«Қазақ тілі — ғажап тіл»

«Ана тілімізді кеңінен қолдану – басқа тілдерге, әсіресе орыс тіліне шектеу қойылады деген сөз емес. Барша этнос өкілдерінің ана тілін, салт-дәстүрін дамытуға мүмкіндік жасала береді. Жастарымыз бірнеше тіл білу өздерінің көкжиегін кеңейтіп, көкірек көзін оятатынын жете түсінгені абзал.

«Тәуелсіздік бәрінен қымбат»
Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ

 

Наурыз мейрамы мен ҚР Тәуелсіздігіміздің 30 жыл толуына орай, Тараз қаласында Жамбыл облыстық этномәдени бірлестіктер арасында қазақ тарихын, дәстүрі мен әдет-ғұрпын насихаттау мақсатында «Қазақ тілі – ғажап тіл» фестивалі өтті.

 

Іс-шара барысында қоғамдық келісім мен жалпыұлттық бірлікті нығайтуға елеулі үлес қосқан өңірлік ассамблея белсенділері – әр этномәдени бірлестіктері салт-дәстүрлерін дәріптейтін ұлттық көрмелерін ұйымдастырды.

Тіл фестивалінің негізгі мақсаты – қоғамдық келісім мен этносаралық бірлікті нығайту, өзге этнос өкілдерінің ортасында қазақ халқының салт-дәстүрлерін дәріптеп, бейбітшілік пен келісімде ұрпақтар сабақтастығын сақтауға ықпал ету, сондай-ақ Жамбыл облысының этномәдени бірлестіктерімен байланысты дамыту.
Елбасы Н.Назарбаев 1990 жылдың басында барлық этномәдени орталықтарды бір ұйымға Қазақстан халқы ассамблеясына біріктіру идеясын жария етті. Жамбыл облысы Қазақстан халқы ассамблеясы 1995 жылдың сәуір айында құрылды. Оның құрамына этникалық және мәдени бірлестіктердің, үкіметтік емес ұйымдардың, зиялы қауым және. өкілдері кіреді.
1995 жылы барлығы 9 этномәдени бірлестік болса бүгінгі күні облыста барлығы 73 этномәдени бірлестік бар, оның 26 облыстық, 47 аудан орталығында орналасқан. Олар облыс аумағында белсенді азаматтар арасында патриоттық сезімді, сондай-ақ ұлттық салт-дәстүрді насихаттау және ұлтаралық бірлік пен келісімді нығайтуға зор үлес қосып келеді.

Тілекгүл ЕСДӘУЛЕТ

ПІКІР ЖАЗУ