Абай атамыз ойнаған тоғызқұмалақ
Ертеңгі ел болашағы саналатын жас ұрпақтың тәрбиесі мен өмірге деген көзқарасының қалыптасуында спорттың алар орны зор. Спорт әлемінде өз орнын алған белгілі тұлғалар ерте жастан-ақ сол спорт түріне әуес болып, шыныққандарын айтып жатады. Сондай болашағынан үміт күттіретін жас спортшы Аждурлиев Тұрар. Ол Шардара қаласындағы Қ.Аманжолов атындағы мектептің 11-сыныбында оқиды. Иә, Тұрар менің сыныптасым. Оның сонау бастауыштағы кезінде-ақ спорттық додалардан қалмай қатысатыны әлі есімде. Бүгінгі әңгімеде Тұрар өзі айналысатын спорт түрлеріне тоқталып, жеңіске жетелейтін кеңестерімен бөлісті.
-Тұрар, спортқа алғаш қалай келдің?
— Мен алғаш спортқа 10 жасымда аяқ бастым. Себепкер жан-әкем болды. Әкем тоғызқұмалақ ойынынан жаттықтырушы. Ол көпшілік сияқты «өзін қорғап үйренсін» деп, бізді алдымен бокс, күрес сияқты спорт үйірмелеріне бермеді. «Біз» деп, әпкемді, өзімді, егіз бауырым мен інімді айтып отырмын. Иә, әкем балаларының бәрін алдымен тоғызқұмалаққа баулыды. Кейде, бәріміздің спортқа деген махаббатымыздың күн өткен сайын өсе түсуіне тоғызқұмалақ сияқты ақыл-ойды қалыптастырушы спортпен шұғылданғанымыз септігін тигізген болар деп, ойлаймын. Себебі, бала үшін тоғызқұмалақтың ойнау техникасы күрделі болғанымен, физикалық тұрғыдан күш түсірмейді. Араға ұзақ уақыт салмай бокс, қолкүрес сынды спорт түрлерінде өзімді сынап бастадым. Ал, күні бүгінге дейін бір сәт қол үзбеген спортым тоғызқұмалақ.
-Бүгінгі таңда, республикалық және халықаралық байрақты бәсекелерде топ жарып жүрсің. Сен үшін ерекше жетістігің қандай?
— Мен үшін ең ерекшесі, ең қымбатысы – алғашқы жетістігім. Сол сәт әлі есімде. Тоғызқұмалақ тактикаларын енді ғана меңгеріп жүрген кезімде өз командамыздың арасында 3 орын иеленген болатынмын. Жеңіске деген құлшынысымды арттырған жетістігім 2014 жылы Шымкент қаласында болған турнирдегі жүлдем болды. Қазір облыстық жарыстарда орын алу үйреншікті. Ал, республикалық, халықаралық додаларда марапатқа ие болған сайын, құштарлығым арта түседі.
-Тоғызқұмалақ ойыны жастар арасында қандай рөлге ие? Осы ойынға қызығушылық танытып жүргендерге не айтар едің?
— Тоғызқұмалақ-ұлттық ойын бола отырып, халықаралық дәрежедегі спорт түріне айналып үлгерді. Байқауымша, жыл өткен сайын тоғызқұмалаққа қызығып жүрген жасөспірімдер қатары артуда. Додалардағы бәсекелестік осының айғағы. Бұл спорт арнайы қозғалысты емес, зертеу мен қажырлы ақыл-ой еңбегін талап етеді. Неден бастарын білмей жүргендерге өзім қолданатын әдіс тәсілдерді айтқым келеді. Алдымен, ғаламтордағы кәсіби ойыншылардың ойындарын мұқият қарап шыққан жөн. Достарыңмен, жаттықтырушылармен жиі ойнап, айтарлықтай тәжірибе жинақтауға да болады. Әр ойынды талдау арқылы жеңіске бір қадам жақындауға мүмкіндік бар. Мәселен, мен Асел Далиева әпкеміздің 6 жылдан бері жарық көріп келе жатқан кітаптарын пайдаланамын. Ол бұл кітаптарда белгілі ойыншы
лардың техникалары мен ойындарын талдап, қағазға түсірген.
-Тоғызқұмалақ ойыны бойынша халықаралық деңгейдегі додаларда топ жарып жүрген отандастарымыз кімдер?
— Қазақстан ғана емес, әлем бойынша рейтингте бірінші орында тұрған Ғалымжан Темірбаев. Одан кейін Нұрбек Қабиев көшті жалғастырады. Және бір ойыншы Түркістандық Жандарбек Саят. Ол 2020 жылғы әлем чемпионатында күміс жүлдеге ие болды. Сонымен қатар, тоғызқұмалақ ойыны әйелдер арасында да беделге ие. Атап айтсам, Асел Далиева, Диана Кенина мен Салтанат Сапарбековалар халықаралық додаларда ел намысын қорғап жүр.
— Спортшы болу қандай мінезді талап етеді? Өзің үлгі тұтатын спорт шеберлері кімдер?
— Спортшы боламын деген адамға шыдамдылық керек. Мен өз замандастарымның арасынан табандылық танытпай, спортты тастап кеткендерді көрдім. Уақыт өте келе сол адамнан жеңіліп жүргендер чемпион атаныпта жатады. Спорт болғандықтан, жеңіс бәріне бірдей бірден беріле қоймасы анық. Менің спорттағы үлгі тұтарым отандасымыз Геннадий Головкин. Оның адамгершілігі, ұлтымызға деген құрметі ерекше ұнайды.
-Спорттық жарыстар алдындағы дайын-дығың қалай өтеді? Спорттағы қобалжу, бәсекелестік сынды сезімдерді айтып берші…
— Дайындық өте маңызды. Дайындық барысында әбден шынығасың. Тоғызқұмалақты жақсы ойнағандықтан, өзімнен үлкендерге де үйретіп жүрдім. Уақыт өте келе ойнап қана қоймай, түсіндіре алу қабілетімді байқап, мені 15 жасымда жаттықтырушы қызметіне ұсынды. Қазіргі таңда, бірқатар облыстық және республикалық додаларда төреші рөлін атқарып жүрмін. Әрине, мұның бәрі мұқият дайындықтың арқасы. Қобалжу өзім үшін емес, жаныма ерткен бүлдіршіндер жарысқа шығар алдында пайда болады. Оларды барынша жігерлендіріп шығарып салуға тырысамын. Әрине, спорт болғаннан кейін бәсекелестіктің болуы заңдылық. Кейбір спорт түрлерінде бәсекелестік қауіп тудырып жатады. Бірақ, тоғызқұмалақта тек ойын барысында ғана байқалады. Ойын біткеннен кейін ол бәсекелестік достық қарым-қатынасқа ұласып кетеді.
-Болашаққа қандай мақсат қойдың?
— Ес білгелі спорт өмірімнің бір бөлігі іспетті. Тоғызқұмалақ болмағанда, бүгінгі Тұрар мүлдем басқаша боларма еді? Болашақта бұл спорттан қол үзу ойымда жоқ. Керісінше, нағыз маманы болып, әкемнің ізін жалғастырып, әлем чемпионатының тұғырынан көрінетін жасөспірімдерді баулығым келеді. Тоғызқұмалақ дәнішпан Абай атамыз ойнаған ұлттық спорт. Бұл спорт түрінің мәртебесін онан сайын көтеруге тиіспіз.
— Шынайы әңгімеңе рақмет!
Жазира Бекболатова, жас тілші,
Қ.Аманжолов мектебінің
11-сынып оқушысы,
Түркістан облысы,
Шардара ауданы