағат» әлеуметтік орталығында осындай қуанышты жаңалық көп болсын деген ниеттеміз. Әлем тек бала күлкісімен ғана шырайлы.
Абзал СҮЛЕЙМЕН