«Ақ орамал» таңдаулы деп танылды

Қазақстан Халқы Ассамблеясының аясында Нұр-Сұлтан қаласында Қазақстан әйелдер күші альянсы мен іскер әйелдер қауымдастығы төрағаларының маңызды жиыны өтті. Жиында әр аймақтағы қауымдастық ұжымы ұсынған жобалар талқыланып, ең үздігі анықталды. Нәтижесінде «Ақ орамал» жобасы бірінші орынға лайық деп танылды.

 

Жобаның мақсаты бүгінгі қоғамдағы, отбасындағы ананың орнын, атқаратын рөлін анықтау, отбасының беделін көтеру, неке мен отбасы құндылықтарын насихаттау, ұрпақ тәрбиелеу міндетін әйелдерге ғана тән міндет деген көзқарасты өзгерту, әкенің беделін арттыру болып отыр. Сондай-ақ қазақтың философиялық дүние танымында ақ орамал қасиетті, киелі деген ұғым бар. Апа-әжелеріміз басына тартқан ақ орамалдан бастап, ертеректе бойжеткен қыздардың өз сүйіктісіне құрмет ретінде ұсынған кестелі орамалдарының өз жөн-жоралғысы, ерекшеліктері мен символдық мәні бар. Әсіресе, «Орамал тон болмайды, жол болады» деп ата-бабаларымыздың ырым етуінде де бір құдірет бары анық. Тіпті, халқымыздың түсінігінде әйел заты басына орамал тақпай тамақ пісірсе, ас арамданады, қасиет қашады деп қарап келген.
Егер ас дайындаушы әйелдің басы, білегі, мойны ашық болып, бойында бой дәреті, білегінде күміс білезігі болмаса — ас арамданады дейді қазақтың дүниетаным философиясы. Мұндай қағида ислам дінінде де қалыптасқан екен.


«Ауру астан» дегенді өсиет еткен қазақ халқы «арам ас жанды өлтіреді» деп арам мен адалдың аражігін ажыратуға өте мұқият болған. Қазақтың дүние танымында адам иісі өз өрісінде (өріс деген адам сыртындағы қабат, биополе, аура) айналып өңделу үшін жабық киімнің маңыздылығы басты себеп. Мысалы: Өріс арқылы әйел адамның дәрет иісі жоғары көтеріледі (әйел заты кіші дәретінің құрамы натрий-сілтілік ортасымен байланысты), сондықтан жалаңбас жүретін әйел адамның басынан дәрет иісі (кір сабын иісіне ұқсас болады, өріс арқылы өңделмей, бастан шыққанда) шығады екен. Ол иіс мойын және шаш арқылы тамаққа сіңеді. Ал ата-бабаларымыз әйелдің ерінің ұрығы білекке жазылады. Білек ашық болғанда ұрықтың қуаты альфа, бета, гамма сәуле түрінде у-ға айналып саусақ ұшынан тамаққа қосылады деп түсінген екен. Біз «Оқымаған» деп ойлайтын бұрынғы аналарымыз осыны білгендіктен, күміс білезік тағыпты. Өйткені күмістің бейтараптау, тазарту қасиеті бар. Күміс улы сәулені тамаққа өткізбейді. Сонымен қатар, негізі тырнақ қандағы арамды шығарып отыруға негізделген десек, тырнақтың да өз өрісі бар. Егер тырнаққа лак жақса, тырнаққа су тимейді, өріс бұзылады, қандағы арамның тазалануына жол бермейді дейді. Арам өріс тамаққа араласады. Міне, тамақтың жәй ғана ақ орамалсыз, яғни киім тәртібін сақтамай пісіргендегі, у-ға айналу жолы осындай екен. Халқымыздың салт-сана, ата-дәстүр, әдет-ғұрпындағы бабадан жеткен мұндай киелі ұғымдар қазір де заманмен үндесіп, мәні мен маңызын жоймайтын, біз білуге, әрі сақтауға, жоғалтып алмауға тиіс ерекше құндылықтардың бірі екенін түсіну қиын емес.

Қызылорда облысы әкімі жанындағы әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссиясының қолдауымен былтыр «Бойтұмар-Ханым» қоғамдық қоры, облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы жанындағы Аналар кеңесі және облыстық іскер әйелдер қауымдастығы ұйымдастырған «Ақ орамал» ақпараттық-насихаттық жобасы бастау алған болатын. Жоба аясында ұйымдастырушылар Қызылорда облысындағы әр ауыл-аймақты аралап, нәзік жандармен түрлі кездесулер өткізді. Жобаның екінші кезеңі жалғасын тауып, бұл жолы әкенің отбасындағы, қоғамдағы маңыздылығы назарға алынды. Нәтижесінде «Әке — өмір тірегі» фотожобасын ұйымдастырып, жақсы нәтижеге жетті. «Ақ орамал» жобасының үшінші және төртінші кезеңінде қыз бала тәрбиесі, көшбасшылық қабілет, жастар мәселелері қамтылады. Ең негізгі жаңалық, бұл ауқымды жоба енді еліміздің әр аймағында ұйымдастырылып, жалғасын табатын болады.

Тілекгүл Есдәулет
Арнайы «Мөлдір бұлақ»
журналы үшін

ПІКІР ЖАЗУ