Телефон және екі сом
Бала кезіңде көзің көріп, басыңнан өткен оқиға жадыңа желімдегендей сақталып қалады екен. Әрине, ондай оқиғаның саны өте көп. Деседе, ұмыта алмайтын, ұмытуға болмайтын нәрселер болады. Менің өміріме өзіндік әсер етіп, із қалдырған екі оқиғаны айтып берейін.
Біріншісі былай болып келеді… Аудан орталығындағы орта мектептің 7-сыныбын бітіріп жаздық коникулға шығып, ауылға келген кезім болатын. Менен бір сынып жоғары оқитын Рәбілдің Бақыты екеуміз киіз үйдің екі жағына шығып алып сөйлесіп жатыр едік. Әкеммен бір жұмыс жәйлі сөйлесуге Тұрсын бастық (бастауыш партия ұйымының секретары) келе қалды. Малшаруашылық бөлімшесін басқарғанымен бала секілді ұшып-қонған, еркелейме, әлде әдейі істейме, әйтеуір оғаш мінезімен атышулы кісі болатын.
Қазақта тұңғыш немересін әжесі баурына салып бағып алатын, кейде жиенін асырап алатын салт бар. Ағайынды кісілерде бірінің баласын бірі бағып алып туыстықты тереңдете түсуге себеп жасайтын. Міне, сондай отбасыларға келе қалса, әрбір баланың атын атап, түсін түстеп: «Сенің әкең пәленше, түгленшеден туғансың!» деп, тегін қазып түп тұқиянына жететін. Ондай сөзді тұңғыш естіген балалар бақырып-шақырып жылап жатады. Ал, Тұрсын болса, онан ары қазбалап рахатқа батушы еді. Осы қылығына бола ауылдың қарттары, шал-кемпір атаулы оның төбесін көрген жерден бағып алған немере-жиендерін көзден тасалайтын. Екінші ерекшелігі, астындағы көкжорғасымен үйге қарай тайпалтып ағызып келіп тоқтайтын. Қазақтың дәстүрінде үйге жақындағанда шапқыламайды (кісісі қайтыс болған қаралы үйге ғана «ой, бауырымдап» атқойып келеді). Тұрсынға бәрі бір, киіз үйді соқтырып құлатып кете жаздап барып ат басын тартады. Байларды «буржуазия» деп, оқығандарды «сасық тоғызыншы» деп қудалап жүргенде, ауыл белсендісі, оқымаған қаратабан кедей Тұрсынға теңдік тиіп секретар болып шыға келген. Мұндай бейсауат жүрген дөрекі адамды ит екеш итте жақтырмайды. Атына қамшы басып құйындатып тосыннан жетіп келген Тұрсынға иттер тұра ұмтылып ат жалына жармасатыны анық. Ондайда Тұрсынның айы оңынан туып ит пен ит болып, қамшысын оңды солды сермеп қуып ала жөнелетін. Әлгі итті ерінбей тықсыра қуып бір белден асырып тастап жауды жеңіп келген батырларша қоқиланып қайтып келе жататын. Сондықтанда оның «Жынды Тұрсын», «Ит қуар Тұрсын» деген өзіне жарасымды әдемі лақап аттары бар. Әне сол Тұрсын біздің үйге келе қалды.
«Телефонмен сөйлесу» ойынының қызығына кіріп кеткен біздің қасымызға қамшысын сүйретіп жетіп келді.
-Кіммен сөйлесіп жатырсың?
-Бақытпен сөйлесіп жатырмын!
-Ол қане?
-Киіз үйдің артында.
-Әкел бері, менде сөйлесейін!
Телефонымды қолына ұстаттым. Телефон деп жүргеніміз, шырпысынан босаған сіріңке қорабы, тігін машинасының жиырма метрдей жіңішке жібі, қорапшаның түбінің ортасын тесіп жіпті өткіземізде, бір-бір тал шырпыға байлаймыз, онан соң Бақыт екеуміз екі жақта жіпті кере ұстап қорапқа кезек-кезек сөйлегенде ауызға жақындатып дауыстап, тыңдағанда құлаққа тақап естиміз. Телефон «тұтқасын» қолына алған Тұрсын аузына апарып «Уай-й-й!» (Алло-о-о!) деді, гүж етіп. Үй артында тұрған Бақытта «Уай-й-й, бұл кім?» деді дауыстап. Біресе ауызға апарып, біресе құлаққа төсеп әлде неше мәрте сөйлеп рахатқа батқан Тұрсын:
-Мынауың жақсы нәрсе екен!.. Әй, қойшы! Оқып қайда барармын дейсің, оқығандарды көріп жүрмізғой, ауылда қоңыз теріп қор болып жүр… Мықтағанда қой бағарсың!..-дедіде, қолындағы сіріңке телефонды лақтырып тастап, кете барды. Көңілім жаман бұзылып, кәдімгідей мұңайып қалдым. Ең болмаса, бір ауыз жылы сөз айтуға жарамады, қораздана сөйлеп қорлап кетті. Дәл сол жерде өзіме өзім серт бердім: «Дәл осы жынды Тұрсынның ызасына жақсы оқып, қойшы болмайтынымды дәлелдеймін!» дедім, қатты тістеніп тұрып. Әне сол күннен бастап күшіме күш қосылды, жігеріме жігер қосылды. Қайтсемде ит қуар Тұрсыннан асуға бел будым. Оқып жүргенде сәл босаңси қалсам Тұрсынды ойлаймын, тапсырма орындап отырып манаурай бастасам Тұрсын көз алдыма келеді де, ұйқым шайдай ашылатын болды. Сол антымда тұрып, «Тұрсыннан асамын!» деп жүріп шекараданда асып кеткен жоқпынба?! Жынды Тұрсынның бір ауыз қыңыр сөзі мені ілгерлетіп, алға бастырды, адымымды аштырды.
Естен кетпес екінші жәйіт былай еді… Отбасымыз көшіп-қонып жүргендіктен мен аудан орталығында туыстардың үйінде жатып оқыдым. Аптасында болмасада, айында бір рет ауылға келеміз. Біздің үй нағашы атамызбен бірге көшіп-қонып жүретін, әр келгенде ең алдымен нағашым Рақымберді атаға «Ассалаумағалайкум!» деп салам беретінбіз. Сәлемімді алып, маңдайымнан құшырлана иіскеп қасына отырғызатын. Жағдайымды сұрайтын, оқуымды ұғысатын. Сонсоң «Оқымасаң, мына біз секілді сиыршы болып қаласың, қиыншылыққа шыдап жақсы оқы, қызметкер бол!» дейтін, көзіме тура қарап. Үйден шығарда:
-Әй, тоқтай тұр!.. дейтін, асықпай қозғалып ішкі төс қалтасына қолын салып.
Онан соң, уысын толтырып белі буылған бұлғары әмиянын алып шығатын. Қайыс таспасын шешіп, әмиянды ашатын. Қапшық үш орамды, әр орамында бірден қалташа. Бірінде қағаздары, бірінде өзге керекті заттары, үшіншісінде қатарлап тізіп салған ақша болады. Оның арасынан азда емес, көпте емес екі сомдық көк қағазды суырып шығарадыда бетіме қарап қолыма ұстатады. Бұл атамның қашанғы әдеті, мен қанша рет алдына барсам, сонша рет екі сом алақаныма қонады. Сол кездің есебі бойынша екі сомға, бес тиыннан алуға болатын қырық дәптер, немесе он тиыннан кіруге жететін, жиырма мәрте кино көруге болады. Әрине, аз ақша емес. Осы кезде оқып біліп жүрміз, «Үзеңгісі алтын болсада, шәкіртке жылу беріңдер! Өзі қамқорлық көрмеген бала есейгенде ешкімге жақсылық жасамайды» деген ғұламалар сөзін есіме аламын. Сол нағашы атамның қасиеті жұққан болар, қалтама ақша түсе қалса, әулетімізден шыққан оқушыларға беремін. Былайынша айтқанда шәкірт көрсем Рақымберді атамды еске аламын.
Бұл бірі-біріне қарама қарсы екі оқиға менің санамда өшпестей болып қалып қойды. Алдынғысы намысымды қайрап жігерімді жаниды, бойымды ширатып жұдырығымды түйгізеді. Соңғысы көңілімді тербеп, жүрегімді балқытады, сүйіспеншілігімді арттырып мейірімге бөлейді. Уақыт өте келе, «ит қуар» Тұрсынға кешіріммен қарауды үйрендік, жомарт атамызға Құран бағыштап Алладан рақым тіледік.
Дәулетбек Байтұрсынұлы, ақын,
Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі