БОЛАШАҚ ИНЖЕНЕРЛЕРДІ ҚАЛАЙ ДАЯРЛАЙМЫЗ?
Жаңа оқу жылының басталуымен балаларға қосымша білім беретін ұйымдардың жұмысы да күшейеді. Ақтөбе облысындағы сондай ұйымдардың бірі — қалалық техникалық шығармашылық орталығы.
Бұл орталық 1970 жылы Ақтөбе қалалық жас техниктер стансасы болып құрылып, тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында республиканың алғашқы мектептен тыс мекемелерінің бірі болып Қалалық техникалық шығармашылық орталығы атауына өзгертілді. Қалалық техникалық шығармашылық орталығы қызметінің ерекшелігі — балаларға ақысыз негізде техникалық бағытта қосымша білім береді. Балаларға 30-ға жуық бағытта техникалық үйірмелер ұсынады, мұнда олар техника саласында бастапқы білім, білік, дағдыларын алады, бұл олардың әрі қарай кәсіби бағдар алуына жағдай жасайды.
— Қала бойынша біздің орталықтың бірнеше филиалы бар. Қала іргесіндегі ауылдардағы мектептерден де бірнеше филиалын аштық. Барлық филиалдарды қосқанда 1186 бала техникалық шығармашылықпен айналысады. Балалар үйір-мелерге 3-4 — сыныптан бастап келеді, барлығы да ақысыз.
Орталық 24 техникалық бағыт бойынша балаларға тегін түрде қосымша білім береді. Педагогтардың дені кәсіби білікті мамандар, спорт шеберлері мен үміткерлері. Біздің педагогтар республикалық деңгейде өтетін шараларда техникалық бағыт бойынша дәріс оқиды, шетелдік әріптестермен тығыз байланыс орнаттық. Шетелдік мамандармен бірлесіп түрлі шаралар өткізіп тұрамыз. Біздің балалар жыл сайын өтетін халықаралық, республиклық деңгейдегі додалардан жеңіспен оралды. Жыл сайын кеме, әуе, авто үлгілеу, робот техникасы секілді үйірмелерге балалардың қызығушылығы артып келеді.
Жақында қалалық техникалық шығармашылық орталығы облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасы, автомобиль және кеме жасау спорты федерациясы, авиамодель спорты бойынша республикалық федерация филиалымен бірлесіп техникалық спорт түрлері бойынша Ақтөбе облысының ашық жеке командалық Чемпионатын өткізді.
— Чемпионаттың мақсаты — жастар мен оқушылар арасында кеме жасау, әуе және авто үлгілеу спортын танымал ету және дамыту, спортқа қызығушылығын арттыру, облыстың мықты командаларын анықтау және Ақтөбе облысының құрама командаларын жасақтау. Сондай-ақ, спорт резервін даярлау жөніндегі спорт ұйымдары жұмысының жай-күйін қалыптастыру, — дейді аталған орталық директоры Ажар Сексенбайқызы.
Спорт додасына радиобасқаруы бар авто, кеме және әуе үлгілеуші жүзге жуық спортшы жиналды. Оның ішінде Орынбордан келгендер де бар. Төрешілер мен спортшылар да Тұңғыш Президент атындағы саябақтағы тоған акваторийінің кеме үлгілеу спортына жақсы үйлесетінін атап өтіп, шараның ұйымдастырылу деңгейіне жоғары баға берді.
Шығармашылық академиясының кеме үлгілеу үйірмесінің ұстазы Рахат Арғынұлы чемпионатқа бірнеше бала алып келіпті.
Мұндай шаралар балаларға стимул береді. Шығармашылық академиясында менің тобыма 30 бала келіп жүр. Жаңа оқу жылында жаңа топтар ашылады. Балалардың қызығушылықтары жоғары. Кеме үлгілеу ісінің ерекшелігі — басқа үйірмелерде дайын бұйымдарды құрастыратын болса, кеме жасау кезінде әрбір бөлшек қолдан жасалады. Үйірмеге 7-18 жас аралығындағы балалар тегін қатыса алады, — дейді Рахат Арғынұлы.
Ағайынды оқушы балалар Жансен, Шахмардан Рахатовтар кеме үлгілеу үйірмесіне бес жылдан бері қатысады екен. Осы уақыт аралығында 5-3 кеме жасап, республикалық сайыстарға қатысып, жүлделі орындарға ие болған.
— Кеме үлгілеу – техникалық спорт түрлерінің бірі. Ол еңбексүйгіштікті, оқушылардың ұжымда жұмыс істей білуін, мақсат қоя білуді, ұқыптылықты қалыптастырады, шығармашылық құрастырушылық ойлауын, әр түрлі құралдармен жұмыс істей білу машығын дамытады. Кеме үлгілей отырып оқушы мектепте физикадан, математикадан, сызудан алған білімдерін практикада қолданып үйренеді. Кеме үлгілеу баланың тарихи, политехникалық ой өрісін дамытады, — дейді Рахат Арғынұлы.
Қалалық техникалық шығармашылық орталығы директоры Ажар Сексенбайқызының айтуынша, спорт додасына қатысуға 110-нан астам бала өтініш берген. Олардың ішінде аталған орталықтың шәкірттері де бар. Соның бірі Ақтөбедегі №14 мектептің оқушысы Кирилл Большов: «— Мен жарысқа өзім жасаған «Вильга» деп аталатын ұшақты алып келдім. Тәжірибем болмағасын бұл ұшақты ұзақ — бір жылдай дайындадым. Негізінен пеноплекс материалын қолдандым».
Кириллдің ұстазы — қалалық техникалық шығар-машылық орталығы әуе үлгілеу зертханасының №14 мектептегі филиалы ұстазы Сергей Жерновойдың айтуынша, жеңіл ұшақтар залда ұшыруға лайықталып жасалады.
— Ұшақтардың ұшуы олардың сал-мағына тікелей байланысты. Кириллдің жасаған ұшағының салмағы — бар болғаны 6 грамм. Мұндай әуе көліктерін қолжетімді композитті материалдардан жасаймыз. Ішінде моторы бар, ол тек залда ұшыруға арналған. Кирилл осы жұмысын жарыстарға апарып, жүлделі орындарға ие болды. Жалпы, мұндай үйірмелер балалар үшін өте пайдалы. Біріншіден, балалардың уақытын тиімді, әрі қызықты өткізуіне септігін тигізсе, екіншіден, инженерлік-техникалық ойлау жүйесін дамытады. Мәселен, Кириллдің ағасы біздің үйірмеге қатысып, мектеп бітіргеннен кейін инженер-электрик мамандығы бойынша оқуға түсті, — дейді Сергей Жерновой.
Ал Мәртөк аудандық балалар техникалық шығар-машылық орталығындағы үйірмеге барып жүрген аудандағы №14 мектептің оқушысы Инабат Ақдәулетов жарысқа өзі жасаған кемесін алып келіпті.
— Кемені Инабат өзі жасады, ал электроника жағын екеуміз бірге әзірледік. Балалардың ынтасы өте жақсы. Кеме үлгілеу үйірмесіне 5-11 сыныпта оқитан барлығы 30 бала келеді, — аталған үйірме оқытушысы Николай Колмаков.
Аталған орталық директорының орынбасары Николай Селезновтің айтуынша, жалпы орталыққа 1082 бала келеді екен.
— Бізде кеме үлгілеумен бірге әуе, автоүлгілеу, роботехника, бастапқы техникалық үлгілеу, туризм секілді бірнеше үйірме жұмыс істейді. Жалпы мұндай үйірелердің балалар үшін пайдасы шаш етектен. Бала кішкентай кезінен бастап түрлі станоктармен, жабдықтармен жұмыс істеуге үйренеді, бос уақытын тиімді жұмсауға, жарыстарға барып, бәсекелестікке лайық болуға қалыптасады, — дейді ол.
Чемпионатты ұйымдастырушылардың бірі Александр Пашкевичтің айтуынша, мұндай үйірмелерде шыңдалған балалардың оқу орындарына түсуіне де пайдасы бар:
— Балалар кеме құрастырудан гөрі қол жұмысына үйренеді. Біздің балалар — электроника және радиотехника саласының болашақ жоғары санатты мамандары. Сондықтан, егер бізге өзіміздің инженерлік-техникалық мамандар қажет болатын болса, бұл бағыттағы жұмыстарды одан әрі дамытуымыз керек, — деді ол.
Ақтөбедегі әуе үлгілеу қауымдастығының басшысы, спорт шебері Юрий Соловьевтің айтуынша, бұл саланы дамыту бағытында кордодром салуға мән беру керек. Кордодром — түрлі типтегі әуе модельдерін ұшыруға, сынақтан өткізуге арналған арнайы спорт алаңы.
Чемпионаттың өту барысымен танысқан облыс әкімі Оңдасын Оразалин тиісті тұлғаларға бұл мәселеге қатысты тапсырмалар берді.
Жеңімпаздар мен жүлдегерлер Ақтөбе облысының дене шынықтыру және спорт басқармасының мақтау қағаздарымен, медальдарымен, кубоктарымен және бағалы сыйлықтарымен марапатталды.
Мейрамгүл САТАЕВА,
Ақтөбе облысы