Отбасы – бақыт мекені
Өмірге шыр етіп келген күннен бастап, өзің үшін жаралған жандар – ол әкең мен анаң. Ана сені өмірге әкеледі, әке әрдайым қорғаның болып жүреді. Олар қашан да өміріңнің сәнін де, әрін де келтіретін, жаманыңды жасырып, жақсылығыңды асыруға даяр тұрады. Ата-ананың өсіріп тәрбиелеген, білім беріп жетілдірген жемісі – балалары. Ата-ана қандай жағдай болмасын «балаларым басқаларынан кем болмасын, білім алып, үлкен азамат болсын» деп, әрқашан тілеуін тілеп жүретін асыл жандар. Осы жолда өзін-өзі ұмытып, барлық күш-жігерін сарқа жұмсайды.
Жабыққан, сәтсіздікке ұшыраған сәттерде әрқашан жаныңнан табылып, қолтығыңнан демеп, жұбатып, үлкен армандарға жетелейтін, нұрға толы жүрегімен үмітіңді келер күнге жалғайтын да анаң мен әкең. Олардың ешқашан жаманы болған емес. Әке мен ананың бар бақыты балаларының амандығы, солардың нағыз адам болуы ғана.
Қазіргі дамыған заманда өмір сүріп жүрген жастарымыздың ата-анаға деген мейірімділігі қаншалықты дәрежеде? Өкінішке орай, бүгінде өз ата-анасын сыйламайтын, бізді өсіру жолындағы еңбегінің қадірін білмейтін, айтқан тілін алмайтын, қарсы сөз айтатын балалар да кездесіп жатады. Ол балалардан отбасынан тысқары әлемде не береке күтуге болады? Адам өмірінің мәні, адамның келешегіне сенімділігі – баланың ата-анасын ардақ тұтып, өзінің перзенттік қарызын бір сәтке де есінен шығармауында. Бұл жас ұрпақтың мәдениеттілігінің, әдептілігінің ғана емес, ең алдымен адамшылығы мен саналылығының белгісі.
Ана мен әке бізді дүниеге әкелді, өсірді, бар өмірін бізге арнады. Өмірлерін біз үшін сарп еткен жандарды ешқашан тағдыр тәлкегіне салмайықшы. Ата-анамызды мейірімнен айырмайық, адамдар.
Кейбір адамдар отбасын құрғаннан кейін ата-анасының жүрегін қан жылатып «Қарттар» үйіне апарып тастайды. Әрине, онда бәрі жақсы болады деп ойлайды, бірақ жүрек түкпіріндегі лаулап жанып жатқан үміт ше? Ол орындала ма? – Жоқ. Себебі көздері төрт болумен өмір бойы күтумен өтеді. Елең етіп, «Мені алып кетер…» деген осы бір үмітпен бітпес күндері де өтіп жатады. Бірнеше жыл өтеді. Сөйтіп, сол үміт отын арқалаумен, қайғырумен дүниеден де өтеді. Солай үміті орындалмайды, ал балаларының ата-анасы алдындағы парызын өтеуіне де мүмкіндік болмай қалады. Сондықтан да ойланғанымыз дұрыс.
Бойындағы бар асыл қасиеттерді баласының бойынан табылғанын қалап, барынша жақсы тәрбие беруге ұмтылып, сол үшін қара шаштарына ақ түсіретін, баласы үшін от пен суға бірдей түсетін ата-анамыздың бұл өмірдегі атқарар жүгі тым ауыр екенін ұмытпайық!..
Наргиза ЕЛЕКЕЕВА, Орал қаласы,
А.Тайманов атындағы №34 мектеп-гимназиясының
8-сынып оқушысы