АҚТӨБЕНІҢ АБЫРОЙЫН АСҚАҚТАТЫП ЖҮРГЕН КІШКЕНТАЙ ТАЛАНТ
Ақтөбелік жас талант Ғазиза Қалмағанбетованың есімі өнерді, соның ішінде классикалық өнерді бағалайтын тыңдарман арасында жақсы таныс.
Ақтөбе қаласындағы №3 орта мектебінің оқушысы Ғазиза Бижанқызы жақында ғана 14 жасқа толды. Мектеп оқушысы болғанына қарамастан, Ғазиза талай республикалық, халықаралық байқаулардың бас жүлдесін қанжығасына байлап үлгерген. Бұл жетістіктердің артында кішкентай ғана Ғазизаның үлкен еңбексүйгіштігі, өнерге деген сүйсіпеншілігі жатыр. Әкесі Бижан Қалмағанбетовтің айтуынша, Ғазиза бала кезден өнерге құмар болған.
— Ғазиза бала кезден музыкаға құштар болды, көп ойыншықтарының ішіндегі кішкентай пианино ойыншығын жақсы көрді. Соны қолынан тастамайтын, ыңылдап ән айтып жүретін еді. Ғазизаның бала күтушісі, педагог Людмила Сутягина баланың бойындағы талантты тап басып танып, өз немересінің үйінен баяғы «Беларусь» пианиносын алып келді. Ғазизаның бұл өнерге деген қызығушылығы осылай бала кезден басталды. Людмила Сутягина оқушылар сарайына үлкен қызымыз Назеркені апарып жүргенде Ғазиза 5-6 жастағы кішкентай бала еді. Қасына ертіп жүретін кіші қызымызды да оқушылар сарайындағы фортепиано класына апарған. Осылайша алтыға да толмаған кішкентай Ғазиза қалалық оқушылар сарайының музыкалық факультетіне қабылданып, белгілі педагог Елена Сутердің фортепиано класында білім ала бастады. 30 жылдан астам тәжірибесі бар ұстаздың қолына түскен талантты баланың өнер әлеміне жолы осылай басталды. Елена Карловнаның алдында тәлім алып жүрген кездері Ғазиза көптеген республикалық және халықаралық байқауларға қатысып, жүлделі орындарға ие болды. Байқауларға барған сапарында балалардың өнерін бағалаған қазылар алқасының мүшелері Ғазизаның өнеріне, репертуар таңдауы мен һәм шеберлігіне, ұстаздың еңбегіне жоғары бағаларын берді, — дейді Ғазизаның әкесі Бижан Қалмағанбетов.
Ғазизаның өнерге құштарлығына оның отбасындағы жандардың шығармашылыққа жақындығы әсер еткені заңдылық. Әкесі Бижан Қалмағамбетов бірнеше кітаптың авторы, Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі, гитара мен домбырада ойнайды. Ағасы Думан Қалмағамбетов те поэзияға жаны жақын.
Әпкесі Назерке қалалық оқушылар сарайында бейнелеу өнері мен би факультетінің түлегі, ол Юнесконың «Дети рисуют мир – Центральная Азия» атты жобасы, Санкт-Петербор қаласында өткен «Салют талантов — Палитра мира» байқауында, Қазан қаласындағы бейнелеу өнері бойынша түрлі халықаралық байқауларының жүлдегері.
— 2017 жылы Чехияда өткен «Салют талантов» халықаралық жобасының «Очарование Богемии» байқауында Ғазиза Қазақстанның атынан қатысып, бірінші орын алды. Қазылар алқасының мүшесі — Прага консерваториясының ұстазы Елена Носкова Ғазизаның жасы кішкентай болса да, виртуозды орындаушы екендігін, пианинода ойнауды шеберлікпен меңгергенін айтып, жоғары бағасын берді. Ғазизаның орындауындағы қазақ композиторы Кеңес Дүйсекеевтің «Ноктюрн» шығармасы барлық тыңдарманды һәм қазылар алқасының мүшелерін тәнті етті. Чехиядан келгеннен кейін Ғазизаны Кеңес Дүйсекеевтің қабылдауына алып бардық, композитор Ғазизаның бірегей талантына ризашылығын білдірді, — дейді әкесі.
Ғазиза бүгінге дейін бірнеше рет жеке концертін де өткізді. 2019 жылы жеке концерті өтті. Биыл наурыз айында Ақтөбедегі Өнер орталығына классикалық өнерді бағалайтын тыңдарманын тағы да жинады. Концерт барысында Раушан Қалидың өңдеуіндегі халық әні «Ақбақайды», Шопеннің «Вальсін», сондай-ақ Мошковскийдің «Искорки», Ференц Листтің «Утешение», Абайдың «Көзімнің қарасы», Бахтың «ХТК Прелюдия и фуга ре минор», Моцарттың «Соната ля минор» шығармаларын нәшіне келтіре орындады. Өзі де өнер көрсетті, ұстазы Елена Сутермен бірге де сахнаға шықты.
…Ғазизаның есімін ата-анасы Ғазиза Жұбанова апасындай болсын деп, жақсы ырыммен қойыпты. Сенімнің күші орасан ғой. 2007 жылы Ғазиза өмірге келгенде Қазақстанның және КСРО-ның халық артисі, профессор Ғазиза Жұбанованың туғанына 80 жыл толған еді…
— Венаға барғанымызда әйгілі композитор Моцарттың ХVІІІ ғасырда тұрған үйінде жасақталған қонақүйге бардық. Ескі сәулетті сақтаған, музей секілді ғимарат екен. Бір қызығы, біз орналасқан бөлмеде Ғазиза жатқан кереует орнында, кезінде Моцарттың кереуеті болған екен. Мұны да біз жақсы ырымға баладық, — дейді Ғазизаның анасы.
Ғазиза оқушы бала болса да, сахнаға шыққанда өзін нағыз кәсіби музыканттай ұстайды. Оның әдемі жымиысы, пернелердің үстінде билеген нәзік балаң саусақтары, сілтідей тынған залдың ішін кернеген әсем әуен — тыңдарманды әдемі бір әлемге жетелейді. Осы әдемі әлемге қол созған кішкентай Ғазизаның алдында әлі талай биік белестер бары ақиқат!
ҒАЗИЗАНЫҢ ЖЕТІСТІКТЕРІ:
2016 жылдың шілдесі – «Боровое встеречает таланты» халықаралық байқауының 2-дәрежелі Лауреаты, Қазақстан.
2017 жылдың сәуірі — «Тоника» халықаралық байқауының 1-дәрежелі Лауреаты, Ақтөбе.
2017 жылдың мамыры — Прага қаласында өткен «Салют талантов» халықаралық жобасының «Очарование Богемии» байқауының 1-дәрежелі Лауреаты, Чехия.
2017 жылдың шілдесі – Қазан қаласында өткен «Салют талантов» халықаралық жобасының «Очарование Богемии» байқауының 1-дәрежелі Лауреаты, Ресей.
2017 жылдың қазан айы — «Салют талантов. Музыка» байқауының муперфиналының 1-дәрежелі Лауреаты, Санкт-Петербург.
2018 жылдың қаңтар айы — «Жас талант.KZ» в I Республикалық фестивалінің Гран-При иегері, Ақтөбе.
2018 жылдың наурыз айы – «Весенние напевы» I халықаралық фестивалінің Гран-При иегері, Ақтөбе.
2018 жылдың наурыз айы – Вена қаласында өткен «Венский звездопад» балалар мен жасөспірімдер халықаралық байқауының 1-дәрежелі Лауреаты, Австрия.
2018 жылдың қарашасы — «Классика-2018» жас таланттардың облыстық байқауында Гран-При иегері, Ақтөбе.
2018 жылдың желтоқсаны – Орынбор қаласында өткен «Урал собирает друзей!» жобасы аясында өткен халықаралық байқау-фестивалінің 1-дәрежелі Лауреаты, Ресей.
2019 жылдың мамыр айы – Астана қаласында өткен «Piano Style» атты пианистердің халықаралық кәсіби конкурсының 3-дәрежелі Лауреаты. «Құсни Қорлан» шығармасын үздік орындағаны үшіне арнайы дипломға ие болды.
2019 жылдың наурыз айы – «Тоника» халықаралық байқауының Гран-при иегері, Ақтөбе.
2019 жылы өткен «Классика-2019» жас таланттар байқауының Гран-при игері, Ақтөбе.
2019 жылы өткен «ӘсемТалантStars» ІІІ халықаралық шы-ғармашылық байқау-фестивалінің І орын иегері, Ақтөбе.
2020 жылы болған «Салют талантов. Музыка» байқауының муперфиналының 1-дәрежелі Лауреаты, Санкт-Петербург.
2020 жылы өткен «КТК — талантты балалар үшін» халықаралық бағдарламасы шеңберінде өткен «Jas tolkyn» жас таланттар байқауының І орын иегері, Атырау.
2020 жылы өткен жас музыканттар арасындағы республикалық байқаудың ІІ орын иегері, Қарағанды.
Мейрамгүл РАХАТҚЫЗЫ