Балаларға базарлық

Алтыншаш ЖАҚИЯНОВА, 2017 жылы «Жетісу балалар кітапханасы» айдарымен «Балаларға арналған үздік поэзия» номинациясы бойынша республикалық байқауының «Балалар әдебиетінің үздігі» атағын жеңіп алды. Сол жылы облыс әкімінің қолдауымен «Құлыншақ» атты балаларға арналған өлеңдер жинағы жарық көрді.

 

БЕСІК ЖЫРЫ

Ашылып өмірдің есігі,
Сәбидің қойылды есімі.
Бөбегім, мінеки, өзіңді,
Күтіп тұр атаңның бесігі.

Әлди де бөбегім, әлдиім,
Уілдеп сәбидің сал күйін.
Өзіңді тербетіп отырып,
Жаныңда мен біраз қалғиын.

Әлди де бөбегім, әлдиім,
Сезінші әжеңнің жан-күйін.
Жасыңнан санаңа сіңіріп,
Ұғып өс еліңнің ән-күйін.

Бұл бесік талайды тербеткен,
Бесікте әкең де ержеткен.
Ұрпағым алаңсыз өссін деп,
Хас шебер қашаған еңбекпен.

Талбесік – көненің көзі бұл,
Толғасақ тарихтың өзі – жыр.
Әлдиде әжеңнің әні мен,
Бабаңның ұлағат сөзі жүр.

 

АҚ НЕМЕРЕМ АҚЫЛДЫ

«Апа, — дейді, жақындап, —
Ертегі айтып бер маған».
Ақ немерем ақылды-ақ,
Алтыға әлі толмаған.

Хабары бар суреттен,
Бәрін жақсы көреді.
Бала бақша үйреткен,
Әндер айтып береді.

 

ТЕКЕМЕТТІҢ ҮСТІНДЕ

Кереметі болар әрбір істің де,
Өзіңізді еске аламыз біз күнде.
Бақар-шақар өсіп, апа, жатырмыз,
Өзің басқан текеметтің үстінде.

Төрт немерем ойнап
жатыр алысып,
Бірін-бірі қуалайды жарысып.
Омақаса құласа да қыңқ етпей,
Қайта тұрар бір-біріне жабысып.

«Апаң көріп еске алады анасын,
Енді жоқ ол, жасамайды жаңасын.
алыспаңдар», — деп қоямын әредік,
зілсіз ғана өзіңе ұқсап, анашым.

«Тәуба!» деймін, былғаса да,
шашса да,
Бүлінбейтін, тозбайтұғын тас қана.
«Енеміздің шешесінен қалған» деп,
Келіндерім қарап қояр жасқана.

Апа, өзіңнен қалған бұйым –
текемет,
Сыз жібермес жерден.
Жылы, не керек!
Өсіп еді үш балам да үстінде,
Осылардай бірін-бірі жетелеп.

Пана болып жылы, жұмсақ
төсеніш,
Апа, әлі жетілеміз, өсеміз.
Ию-қию базар қылып үй ішін,
Шілдехана және өткіздік кеше біз.

 

АППАҒЫМ

Құшақтайын, келші бері, «ақ бала»,
Өзіңді айтып жыр қыламыз
мақтана.
«Қара, қара»,- дейді осы жұрт сені,
Жүрсін дейді-ау тіл мен көзден
сақтана.

Біздер үшін сен әйтеуір аппақсың,
Көзіңе айтып жатқаным жоқ
мақтап шын.
Айта берсін, мейлі,
«қара бала» деп,
Ақ ботам-ау, кімнің аузын
жаппақсың?!

Менің титтей немеремсің, аппағым,
Жуылмапты-ау бетіңдегі сатпағың.
Кіп-кішкентай домбыраңды
қолыңа ап,
Таусылмасын бізге айтатын
тақпағың.
Аппағым!

МЫСЫҚҚҰМАР ДИАНА

«Үйде мысық бар ма?», — деп,
Сұрап алды Диана.
«Жоқ болса мен кетемін,
Ұнамайды бұл ара».

Әлек салып жиен қыз,
«Соғыс» ашты, сұрама!
«Мысық тауып беріңдер»,
Деп, айғай сап жылады ә.

Көше кезіп іздедік,
Жүре ме ол көшеде.
Көшедегі мысықтар,
Ұнамады нешеме.

Көршінің ақ мысығы,
Бар екенін білеміз.
Сұрап алдық бір күнге,
Ұнаса деп тілеңіз.

Ерке өскен ол мысық,
Қызық өзі болмысы.
Жатырқаған шығар-ау,
Тырнап алды, ой, бұзық!

«Жатқанын-ай үй таңдап,
Же ет, кәмпит, бұл – жаңғақ.
Не жесең де дайын тұр,
Неге мынау бұлданшақ?!»

Ей, ақ мысық, тырыспа,
Сенің мұның дұрыс па?
Жанымда бол бір-ақ күн,
Мысығымнан жырақпын.
Мысығымды сағынып,
Сосын сені сұраттым.
Жүнің аппақ болса да,
Кірін қара құлақтың!
Неге жуып алмаған?»
Деді-дағы жалма-жан
Көтеріп ап мысықты,
Бір-ақ шықты ваннадан.

ПІКІР ЖАЗУ