Мысыр мұражайында

Көзімді ашсам күн төбемде шаншылып түсіп тұрған екен. Айналама көз жүгіртіп үлгермей жатып жаныма кішігірім №64 күйме келіп тоқтады. Жол жиегіндегі жақтаушада «Мидан Эль-Тахрир» — деп, жазылған екен. Солай беттеп Каирдегі Мысыр мұражайынан бірақ шықтым. Мұражайда екі негізгі, бірінші және екінші қабат бар екендігін байқадым. Бірінші қабатта ротунда, атриум, ежелгі (орта) жаңа патшалық залдары бар. Бұл қабаттың ерекше экспонаттары мені 43 сағаттық ессіз саяхаттың құшағына орады. Қара түсті әк тастан жасалған мүсіндер, арыстан басты, адам жүзді бес сфинкс, Египет билеушілерінің билеу тарихы бейнеленген рельефті сурет, шыны және алтын бөлшектерден құйылған Эхнатон патшаның қабірін көріп есім кетті. Біраз демалып алдым да, екінші қабаттың бұрыш-бұрышын қалдырмай тінтіп қарауға кірістім.

 

Мұндағы перғауын Тутанхамон мен мумияларға арналған бөлім мені қызықтырмай қоймады. Мумиялар дәл «Скуби-Ду» мультхикаясындағы оқиғалар желісін еске салады. Құдды бір, мумиялар артымнан ақ дәкелері жалбырап қуып келе жатқандай. Мұнда адамның ғана емес құстар мен жануарлардың мумиясын көріп аң-таң болғанымды жасыра алмаспын. Айтпақшы, Каир мұражайының дәретханалары тегін, тек тазалыққа жауап беретін ханымдар жиі туристтерді алдайтыны бар екен. «Есім барда, елімді таба қояйын» — деп, есікті ашып қалып едім, аппақ бөлме көзімді қарықтырып соқыр ете жаздады.
«Сонымен студент ұйқыңыз қанды ма?!» — деген, ұстаз сөзі мені оятты. Қиялымда болған еркін саяхатты өңімде қайталарым сөзсіз. Жас оқырман, сен де міндетті түрде мұражайға барып көр. Бұл сені шынайы әлемнен ажыратып, стрессіңнен арылуға көмек көрсетеді. Мұражай дегенің, дәл бала кезімізде біздер кіршіксіз сенген уақыт мәшинесінің дәл өзі ғой!

Дуйсенбек Әсем, жас тілші,
Жамбыл облысы, Шу ауданы,
Жамбыл атындағы орта мектебінің 10 «Ә» сынып оқушысы

ПІКІР ЖАЗУ