Ұландар жыры

Балалар әдебиетінің көрнекті өкілі Ақылбек Қожаұлы Шаяхмет Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Қостанай мемлекеттік университетінің профессоры, ҚР мәдениет қайраткері, Қазақстанның құрметті журналисі.
Республика баспаларынан 40-тан астам кітабы басылып шыққан. Солардың ішінде «Гүл мен бидай», «Шынар», «Күлімдейді күніміз», «Біздің бақшада», «Әдемі», «Аяз және Қыдыр», «Бағдаршам» атты кітаптары мектепке дейінгі және мектеп жасындағы балаларға арналған. Өлеңдері мектеп оқулықтарына енген. Ақылбек аталарың 70 жасқа толып отыр екен. Сендер үшін әлі талай тәтті жырлар жазатыны сөзсіз!

 

Ұландар жыры

Туған жерді сүйеміз,
Шымыр болып өсеміз.
Ыстық күнге күйеміз,
Салқын суға түсеміз.

Бір!
Екі!
Бұйрықты орында!
Үш!
Төрт!
Орныңда адымда!

Біз мұрагер!
Ұланымыз ұлы елдің.
Біз мұрагер!
Еншімізде –келер күн.

Бір!
Екі!
Бұйрықты орында!
Үш!
Төрт!
Орныңда адымда!

Мақсат айқын елім деген,
Бұзылмайды іргеміз.
Адалдықпен, сенімменен
Біз әрқашан біргеміз.

Бір!
Екі!
Бұйрықты орында!
Үш!
Төрт!
Орныңда адымда!

Біз мұрагер!
Ұланымыз ұлы елдің.
Біз мұрагер!
Еншімізде –келер күн.

Сапта

Оңға!
Солға!
Айнал!
Басыңды ұста тік!
Жер бауырла!
Еңкей!
Оқпанға түс!
Бұқ!
Кері қарай шегін!
Аттап алға шық!
Сапта қатар бұзба!
Бол шегедей мық!
Шекеге апар қолды!
Бас аяқты нық!

Сарбаз киімі

Оны киіп алдым да,
Тұрдым айна алдында.
Жағдайым жоқ алаңдар,
Екі иықта погон бар.
Кидім басқа бөрікті,
Өзі сондай көрікті.
Етік кидім аяққа,
Барсам екен қай жаққа?!
Белге тақтым белбеуді,
Сарбаз болдым мен де енді.

Рахмет саған!

Сен сыйладың таң нұрын,
Күннің күміс шапағын.
Еркін күнім – тағдырым,
Рахмет саған, Отаным!

Көз жетпейтін алысқа,
Жетіп жатыр атағың.
Ұшты қазақ ғарышқа,
Рахмет саған, Отаным!

Жауқазындай құлпырған,
Келеді өсіп қатарым.
Жақсылыққа ұмтылған,
Рахмет саған, Отаным!

Жүрегімде сен барда,
Таусылмайды сапарым.
Түстік түзу, кең жолға,
Рахмет саған, Отаным!

Өзің үшін буғам бел,
Шарықтайды шат әнім.
Рахмет саған, туған ел,
Айналайын, Отаным!

 

Көбелек және гүл

Көбелекке бұл маңда,
Ұқсас гүл көп, не керек.
Шөп үстіне қонғанда
Гүлге ұқсайды көбелек.

Көбелектің, алайда,
Жұпар иісі болмайды.
Қызыл гүлдер далада,
Жанған оттай лаулайды.

Қоңыр аю мен ақ аю

Қарап тұрсаң кітаптағы,
Суреттері тартымды.
Қоңып аю, ақ аюдың,
Түр мен түсі әртүрлі.

Қоңыр аю ыстық жазда,
Мекен қылған орманды.
Оның жүні сондықтан да,
Ағаш түстес болғанды.

Назар салсаң осы тұста,
Ақ аюдың сеп-семіз,
Жүрген жері кәрлі қыста,
Қалың қар мен көкше мұз.

Көрсең ұсақ, ірісін де,
Еске сақтап қал мұны.
Туған жердің түр-түсіне,
Ұқсайды екен барлығы.

 

Құрт түспейді

Жария қыл бар жұртқа,
Жақсы көрген бар бала.
Құрт түседі алмұртқа,
Шабдалы мен алмаға.

Ел үңіліп қарай ма,
Көре алмайды ізін де.
Ешқашан да, алайда,
Құрт түспейді жүзімге.

Біз де қатты қалдық таң,
Оның үлкен мәні бар.
Балақай, сен сондықтан,
Осы жайды танып ал!

Шортан

Балықшы деп біледі,
Біздің ауыл көкемді.
Қыстың күні ол өзі,
Шортан ұстап әкелді.

Шабақты көп асайтын,
Шортанды біз аш дедік.
Сұрақ қойдым басы айқын;
«Шортан неше жаста еді?»

«Шортанның әр жасына,
Сәйкес аты бар тағы.
Шортанды бір жасында,
Кілегей деп айтады.

Екі жаста – қылағай,
Үш жасында – шорағай,
Ал шынтақтан асқанда,
Нағыз шортан қомағай».

Осылай деп көкеміз,
Айтып берді барлығын.
Сол шортанның етінен,
Дәм татамыз ал бүгін.

 

Қолдайды

«Торғай неге тонбайды?»-
Білмек болып бұл жайды,
Сауал қойсам, деді атам:
«Жаратушы қолдайды!»

Соның бәрін өзіме,
Көрсеткенде көзіме,
Намаз оқып жүретін,
Сендім ата сөзіне.

Балықты да судағы,
Жәндікті те құмдағы,
Аспандағы құсты да
Жаратушы қолдады.

Бүркіт көкте самғайды,
Үркек қоян заулайды.
Адамды да жердегі,
Жаратушы қолдайды.

 

Қолғап

Бүгін қатты тоңғаным,
Мұз боп кетті қолдарым.
Киінгенде асығып,
Үйде қапты қолғабым.

Тепкен кезде сырғанақ,
Қолғабыңды ал, бірақ.
Қолың тоңса денең де,
Кетеді екен қалтырап.

Тез солады

Гүл үйімде әлі тұр,
Бірнеше күн солмайды.
Жазық жерде бәрібір,
Өскен гүлдей болмайды.

Қанша күнге шыдайды,
Тез солады ол неге?
Маған, бірақ, ұнайды,
Өскен гүлдер бөлмеде.

 

Орманда

Жапырағы көк теректің
Сарғаяды күз күні.
Сырын біліп көп деректің,
Байқап жүрміз біз мұны.

Сол теректің бұтақтары,
Жалаңаш боп қалғанда,
Жабар қыстың ақша қары,
Қайта оралсақ сол маңға.

 

Неге жасыл?

«Қарағайлар қыс күнінде, –
Дейсің, – неге жап-жасыл?»
Біреу келіп деді ме әлде:
«Жаздың қалпын сақтасын!»

Менің қатты сүйінгенім,
Жазға жетіп тұрса да,
Үстіндегі киімдерін,
Шешпейді екен шырша да.

 

Шағып едім

Шағып едім жаңғақты,
Іште дәні қалмапты.
Сырты әдемі, іші бос,
Жаныма да сол батты.

Оған қыңбай тағы мен,
Басқа жаңғақ жарып ем.
Дәнегі оның топ-толық,
Артық екен бәрінен.

 

Күн мен Ай

Алып Күн от болып
жанып тұр,
Жарығы ғаламат –
анық бұл.
Ай болса тек түнде
жарқырап,
Қуатты жарықтан
алып тұр.

 

Болса

Кең пейілді атаң мен
әжең болса,
Мейірімді әкең мен
анаң болса,
Ешкім сені шертпейді
маңдайыңнан.

Алдыңда аға, артыңда
інің болса,
Алдыңда апа, артыңда
сіңілің болса,
Сескенбейсің жұмыстың
қандайынан.

Жаны ашитын жездең мен
жеңгең болса,
Олар да қамыңды ойлап
келген болса,
Хабардар болсын сенің
мән-жайыңнан.

Жаныңда жан аямас
досың болса,
Көңілдің қай кезде де
қошы болса,
Тұрады бал төгіліп
таңдайыңнан.

 

Менің атам

Мейірманды жүрегі,
Атамды ел біледі.
Кездескеннің барлығы,
Сәлем беріп жүреді.

Ауылдағы төбені,
Атам жақсы көреді.
Бала біткен жиналып,
Соңына оның ереді.

Сол төбеде кіл «бұзық»
Күресеміз шын қызып.
«Итжығыс!» – деп атамыз,
Жібереді тұрғызып.

Ал жүлдеден әдемі,
Барлық бала дәмелі.
Жеңілсе де, жеңсе де,
Атам кәмпит береді.

 

Бол елге тілектес!

Барға ырза бол!
Жоққа мырза бол!
Ашқа ас бер!
Арамға өш бол!
Жаманға қас бол!
Жақсымен дос бол!
Сыйла ата-ананы!
Аяла баланы!
Үлкеннің тілін ал!
Барлығын біліп ал!
Кішіге көмектес!
Бол елге тілектес!

 

Еңбекпен бол жолдас!

Болсаң сөзді ұғар,
Білгін! Ұғын! Үйрен!
Жақсылықты құп ал,
Жамандықтан жирен!

Қара оңды-солды,
Қылма көзден таса.
Ебін білсең болды
Қолдан келсе – жаса!

Шық сыбанып қолды,
Бол еңбекпен жолдас.
Тек кіріссең болды,
Бітпейтін іс болмас.

 

Ағаның ақылы

Ие болсаң жақсы атқа,
Жетем десең мақсатқа,
Ұстамды бол әрдайым,
Тәртіпті бол қақ-соқта.

Сабыр сақта, аптықпа,
Ұрдажыққа соқтықпа.
Қадамыңды аңдап бас,
Қорлық жоқ қой сақтықта.

Ұқыпты бол ісіңе,
Қамқоршы бол кішіге.
Қариялар жолықса,
Қол ұшын бер кісіге.

Ізет көрсет ағаға,
Ініні де бағала.
Жақсылыққа үйір бол,
Жамандыққа жолама!

Ақылбек Шаяхмет

 

 

ПІКІР ЖАЗУ