«Адам адам болып қалу керек…»

(Мен оқыған бір шығарма)

Мен ұйғыр жазушысы Ахметжан Әширидің «Шағыр» атты керемет бір әңгімесін оқыдым. Осы шығарманы оқи отырып, адам баласы адамға да, жануарға да себепсіз зиян келтіруге болмайтынын білдім. Егер біреуге жамандық жасасаң, ол өз алдына келетінін түсінуге болады.
Туындының басты кейіпкері – менің құрдасым, 12 жасар Нұрсадық үйіндегі «кәдімгі сынық сүйем мүйізі бар» 2 жасар Шағыр атты танамен бірге өсіп, оған әбден үйреніп, онымен достасып кетеді. Кейіпкердің сөзінше, «Шағырдың кейбір қылығы адам мінезіне көп ұқсайды, «Сен байқа, адамдарға сес көрсете берме! Олар саған қашанда жануар деп қарайды, мүйізіңді қағып тастауы оп-оңай,-деп, мойнынан сипасам, «түсінемін» дегендей, бас шұлғиды».
Бір үйлі жанның ішінде танаға ең жанашыры – сол Нұрсадық. Ол Шағырға уақытымен жем-шөбін беріп, таңертен табынға қосып, кешке оны күтіп, құйрығын жабысқан ошағаннан тазалап, сипалап, арасында оған ақылын да айта отырады. Мал да иесіне солғұрлым жақсы ілтипат білдіріп, «бұдыр-бұдыр» тілімен алақанын жалап қояды», Баланың үй жануарына деген соншалық жақындығы, мейірімдігі мен жанашырлығы оқырманның жүрегіне жылулық ұялатады…
Адам баласы тірі табиғат иесіне өз мейіріміділігін, жанашырлығын көрсете білуі қажет. Мысалға осы әңгімеде Нұрсадық ауыл балаларына ұрлыққа көмектеседі. Бақшаның иесі Кәмердин Қапақ Нұрсадықты ұстап үлгермегендіктен, оның жазықсыз, әрі жақсы көретін танасының екі құлағын түбінен кесіп тастайды. Бірақ, осы ісі оның өз алдына келеді. Бір күні тау жақта емдік шөпті теріп жүргенде құлағын кене шағып, тас керең болып қалыпты. Яғни біреуге қандай қиянат жасасаң, сол жамандық өз алдына келетіні анық екен.
Осы шығарманың түпкі тамыры да осы жайлы. Біз адамдармыз, олар жануарлар. Олар бізден әрдайым сыйластықты, мейірімділікті, қамқорлықты күтеді. Сонымен қатар Нұр-садықтың ағайы айтпақшы, біз малды мал ретінде көргеніміз жөн. Себебі әрбір тірі табиғат иесі өз орнын білуі тиіс. Бірақ, орнын білсін деп жазықсыздан жазықсыз ұрып-соға беруге болмайды. Біз бір малды жанымызда мәңгілік сақтай алмаймыз. Сондықтан да малға мал ретінде, адамға адам ретінде қарайық.

Айдана АБДІҚАДЫР,
Алматы облысы, Іле ауданы, Жаңадәуір орта мектебінің 6 «Б» сынып оқушысы

ПІКІР ЖАЗУ