Шалқыған шабыт бұлағы
Қазақ поэзиясында жиырмасыншы ғасырдың қырқыншы жылдары үлкен ілгерілеу болды десек біз қателеспейміз. Бұл жылдары қаламы желден жүйрік қаламгерлер легі күн санап өсе бастады. Осындай дарынды топтың өкілдері ретінде: Әбділдә Тәжібаев, Төлеген Айбергенов, Мұқағали Мақатаев, Фариза Оңғарсынова, Қуандық Шаңғытбаев, Мұхтар Шаханов, Қасым Аманжоловтарды атап айтуға болады.
Аталған үлкен топ қатарында осы кезде көрінген Қуандық Шаңғытбаев – қазақ поэзиясын өзінің сыршыл лирикаларымен, сәтті аудармаларымен айрықша толықтырып, байытқан дарынды ақын.
Шынайы талант танылмай, табындырмай тұрмайды. Шын талант өскелең дәндей ерте көктейді. Айналасындағы қарапайым жандар секілді емес, кішкентай дүниеден үлкен әсер алады. Оған дәлел бала Қуандықтың мына 15 жасар кезінде жазған жүрекжарды өлеңі:
«Думанға дүние тұнады.
Төңірегім түгел алтындай.
Шабыттың шалқып бұлағы,
Ағады-ау, ағар сарқылмай.»
Сәби жүрек дамыл таппай,осынау жалпақ әлемді ой-елегінен өткізіп, айрықша әсемдей білді.
Иә, талант жас талғамайды. Ақын жасынан әдебиетке бейім болғандығынан өзінің талантына толы «Ар» жинағын жиырма жасында шығарған. «Арда» 44 өлең және «Ана кегі» атты қысқаша поэма бар. Кітабында сол кезеңде тым кең тараған арнау өлең басым. Орайы келгенде айта кетейік, Қуандық Шаңғытбаевтың бүкіл шығармашылығына өзек болатын – осы арнау өлең. Кейде өлеңде арнау мен толғаудың аражігін ажырату қиын. Себебі, ақынның ойлайтыны – бүкіл елін, күш жігерін, сенімін бір тұлға арқылы көрсету. Осы ерекшелігімен бұл жинақ – қалың оқыманды дүр сілкіндірген, тыңдаушысын тамсандырған туынды. «Ар» жинағындағы бір өлең шумағына көңіл аударсақ:
«Тәңірім сен! Жаббар, саған бағынам,
Жалбарынам,жалғыз саған жалынам.
Патша тәжі жолда жатса, қайырылмай,
Теуіп өтем, алдыңа кеп табынам,» — дейді ақын. Бұл жолдарда оның «бағынары», «табынары», «жалынары», жалғыз ғана – ары. Бұл – ақынның өмірлік ұстанымы, тіршілігінің шырағданы. Дәл осы жерде Зейнолла Қабдоловтың: «Әдебиет – ардың ісі» деген ұлағатты сөзі тегіннен-тегін айтылмаса керек-ті.
Ақынның бұл тырнақалды туындысынан бөлек өзге де өлең жинақтары жоқ емес. Олар: «Аққу әні», «Ар ма, Республикам!», «Лирика», «Махаббат пен ғадауат», «Жыл құсы», «Сарша тамыз». Ақынның барлық дерлік өлең жинағы оқырманның жүрек түкпірінен орын ала білген. Себебі, Қуандық Шаңғытбаев – лирик ақын. Соның жетекшісі ретінде махаббат лирикасын алуға болады. Ол әр өлеңін махаббатқа сусындата, сезім шырынына қандыра жаза білген. Ақын шығармашылығының тірегі болған – осы ұлы сезім, махаббат. Әрине, ақынды нағыз ақын қылатын да осы махаббат лирикасы емес пе? Алайда, ақын бұл сезімді жаңаша қырынан жырлай білді.
«Ей, құрбәтім, жан ләззатым,
гүл жаннатым, шәрбатым,
Туған кенет жансың бөлек, елден ерек жан-затың.
Күнім менің, жырым менің, мұңым менің, сүйгенім,
Мені қанша талдырғанша, жандырғанша,
зарлаттың», –
деп жиырма бестегі қалпынша қанаттана білді. Осы үшін де, халық оны ерекше бағалаған.
Қуандық Шаңғытбаев – поэзия ғана емес, драматургия, публицистика, әдеби-сын жанрларында да қалам тарқан талантты суреткер. Оның «Беу, қыздар-ай», «Ой, жігіттер-ай», «Құтырғаннан құтылған» пьесалары республика сахналарында қойылып, көрермен көңілін серпілткен шығармалар болды.
Сонымен қоса әнді сүйіп тыңдайтын қауым Қуандық Шаңғытбаевтың «Романс», «Жан Ерке», «Көктем вальсі», «Қайдасың сен» атты ән мәтіндерінің авторы екендігін жақсы біледі. Бұл аталған әндерінің мән-мазмұны терең, ұлы сезімді жырлайтын нәзік те сыршыл болып келеді. Ақын өлеңіне жазылған әндер қазіргі уақытта белгілі әншілеріміздің орындауларында еліміздің түкпір-түкпірінде кеңінен тарап, орындалып жүр. Ол – оның өміршеңдігінің бірден-бір дәлелі.
Поэзия мен әуен қашанда егіз. Ақын поэзиясының нәзік лирикалық үні әуенге ерекше бейімделіп тұрады. Сондықтан Қуандық Шаңғытбаев поэзиясының сазгерлерді өзіне тартуы – заңды құбылыс. Болашақта да ақын лирикасы өзіне тән әуен,ырғақ тауып,әр қырынан ашыла беретіндігіне ешқандай шүбә келтірмейміз.
Осы орайда, ақынның тағы да бір өнері аудармашылықты шет ысырып қойғанымыз дұрыс болмас. Қуандық Шаңғытбаев – қазақ әдебиетінің аударма саласын ұлғайтуға өзіндік зор үлесін қосқан нағыз талантты аудармашы. «Жақсы аударма жасау көбіне-көп суреткерлік қабілеті бар шеберлерден шығатыны тәжірибеден көрініп жүр»- деп аға сыншы академик Мұхамеджан Қаратаев тамаша айтып өткендей, Қуандық ақын көркем аудармаға өнер деп қарап, шыңына шыға білді. Әдебиет әлемінде Қуандық ақынның жұлдызы жанған саланың бірі – осы аударма саласы. Ақын шығармашылығының тең жартысы – оның аудармалары. Бұл салада ақын өнімді еңбектенді. Сөйтіп, ол аударма арқылы әдеби байланысты нығайтып, қазақ әдебиетінің байи түсуіне ықпал етті. Ақын Қуандық Шаңғытбаев Максим Горкийдің «Қыз бен Ажал» поэмасын, Пушкиннің «Чаадаевқа» өлеңін, Лермонтовтың «Метель шумит, и снег валит…» деген өлеңін, Айниден «Жас гвардияны», Роберт Бернстен «Бостандық бәйтерегін», Омар һайямнан «Сұм тағдырды» және тағы басқаларын аударды. Жоғарыда аты аталған сөз зергерлерінің әлем әдебиетіне жақсы таныс екендігі белгілі. Бұдан шығатын қорытынды: Қуандық Шаңғытбаевтың дүние жүзі озық әдебиетінің үздік шығармаларын қазақ тілінде жұртшылыққа сыйлауға қаншалықты құштар болғандығын байқауымызға болады.
Қысқаша Қуандық Шаңғытбаев шығармашылы-ғынан түйер ойымыз: ол сегіз қырлы, бір сырлы жан бола білді, оның жырларын оқуға талпынған әрбір оқырманның жастық пен махаббатты, пәктік пен сұлулықты сезінері сөзсіз. Ақынның тіл байлығының молдығы сондай, қай тақырыпты жырласа да, майдан қыл суырғандай тірілте жырлады. Ол – өзінің еңбек жолын білгірлікпен дәлелдеген, өзгені өзіне мойындатқан ақын. Сондықтан қазақ әдебиетінде, оның ішінде поэзияда Қуандық Шаңғытбаевтың ақындық орны әрқашан да ерекше әрі биік!