Таңдаудан жаңылма
Бұл мақала арнайы жас түлекке арналған. Сізге шабыт беруге және өзіңізге сенімділігіңізді арттыруға көмегім тиер болса, өте қуаныштымын!
Құрметті замандас, мамандық таңдаудан жаңылмау, өміріңіздің бір кірпішін дұрыс қалау екендігін естен шығармағаныңыз жөн. Өз ісіңізді таңдар алдында, ең алдымен ішкі дауысыңызға құлақ түріп, өз жүрегіңізге ерік беру, дұрыс шешім қабылдауға септігін тигізеді деп ойлаймын. Алдыңызда үлкен өмір баспалдақтары күтіп тұр. Ал, дұрыс жасалған таңдау сіздің болашағыңызды біраз жеңілдетері анық.
Кейде сыртта жүргенде өз-өзіңнен бірнәрсе алып жеуге құмарың ашылып дүкенге беттейсің. Алар затыңды алып, жеп болған соң шын қалауың емес екенін біліп, «Неге алдым?» деген ой сап ете қалады. (сізде де сондай боп тұра ма?) Бұл сәлде болса өкініштің пайда болғанын білдіреді. Ал, белгілі бір мамандықты таңдап, сол оқу орнын аяқтағанда осындай өкініш пайда болса қайтпексіз? Ауыстыра алмайсыз-ау… 4 жыл немесе одан да көп уақытыңызды өткізген соң, тағы да бір мамандықты оқуға бекінуіңіз екі талай. Лездік құмарлық пен түпкілікті таңдауды ажырата білу өте маңызды.
Мектептен аттандап шығып, оқыған мамандығыңыз іске жарамай, жаяулап қалып өкінгіңіз келмесе, дұрыс таңдау жасағаныңыз жөн болар. Сізді келер күні қандай қиындықтардың күтіп тұрғаны белгісіз. Бірақ, өткінші жағдайларға бола өз арманыңыздан бас тартпауыңызды өтінемін. Адам бар көңілі және шын жүрегімен қалап, өз арманына қол жеткізуге барынша талпынса, ол адамның алмас асуы жоқ екендігін ұмытпаңыз. Ең бастысы өзіңізге сеніп, тәуекел етсеңіз болғаны. Әрине, мүмкін менің бұл жазғанымды айтуға оңай дерсіз. Бірақ, менде сіз секілді мектеп бітіруші түлекпін және менің де алдымда үлкен таңдау тұр.
Шынымды айтсам, мен Журналистика саласын таңдағалы отырмын. Неге дейсіз бе? Журналистика – көп ізденісті талап ететін, қызығы мен қиындығы қатар жүретін мамандық. Шындық үшін шырылдап, үнемі әділеттілік іздейтін мықтылардың ордасы. “ Журналистика – көркем жазу емес, шындықты жазу” (Әзімбек Қойлыбай) Жер бетінде соғыс болып жатса да, журналисттің екі қаруы бар. Бірі – қалам, екіншісі – ақ парақ және осы екі қарумен соғысқа аттану көптің қолынан келмесі анық. Ақпарат жаршыларын, кей жерлерде төртінші билік өкілі деп те атап жатады. Бұл журналисттердің қоғам өмірінде өте маңызды рөл атқаратындығын білдіреді.
Ал енді мамандық таңдауға қайта оралайық. Әлемде күн өткен сайын қоғам алға жылжып, даму үстінде. Демек, өте қызық әрі ерекше мамандық иелері де пайда болып жатыр. Мысалы, “Қорқытқыш адам” мамандығы. Оның міндетіне аккордеон және қоңыраудың көмегімен жергілікті құстарды қорқыту кіреді, ал оған ашық-қызғылт түсті пальто кию қажет. Бұл спектакль үшін аптасына 250 фунт стерлинг төленеді екен. Тіпті, кей елдерде “Кезекке тұрушы немесе әңгімелесуші” деген мамандықтардың да кездесеуі ғажап емес. Демек, болашақта бұл салалардан да ерекше әрі қызық мамандардың пайда болатындығы сөзсіз. Ал саған тілерім жас оқырман, жетер жетістігің көп, сәттілік серігің болсын!
Құрал Жанерке, жас тілші,
№7 орта мектептің
11«Ә» сынып оқушысы