Қазақстандағы мерекелік күндер

Қазақстанда ресми түрде танылған 16 мереке бар. Оның 12 ресми мәртебе берілген. Солардың есебінен жылына 20-25 күн мерекелік демалыс болады. Бұдан бөлек 30-дан астам ресми емес кәсіби мерекелер бар. Қазақстан Республикасының 2001 жылғы 13 желтоқсанда қабылданған заңына сәйкес жыл бойына тойланатын мерекелер ұлттық мерекелер, мемлекеттік мерекелер және кәсіби немесе өзге де мерекелер деп 3 топқа бөлінеді.

Ұлттық мерекелер дегеніміз Қазақстанның дамуына елеулі ықпал еткен, тарихта ерекше елеулі орны бар мерекелер. Ұлттық мерекелерді атап өту үшін орталық және жергілікті мемлекеттік органдарда ресми мерекелік іс-шаралар ұйымдастырылады.
Мемлекеттік мерекелер дегеніміз қоғамда және саясатта болған маңызды оқиғаларға арналған мереке. Бұл мерекені Қазақстан Республикасының азаматтары дәстүрлі түрде атап өтеді. Мемлекеттік мерекелерді тойлау кезінде ерекше іс-шаралар өткізілуі мүмкін.
Кәсіби немесе өзгеде мерекелер дегеніміз ұлттық және мемлекеттік мерекелер мәртебесі берілмеген мерекелер. Яғни, Қазақстан Республикасының азаматтары жекелеген немесе топтық сипатта атап өтетін мерекелері.

 

Қазақстан республикасының ұлттық және мемлекеттік мерекелер қатарына жатады:
Жаңа жыл – 1-2 қаңтар
7 қаңтар – православиелік Рождество
8 наурыз – Халықаралық әйелдер күні
21-23 наурыз – Наурыз мейрамы
1 мамыр – Қазақстан халқының бірлігі мерекесі
7 мамыр – Отан қорғаушылар күні
9 мамыр – Жеңіс күні
6 шілде – Астана күні
Құрбан айт
30 тамыз – Конституция күні
1 желтоқсан – Қазақстан республикасының Тұңғыш Президентті күні
16-17 желтоқсан – Тәуелсіздік күні.
Жоғарда айтылған мерекелердің бірнешеуінің ерекшеліктеріне және маңыздылығына тоқтала кетсек.

 

1-2 қаңтарда тойланатын жаңа жыл әлемдегі ең көне мейрамдардың бірі болып саналады. Өйткені ежелгі мысырлық пирамидаларда жүргізілген қазба жұмыстарының нәтижесінде біздің заманымыздан III мың жыл бұрын жасалған ыдыс табылды. Онда жаңа жыл туралы жазба бар. Алайда, кей бір ғалымдардың пікірінше, бұл дәстүр біздің заманымыздан бұрынғы IV мыңыншы жылдың соңында Месопотамиядан бастау алады. Ежелгі римдіктер жаңа жылды наурыз айында мерекелеген. Дәл осы наурыз айында алқаптағы жұмыстар басталады. Тек біздің заманымызға дейінгі 46-жылда Рим императоры Юлий Цезарь жылдың басы саналатын күнді 1 қаңтарға ауыстырған. Ал, қазақ даласында 1-2 қаңтарды жаңа жыл ретінде тойлау КСРО кезінде бастау алды. Оған дейін наурыз айының 21-23 жұлдызы жаңа жыл болып саналды және ұлан асыр той болды.
21-23 наурыз көктем мен қуаныштың мерекесі. Наурыз – көктемгі күн мен түннің теңелетін күні. Бұл күні бүкіл жер бетінде күн мен түн теңеседі. Бұл қазақ халқының ең сүйікті әрі ауқымды мерекесі. Наурыз – әлемдегі ең көне мейрамдардың бірі. Орта Азия елдері оны 5000 жылдан аса уақыт атап өтіп келеді. Наурыз мейрамы заманауи діндер мен көптеген мемлекеттерден бұрын пайда болғанған. Бұл мереке күнәдан тазару, киім-кешектерді тазарту, үйді тазарту, жамандықтан және өшпеділіктен тазару мерекесі ретінде атап өтіледі. Наурыз мерекесі адамдарды басқалардың күнәлары мен жамандықтарын кешіруге шақырады. Ұлыстың ұлы күні шығыс халықтары екі ел арасындағы кез-келген соғысты тоқтатқан. Ал, қазақ ақсақалдары мерекеде араздасқан ру-тайпалармен татуласатын болған.
7 мамыр – әр отбасынан бастап мемлекет бойынша ер адамдарға айрықша құрмет көрсетіліп, олардың батылдығы мен ерлігін мадақтайтын ерекше мереке.Сондай-ақ, бұл күні Екінші Дүниежүзілік соғыс ардагерлері мен тылда еңбек еткен қарттарымызға құрмет көрсетіледі. 1992 жылғы 7 мамырда Қазақстан мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың жарлығымен Қазақстанның қарулы күштері құрылды. Дәл осы күні республика аумағындағы КСРО қарулы күштерінің құрамындағы мекемелер, бөлімдер, құрамалар Қазақстан Республикасының құзыретіне берілді.
1 желтоқсан – Қазақстан республикасының Тұңғыш Президентті күні Қазақстанда жыл сайын тойланатын ерекше мейрам. Бұл мерекенің түп мақсаты тәуелсіз мемлекеттің тұңғыш президентін құрметтеу әрі дәріптеу. Бұл мерекені атап өту тұңғыш президенттің мемлекет алдындағы жетістіктерін тану әрі насихаттау мақсатында ұйымдастырылды. Бұл мейрамның бұлай айтылуына 1 желтоқсан күні болған президент сайлауы себеп болды. Алғашқы бүкілхалықтық сайлау нәтижесінде Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев басым дауыс жинап алғашқы президент атанды.
16-17 желтоқсан ата бабамыздың арман еткен, еркіндігімізді жаңа белеске көтерген тәуелсіздік мерекесі. Бұл ерекше күн 1991 жылы 16 желтоқсанда Қазақстанның тұңғыш президентті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың мемлекеттік тәуелсіздік туралы актке қол қоюымен басталды. Бұл тәуелсіздік 1986 жылғы Желтоқсан көтерілісінде алаңға шыққан жастардың ерік-жігері, ең алдымен барша қазақстандықтардың арман-мұратының салтанат құруы. Тәуелсіздік – бұл азап пен төзімнің, халықтың сан ғасырлар бойы еркіндікті аңсаған шыдамының шырқау шыңына шығып, ашық қарсылығының көрініс табуы. Біз патша дәуірінен тәуелсіздікке дейін бірнеше жүз жылдық отаршылық кезеңді бастан кешірген халықпыз. ХХ ғасырдың аяғында қайта жаңғырған ұлы тарихы бар егемен елміз. Тәуелсіздік секілді ұлттық мерекені әр бір қазақстандық жүрекпен сезінуі керек.
Жоғарыда айтылған мерекелердің барлығы Қазақстан үшін ерекше маңызға ие. Бір мерекені екіншісінен бөліп айту қиын дүние. Өйткені бұл мерекелер тарихы терең қазақ халқының бастан кешірген шежіресі іспеттес.

Есбол Мухамметханулы,
Сүлеймен Демирел атындағы университетінің журналистика факультетінің студенті

ПІКІР ЖАЗУ