Ақ тауық

Тауықтарды қамай алмай жүрген әпкесі Айгүл мен анасын көрген Таңат көмек беруге ұмтылды. Әншейінде қалай байқамаған, тауықтар ерен жүйрік. Бірін қайырса екіншісі дөйдала қашады. Күнде қонақтайтын қораға енбегенде қайда бармақ? Әйтеуір не заматта үшеулеп жүріп азар кіргізді. Тек ақ тауық қана сытылып, қашып жоғалды. Қапелімде қай жаққа кеткенінен көз жазып қалған.

Бір кезде аяғы-аяғына тимей сумаң қағып шөп дендігі жақтан шыққан ақ тауық бақшаға қарай зып ете түсті. Тұра жүгірген Таңат көлденең жатқан ағашқа сүрініп, құлап қала жаздады. Сол екі арада тауық тағы да жер жұтқандай зым-зия көрінбей кетті. Қап-ай, ә! Ызасы өтті-ау! Нендей амал бар. Ашуланайын десе мақұлық. Таспен ұрып жықса обал. Екі ортада қата тимесе бата тиіп тырапай асуы мүмкін.

Таңат қораның алдына молдау етіп жем шашты. «Көрермін енді келмегеніңді?!.» Сәл өтпей қыт-қыттап жүгіріп жетті ақ тауық. Біреу қуып келе жатқандай бидайды шапшаңдата шоқып жеп, бөтегесі бұлтиғанша тойып алды. Енді қораға кіре ме деп еді, қай-да-ан? Маңайлар емес. Ойқастап олай-былай жүрді де, кілеттің ашық тұрған есігінен ішке қойып кетті. Кіреберісте терең ұра-салқын қойма болатын. Аузы ағаш қақпақ. Топсасы жоқ. Көтеріліп ашылады. Жаз айларында ауа кіріп тұру үшін жартылай ғана жабылатын.

Кілетке енген ақ тауық тұтылғанын сезгендей, жылт-жылт еткен түймедей қара көздерін ойнақшытып жан-жаққа сақтана қарап тұрды да, Таңатты көріп айнала қашты. Бала шегініп есік артына жасырынды. Қорқыныш жоғын сезді ме, бір кезде ақ тауық жартылай ашық қақпақтың дәл шетіне келіп жайғасты. Аңдып тұрған Таңат атылып барып қанатына жармасқан. Онан әрі не болғаны түсініксіз. Далбырлаған қанатпен қоса қараңғы ұраға ұмар-жұмар құлап бара жатқанын ғана біледі.

Кілеттегі салдыр-гүлдір дыбысты естіп жүгіріп жеткен Айгүл мен Қалима тәтеде ес қалмаған. Зәрелері ұшып қараңғы ұраға үңілген. Дыбыс жоқ. Тым-тырыс.

Ұра ішінде сатыағаш, бос шелек, тегенелер тағы сол сияқты заттар болатын. Темір ыдыстардың біреуыне басы тисе бітті емес пе? Бірақ білгеніндей кеше ғана Таңат ұрадағы заттарды сыртқа шығарып, ішін тазалап астына құм төсеген. Ыдыстарды соңынан кіргізермін деп ойлаған.

-Балам-ау, барсың ба? Еш жерің ауырған жоқ па? — деді көздері бақырайған анасы демін әрең алып.

-Құдды кинодағыдай… Не болғанын түсінбей де қалдық, — дейді әпкесі де ентігіп.

-Аман сияқтымын… Жамбасым әнтек ауырып тұр…

Жоғарыдағы екеу мүндай қуанбас!

Тыпырлағанына қарамай әлекке салған ақ тауықты қанатынан қысып ұстап, әпкесіне әперді Таңат.

Толымбек ӘБДІРАЙЫМ

ПІКІР ЖАЗУ