Көне кітап

Жер бетін қара темір робот жайлаған заман болыпты. Адамдар тіпті бір-бірімен амандасудан қалып, техниканың құлына айнала бастапты. Роботтар адам санасын жаулап, ақыл-есін алып, өздеріне бағындырыпты. Сондай күндердің бірінде кітапхана атты сарайда көне кітап өмір сүрген екен.
Көне кітаптің сөреде тұрғанына көп болған. Беттеріне күн түспей, сүреңсіз өмір сүріп жатты. Кітапхана іші күн санап өзгеріп, мұқабалары жалт-жұлт еткен небір жаңа кітаптар пайда болады. Онымен қоймай электронды кітап деген жаңашыл пайда болғаннан бері көне кітап өзін керексіз санап, оқырманнан үмітін үзген еді.
– Осындай ескі-құсқыны неге жоя салмайды екен? — деген сөздер де жанын шаншып өтеді.
Кітапхана ішіндегі әр тілдегі кітаптар бір-бірімен жарыса сөйлеп, өз оқырмандарының көптігін айтып, шуласып жатты. Көне кітап ақырын ғана күрсініп тұр еді, сол кезде бір қол оны көтеріп алып, шаң басқан ескі мұқабасын жылы алақанымен бір сипап өтті. Сөредегі кітаптар шу ете қалды.
– Таптым, мен осы кітапты көп іздедім ғой, – деген оқырман жігіттің даусы тіпті, электронды кітапты таң қалдырды.
Бейне бір бойына қанат біткендей көне кітап қуаныштан қалықтап бара жатты. Әр бетін аялай ашқан оқырман жігіттің қолдарында жаңа өмірге келгендей мәз.
Сол күннен бастап кітап қолдан-қолға өтіп небір ғұлама-оқымыстылардың алдына барған екен. Роботтанған мәңгүрт заманға дәру болар сөздер дәл осы көне кітапта екенін дәлелдеген жігіт заман ауруын жойған екен. Ал көне кітап болса, мәртебесі артып, арманына жетіпті.

Камшат Әбілғазықызы

ПІКІР ЖАЗУ