Қоңыр әмиян

Тәй-тәй басқан сәбидей таяғына сүйеніп бір қария келеді. Уһілеуі жиілеп, әлсін-әлсін күрсініп қояды.

Таңертең дүкенге сүт алуға барғанында ақша салған әмиянын таба алмай әуреге түсті. Қолындағы тозығы жеткен сөмкесін олай ақтарды, былай ақтарды. Үйде қалдырған шығармын деп сүріне-қабына пәтеріне әрең жетіп, қарамаған жері қалмады.

Міне, енді қалалық полиция бөлімшесіне келе жатыр.

-Қанша ақшаңыз бар еді? — Кезекші полиция қағаз-қалам алып, жаза бастады.

-Он мың теңге.

-Қай тұста жоғалттыңыз?

-Балам ау, қайда түсіргенімді білсем, келем бе саған…

-Әмияныңыздың түрі…

-Қоңыр.

-Неден жасалған?

-Былғарыдан… Шырт етіп жабылады… Ескі. Көнетоз… Колямның көзі ғой…

-Ол кім?

-Жалғыз ұлым еді. Новосібір қаласында тұратын. Алдыңғы жылы қайтыс болды. Келінім сол жақтың қызы. Қолыма көшіріп алайын деп ылғи хат жазады. Кәрі сүйегімді сүйретіп қайда барам. Әрі, Қазақстан – екінші отаным. Өткен ғасырдың тың көтерген жылдары келгенбіз… Новосібір бейтаныс қала… Шалғай жер… — Анна Васильевна көзіне жас алды.

-Жалғызілікті қариясыз… Зейнетақыңыздан сүт, айран, нан алуға сақтаған соңғы теңгелеріңіз ғой.

-Жөн айтасың, балам… Сол ақшамен әлі алты-жеті күн өмір сүруім керек.

-Уайым жемеңіз, табылар.

…Үшінші сыныптың оқушылары Сәуле мен Назгүл мектептен көңілді шықты. Екеуі де бестік баға алып еді. Жүздері жарқын. Қуанышты. Мамыр айының майда самалы еседі. Шапшаң сөйлеп, жылдам қимылдайтын қағылез Сәуле жол жиегіне жүгіріп барды да, еңкейіп бір нәрсе алды.

-Оһо, әмиян! Ақшасы бар. Назгүл қасына жеткенше Сәуленің оң қолы жып етіп, бір мың теңгеліктерді алып та шықты. — Балмұздаққа тоятын болдық… Тағы не алсақ екен?

-Оның не?! Ұят қой…

-Кімнен?

-Иесінен.

-Иесі кім?

Назгүл ойланып қалды. «Шынымен, иесі кім?». Кім болса да обал. Мүмкін, соңғы тиындарын санап отырған біреу шығар. Мынадай әмиянды ата-әжелер ғана ұстайды.

-Сенікі дұрыс емес, — деді Назгүл табан астында құрбысына қандай жауап айтарын таба алмай.

-Мен әмиянды ұрлағаным жоқ. Тауып алдым. Демек, ақша менікі!.. Қызғанып тұрсың ба?

-Қызғаныш емес… Ұялып тұрмын…

-Балмұздақ жемесең өзің біл… — Сәуле кері бұрылып, дүкенге тартты. Айтқанынан қайтпайтын құрбысына қандай амал табады?

Назгүл кішкентайынан ауылда, ата-әжесінің бауырында өсті. Бірінші сыныпқа барарда қалаға, көкесі мен анасының қолына келді. Атасының ауылда беделі күшті. Алып бара жатқан білімі болмағанымен, кезінде агроном, бригадир, ферма меңгерушісі қызметтерін атқарған. Көпті көрген адам. Басынан кешкен қиын-қыстау хикаяларды майын тамыза әңгімелегенде, әжесі екеуі ұйып тыңдайтын.

«Аса байлық мұрат емес. Азамат болу – парыз. Ұлы Абай айтқандай, өсек, өтірік, мақтаншақ, еріншек бекер мал шашпақ сияқты теріс қылықтан сақ бол! Адам баласының ала жібін аттама!» дегенге түсінбейтін. Сөйтсе ұрлық жасама, адал бол дегені екен ғой.

Рас, ұрлық жасау мысқалдай нәрседен бастау алып, бара-бара әдетке айналады. Соңы – өкініш. Ол үшін адамгершілік пен ақыл керек. Жаман дағдыны тастау қиын…

Назгүл атасының сөздерін еске алды. Жүгіріп құрбысын қуып жетті. Сәуле Назгүлдің айтқанын ықыласпен тыңдады.

Қалалық Ішкі Істер басқармасы орналасқан ғимарат алдында Назгүл мен Сәулеге орыс кемпірі ұшырасты. Өзінің көңілі пәс сияқты. Қос құрбы қариямен сәлемдесіп өте шықты. Кезекші полиция капитаны балалардың әмиянды әкелгендеріне алғыс айтып, аты-жөндерін, оқитын мектептерін жазып алды.

Толымбек ӘБДІРАЙЫМ

ПІКІР ЖАЗУ