Тәлімі мол тіл мектебі

Ана тілді сүю дегенді бір ғана айқындама ауқымына сыйғызып, түсіндіре алмайсың. Оның туған тілге арналған ақындар жырларынан бастап, тілдің сақталып, дамуы көзделетін саяси шешімдер шығаруға дейін сан қыры бар. Ана тілде сөйлеу, оның тазалығын сақтау, тілді зерттеу, насихаттау, оның қолданыс аясын кеңейтуге үлес қосу, өз тіліңде сөйлейтіндердің көбеюіне қуану, білмейтіндерге үйрету сияқты көптеген амалдар мен қадамдар да – ана тілді сүю, оның мерейін өсіру жолындағы істерге жатады.

 

Тіл үйрену үшін не керек?

Осыдан бес жыл бұрын Орал қаласында Қазақстан халқы Ассамблеясының ұйымдастыруымен өткен «Шерлі шежіре аманаты» атты халықаралық форумға АҚШ, Оңтүстік Корея, Чехия елдерінен келген шетелдік ғалымдар ішінен бір қатысушыға жиналғандар ықыласы ерекше ауғаны есімде. Ол америкалық ғалым, Индиана университеті саясаттану факультеті Орталық Азия өмірін зерттеу кафедрасының профессоры Уильям Фиерман болатын. Жұрт назарын өзіне аудартқан – мұхит асып келген мейманның қазақша сөйлеуі. Бастапқыда оның қазақша сәлемдесуі елең еткізсе де, көпшілік одан артық ештеңені күте қоймағаны анық-ты.
Бірақ мінберге көтерілген профессор У.Фиерман басқа сөз сөйлегендер сияқты сәлемдескеннен кейін іле өздеріне ыңғайлы тілге көшіп кеткен жоқ. Қағазға қарамай, әлдебір сөздерді ойша еске түсіре тұрып, асықпай қазақша сөйлей бастады. Онымен де қоймай, өздерінде қазақ елі туралы тараған жақсы пікірлерді айтып, көпшіліктің ілтипатына ие болды. Сосын әзірше сөздік қоры аз екеніне кешірім сұрап, келесіде баяндамасын тұтастай қазақша жасайтынына уәде бергенінде зал толы жан ду қол шапалақтады.
Бір сәті түскенде ол кісіден қазақ тілін үйрену үшін қандай мұғалімнен сабақ алғаны, қай әдістемені қолданғаны туралы сұрап едім, Уильям Фиерман мырза: «Ал, интернет не үшін керек?» деді маған кәдімгідей таңырқай қарап. Бұл мен үшін кейінгі жылдар бойы басты «қаруыма» айналған жауап болды! Біздің елдегі «қазақ тілін үйрететін орталықтар… оқулықтар… әдістемелер… мұғалімдер… жоқ» деп сайрай жөнелетіндерді тоқтататын жауап! Содан бері мен заман жаңалығын орынды қолдана білген шетелдік профессорға сілтеме жасай отырып: «Бізде бәрі бар, тек сізде ынта жоқ» дейтін болдым әлгіндей «жылауықтарға».
Шынында да, үйренгісі келетіндердің амал, тәсіл, жол іздейтіні, үйренгісі келмейтіндердің сылтау іздейтіні бәрімізге белгілі емес пе? Иә, біздің елімізде мемлекеттік тілді үйренем деушілерге жағдай барынша жасалған. Жыл сайын бюджеттен мол қаражат бөлініп, оқулықтар мен сөздіктердің, әдістемелік құралдардың неше түрі шығарылады, мұғалімдер, әдіскерлер дайындалады. Семинарлар, тренингтер, сайыстар, конкурстар өткізіледі. Тілді меңгергендер марапатталып, ынталандырылады. Жыл өткен сайын тілді меңгергісі келетіндердің қызығушылығын оятып, мүмкіндігі арттырылатын жаңа форматтар енгізіледі.
Сондай тың тәсілдің бірі биыл 28 маусым – 3 шілде аралығында Баянауыл жерінде өткен Қазақстан халқы Ассамблеясының этномәдени бірлестіктер жастарына арналған Тіл мектебінде бастау алды. Ол – талапкерді тілдік ортаға бойлай енгізе отырып, сөйлету жобасы.

 

Тіл тынысын ашар тың әдіс

Бұл – кезінде «Назарбаев зияткерлік мектептері» дербес білім беру ұйымының Республикалық Білім беру бағдарламалары орталығында қызмет еткен, педагогика ғылымдарының докторы, профессор (марқұм) Мақпал Жұмабайқызы Жадринаның басшылығымен Канада, Финляндия, Эстония мемлекеттерінің тілге бойлау тәжірибесін зерделеп, өзімізге бейімделген тың тәсіл. Бүгінде тілге бойлау – бірнеше жыл бойы Назарбаев зияткерлік мектептерінің әдіскерлері сынақтан өткізіп, өміршеңдігін дәлелдеген жаңа әдістеме. Қазіргі кезде Талдықорған, Көкшетау қалаларының жекелеген бала бақшалары мен мектептері, елордамыздағы «Қарлығаш» бала бақшасы осы әдістемемен нәтижелі жұмыс істеуде.
Түсіндіре кетейік. Тілге бойлау бағдарламалары – оқу кезінде екі немесе одан да көп тіл қолданылатын бағдарламалар. Олардың бірі – ана тілі, екіншісі – шет тілі (біздің жағдайда – қазақ тілі). Оқу бағдарламасының кемінде 50 пайызы бір немесе бірнеше жыл ішінде осы екінші тіл арқылы меңгеріледі. Мектепте оқытудың 100 пайызы балабақшадан бастап екінші сыныптың соңына дейін ерте толық оқытудың үлгілік бағдарламасы бойынша екінші тілде жүзеге асырылады.
Мұндай тілдік бағдарламалар әуелі бірнеше тіл ресми түрде қатар қолданылатын Канадада пайдаланылды. Осы әдіспен ағылшын тілінде сөйлейтін балаларға Канаданың ресми тілдері – ағылшын және француз тілдерін үйрету Монреальдың Квебек провинциясында қолға алынып, жақсы нәтижеге қол жеткізіледі. Іле иврит-ағылшын, жапон-ағылшын, баск-испан, фин-швед, т.б. тілдерге бойлауға арналған бағдарламалар жасалып, қолданыла бастайды. Солардың ішінде кешегі кеңестік мемлекеттер де бар. Орыс тілді студенттерге арналған эстон тіліне бойлау бағдарламасы да Канададағы тәжірибеге сүйене отырып, жасалған. Бағдарлама мақсаты Эстония мемлекетінде тұратын аз ұлттар өкілдерін қоғамға кіріктіру болды. Бұл елдегі тәжірибе де оң нәтиже береді. Біздің әдіскерлер осы бағдарламаларды зерделеп, өз елімізде тіл үйрету үшін бейімдеген.

 

Жоба Ассамблеяға қалай келді?

Кездейсоқтық дегеннің жақсы жағы да көп. Тілге бойлау бағдарламасы туралы осыдан бірнеше жыл бұрын Назарбаев зияткерлік мектептері базасында өткен ғылыми-практикалық конференцияда ілеспе аударма жасағанда білдім. Содан кейін ол әдістеме туралы ой қайта-қайта еске түсіп, бұл жобаны мемлекеттік тілді меңгерем деген ересектер арасында іске асыру идеясы пайда болды. Бүгін, міне, сол неше жылдан бері көңіл түкпірінде жүрген ойымыз орындалғанын жария ететін сәт туды.
Жоба ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің жанындағы «Қоғамдық келісім» республикалық мемлекеттік мекемесі ұйымдастырған Қазақстан халқы Ассамблеясының Тіл мектебінде іске асырылды. Оны «Назарбаев зияткерлік мектептері» дербес білім беру ұйымы республикалық білім беру бағдарламалары орталығының әдіскер-оқытушысы, М.Жадринаның ізбасар шәкірті, психология және педагогика ғылымдарының магистрі Жанат Қажығалиева өзінің әріптес-шәкірті, елордадағы №61 орта мектептің мұғалімі Жәмила Сентаева екеуі сынақтан өткізді.
Тіл мектебіне еліміздің түкпір-түкпіріндегі этномәдени бірлестіктер мемлекеттік тілді үйренем, білгенімді жетілдірем деп тілек білдірген өз өкілдерін жіберді. Олардың тілді білу деңгейін ұстаздар алғашқы күнгі «кеден бекеті» деп аталатын танысу-сынағында анықтап, оқитын жастар мен әдіскерлер топтарға бөлінді. Бастапқы, тілдік ортаға ену арқылы қазақ тілін үйрету әдістемесімен таныстыру дәрісінде сабақтар бойынша орындалатын тапсырмалардың жарыспалылық сипаты түсіндірілді. Бұл ретте топтардың әдіскерлері мен тілді жақсы меңгерген жастардың рөлдері зор екені атап көрсетілді, өйткені олар қашанда жобаның сәтті өтуі үшін көмекші күшке айналады.
Тілге бойлай ену арқылы сөйлеп үйрену бағдарламасының басты қағидаты – сабақтар да, адамдар арасындағы қарым-қатынас та, саяхаттар мен ойындар да тек үйренетін тілде жүргізілетіні. Шыны керек, бұл «кеден бекетінде» өз деңгейлері туралы «тілді тек түсінем» деген қатысушылар үшін ғана емес, дәріскерлер (басқа ұлттың адамы тұрғанын көрсек, орыс тілінде жорғалап кететін әдетіміз бар ғой) үшін де оңайға соққан жоқ. Бірақ, қандай шаруаны қолға алсақ та, бастысы ынта мен табандылық екеніне тағы көз жеткіздік. Алғашқы күндері тұтқиылдан қойылатын «Қайдан келдің?», «Жағдайың қалай?», «Қандай ақынды білесің?», «Бөлмеде кіммен бірге тұрасың?», «Қазақ тілін үйренгің келе ме?», «Отбасыңда неше адам бар?» деген сияқты қарапайым сұрақтардан да сасып қалатын жігіттер мен қыздар бірте-бірте еркін, сеніммен жауап бере бастады.
Тіл мектебінің жұмыс жоспары елде іске асырылып келе жатқан «Рухани жаңғыру» бағдарламасының «Туған жер», «Киелі Қазақстан» сияқты кіші бағдарламаларымен, Қазақстан халқы Ассамблеясының «Қазақтану» жобасымен ұштастырыла отырып құрылған еді. Баянауылда туған ұлы тұлғалар, қазақ халқының салт-дәстүрлері туралы мол мағлұмат алуына мүмкіндік берді. Өз кезегінде бұл іс-шаралар қатысушылардың ойлау жүйесіне, өзін үлкен мемлекеттің бір бөлшегі ретінде сезінуіне әсер еткені байқалды. Жастардың сабақтан сабаққа өткен сайын өзгеріп, өсіп келе жатқанын көзбен көріп, сүйіндік.
Ақмолалық Владислав Вебер өзін таныстырғанда «Бір кездері Гете жазып, орыстарға Лермонтов арқылы жеткен өлеңді біздің Абай былай деп аударыпты» дей келіп, «Қараңғы түнде тау қалғып…» деп оқи жөнелді. «Біздің Абай» дегенді естігенде ұстаздар бір-бірімізге жалт қарастық – мұны жас жігіттің тілі ғана емес, жаны қазақыланғанының белгісіндей қабылдадық. Алматылық Анна Торосян бастайтын «Елім менің», «Атамекен» әндерін айтып тұрған жастарға көз қиығымен елжіреп қарап қоямын. Бәрі де қосылып, беріле орындайтынына жүрегім елжірейді.
Домбырасын тастамайтын көкшетаулық Роман Борисовский Тіл мектебінің жұлдызына айналды. Оның күйлерінсіз ешбір іс-шара өтпейтін. Ол әуелі «Ерке сылқымды» не «Адайды» мың құбылта тартып, енді бірде классикалық туындыларды ойнағанда, ұйып тыңдамайтын жан жоқ. «Ұлттық аспапта ойнаған соң ол халықтың тілін де жете білуім керек. Қазақ әндерін айтқым келеді» деді ол менімен әңгімесінде. Айтқандай, домбыра үйрену туралы ойды оған ұстазы Амангелді Хасенұлы Төшкенов салған екен. Роман ұстазы қастерлейтін аспапта шебер ойнайтын болам деп өзіне сөз беріпті.
Тіл мектебіне келгендердің мемлекеттік тілді үйренуге бел буып келгендігі алғашқы сәттерден-ақ белгілі болды. Әйтпесе, төбеден төнген күн шыжғырып, ауаның өзі пеш аузынан шыққан от-жалындай болып тұрғанда, дәл жаныңда көз арбап, Жасыбай көлі шалқып жатқанда тырп етпей сабақта отыру да бір сынақ. Жастардың үйге берілген тапсырмаларды орындауда берілген лингвистикалық минимумды орнымен қолдана отырып, қиялдарының ұшқырлығын, қазақтың салт-дәстүрлерін білетіндігін көрсетуге тырысуларын, кейде сабақты тақырыптық мини-қойылымға айналдырып жіберулерін де тіл білуге деген құштарлықтың белгісі деп таныдық.
Осы ретте мына мәселеге де назар аударуды жөн деп білеміз. Егер жағдайың жайсыз, іс-шара тартымсыз болса, одан ешқандай нәтиже күтуге болмайтыны белгілі. Әшейін «өтті» деген белгі қою үшін талай іс-шара өткізілетінін де көріп-біліп жүрміз. Сондықтан, жастардың тақырыпқа еш алаңсыз бойлауына не нәрсе себеп болғанына назар аудардық. Ол – Тіл мектебі жұмысының мазмұндылығы мен шебер ұйымдастырылуы. Спикерлердің, атап айтқанда ҚР Премьер-министрінің кеңесшісі Нәзипа Шанаидың жастарды баурап алған, әдіскерлерге бағыт-бағыт берген танымдық-тақырыптық әңгімелері, Павлодар облыстық Аналар кеңесінің төрайымы Бақытжамал Максилованың шеберлік сабақтары, «Қоғамдық келісім» мекемесі директорының орынбасары Хадиша Ерсейітованың бағдарламада көзделген әрекеттері Баянауыл аудандық әкімдігімен келісе отырып, күнібұрын ойластыруы, мекеме мамандары Шынар Тәукебаева мен Динара Макубаеваның ұйымдастырушылық қабілеттері – тіл үйретудің нәтижелі болуына апарған жолдар болғаны анық.
Ал Тіл мектебінің басты кейіпкері де, жастардың да, ересектердің де сүйіктісі – жоба авторы Жанат Қажығалива болғаны даусыз! Ол қазақ тілін табиғи түрде меңгерудің психологиялық-педагогикалық аспектілерін терең меңгерген маман екенін танытты. Үлкенмен үлкендей, баламен баладай сөйлесе білетін ұстаз жастардың тіл меңгерудегі жетістіктеріне олардың өздерінен бетер қуанғанын көрдік. Еркін тақырып берілгенде бірінші күні Мандельштамды, екінші күні Блокты оқыған Артем Германның үшінші күні «Менин жэрлесим Махжан Жумабаевтын олени» деп хабарлап, «Сахындым тухан жэримди…» деп оқи бастағанда көзіне жас келгенін көрдік.
Ұстаздың ұстанымы сондай – боламын деген баланың бетінен қақпау керек! Сөйлеймін деп талпынған адамның қатесін шығарып, ұялтпау керек! Онсыз да сөздік қорының аздығынан, акцентінен қысылып, сөйлеуге батылы жетпей жүрген адамды түзете берсең, ол тығылып, мүлде сөйлемей қояды. Тіл мектебінің бір артықшылығы – тілді меңгеру деңгейі шамалас адамдардың біреулер қатемді айтып, күлкіге айналдырады деп жасқанбай сөйлей алатындығы. Осылайша, Ассамблеяның Тіл мектебі психологиялық кедергілерді еңсеру ортасына айналды.
Әр іс-шараның көшбасшылары болады, Тіл мектебінде де мемлекеттік тілді, қазақтың салт-дәстүрін жақсы меңгерген Тамара Дайкова, Максим Голиков, Агджа Набиева, Элвин Магаррамов сынды жастар құрбыларына өнеге болды. Ал бір күннен кейін, деңгейлері өте жақсы Владимир Чепель, Екатерина Гедзур, Елена Пак, Галина Дураченко сияқты жастардың біліктілігі бағаланып, олар еліне барғанда мемлекеттік тілді меңгертудің жаңа әдістемесі бойынша жұмыс істейтін әдіскерлер қатарын көбейтті.
Сонымен, бір апталық Тіл мектебі өз жұмысын аяқтап, жастар өз өңірлеріне аттанды. Жас жүректерді өз мемлекетінің тілін меңгергеніне деген мақтаныш кернеп кеткені анық. Олардың Тіл мектебінен алған тәлімі, мемлекеттік тілге деген сезімдері туралы әлеуметтік желіден оқып, қуанып отырмыз. Біз айтқандай көбі тырысып, қазақ тілінде жазыпты. Сіздер де қуаныңыздар, қатесін емес, талпынысын көріңіздер, ағайын!
Атыраулық Богдан Шевченко: «Маған ерекше ұнағаны әдіскерлердің тілді грамматика жағынан үйретпей оңай сөзді көзбен көріп бастау. Бұл проект тек тілді ғана үйретіп қоймай, жаңа дос табуға үлкен мүмкіндік туғызды. Қазақтың салт-дәстүрлері, әдет-ғұрыптары және ұлттық тағамдарымен танысып, дәм ауыз тидік. Ең қызығы тек көзбен ғана көріп қоймай, барлығын өз қолымызбен жасағанымыз. Мен киіз үй құруға көмектестім, содан болар барлық бөліктерін жаттап алдым».
Батысқазақстандық Роман Назаров: «Баянауылға үлкен рахмет, бізді өзінің әдемі өлкесіне, ұмытылмас тау шыңдарына қабылдағаны үшін. Маған көмектескеніңіз үшін барлықтарыңызға рахмет, Егер сіз болмасаңыз, мен осы өлі нүктеден қозғала алмас едім, қазір менің қазақ тілін үйренуге деген керемет тілегім бар».
Ал, Өскеменнен келген белсенді жас Равиль Юнусов сезімін орысша жазса да, біз үшін оның қабылдаған шешімі бағалы: «Ребята, вы молодцы! Завидую белой завистью как вы умеете говорить на казахском языке! Ин ша Аллах заговорю и я!».
Біздіңше Равиль Тіл мектебіне қатысушылардың ортақ ойын білдіріп тұр. Лайым тілектеріне жетсін!

Камал Әлпейісова, жазушы, филология ғылымдарының кандидаты,
Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшесі

ПІКІР ЖАЗУ