Атам – мақтанышым
Жаңғырығы жылдан-жылға алыстап бара жатқан Ұлы Отан соғысы тұсында ерлік танытқан ардагер қариялар қатары уақыт өте азайып бара жатыр. Қазіргі таңда санаулы соғыс ардагерлері қалды. Солардың қатарында менің де атам бар. Құрметті оқырман досым, мен саған атамның дүрбелең соғыс жылдарындағы оқиғаларын баяндауға асықпын. Ең алдымен атамның өмірбаянынан сыр шертейік.
Таджикулов Джилкибай атам 1923 жылы Өзбекстан Республикасында, Бұхара облысы, Тамды өңірінде дүниеге келген. Жас шағында ата анасынан ерте айырылып, әркімнің табалдырығында жұмысын істеп жүрген екен. Балалық шағын 1933 жылдан бастап «Естемес» балалар үйінде өткізген.
1941 жылы «мал дәрігері» мамандығын тәмәмдайды. Беруний ауданында мамандығы бойынша жұмыс істеп жүрген кезінде соғысқа шақырту алады. Осы сәттен бастап маған бәрі қызық болды. Тезірек майданда көрсеткен ерліктері мен немістермен қалай қоян-қолтық соғысқандарын білгім келді. Атам көзі тірі ардагерлердің бірі болғандықтан, қазір жасы жүзге таяды. Дегенмен атам өз аяғымен жүріп тұрады, көзі жақсы көреді. Әлі де болса бойынан қажыр-қайраты кетпеген. Басынан өткен барлық хикаяларын әңгімелеген сәттерінде ұл-қыздары қағаз бетіне түсіріп алып отырған. Мен үлкен қызығушылықпен сол қағаздарды ақтарып, бір оқып алған болатынмын. Алғашқы ерліктерінің бірі, майдан алаңының қызып тұрған шағы, 1943 жылы түнде барлауда жүргенде пулеметте отырған немісті ұстап, әскери бөлімшеге шинеліне орап, көтеріп алып келген. Бөлімшеге дейінгі арақашықтық жақын жер болмаған деседі. Осы ерлігінің нәтижесінде «Қызыл жұлдыз» орденімен марапатталған. Тағы да осындай үлкен марапаттарға ие болыпты. Бірақ, өкінішке орай, ауыр жарақат алып, госпитальда жатқанда құжаттары, сонымен қатар бірнеше ордендері қалып кеткен. Осыдан расында ата-бабаларымызға ел тыныштығынан басқа ештеңе маңызды болмағанын түсіндім.
Қазақстандық майор Кутсаев, батальон медбикесі Мәриям Сырлыбаева, Хасен Сугуров, Мәншүк Мәметовалармен бірге ел мен жер үшін аянбай шайқасқан. Қазақтың ержүрек батыл қызы Мәншүк Маметовамен 16 күн жолдас болған. Бір қызығы, атам Мәншүкке ғашық болғанын да жасырмайды. Мәншүк апамыздың болмысы жөнінде ашық-жарқын мінезді, көзінен от жалындаған қайтпас қайсар жан болғандығы туралы әңгімелегенде одан сайын қызыға тыңдайсың. Невель өзенінің жағасында оқ тиіп батыр апамыз қайтыс болған. Осы оқиғаларды ести отырып, құдды бір кино көргендей күй кештім.
Атам денесіндегі жарықшақтар мен оң көзінен айырылуын былай баяндады: «Түнде барлауға еңбектеп келе жатып, ескі окопқа түсіп, барлаушы неміспен айқасып, мойын омыртқасын сындырып жіберіппін. Жан-жақтан гранаталар жарылып жатыр. Оң көзіме, бүкіл денеме жарықшақтар тиіп, госпитальға түстім.»
Бір көзінен айырылуына және қолындағы жарақатына байланысты, 1944 жылы қараша айында ауылға оралады. Ауыл шаруашылығында мал дәрігері болып 1967 жылға дейін жұмыс жасаған. Одан кейін де жоғарғы лауазымдық қызметтер атқарған. 1948 жылы жұбайы Майгүл Аралбаевамен отау құрған, қазіргі таңда 1 ұл, 5 қыз, 20 немере, 42 шөбересі бар. Ең бастысы – атам үлкен жеңіске жол ашқан жауынгерлердің қатарында болды. Соғыс жылдары аралығында атамның көрсеткен ерен еңбегі мен үшін үлкен мақтаныш. Қаһарман жауынгерлермен майдандас болып, ел мен жерді қорғау жолындағы борышын адал атқара білуі ертеңге өнеге деп білемін. Сен майдангердің ұрпағысың деген сөз мен үшін өмірлік ескірмес ескерткіш. Атамды тамыры тереңге жайылған алып бәйтерекке теңеймін. Артынан ілескен немере-шөберелері атамыздың тау тұлғалы бейнесіне қарап, бойымызды күш-қуат кернеп, жігерлене түсеміз.
Заманы тыныш, ашық аспан астында еркін өмір сүріп жүрген мына біз бақытты ұрпақпыз. Осы бейбітшіліктің шарайнасын тарту еткен атамды мақтан етуден жалықпаймын.
Айгерім ЕСЕНГЕЛДИЕВА, Алматы қаласы, №26 мектептің 11-сынып оқушысы