Ұлы дала

Мен ауылға келгелі бір ай болды. Ертең қалаға қайтамын. Бүгін тау шатқалында отырған нағашы атамның киіз үйінде қонбақшымыз. Жайлаудың түні салқын болады. Күртешемді киіп, есік алдындағы сәкіде жұлдыздарды тамашалап отырғанмын. Маған олар өте таяу, тіпті қол созым жерде тұрғандай көрінді. Жымыңдаған әдемі жұлдыздарға қарап ұзақ ойға баттым. Аспанда қияқтай болып бір жамбастап жаңа туған ай тұр. Бұл үйде Айсұлу атты сүйкімді қыз бар. Қандай табылып қойылған есім!

 

Қаладағы биік үйлерден кейін, ауылдағы көрініс дәл ертегідегідей екен. Түннің соншалықты ғажап сұлулығын орнымнан қозғалмастан тамсана тамашалаудамын. Түнгі әсемдік, жайқалған гүлдер мен жусан, жап-жасыл дала, биік таулар да бұлыңғыр тартып, аласарып қалғандай. Мүлдем бөлек әлемге енгендеймін. Бұл көркем табиғатқа енді ғана назар аударғаным қалай… Бұрындары келгенде қалай байқамағам?! Әлде қалаға қайтқым келмегендіктен қимастық сезімі арбап, далаға көз тіккізіп тұр ма екен?
Ойға шомып, өзіммен-өзім күбірлеп сөйлесіп отырғаным-да, қасыма нағашы атам да келген екен.
– Қызым таңырқап отырғаның жүзіңнен байқалып тұр. Кеш бата балалармен ойнаушы едің, қазір жан-жағыңа зер сала бақылап отырсың, – деп, атам басымнан сипады.
Атама еркелей жарқын сөйлеп:
– Ата біздің қазақ болғанымыз қандай жақсы болды. Дәл мұндай жер ешкімде жоқ. Қазақтар қашан да еркін, бақытты әрі бейбіт өмір сүрген шығар?! – деп едім, атам сәл жымиды да:
– Сен нағыз бақытты ұрпақсың ғой! Еліміздің ертеңі, дәл сендей бүлдіршіндер үшін, бабаларымыз жерімізді жаудан сақтап қалды, сендерге бейбіт күн сыйлады.
– Ата бейбітшілікке қалай жеттік айтып беріңізші.
– Ал, тыңдай ғой құлыным.
Есте жоқ ерте заманда Алтай мен Атыраудың арасын алып жатқан ұлаңғайыр ғаламат өлкеде ғажайып «қазақ» атты халық өмір сүріпті. Сонау шөбі шүйгін, қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған заманда ғұмыр кешкен тыныш ел еді. Жазда жайлауға, қыста қыстауға көшкен. Жері құнарлы көкке, өрісі төрт түлік малға толған, көз жетпес көкжиегі жыршылардың жырына, күйшілердің күйіне, әншілердің сазды әуеніне ұласқан ел. Бұл ұлы даланың отыз күн ойыны, қырық күн тойы былай тұрсын, күнделікті кешіп жатқан тұрмысы көздің жауын алатын еді. Атадан өнеге, әжеден тәрбие көріп өсіп жатқан балдырғандардың ең бақытты балалық шақтарының көрінісі, тәтті бір күлкісінің өзі дүниенің бар байлығына тұрарлық еді. Әкеден үлгі, анадан жылулық алып ер жеткен ер мінезді ұлдары ақылы асқан, күші тасқан ержүректіктерімен, ал бой жеткен аққу мойын арулары хор қызындай сұлулығымен де, даналығымен де тамсандыратын.
Күндердің күнінде жаугершілік заман басталды. Мұндай ұлаңғайыр жерге көз тіккен көршілер көп болды. Ең әуелі көрші қысық көз көршілер шабуыл жасады. Шибөрімен сан-ғасыр арпалысып, мың өліп, мың тіріліп, енді ғана ес жиа бастағанда, солтүстіктегі қулығы асқан көршісі алып аю пайда болыпты. Оңайлықпен беріспейтін қаһарман халықтың ең осал жерін тауыпты. «Дұшпанға-қатал, досқа-адал» қазақпен ашық жауласпай, ішіне алдап-арбап кірген жаудың артынан аңғалдықпен қалай ергенін білмей қалған халық бірте-бірте тілінен, дәстүрінен айырылып, сан жылдар бодан болыпты. Қулығын іске асырған зымиян дұшпандар қазақтың бетіне шыққан қаймақтарын, жауға қарсы тұрған батырларын әртүрлі зымияндықпен де, айла-тәсілмен де жойып отырды. Тіл мен дінді құртуға тырысып, сандаған «елім, жерім» деген боздақтардың көзін жойып, санымызды кемітті, санамызды улады.
Бастарынан небір қиын қыстау заман, жан түршігерлік кездер өтсе де текті халықты түгелдей мәңгүрттендіре алмады. Өйткені тегі көкжал батыр халық еңсесін биік ұстады. Алтын құрсақты аналар қазақты аяғына тұрғызар батыр ұл мен қыздарды дүниеге әкелді. Тегі «көк бөрі» қазақ жастары барлық аяусыздыққа, зұлымдыққа төтеп берді. Қанында бар батырлықпен, тегінде бар мықтылықпен, бабасының жолын жалғаған ұрпақ бодандықтың ауыр шынжырын үзді. Егемендікке қол жеткізді. Бұл егемендік – Алланың қалауымен, атаның қанымен, ананың көз жасымен келген егемендік еді. Бейбітшілікті аңсаған халықтың тілегі орындалып, бостандықтың жарық таңы атты.
Ұшқан құстың қанаты талатын Алтай мен Атыраудың арасы – ата-бабаның аманаты. Елді сақтау, жерді сақтау біздің мұратымыз. Тілімізді, дініміз бен ділімізді дәріптеу біздің парызымыз. Сұлу Есілдің бойында әлемді таң қалдырған ғаламат шахар, қарасаң көз тоймайтын көркем қала бой көтерді. Қазақтың күні қайта туды. Бұл өлкенің иесі – «Қазақ» деген ұлы халық!
– Міне осылай балам. Қазақтың бейбітшілікке қалай қол жеткізгенін еш уақытта естен шығарма. Тіліңді, ұлтыңды, дәстүріңді әрқашан құрметте!..
– Ата менің қазақ болғаныма мақтанышым қандай шексіз екенін білсеңіз ғой.
– Білем балам, сендей елім, жерім деген иманды да ибалы ұрпақ өсіру біздің парызымыз. Ал, енді мен тұрайын. Айтқандарымды естен шығарма, – деп атам әдетінше басымнан тағы бір сипап киіз үйге кіріп кетті.
Менің халқыма деген ыстық ықыласым, шексіз алғысым, зор құрметім мен мақтанышым кеудеме симай орнымнан тұрып қолымды жайып ауылдың жусан иісін құшарлана жұттым. Өзімді атам айтқандай ең бақытты бүлдіршін сезіндім.
Міне, нағыз махаббат сезімі! Еліме, жеріме, халқыма, өз ұлтыма деген махаббат осындай болады екен ғой. Қуанышым қойныма симай, ерекше сезімге бөленіп тұрғанымда аспандағы ай маған күлімсіреп қарағандай болды. Аң-таң болып, өз көзіме сенер-сенбесімді білмей тұрып қалдым. Тұсыма жылжып келген ай маған жібек баспалдақты тастап жіберді. Мен баспалдақпен қалай шыға жөнелгенімді байқамай қалдым, лезде айға жетіп бардым. Ай мені жұмсақ қолдарымен көтеріп, иығына отырғызды. Біз аспан әлемін шарлап, жүзе жөнелдік. Алыстан тамсанған жұлдыздар енді, міне, дәл жанымда. Бірін-бірі қуалаған әдемі жұлдыздар бізді қоршай бірге жүзеді. Көңілім тасып, әнұранды бастап едім, ай мен жұлдыздар да қосыла жөнелді. Менің тәуелсіз елімнің әнұраны аспанда қалықтады. Қазағымның әнұраны ай мен жұлдыздарға таныс екенін естіп, жүрегім қуанышқа толды. Үнемі төс қалтамда жүретін туды айдың төбесіне қададым, сол сәтте ай сәулесімен құбылтып оны үлкен туға айналдырып, аспан әлемінде желбіретті. Бүкіл әлем Қазақстанның жалауына таңырқай қарап тұрғанын көргенде қуанып кеттім. Кеудемді мақтаныш одан әрі кернеп «жасай бер қазағым!» деп айқай салдым. Бақыттан төбем көкке төрт елі жетпей қалды, деген халық сөзінің мәнін осы жолы түсінгендеймін.
Таңертең ұйқымды ашсам, көлікте кетіп барамыз. Қалай ұйықтап кеткенім есімде жоқ. Жадымда атамның сөздері, көз алдымда түнгі көрініс. Жанымда мені құшақтап отырған анама бұрылып, «Мен түнде аймен бірге қосылып әнұран айттым. Рас айтамын, жұлдыздар да қосыла шырқады» дедім. Әлде түсім бе екен деп терезеге бұрылғанымда, анам да атам секілді басымнан сипап, тіпті көк аспанға көк туымызды желбіреттің, – деп күлімсірей қарады.
Арада біраз жылдар өтті. Мен есейдім. Қанша жыл өтсе де атамның әңгімесі ойымнан кеткен емес. Түнгі аспанға қарасам көз алдыма сол таңғажайып көрініс келеді…

Нұрила Жайырова,
Тұран Университеті,
журналистика факультетінің студенті

ПІКІР ЖАЗУ